50519
«Айына 800 мың теңгеге дейін табыс табамын» – такси жүргізушісі
«Айына 800 мың теңгеге дейін табыс табамын» – такси жүргізушісі
- Бүгін бәріңіз қолма-қол ақшадан картаға ауысып кеткенсіздер ме?
- Не үшін сұрадыңыз?
- Ақша бітті.
- Картаға түскен ақшаны шығарып ала алмайсыздар ма сонда?
- Жоқ. Ол балансқа түседі. Ал басқа такси парктері бар. Оларда шығара алады.
Елордада көлікке отыра салып басталған шағын диалогтың соңы жақсы бір сұхбатқа ұласты. Turkystan.kz тілшісі яндекс таксидің жүргізушісін әңгімеге тартып, табысы, өмір туралы сұрап көрді.
- Банк картасы арқылы төлем жасайтындардың ақшасы сіздерге түспей ме? Қалай күн көресіздер?
- Жоқ, түседі. Тек балансқа жібереді. Одан бөлек, қолма-қол төлейтіндер бар ғой. Яндекс бізден өзінің комиссиясын алу керек. Оны олар баланстан алады. Егер баланста ақша бітіп қалса, бізге тапсырыс келмейді. Яғни, баланста ақша жоқ болса, олар өздерінің алатын сомасын шеше алмайды, сөйтіп бізге карта арқылы төлем жасайтын клиентті жібереді. Ол жерден ақша балансқа түскен соң барып қана біз қолма-қол төлем жасайтын клиентке барамыз.
Қалада таксимен көп жүретіндер, жұмысы жақсы адамдар банк картасын қосып қояды. Ал басқа қарапайым жұрт, негізінен, қолма-қол төлем жасайды.
- Бір күнде 30-ға жуық тапсырыс алсаңыз, оның қаншасы қолма-қол ақшамен төлем жасайды?
- Нақты айта алмаймын, бірақ бүгінге 17 тапсырыс алдым. 16 900 теңге тұр. Мұның 7 мың теңгесі банк картасын тіркегендерден, ал 14 000 теңге қолма-қола ақша арқылы. Жалпы табыс – 21 000 теңге. Осы жердегі 4300 теңгені яндекс пен такси парк өзіне алып қалады.
Негізі яндекс Ресейде отырып жұмысын реттейді. Ал мұнда арнайы жеке парктер болады. Солар бізді қадағалайды. Ал парксіз такси қызметін пайдалана алмаймыз.
Яндекс өзінің 17% комиссиясын алса, парктер 4-6% аралығында алады. Мендегі парк аз алады әрі түрлі жеңілдіктер жасап, бонустар ұсынады. Көлікті де өздері берген.
- Күніне қанша тапсырыс аласыз?
- Ең көп дегенде 60 тапсырыс.
- Ай сайынғы табыс қандай?
- Ең азы 300 000 теңгеден басталады. Егер көлік өзімдікі болғанда көп табар едім.
- Көлікті жалдап отырсыз ба?
- Иә. Көлікке күніне 10 000 теңге төлеймін. Айына 4 демалысты алып тастағанда 250 мыңды осы көлікке беремін.
- Табыс жетпейді ғой?
- Жетеді. Мен жалпы айына 600 - 800 мың теңге табамын. Кейде миллионға барады. Содан асып қалғаны ғой.
- Жұмыс режиміңіз қандай?
- Бізде тек осы жұмыс. Бізде уақыт, сағат деген жоқ. Тек жақсылап тұрып ұйқыны қандырып, ары қарай жұмысқа шығып кетеміз. Мысалы бүгін тапсырыс көп болады енді...
- Неге?
- Себебі жұма ғой. Таңға дейін жұмыс қызайын деп тұр.
- Отбасыңыз бар ма?
- Иә, бала-шағам бар. Солардың қамы ғой бәрі.
- Жолыңыз болсын!
- Жұлдызшаларды басып жібересіз ғой.
- Жарайды, сау болыңыз!
Марғұлан АҚАН.