50507
Польшада Dimash радиосын ашқан Тереза
Польшада Dimash радиосын ашқан Тереза
Өткен аптада Димаш Құдайбергеннің шетелдегі бір топ жанкүйері Ақтөбеде өткен «Бақытты бала» балалар вокалдық байқауын тамашалау үшін елге арнайы келді. Олардың арасында Димаштың Польшадағы фан-клубының жетекшісі Тереза Какол да бар.
Тереза – екі жыл бұрын Варшавада ашылған Dimash радиосының, сондай-ақ Димаштың поляк жанкүйерлерінің басын қосатын фан-клубтың негізін қалаушы. Одан бөлек, қоғамдық ұйымға жетекшілік ететін Тереза Димаштың әндерін тыңдағанда бойын тылсым бір сезім кернеп кететінін айтады. Димаштың шығармашылығынан бөлек, қазақ мәдениетін дәріптеп жүрген Терезаға хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Қазақстанға қош келдіңіз, Тереза! Сіз Ақтөбеде өткен «Бақытты бала» халықаралық конкурсын тамашалау үшін Польшадан арнайы келдіңіз бе әлде басқа да жоспарыңыз бар ма еді?
– Негізі, құрбым екеуіміз Қазақстанды үш апта бойы аралаймыз деген жоспар құрған едік. Бірақ Ақтөбеде өткен сол конкурсқа Польша атынан бірінші рет Юлианна есімді жас өнерпаз қатысатын болғандықтан, экскурсиямыздың бағытына Ақтөбе қаласын қосып, сонда ат басын бұрып, оған барынша қолдау білдірейік деп шештік. Мұнымыз дұрыс болды, себебі біздің қыз ол байқаудан құр қол қайтпай, жүлдегер атанды.
Қазір Алматыдамыз, мұнда бұрыннан көргіміз келіп жүрген көрікті жерлерді араламақ ойымыз бар. Сосын астанада бес күн боламыз. Негізі, бұған дейін ол қалада болғанмын. Димаштың 2019 жылы өткен «Арнау» атты шығармашылық кешін тамашалаған соң он алты адамнан құралған халықаралық топпен Қазақстанның ішін бір аптадай аралағанымыз бар. Ал қазір құрбым екеуіміз ғана келдік. Екеуіміз бас қаланың әдемі жерлерін аралап қана қоймай, Димаш жақындастырған жанкүйерлермен кездесеміз. Жалпы, жанкүйерлер тобы фан-клуб деп аталғанымен, бұл – өте ыстық, үлкен бір отбасы.
Қазақстанға келгенім туралы жазып, сурет жүктегенім сол-ақ еді, көпшілігі кездеспесек болмайтынын айтып, хабарласып жатыр (күліп). Содан кейін бұйырса, бір айдан соң Димаштың Алматыда өтетін Stranger атты концертіне үлкен топпен бірге келеміз. Біз оның барлық концертіне барамыз. Қалған емеспіз. Ол қайда болса, бізде сондамыз.
[caption id="attachment_192761" align="alignnone" width="2048"] Dimash радиостудиясы[/caption]
– Сізді Димаш Құдайбергеннің Польшадағы фан-клубының «жүрегі» деп атайды екен.
– Иә, солай десе де болатын шығар. Бірақ мен ол клубты жалғыз құрмағанымды айтып өтейін. Дегенмен Польшада оның өнерін насихаттау үшін барлық күш-жігерімді салып жүргенімді көпшілік көріп жүр. Димаш менің өмірімді өзгертті. Өміріме серпіліс әкелгені соншалық, тіпті сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Кәсіби тұрғыда дами бастадым. Көзқарасым өзгерді. Мінезім өзгерді. Бәрі, бәрі өзгерді. Қазір Польшада Димаштың шығармашылығын кеңінен дәріптеу үшін қолымнан келгеннің барлығын жасап жатырмын. Сізді «Қалайша Димаштың жанкүйері атандыңыз?» деген сұрақ қызықтырып тұрғаны анық. Негізі, мен Польшаның Гданьск қаласынанмын. Қазір зейнеттемін. Оған дейін музыка пәнінен сабақ бердім. Көп жыл бойы балалар хорында дирижер болып жұмыс істедім. Балалардың дауысын «қойып», музыкамен кәсіби түрде айналысқан соң, көп музыка тыңдаймын.
