Украинаның Еңбек сіңірген әртісі – Инеш Қыдырова

Украинаның Еңбек сіңірген әртісі – Инеш Қыдырова

Украинаның Еңбек сіңірген әртісі – Инеш Қыдырова
ашық дереккөзі
50622
Кейбір дерекке сүйенсек, Украинада 10 000-ға жуық қандас тұрады. Со­лар­дың бірі Украинаның Еңбек сіңірген әр­тісі – Инеш Қыдырова. Ол шы­ғар­ма­шы­лықтан бөлек, қоғам­дық жұмысқа белсене ара­ла­сады. Сондай-ақ Киев ұлттық мәдениет жә­не өнер уни­вер­си­тетінің доценті, өнертану ғылым­дарының кан­­дидаты де­ген ғылыми дәрежесі бар. Сахна төрін­де 25 жыл­дан астам уақыт жарқырап жүр­ген ол жуыр­да Таразда өткен «Қасиетті қа­зақ елі» халықаралық өнер фестиваліне қа­­тыс­ты. Қазір Нұр-Сұл­танға тұрақтаған Инеш Өсербайқызына ха­барласып, әңгімелескен едік. – Ең алдымен бізді отбасыңыздың Украи­на­да қоныстану тарихы қызықтырады. – Әкем Өсербай Қарақалпақстанның Кегейлі ауы­­­лында туып-өскен. Руы – Табын. Ал анам Татьяна –Харьков облысы Надеждино ауылының ту­масы. Әкем әскерден оралған соң жұмыс табу үшін Украинаға өтіп, ондағы Донецк облысына қарасты Краматорск қаласына тұрақтаған. Онда ол машинақұрастыру зауытында жұмыс істеп жүр­ген анаммен танысып, ақыр соңында екеуі көңіл жарастырып, шаңырақ көтерген. Отба­сы­мызда әкенің рөлі ерекше болды. Екеуінің рен­жіскенін еш көрген емеспін. Екеуі бір-бірін сый­лап өтті. Балаларын жақсы көрді, бірақ еркелікке «салып» өсірмеді. Бізде жерге жатып алып жылап, бірдеңе сұрау деген болмады. Барды қанағат тұт­тық. Қолда бар ойыншықпен ойнадық, кейбірін өз қолымызбен жасадық. Бірақ мен бала кезден музыкаға әуес болдым.  width=– Ерекше есіміңіз Қазақстанның Ха­лық жазушысы Сафуан Шай­мер­деновтің «Болашаққа жол» атты алғашқы рома­нын­дағы басты кейіпкер Инештің құр­ме­тіне қойылған болар деп болжап отыр­мын. Солай ма? – Дәл солай. Мен Краматорск қаласында 22 желтоқсанда дүниеге келдім. Ал бұл күні бізде Әулие Анна күні мерекеленеді. Анам ук­раин болған соң мені әуелде Анна деп ата­ғысы келген. Бірақ мен өмірге қараторы, қара көз­ді болып келген соң анам райынан қайтып, бас­қа есім қарастырған. Сол кезде қазақтың клас­сик жазушысы Сафуан Шаймерденовтің сіз айтқан «Болашаққа жол» романын оқыған әкем ондағы басты кейіпкер Инештің есімін беру­ді жөн көрген. Мен ол шығарманы бұрын­нан оқығым келіп жүрген, бірақ ол орыс тіліне жуырда ғана аударылды. Қазір менде ол туын­дыны оқып шығуға тамаша мүмкіндік бар. Жал­пы, есімімнің осындай ерекше тарихы бар еке­ніне мақтанамын. Есімім қоғамдық әрі шы­ғармашылық жұмысқа белсенді арала­суы­ма өз септігін тигізді. Украинада қазақ эт­но­сы­ның өкілі саналсам, ал қазір Қазақстанда Украина өкілі болып жүрмін (күліп). Бірде Қазақстандағылар «Инеш деген қазақ есімі емес. Біз ондай есімі бар қазақты кездестір­ме­дік» дегенде таңғалғаным бар. Ал Украинада, кері­сінше көбі есімім арқылы қазақ екенімді тү­сі­неді. Зерттеп қарасам, бұл тек қазақ емес, жал­пы түркі халықтарына ортақ есім екен. Ма­ғынасы да әртүрлі. – Ал сізді өнерге кім баулыды? Отба­сыңыз­да сізден басқа өнерге жақын адам­дар бар ма? – Әкемнен осы туралы сұрағанымда ол әу­­летімізде түрлі аспапта ойнаған талант­ты­лар, тіпті ақындар да болғанын айтты. Анам да өнерден құралақан болмады. Ол биші-ба­лери­на болуды армандаған. Бірақ әкесі со­ғыс­тан қайтпай, анасы бес баламен жалғыз қал­ғандықтан, еңбекке ерте араласып, 15 жа­сын­да еңбекшілер қаласы Краматорскіге барып, зауытта жұмыс істеуге мәжбүр болған. Әкем де Нүкістен осы себеппен көшкен. Өз отба­сы­на көмектесемін деп жұмыс іздеп келген қазақ жі­гіті мен украин қызының жолы осылай түйіс­кен. Екеуі де өмірден өтті. Негізі, менің шы­ғармашылықпен айналысуыма анам көп үлес қосты десем болады. Ол менің