Жеңілдетілген несие беретін бағдарлама неге тоқтады?
Жеңілдетілген несие беретін бағдарлама неге тоқтады?
Ойдағы орындалмады
Биылғы қаңтарда вице-премьер Роман Скляр жеңілдетілген автонесиенің жаңа бағдарламасына 100 миллиард теңге бөлінетінін айтты.
Осылайша, Үкімет «Жасыл даму» мемлекеттік ұйымына берілген 200 миллиард теңгеден астам қаражатты халықтың игілігіне жұмсау туралы шешім қабылданғанын мәлімдеген болатын.
Оны қалайша халық игілігіне жұмсаймыз? Біз осы қаражаттың 100 миллиард теңгесін отандық автокөлікті несиелендіруді субсидиялауға беретін болдық. Оның ережесі мынадай болады: алғашқы жарнасыз жылына 4 пайызбен 7 жылға несие беріледі, – деген еді вице-премьер.
Айта кетейік, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2015 жылы іске қосылған еді. Ол 20 жылға есептелген және «револьверлік» әдіске негізделді. Қаржыландырудың жалпы шегі – 82 миллиард теңге. Бағдарлама іске асырылған сәттен бастап револьверлік қайтарымды қаражатты ескере отырып, 159 миллиард теңгеге 30 525 қарыз берілген. Сол кезде Роман Скляр жаңа бағдарламаны бұрынғы бағдарламамен салыстырып өтті.
Осыған дейінгі бағдарламада жылдық пайыз – 20, бастапқы жарна 4 пайыз болса, қазір жылдық пайыз – 4, бастапқы жарна 4 пайыз болады. Бұл 7 жылға есептеледі. Әрине, 7 жыл көп уақыт болмағандықтан көбіне арзан көліктер берілетіні түсінікті. Дегенмен, 71 мың азамат жаңа көлікті қолжетімді бағамен сатып ала алады, – деді Роман Скляр.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі сол кезде 15 мыңнан астам қазақстандық жеңілдетілген автонесиеге кезекте тұрғанын да атап өткен болатын.
Бағдарлама бойынша көлік алған алғашқы ел тұрғыны туралы да БАҚ жарыса жазған еді. Алғашқы көлік бағдарлама іске қосылғаннан кейін 4 күн өткен соң берілді. Дегенмен содан соң несие арқылы көлік алғандар туралы ақпарат ағыны сұйыла түсті. Ақыр аяғында, бір айдан кейін несие рәсімдейтін үш банк те өтініш қабылдамайтындарын мәлімдеді.
Сұраныс көп, көлік аз
Ресми деректерге сүйенсек, жеңілдетілген несие бойынша автокөлік сатып алуға өтінім қабылдау уақытша тоқтатылған. Оған мемлекет тарапынан қаржыландыру болмағаны себеп екені де мәлім болды. Жалпы 9 мыңға жуық өтінім қабылданыпты. Банктердің мәліметінше, қаржыландырудың бірінші кезеңі аяқталды. Өтінім қабылдау 20 мамырдан бастап тоқтатылған. Өтінімдер қашан қайта қабылданатыны, яғни мемлекеттен қаражаттың екінші траншы қашан түсетіні әзірге белгісіз. Көлікті жеңілдетілген несиеге өтініш беріп үлгерген азаматтардың бір бөлігі ғана алған. Енді автокөлікті несиеге алғысы келгендер өтініш бере алмайды және ол қанша уақытқа созылары белгісіз. Сонымен қатар салондарда жеңілдетілген несиеге берілетін көліктер жоқтың қасы болып шыққан еді. Бағдарлама, әрине, халық үшін тиімді. Бір қарағанда, бөлінген 100 миллиард үлкен қаражат болып көрінсе де, бір қазақстандыққа орта есеппен 10 миллион теңге бөлінетінін ескерсек, бұл бағдарлама 10 мыңға жуық көлікке ғана жетеді. Еліміздегі көлік сұранысын ескерер болсақ, былтыр нарықта 120 мың жаңа көлік сатылған. Салыстырып қарасақ, 10 мың көлік елдегі сұранысты жабуға жете ала ма деген сұрақтың жауабы онсыз да белгілі. Сұраныс көп, жаңа көлік жеткіліксіз. Аталған бағдарлама кенжелеп қалған көлік нарығын оңалтуға сеп болатын механизмдердің бірі екені бұған дейін де айтылған еді. Себебі еліміздегі 100 көліктің 64-і ескірген, яғни бұл өз кезегінде экологияның нашарлауына және жол апатының көбеюіне әкеліп соғатын негізгі факторлар. Сондықтан осы ескі көліктердің нарықтағы үлесін азайту үшін жеңілдетілген автонесие бағдарламасы таптырмас мүмкіндік еді. Қорыта айтқанда, бағдарламаның игілігін толық көруге жаңа көліктің жеткіліксіздігі, бөлінген қаржының аздығы себеп болды деген қорытындыға келуге болады. Дегенмен бағдарлама тоқтап қалған жоқ, тек қашан жалғасатыны белгісіз.Д. ЖАНАТҚЫЗЫ