Бірде Димаштың Қытайда өткен I am a Singer байқауының бірінші турында айтқан S.O.S әнін естіп қалдым. Димаштың бүкіл әлемдегі жанкүйерлері де оны алғаш рет осы ән арқылы танығанын айтады. Бұл әннің орындалуынан қандай әсер алғанымды сипаттауға сөз жетпейді. Қанша ән тыңдасам да, бұрын-соңды мұндай әсер алып көрген емеспін. S.O.S-ты алғаш рет тыңдаған кезде ерекше күй кештім. Аталған туындыны соңына дейін тыңдай алмай, бір өшіріп, бір қостым, себебі көзімнің жасын тыя алмай, қатты қобалжыдым.
Музыкамен отыз жыл айналысқан мен бұл сәтті көп күттім. Сосын ол туралы көп ақпарат білу үшін интернеттен фан-клубтарды іздестіре бастадым. Алдымен, Димаштың шығармашылығын жіті зерттедім. Интернетте ол туралы деректің түгелін көз майым таусылғанша оқып шықтым. Мен ол сәтті «Ақ түн» деп атаймын, себебі 24 сағат бойы ұйықтамай, Димаштың әндерін үзбей тыңдап, ерекше көңіл күйде жүрдім.
Сосын мұны өзім ғана бастан кешірмей, әлем білсін, әлем тыңдасын, мен сияқты әлем жұртшылығы да тамсансын деген мақсатпен салмақты бір шаруа атқару керек екенін түсіндім. Содан кейін дәл мен секілді ойлайтын, мен секілді Димаштың шығармашылығы мен қазақ мәдениетін Польшада насихаттағысы келетін, креатив адамдармен жолымыз түйісті. Сөйтіп, Димаштың әлем-
дегі барлық жанкүйері жақсы танитын Моника Василевска екеуіміз бірігіп, Dimash
Kudaibergen Fanklub Poland деген атпен фан-клуб аштық.
– Естуімше, сіздер тек фан-клуб емес, Димаштың шығармашылығын насихаттауға бағытталған қоғамдық ұйым ашыпсыздар.
– Иә, тек фан-клуб емеспіз, сонымен қатар қоғамдық ұйым ретінде де тіркелдік. Бұл ұйымның негізгі мақсаты – Польшаның әр аймағында Димаштың өнерін насихаттау, әндерін көпшілікке жеткізу. Екіншіден, қазақ халқының мәдениетін, әдебиетін, ұлттық өнері мен салт-дәстүрін дәріптеу. Осы мақсатта Варшавадағы Қазақстан елшілігімен, Гданьсктегі Қазақстан Консулдығымен жақсы байланыс орнатып алдық. Польшада Қазақстан тарапы ұйымдастыратын барлық мемлекеттік іс-шараларға қатысамыз. Әсіресе, мәдени іс-шаралардан қалмаймыз. Құрылғанымызға аз уақыт болса да өзіміз де осындай іс-шаралар ұйымдастырамыз. Поляктарға қазақ мәдениетін таныстыру мақсатында кішігірім ивенттерді өткізуді бастап та кеттік.
– Жыл сайын жанкүйерлер бас қосатын дәстүр сіздерде бар шығар?
– Әлбетте. Димаштың поляк жанкүйерлерінің басын қосу, сондай-ақ қазақ мәдениетін әйгілеу үшін жыл сайын кездесу ұйымдастырамыз. Екі апта бұрын ел астанасы Варшаваның қақ ортасында үлкен жиын өткіздік. Ол кездесуге Польшаның көп қаласынан елуге жуық жанкүйер қатысты. Одан өзге, Америкадан үш жанкүйер арнайы келді. Оларды былтырғыдан бетер таңғалдыру үшін қызықты бағдарлама жасадық. Көрме ұйымдастырдық. Бұрын-соңды қазақтың ұлттық аспаптарын көрмеген көпшілікке домбыра мен қобызды көрсетіп, біраз мәлімет айтып бердік.
– Ал ол аспаптарды Қазақстаннан алдырттыңыздар ма?
– Үш апта бұрын Польшаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі қазақтың ұлттық аспаптарынан коллекция жинағанын естіп-білдім. Сосын оған хабарласып, қобызды уақытша ала тұрдым. Құрбым екеуіміз екі домбыра сатып алдық.
Алдағы уақытта домбыра шертуді үйренгім келеді. Негізі, мен гитара тартамын. Ал домбыра шертуді бір көріп алсаң аса қиын емес деп ойлаймын. Бірақ Димаш секілді шебер орындай алмайтыным анық.
