709
Ата Заң – елдіктің алтын діңгегі
Ата Заң – елдіктің алтын діңгегі
Адамзат баласы өмірінің әр кезеңінде, дамудың әр сатысында белгілі бір ережелер қатарын, заңдар тізбегін қабылдап және ұстанып келген. Осы ретте Конституция – барлық заңның бағыт-бағдарын, елдің болмысын анықтайтын басты заң.
Біздің мемлекетіміз өз Тәуелсіздігін алып, алғашқы Конституциясын қабылдап, әлемдік қауымдастықтың тең мүшесіне айналды. Бірақ мемлекет дамыған сайын, қоғамның талаптары мен құндылықтары өзгерген сайын Ата Заң да өзгеріске ұшырап отырады. Негізгі Заң, ол – қатып қалған дүние емес, ол заман ағымына сай бейімделіп отырады.
Әр елдің тарихында маңызды дәуірлер болады. Біз осындай сәтте, яғни Жаңа Қазақстанның құрылуы кезеңінде өмір сүріп келеміз. Жаңа қоғам мен мемлекетті қалыптастырудың басты мақсаттары: қоғамдағы әділдікті нығайту, азаматтардың мүдделері мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту, қордаланған ауқымды проблемаларды шешу және халық мүддесін іске асыруға бағытталған жаңа мемлекеттің тұғырын қалыптастыру.
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы кешенді және қажетті реформаларды жүзеге асыру үшін мемлекетіміздің басты заңы – Конституцияға жалпы ұлттық референдум арқылы өзгерістер енгізу қажетін ұсынды. Бұл ретте атап өтерлік жайт, бұған дейін Негізгі Заңға енгізілген өзгерістер қатары тек Парламент қабырғасында қарастырылып, бекітілген болатын. Ел тарихында алғаш рет Ата Заңға өзгерістер енгізу референдум арқылы іске асты. Менің ойымша, референдум – ол демо-кратияның басты көрсеткіштерінің бірі.
Конституциялық реформалар халықтың мүддесін қорғауды нығайтып, елдің экономикасы мен әлеуметтік саласын жетілдіруге, мемлекеттің құндылықтарын өзгертуге және дамудың жаңа көкжиегінің негізі болады.
Қазір елімізде Конституцияда халықтың басым бөлігі қолдаған реформаларды өмірге келтіру мақсатында заңшығарушылық арнада үлкен жұмыстар қолға алынып отыр.
Игі өзгерістерді бүкіл қоғам, еліміздің әр азаматы сезінуі керек. Жаңа Қазақстанның трансформациясы елдің мүддесін қамтамасыз етуге, халықпен биліктің етене тығыз байланысын арттыруға, яғни халық үніне құлақ асатын мемлекет, азаматтарға қызмет ететін мемлекеттік аппаратты қалыптастыру сияқты аса өзекті қағидаттарға негізделген.
Бұл ауқымды жұмысты және еліміз үшін аса маңызды мақсатты іске асыру үшін әрқайсысымыз аянбай еңбек етуіміз керек.
Барша отандастарымызды Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің берекесі мен қоғамымыздың бірлігі артсын, Қазақстанның дамуы қарымды болсын! Мемлекетіміздің алға қойған мақсаттары сәтті іске ассын деген тілек білдіргім келеді.
Шухрад Шардинов, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Алматы қаласы мәслихатының депутаты