50637
«Темір күмбез»: Toys R Us бөлшегі орнатылған әлемдегі жалғыз зымыран
«Темір күмбез»: Toys R Us бөлшегі орнатылған әлемдегі жалғыз зымыран
Әлем тыныштығынан айырылып, дүниенің төртбұрышында соғыс оты алдынан келгеннің бәрін шарпып, бала демей, кәрі демей жұтып жатыр. Ресей мен Украина арасындағы соғыстың созылып жатқанына бірнеше ай өтті. Дүние назары ауған сәтте Қытай мен АҚШ арасындағы Тайвань үшін қақтығыс бола жаздады десек, Израиль мен Газа аймағында бір-бірін атқылау басталып кетті.
Төбеден түскен ракетадан қашып, босып кеткен халықтың ішінде израилдықтардың жөні басқа. Бұлай деуімізге «Темір күмбез» атап кеткен зымыранды төбеден қағып түсіруге арналған қарулары себепші.
ХХІ ғасырдағы ең ұлы әрі адамзат үшін пайдасын тигізіп отырған «Темір күмбез» туралы дерек ұсынамыз. Қалай жасалды? Расында аталған құрылғының ішінде балалар ойнайтын ойыншықтың бөлшектері бар ма?
Ави Йориштың «Инноватор бол» деп аталатын кітабында іздеп отырған сұрақтарға толық жауап берілген.
2000 жылдардың басынан бастап Газа секторына жақын орналасқан Израиль қалаларында тыныштық болған жоқ. Күнде төбеден түсетін зымыраннан әбден қажыған халық, жарылып жатқан көліктер, пана іздеп жүгірген балалар...
«ЖҰЛДЫЗДАР СОҒЫСЫ»
1980 жылдары АҚШ президенті Роналд Рейган ғарышта тұрып, зымыранды қағып түсіретін қару ойлап табуды ұсынған кезде айналасы «жұлдыздар соғысын» еске алып, келемеждеген. Алайда араға бірнеше он жылды салып Израильдің қорғаныс саласында қызмет істейтін Данни Голд Рейганның фантастикалық ұсынысын жүзеге асырды. Әрине, дәлме-дәл емес, бірақ идея жүзеге асты. Қалай?
Данни Голдқа төбеден төнетін қауіптің бетін қайтаратын қару жасау керек. Ол бұл ойын ұсынды, бірақ ешкім көңіл аудармады деуге болады. Яғни Рейганның фантастикалық идеясын қайталады деп күдіктенді.
ТЫҢНАН ҚОСЫЛҒАН КАНОХ ЛЕВИН
Уошиңтонда АҚШ-тың қорғаныс министрлігінде бірнеше жыл қызмет істеген Левин Израиль қарулы күштеріне инженер ретінде енді орналасып, ондағы Rafael Advanced Defens Systmes қорғаныс технологиялары компаниясында бас инженер ретінде қызмет етеді. Төбеден толассыз түсіп жатқан зымыранға қарамай, Орон Ориол Левинді өзіне шақырып, көктен түсетін зымыранның санын азайтуды тапсырады. Алайда қаражат аз болатын. Левинге өз идеясын дайындап, Голдқа ұсыну керек. Ең қызығы, 1 миллион долларға өзгелер бағалап отырған жобаны Левин 50 мың долларға ғана есептеп, өзгелер 15 жылда дайындайтын қаруды 3 жылда бітіру қажет.
Ливанмен арадағы соғыс созылып, Израильдің аспанын қара түнекке ораған зымырандар жарты миллионға жуық халықтың босып кетуіне жеткізді. Тек 2006 жылы ғана Тел-Авивтегі Қорғаныс министрлігі кеңсесінде Левин мен оның командасы өздерінің идеясын ұсынды.
Ави Йориштің осы тұстағы айтар ойы:
«Левин ату күші, жоба құны, ауқымы мен атуға қатысты талаптардан бастады. «Рафаел» компаниясының зымыран технологияларына маманданғанын бұрыннан бағалайтын Израиль әскерилері Левиннің идеясына тәнті болды. «Рафаел» компаниясы Израиль аэроғарыш индустриясымен серіктесіп, радар жүйесін құруды және сол кезде таныла қоймаған mPrest компаниясымен бірлесіп, мәліметті басқару және талдауды ұсынды», – дейді.Сонымен 50 мың доллардан басталған жобаның бүкіл шығыны 10 миллион АҚШ долларымен басталатын болды. «ТЕМІР КҮМБЕЗГЕ» «TOYS R US» ДҮКЕНІНДЕГІ ОЙЫНШЫҚТЫҢ ҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ БАР? Жоба ұсынылып, қаржы бөлінген соң Левиннің шағын ғана командасы жұмысқа кірісіп кетті. Оның командасында 70 жастағы қарт инженерден бастап, кеше ғана колледж бітірген жас маманға дейін болған. Мұнда кіл мықты деген түсінік емес, қолынан көмегі келгеннің бәрі атсалысты. Шығынның үлкен болатынын, оның ел экономикасына кері әсерін тигізетінін Голд та, Левин де түсінді. Сол үшін Левин шығынды барынша азайтып, сапалы өнім жасап шығуды алдына мақсат етеді.
«Бір күні жұмысқа ұлдарымның бірінің (қашықтан басқарылатын) машинасын алып келдім. Оны айналдырып қарап шықтық та, біздің қажетімізге жарайтын бөлшектері барын байқадық», – дейді Левин.Расында, Левиннің ұлының машинасы гаражда 15 жылдай тұрса да, мүлтіксіз жұмыс істеп тұрған. Осыдан кейін жұмыс тобындағы инженерлердің бірі дүкенге барып, 80 цент тұратын бөлшекті көп қылып сатып алады. Бұл турасында былай дейді: «Біздің жүйе, – дейді ол, – Toys R Us бөлшегі орнатылған әлемдегі жалғыз зымыран». ҮЙЛЕНУ ТОЙҒА АРНАЛҒАН «ОТШАШУ» Сынақтан сәтті өткен «Темір күмбез» өз кезінде «Алтын күмбез» деген атауды алған. Кейін бұл ұсыныстан бас тартып, тек «Темірді» қалдырған. «Темір күмбез» 2011 жылы соғыс жағдайында кез келген зымыранды атып түсіруге дайын болды. Күннің бұлтты болуы, ыстық, не суық болуы маңызды емес-ті. Өзіне жүктелген міндетін мүлтіксіз атқарып тұрған «Темір күмбез» 90% нәтиже көрсеткен. 2012 жылы Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс кезінде бұл зымыранды қағып түсіретін қарудың күшін бүкіл халық болып көреді. Соғыс кезінде Газа секторына жақын жерде үйлену тойы болып жатқан. Төбеден құлап келе жатқан зымыранды көргенде қонақтардың бірі жертөле іздеп қаша жөнелсе, қалғандары тек көкке көз тастап, бақылап тұрған. Осы кезде «Темір күмбез» іске қосылып, бірде-бір зымыранды жерге түсірмей, төбеден қағып түсіріп, үйлену тойына арналған «отшашуын» ұсынған. Бұл видео интернетте кеңінен таралып, әлем «Темір күмбездің» қуатын тағы көрген еді.
Марғұлан АҚАН.