Домбыраның құлағында ойнамасам да, бірнеше әнді айта алатындай деңгейде меңгергім келеді. Сондықтан дәл қазір ол аспапты зерттеп, «қалай үйренсе болады?» деп бас қатырып жүрген жайым бар (күліп). Тағы бір айтайын дегенім, өзім тұратын Гданьск қаласында «Қазақстанмен танысайық» деген атпен ауқымды ивент өткіздім. Оған Варшавада тұратын журналист Жандос Қарынбаевты арнайы шақырдым. Жалпы, Жандос екеуіміз танысқан сәттен-ақ жақсы араласып кеттік, үнемі байланыстамыз. Оны біз өткізетін іс-шараларға жиі шақырамыз. Ол Гданьскте өткен сол кездесуде Қазақстан туралы көп дерек айтты.
Содан соң барлығымыз Димаштың әнін тыңдадық, мен Димаш туралы бар білгенімді ортаға салдым. Содан соң бәріміз қазақ тілін үйрендік. Мен қазақ-поляк сөздігін басып шығарып, арнайы дайындап қойған едім. Барлығымыз қазақ сөздерінің мағынасын түсініп, оны бірнеше рет қайталап, жаттауға тырыстық. Кеш соңында барлығы Жандосты ортаға алып, оны жібергісі келмеді. Ол Қазақстан туралы қызық әрі танымдық дүниелер айтқаны соншалық, барлығы бірден Қазақстанға қалай баруға болатынын білгісі келіп, төпелете сұрақтар қойды. Осындай жылы, әдемі кеш болды.
Қазақ тілі демекші, алдағы уақытта қазақ тілінен курс жүргізуді ойлап жүргенімізді айта кетейін. Негізі, біз бұл істі былтыр қолға алған едік. Барлығы дайын еді. Биыл Қаңтар айында бастауымыз керек болатын. Алайда Қазақстанда болған қаңтар оқиғасынан кейін ойлағанымыз іске аспай қалды. Дегенмен қазақ тілін үйрену мүмкіндігін әлі де қарастырып жатырмыз. Онлайн курс жүргізілетін болса, тіпті жақсы болар еді. Бізде қазақ тілін үйренгісі келетін бір топ жиналып қалды. Ондай мүмкіндік туындай қалса, күні ертең сабақты бастап кетуге әзірміз.
– Сондағы мақсат – Димаштың орындауындағы қазақша әндерінің мағынасын түсіну ме?
– Тек ол үшін емес. Біздегілер Димаштың барлық әнін поляк тіліне аударады. Кей кезде Қазақстандағы достарымыз қазақша әндерін ағылшын я орыс тіліне аударады. Сосын біз оны поляк тіліне аударамыз. Димаш айтатын қазақша әндердің мағынасын жақсы білеміз. Бірақ біз қазақ тілін үйренгіміз келеді. Себебі бұл – өте әуезді, сұлу тіл. Музыка арқылы қазақ тіліне ғашық болдық. Бірақ бір өкініштісі, қазақша әңгіме естіп қалсақ, олардың не айтып жатқанын түсінбей, дал боламыз. Осы ретте айта кетейін дегенім, біздің фан-клуб әрі ұйымға 26 000 адам мүше. Facebook желісіндегі жеке парақшамызды 14 мыңнан астам жанкүйер бақылайды. Олардың көбі біз бастаған кез келген бастаманы, іс-шараны қаржыландырады. Олардың түгелін Димаштың өнерінен бөлек, қазақтың халық әндері қызықтырады. Расымен, қазақ халқының әндері жүрегімізді жаулап, бізді қатты таңғалдырды. Содан соң бізді қазақтардың салт-дәстүрге берік болуы таң-тамаша етті. Әлі күнге дейін таңданамын. Себебі Еуропа аймақтарында мұндай үрдіс қазір жоқ. Қазақстандағыдай дәстүрді ерекше сыйлайтын адамдарды Еуропада көп кездестіре бермейміз. Біз бұған тамсанып қоймай, бұл туралы жиі жазамыз. Барған, көрген жерімізде байқағанымызды түртіп алып, өзге шетелдік жанкүйерлерге жеткізуге асығамыз. Байқап отырғаныңыздай, біз тек Димаш туралы жазбаймыз. Қазақстанның мәдениеті, салт-дәстүрі, өнері, географиялық орналасуы туралы деректерді де назардан тыс қалдырмаймыз.
– Осыдан екі жыл бұрын Аргентинада Димаш Құдайберген мен оның жанкүйерлеріне арналған La Era Dimash радиостанциясы ашылғанын білеміз. Ізін суытпай сіздің бастамаңызбен Польшада да Dimash радиосы ашылды.