бала­бақ­ша­да ән айтып жүргенімді көріп, ондағы му­зыка маманымен ақылдасып, қайтсе де мені өнер­ге баулып, қабілетімді арттыруды мақсат тұт­қан. Сөйтіп, маған бір күні пианино сатып алып берді. Менің музыкалық биографиям осы сәттен басталды. «Хрущевка» үйдің төр­тін­ші қабатында орналасқан пәтеріміздегі асүй­де анам ас әзірлеп жатқанда самалдыққа шы­ғып, Пугачева, Ротарулардың әнін айтып, бү­кіл аулаға тегін концерт қоятынмын (кү­ліп). Музыкалық мектепте жоғары сыныпта оқып жүргенімде ондағы вокалдық аспаптық ансамбльдің солисі болдым. Бірінші қаламақы алған сәтім әлі есімнен кетпейді, Краматорск қаласындағы Құрылысшылар сарайында атап өтіл­ген жаңажылдық кеште бізге жүлде ре­тін­де жылтыр фольгаға оралған тауық грильді бергені есімде (күліп). Ол кезде әр отбасында тауық еті мереке, ерекше көңіл күймен байла­нысты болды. Ыстық әрі иісі мүңкіп тұрған ол «жүлдені» үйге алып келіп, аста-төк үстел жайып, бәріміз тойлатқан едік. Бақытты кез­дер еді. Сосын хоббиіңді кәсіпке айналдырсаң, бір күнде жұмыс істемей, керісінше ләззат ала­тыныңды түсінген мен «Халық алдына шы­ғамын. Әрі бұл үшін ақша аламын. Керемет емей немене?!» деп біржола әншілікке бет бұр­дым. Музыкалық мектептен соң Донецк об­лысы Бахмут қаласындағы училищеге оқуға түс­тім. Бірақ онда вокалмен айналысуға мүм­кін­дік болмай, ақырында фортепиано кла­сына қабылдандым. Десе де, әншілікті тас­та­май, түрлі сайыста бақ сынадым. «Утренняя звез­да» теле-шоуына қатыстым, сосын «Ялта–92», «Гардемарины эстрады–93», «Славянский ба­зар–97», «Море друзей–99» секілді жа­рыс­тардың лауреаты атандым. 1998 жылы Медеу мұз айдынында өткен «Азия дауысына» да қа­тыс­қаным бар. Содан соң 1999 жылы ук­раин мәдениетіне үлес қосып, музыка өнерін да­мытып, халықаралық конкурстарда топ жар­ғаным үшін маған «Украинаның Еңбек сіңір­ген әртісі» құрметті атағы берілді. Осыдан кейін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Бір­неше тілде ән шырқадым, түрлі оркестрдің сүйе­мелдеуімен үлкен концерттерге қатыс­тым. Дегенмен құрметті атақты иеленген соң оқы­тушылық қызметке қызығушылық та­ныттым. Жалпы, менің педагогикалық өтілім – 36 жыл, оның20 жылын Киев ұлттық мә­де­ниет және өнер университетінің эстрадалық во­кал кафедрасына арнадым. 2011 жылы до­цент атағын алдым. Негізі, мен Украинадағы этнос­тардың мәдениеті мен өнеріне бұрыннан қы­зығатынмын. Ақыры осы тақырыпта ғы­лыми диссертация қорғап, өнертану ғы­лым­дарының кандидаты атандым. Қазір түркі мә­дениетінің әркелкілігі туралы докторлық дис­сертация жазып жатырмын.  width= – Оқытушылық қызметтен бөлек қо­ғам­дық жұмыспен айналысқаныңыз ту­ралы жиі жазылады. Қазақстанның Украинадағы елшілігімен де тығыз бай­ланыс орнатқан боларсыз? – Иә. 2008 жылдан бастап Украинадағы аз ұлт өкілдері жетекшілік ететін қоғамдық ұйым­дармен жұмыс істеймін әрі этникалық қа­зақ ретінде Қазақстанның Украинадағы ел­шілігі өткізетін іс-шараларға жиі қаты­са­мын. 2008 жылы Украинада Қазақстан жылы бо­лып жарияланғанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге бір топ шығармашылық де­легация ере келген болатын. Сол кезде Ха­лық әртістері Роза Рымбаева, Әлібек Діні­шев­пен бірге Украинаның бірнеше қаласын ара­лап, концерт бергенбіз. Осы ретте айта кету ке­рек, Украинадағы Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Дархан Қалетаев келген соң «Отандастар» қорымен байланыс нығая түс­ті. Қазақ-украин қарым қатынасының жаңа дәуірі басталды. Түрлі жобаны бірлесіп шы­ғаруда, шығармашылық кештер мен та­ныс­тырылымдар өткізуде Қазақстан тарапынан көп көмек алдық. Былтыр елшіліктің үлкен қол­дауымен Украинадағы қазақтардың бірін­ші құрылтайы өтті. Сосын Днепрдің жаға­лауын­да орналасқан ірі саябақ кешенінде Қа­зақ­стан тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өттік. Ауқымды бұл іс-шараға Қазақстаннан арнайы әртістер келіп қатысты. Сондай-ақ Қа­зақстанда туған танымал адамдар да бұл кеш­тің қонағы болды. Ағайынды Кличколар ке­ліп, құттықтады. Шыны керек, қоғамдық жұ­мыспен айналысқанға дейін бізде осын­шама ұлт тұратынын білмеппін. 