Жатақхана жайы қашан реттеледі?

Жатақхана жайы қашан реттеледі?

Жатақхана  жайы қашан реттеледі?
ашық дереккөзі
1533
Былтырғы шілдеден бергі бір жыл ішінде ел бойынша пәтерақы 20,8 пайызға өскен. Ал жаз аяғында, жаңа оқу жылы басталар кезде жалдамалы пәтердің бағасы сұраныспен қатар еселеніп, бақылауға көнбей кететіні үйреншікті жайтқа айналған. Себебі жатақханадан екі студенттің біріне орын табыла бермейді. Жатақхана мәселесі биыл да біраз студенттің оқу жылын бейқам бастауына кедергі келтіретін сияқты. Былтыр еліміздегі 1,1 миллионнан астам сту­денттің 16 пайызының ғана жатақханаға ор­наласа алатыны жайлы мәселе көтерілген бо­ла­тын. Сол кезде Білім және ғылым министрлігі 2021 жылдың соңына дейін 37 жаңа жатақхана пай­далануға берілетінін мәлімдеген еді. Жоспар орын­далды ма? Былтырдан бері қанша жатақхана пай­далануға берілді? Орын тапшылығын шешу үшін тағы қандай тетіктер қарастырылып жатыр?

90 мың студентке жатақхана жетіспейді

2018 жылғы наурызда жария­лан­ған «Пре­зиденттің бес әлеу­­­мет­тік бастамасы» атты үндеуде 2022 жы­лы жатақхана мә­се­лесі түбегейлі ше­ші­леді деп айтылғаны есте. Аталған тап­сыр­ма бойынша Үкімет 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арналған 75 мың орындық жатақхана салуы керегі ай­тылған. Ал былтыр Білім жә­не ғылым ми­нистрлігі 2021 жылдың ая­ғына дейін 37 жаңа жатақхана пай­да­лануға бері­летінін мәлімдеді. «Қаржы ор­­та­лы­ғы» мәліметтеріне сүйенсек, 2018-2021 жылдар аралығында 30 630 орындық 124 жатақхана пайдалануға берілген. Бұл жос­пардың тек 67 пайызы ғана. Орын­дар са­нына шақсақ — 40 пайыз. Бұдан бұрын Үкімет отырысында Премьер-министрдің оры­н­ба­сары Ера­лы Тоғжанов Ғылым және жо­­ғары бі­лім министрлігі облыс бас­шы­ларымен жә­не Нұр-Cұлтан, Алматы, Шымкент қа­­ласы әкімдерімен бірлесіп, 10 та­мызға дейін жатақханалардағы орындарға тап­сырысты әзірлеп, бе­кі­ту­ді тапсырған бо­ла­тын. Себебі аталған мегаполистерде жа­­тақханадағы орын тапшылығы ерекше байқалады. Өңірлер бойынша салыстырып қа­райтын болсақ, орын тапшы­лы­ғы осы үш қалада, солтүстік аймақтарда көп екенін байқауға болады, ал батыс өңір­лерде тапшылық қатты білінбейді, де­генмен толық шешімін тапқан деп ай­туға да ерте. Жоғарғы оқу орындарына қа­тыс­ты ресми мәліметтерде қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінде – 15 122 орын, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде – 4 500 орын, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде – 4 000 орын, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық тех­никалық зерттеу университетінде 3 000 орын, Л.Гумилев атындағы Еуразия­лық ұлттық университетінде 5 000 орын жеткіліксіз екені айтылады. Тамыз айының басында Ғылым жә­не жоғары білім министрі Сая­сат Нұрбек рек­торлармен кездескен кезде студент­терді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталған болатын. Ми­нистр жаңа оқу жылында жатақханаға мұқ­таж сту­денттер саны 90 мыңға жуық­тауы мүм­кін деген болжамын да айтты. Былтыр қа­жеттілік 84 мың орын делінген болатын. Жауаптылар мұны грант санының, сәй­кесінше оқуға түсушілер са­нының көбеюімен байланыстырып отыр. Не десек те, оқуға келген студенттің ең бірінші проблемасы – тұратын жер табу болып тұр. Пәтерақының бағасы ша­рықтап кеткені қашаннан бері айты­лып келе жатыр. Мәселен, елордада бір бөлмелі пәтерді, коммуналдық төлемдерді есепке алмағанда, 110-150 мың теңге ара­лығында жалға береді, бірақ үй иелері пә­терлерінде 3 адамнан артық тұрғыз­бай­ды. Екі бөлмелі пәтерде тұру – сту­денттер тұрмақ, отбасылы, жұмыс-жайы барлардың өзіне әжептеуір салмақ. Бағасынан бөлек, пәтер табудың өзі же­ке мәселе. Күзге қарай универ­си­теттердің маңындағы пәтерлердің бірі де бос болмайды. Риэлторлар да мардым­сыз қызметіне біршама ақша сұрайды. Алаяқтардың да алақан ысқылап іске кірі­сетін уақыты да осы кез. Кей студент­тер хостел жағалауға мәжбүр. Ал ол жер­лер­де бейқам оқуға мүмкіндік бола бер­мей­тіні анық жайт.