– «Аргентиналық жанкүйерлерден соң радио ашқыңыз келді ме?» деп сұрағыңыз келіп отыр ма? (күліп). Ол да бар. Бірақ бұған мына бір фактор әсер етті. Жоғарыда айтып өткенімдей, жыл сайын Варшавада Димаштың өнерін жоғары бағалайтын жанкүйерлердің басын қосатын дәстүр қалыптастырған едік.
Бірақ 2020 жылы әлемді жайлаған пандемия салдарынан бізде де алаңда көп адам жиналуға рұқсат берілмеді. Сосын арамыздағы бір белсендіміз «Менде бір идея бар. Dimash деген атпен радионы іске қосайық. Мен барлығын қарап, зерттедім. Бізде оны қосуға жағдай бар секілді. Қазір-ақ бастауымызға болады» деп ұсыныс айтты. Өзара жақсы араласатын жанкүйерлер кездесе алмай, Димаштың концертіне бара алмай жүргендіктен, бұл ұсынысты қолдап, бірден іске кірістік. Бірақ ол уақытта бұл бастамамыздың қазіргідей ауқымды болатынын білмедік.
Варшаваның қақ ортасынан пәтер жалдап, оның бір бөлмесін студия жасап, ішін түгелімен жабдықтадық. Бүгінде онда арнайы қонақтар шақырып, тікелей эфир жүргіземіз. Сонымен қатар, Қазақстан мәдениеті, музыкасы, салт-дәстүріне қатысты қызықты бағдарлама әзірлейміз. Сезіп отырғаныңыздай, Димаштың музыкасын 24 сағат бойы қосып қоямыз. Арасында Димаштың әндеріне дауыс беріп, осы әнмен байланысты қызықты оқиғаларды баяндаймыз.
Тыңдаушылар қай әнді тыңдағысы келетінін хабарласып айтады. Сосын бізде «Ұлы дала ертегілері» деген атпен үздіксіз шығып келе жатқан бағдарлама бар. Мирелла Гливинска деген белсендіміз – ертегі оқудың шебері. Ол қазақ ертегілерін тауып, оны аударып, сосын тыңдарманға қызық етіп жеткізеді. Осылайша, екі жыл бойы әр бейсенбі сайын кешкі сағат сегізде қазақ ертегілерін тыңдаймыз. Айтпақшы, 15 сәуір – «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күніне» орай Қозы Көрпеш пен Баян сұлу туралы аңыздың тұсаукесерін өткізіп, елшіліктегілерге, Қазақстандағыларға айтып, сүйінші сұрадық.
Моника қазақ тілін білмегендіктен бұл аңызды орысшадан поляк тіліне аударып, оқып шықты. Тыңдаған адамның бәрі хабарласып, қос ғашықтың арасында өрбіген оқиғадан қатты әсер алғанын айтады. Сосын Қазақстан Тәуелсіздігінің отыз жылдығын да назардан тыс қалдырмадық. Төрт ай бойы осы тақырыпты қозғап, біраз шаруа атқардық. Әңгіме басында айтып өткенімдей, журналист Жандоспен сұхбат жүргіздім.
Ол Қазақстан туралы поляк және қазақ тілінде құнды мәліметтер айтқанда барлығымыз ұйып тыңдаймыз. Одан Қазақстан туралы көп қызық дерек естідік. Қазақстандағы достарымызға «Қазір біздің радиода қазақша бағдарлама басталады. Тыңдаңдар!» деп ескертіп отырамыз.
Сонымен қатар, бізде қазақ әдебиетіне арналған бағдарлама тағы бар. Оның бірнешеуін қазақтың ұлы ақыны Абайға арнадық. Басқа бір бағдарламада Абайдың қара сөздерін сөз еттік. Қолымызда қара сөздердің поляк тіліне аударылған нұсқасы бар. Содан керегін түртіп алып, айтып отыруды жөн санадық. Одан өзге, Қазақстанға танымал қайраткерлер туралы да бағдарлама жүргіземіз. Жалпы, қазір бұл радиода жеті адам жұмыс істейді. Мен аптасына екі рет Варшаваға барып тұрамын.
Ал Димаштың шығармашылығын насихаттауға келгенде атсалысқысы келетін адамның санында шек жоқ. Өйткені олар оның шығармашылығын жақсы біледі.
– Бұйырса, бір күні Димаш Варшавадағы радиостудияның қонағы болады деп сенеміз.
– Мен де соны армандап жүрмін. Біз радионы іске қосқан күні таңғы төртте бір белсендіміз «Димаш бізге алғыс айтып жатыр!» деп хабарласып, ұйқымыздан оятып алды. Сол кезде бақыттан басымыз айналып, бұл бастаманы іске асырғанымызға қатты қуанғаным есімде. Сөйтсек, Димаш әлеуметтік желідегі жеке парақшасында бізге алғысты қарша боратып, әлемде көп әртіс барын, бірақ Польшадағы радионы дәл оның атымен ашқанымызға қатты қуанышты екенін жеткізген.
Қазір Димаштың сенімін ақтап, ол мақтанып жүретіндей деңгейден түспеуге тырысамыз. Біздегі бар арман – Димаш біздің студияға келіп, қонақ болса екен! Бұл мүмкін емес іс секілді көрінеді. Бірақ кім біліпті?! Ол Еуропаның бірнеше қаласында жеке концерт өткізсе де, Варшавада әлі ұйымдастырған жоқ. Дегенмен бұл Димаштың осында танымал емес екенін білдірмейді. Біздің бар жұмысымыз осы – Польшада оның танымалдығын арттыру. Сол үшін көп жұмыс істеп жатырмыз.
Димаш туралы бізден басқа бір поляк радиосында да бағдарлама әзірленді. Біз бар білгенімізді айтып, қолдағы бар деректердің барлығын ұсындық. Енді біз жаққа келсе дейміз. Бір сұхбатында «Польшаға міндетті түрде барамын» дегені есімде. Өткен аптада Ақтөбеде Димаштың әкесі Қанатпен әңгімелескенде Варшавада жеке концертін өткізу туралы сөз қозғадық. Бұйырса, ол күнге де жетерміз. Біз Димашты Польшада асыға күтеміз. Ерекше қарсы аламыз деп дайындалып жүрміз. Сосын бізге Димаштың Қазақстандағы адал жанкүйерлері де келсе екен! Олар бізді Қазақстанға келген сайын ерекше күтіп алады. Қонақжайлығында сөз жоқ! Біз де оларға поляк халқының қонақжай екенін көрсеткіміз келеді.
– Димаштың орындауындағы сіз тыңдайтын ең сүйікті ән қайсысы?
– Ой, көп (күліп). Ауысып отырады. S.O.S әнін бір жыл бойы тыңдадым. Сосын 2020 жылы Мәскеудегі Кремль сахнасында тұсауын кескен, сөзін есімі әлемге мәшһүр Лара Фабиан, әнін Игорь Крутой жазған Your Love әнін қатты ұнаттым. Бұл әнді жарты жыл бойы тыңдадым. Таңертең тұра сала осы әнді қосып қоятынмын. Бірақ мен Димаштың барлық әнін тыңдаймын. Өйткені оның әндері туралы бағдарлама жүргізетіндіктен, бәрін тыңдауға тиіспін. Сосын Димаштың қазақ тіліндегі әндерін тыңдағанда қандай күй кешетінімді білсеңіз ғой! Жүрегімді қозғап, ерекше бір сезімге жетелейді. Қазақша әндерін тыңдасам, бір тылсым күйді бастан кешіремін. Өткенде Қанаттан «Қазақ әндері жазылған диск қашан шығады? Себебі жанкүйерлер осыны қатты күтіп отыр» деп сұраған едім. Қанат ол диск дайын екенін, бірақ Димаш перфекционист болғандықтан, үнемі бірдеңесін өзгертіп отыратынын айтты. Біз расымен «Димаштың репертуарына қазақша тағы қандай ән қосылды екен?» деп күтіп жүрміз. Қанаттың сөзіне сенсек, алдағы уақытта жаңа туындылар тыңдайтын боламыз.
– Сізді танитындар «Димаштың шетелдік жанкүйері» дегенде сыртта осыншалық қыруар шаруа атқарып жүр деп ойламаппын. Сіз ел айтқандай, расымен Польшадағы Димаштың фан-клубының «жүрегі» екенсіз.
– Айтып тұрмын ғой. Димаш өмірімді түбегейлі өзгертті. Мен оған дейін ешбір әртістің жанкүйері болған емеспін. Айналамдағылардың бір әртіске табынып, күні бойы ол туралы деректер іздеп, тамсанып жүргені маған оғаш көрінетін. Байыбына барып түсінбейтінмін. Негізі, мен опера, классикалық әндерді жиі тыңдаймын. Бірақ 2017 жылы Димаштың әнін алғаш рет тыңдаған соң барлығы өзгеріп сала берді.
– Әңгімеңізге рахмет! Димаштың шығармашылығымен қатар, қазақ мәдениетін насихаттап жүрген еңбегіңіз еселене берсін!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