Бастамалар баянды бола ма?

Жақында жатақхана жетіспеу­ші­лігі мәселесін шешу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі жергілікті атқарушы органдардан ЖОО білім алу­шы­лары үшін қонақүйлер мен хостел­дерде тұру бағаларын реттеуді сұрауға ниетті екенін мәлімдеген болатын. Ал жа­тақ­хана құрылысына кәсіпкерлерді тарту мәселесі қаншалықты жемісті бо­лары беймәлім. Мемлекет жатақхана тапшылығын шешудің бір тетігі ретінде жеке кәсіп­керлермен ынтымақтасуды қолға ал­ған болатын. Бұдан 3-4 жыл бұрын кө­терілген бастама әлі де өзекті болып отыр. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 152 млрд теңге көзделген. Құрылыс аяқ­талып, мемлекет төлемдері тоқта­ғаннан кейін жатақхана, яғни нысан құрылыс салушының меншігінде қалады. Жатақхана салуға мүдделі кә­сіп­кер тапсырыс берген соң құры­лыс жобасы қарастырылады. Құжаттар дұрыс болса, инвестормен болмаса жеке кә­­­­сіпкермен алдын ала келісімшарт жасалады. Яғни, кәсіпкер өз қаражаты есебінен құрылыс жұмыстарын жүргізіп, дайын жатақхананы пайдалануға береді. Содан кейін студенттердің нақты санына қарай, мемлекеттік тапсырысқа ие бо­лады. Бұл ретте қаржы жан басына бөлі­нетінін айта кеткен жөн. Мемлекеттік тапсырыс мемлекеттік мекемелерді қос­пағанда, құрылыс салу немесе ре­конс­трук­ция жасау арқылы жаңа жатақха­наларды қолданысқа беретін барлық ұйымдарға бөлінеді. Бұл жерде құрылыс салушыға тек бір шарт бар: 20 жыл ішінде ны­санды жатақханадан басқа мақсатта қол­данылмауы керек. Ал баға, ішкі тәртіп мә­селелері кәсіпкердің ықтиярында. Се­бебі ай сайынғы тұру ақысы мемлекет тапсырысының құнына кірмейді. Әрине, бұл – жеке кәсіпкерлер үшін табыстың көзі, дегенмен сту­дент­тер үшін қаншалықты тиімді бо­лары белгісіз. Реттелмесе, баға да әр­қи­лы бола­тыны анық. Оған қоса, мұн­дай жатақха­налардың университет ау­мағынан бір­шама алыс, кейде тіпті шет­кері аймақ­тарға салынуы мүмкін еке­нін де ескеру ке­рек сияқты. Ал жол мә­селесі де сту­дентті айтарлықтай алаң­датуы мүмкін.

 width=Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының фракция мүшесі:

Студенттердің оқу емес, пәтерақы қамымен жүргені ой салуы керек

– Ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұр­сынұлы айтқандай, «Жас­тар­дың оқу-тәрбие жұмысы тү­зел­мей, жұрт ісі түзел­мейді». Cтуденттің сапалы білім алуы үшін оның жатақ­ханамен қамтамасыз етілуінің маңызы зор. Өздеріңіз білетіндей, елімізде 1 миллионнан астам сту­­дент­ білім алады. Ал студенттерге жатақханаларда 85 мың­нан астам орын жет­кіліксіз. Яғни, 85 мың студент пәтер жа­ғалап, оқудың емес, керісінше пә­тера­қының қамымен жүр­гені ой салуы керек. 2021 жылы жатақхана құрылысының қарқынын кү­шейтуге бағытталған жүйе­лі біршама жұмыстар жасалынды. Со­ның нәтижесінде 2021 жылдың қоры­тындысы бойынша 10 364 орындық 49 жатақхана іске қосылды. Ал 2022 жылдың жоспарына сәйкес 35 жатақхана іске қо­сылуға тиіс еді. Бірақ бұл процесс өте баяу жүріп жатыр әрі тиім­сіз шаралардың әсерінен уақытында орын­далмайтын сияқ­ты. Жылдың ортасынан асса да, Үкімет тарапынан, оның ішін­де қаржы министрлігі жатақханалардың құрылысын қол­дауға бағытталған жүйелі өзгерістерді қабылдауға даяр емес. Біле білсеңіздер, студенттік жатақхана – бұл ең маңызды әлеу­меттік нысан екенін ескеретін уақыт жетті. Мысалы, биыл салынуға тиіс 10 мың орындық жатақ­ха­на­ның 6 ай ішінде тек 1320 орынға арналған 6-ның құрылысы аяқ­талған. Бұл жалпы құрылыстың 13-ақ пайы­зы. Оған қоса, 3,5 мың орынға арналған 9 жатақхананың құрылысы, яки са­­лынуға тиіс нысандардың 35 пайызы бойынша құрылыс жұ­мыстары биыл аяқ­талуы екіталай. Біріншіден, 2021-2022 жылдардың қорытындысы бойын­ша құрылыс материалдарының орташа есеппен 40-50 пайызға қымбаттауына байланысты мемлекеттік тапсырыс алудың тиім­ділігі жоғалды. Бүгіннің өзінде студенттік жатақхана салу­ға ынталы инвесторларды табу қиындап, керісінше 5,6 мың орындық 16 жатақхананың келісімшарты тоқтатылды. Біз, депутаттар мемлекеттік төлемдерді 8 жылдан 6 жылға қыс­қартып, қайтарымды қаржының сомасын кемінде 25 пайыз­ға көтеруді, инвестициялық жобаларды іске асыру бойын­ша Үкіметтің қаулысындағы қызметтің басым түр­лерінің тізбесіне жатақханаларды әлеуметтік нысан ретінде қосуды, сонымен бірге жергілікті әкімдіктерді жатақхана салу бойынша өңірлік куратор ретінде анықтауды, яғни олардың жауапкершілігі мен мүдделігін айқындауды ұсынған бо­ла­тынбыз. Екіншіден, жергілікті әкімдіктер әлі де болса студенттік жа­тақханаларды салуға мүдделі еместігін нақты көрсетіп отыр. Мы­салы, бүгінге дейін инвесторлар мен білім беру ұйымдарына жер бөлу мәселесі өте қиын жүргізіліп келеді. Сондай-ақ құры­лысты бастау үшін қажетті құжаттарды бойынша жұ­­­мыстарды, бюрократизмге айналдырғаны тағы бар. Ме­ніңше, әкімдіктер тарапынан жатақхана салу бойынша «қал­дықты принципті» ұстану студенттерге жасалған қиянат деп ойлаймын.

 width=Ержан ӘМІРБЕКҰЛЫ, Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары:

28 жоғары оқу орны білім алушыларды 100 пайыз жатақханамен қамтамасыз ете алады

– Министрлік жатақханалардағы төсек-орынға қажеттілік тура­лы деректерді жаңарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір 28 жоғарғы оқу орны білім алушыларды 100 пайыз жа­тақ­ханамен қамтамасыз ете алады. Жалпы, жоғарғы оқу орын­дарында және жоғарғы оқу орнынан кейін оқуын жал­ғастырып жатқан студенттердің жалпы саны – 623 мыңнан астам. Ал биыл жаңа оқу жылында жатақханаға мұқтаж сту­дент­тердің саны 89 мыңнан асады деген болжам бар. Бұл ретте жатақ­хана жеткіліксіздігі Алматы және Нұр-Сұлтан қала­ларын­да қатты байқалып отыр. Мәселен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де – 15 122 төсек-орын, Абай атындағы ҚазҰПУ-да – 4 000, Қазақ ұлттық қыздар универ­си­теті – 4 500, Қ. Сәтпаев атын­дағы ҚазҰЗТУ – 3 000, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-да – 5 000 төсек-орын тапшы. Бүгінгі күні AMANAT партиясының «Өзгерістер жолы: Әр аза­матқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі үйлестіру жұмысы шеңберінде студенттерді жатақханаларда 50 мың орынмен, яғни жыл сайын 10 мың оры­н­мен қамтамасыз ету жоспары бекітілген. 2018 жыл – 2022 жылғы 1 тамыз аралығында барлығы 32 310 орындық 131 жатақхана пайдалануға берілді. 2022 жылғы 1 тамыздағы қорытынды бойынша пай­да­лануға беріледі деп жос­парланған 35 жатақхананың 1 680 орындық 7 жатақханасы пайдалануға берілді, оның ішінде: ЖОО-лар үшін 516 орындық 3 жатақхана, ЖОО-лар мен ТжКБ ұйым­дары үшін 954 орындық 3 жатақхана, ТжКБ ұйымдары үшін 1 жатақхана. Сондай-ақ бұл мәселе бойынша жоғарғы оқу орындарының рек­торларымен бірқатар кеңес өткізіліп, жалға берілетін тұрғын үй, хостел және басқа да балама тетік қарастыру, шара қа­былдауға тапсырма берілгенін атап өткім келеді. Бүгінгі сарап­­тама көрсеткендей, 30 жоғары оқу орны қонақүйлерді, хос­телдерді, жатақ­ханаларды жалға алу мәселесін пысықтап жа­тыр. Қорыта айтқанда, биыл да жатақхана мәселесі талай білім алушыны әурелейтін сияқты. Ал мемлекеттік жоспарлар тек жарым-жартылай ғана орындалған. Пәтер бағасы да ата-аналар мен студенттердің қалтасына біраз салмақ болатыны анық.

Серіктес жаңалықтары