2008 жылы «Фольк­лорама» ұлттық мәдениеттер фес­тива­ліне дайындалып жүргенде аз ұлт өкілдерінің басын қосатын ұйымға жетекшілік ететін Ук­раи­наның еңбек сіңірген мәдениет қай­рат­кері Ашот Аванесянмен таныстым. Концерттік бағдарлама жасақтау үшін этностардың шы­ғар­машыл ұжымдары әрі олардың репер­туа­ры­мен танысуым керек болды. Сол кезде ұлт­тық дәстүрлердің, ұлттық өнердің, фольк­лор­дың әркелкілігіне таңғалған мен қоғамдық жұ­мыспен айналысуға бел будым. 2006 жылы Украина президенті жанындағы Мемлекеттік басқарудың ұлттық академиясын бітіріп, мем­лекеттік басқару ісі бойынша магистр дәре­же­сін алған болатынмын. Сөйтіп, шы­ғар­ма­шы­лықпен қатар, этноұлттық саясаттағы қо­ғам­дық жұмысымды бастап кеттім. Қазір мен Ук­раина ұлттық қауымдастықтар кеңесі төр­а­ғасы орынбасарының міндетін атқара­мын. Негізі, біз көпұлтты бір шаңырақ астына ұйыс­тыру үшін мемлекеттік деңгейде жұмыс істедік. Жанжалдың көбі түрлі ұлт өкілінің бір-бірін қабылдамауынан туындайды ғой. Біз­дің міндетіміз – олардың басын бір арнаға бірік­тіріп қана қоймай, азаматтарды қоғам­дық, мәдени процестерге кіріктіру, ешкімнен кем емес екенін сезіндіру. Біз бірнеше вектор бойын­ша біраз шаруа атқардық. Барлық ұлт ара­сындағы байланысты нығайту үшін дөң­гелек үстел басында жиі бас қостық. Оларды тол­ғандырған мәселелер бойынша ұсыныс әзір­леп, Жоғарғы Радаға ұсындық. Ондағылар да ұйым басшыларын шақырып, оларға қа­тысты жобаны мақұлдамас бұрын кездесу өткі­зіп жүрді. Сосын азаматтардың тарихи Ота­нымен мәдени байланыс орнатуды мақсат ет­тік. Аз уақыт ішінде бұл бастамамыз өз же­місін беріп, олар бізге, біз оларға барып, түрлі іс-шара ұйымдастырдық. Одан бөлек, өзге ұлттардың шығармашылығын шыңдап, ел ішін­де танылуына септігімізді тигіздік. Осы­лайша, ұлттық қауымдастық өкілдері Украина мәдениетіне әртүрлілік әкелді. Украина халқы өзге ұлт өкілдерін Қазақстан секілді әркез құшақ жая қарсы алады. Біз Қазақстанды барлық іс-шарада айтып жүреміз. Қазақтар мен украиндар арасындағы достықты да ау­зы­мыздан тастамай, айтып жүреміз. Қазақстан біз үшін – достық пен толеранттылықтың үл­гісі.  width= Жоғарғы Рада өкілдері мен министрлік ка­бинетіндегілермен кездескенде әлеуметтік-сая­си қатынастардың үлгісі ретінде Қазақстан хал­қы Ассамблеясының жұмысын әркез мы­салға келтіреміз. Кейінгі бес жыл бізде іс-шаралар саны көбейді. Үкімет үнемі қолдап, әр бас­тамамызды қостап отырды. Киевтегі Ук­раина ұлттық операсының сахнасында көп­теген ұлттық мәдени фестивальдар ұйым­дас­тырдық. Онда мен әрі режиссер әрі ұйым­дастырушы болып жұмыс істедім. Біз туралы қа­зақстандық БАҚ-та көп ақпарат таратты. Біз­де диаспораға арналған арнайы чат бар. Сон­да Қазақстанда біз туралы жарияланған жаңа­лықтардың сілтемесін жіберіп, өзге­лер­мен бөлісіп мәз боламыз. Жалпы, маған Қа­зақстандағы ақпарат алаңының қалай жұмыс іс­тейтіні ұнайды. Мысалы, Таразда «Отан­дас­тар» қоры ұйымдастырған «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі кезінде 15-ке жуық БАҚ өкіліне сұхбат бердім. Шынымды айт­сам, бұл фестиваль туралы осыншалық кө­лемде ақпарат таратады деп күтпедім. Теле­ви­зиялық түсірілім болмағаны өкінішті. Десе де, «Отандастар» қорының басшылығы ол жер­де өз атын әйгілеу емес, әр елде өмір сүре­тін қазақтардың басын бір шаңырақ астына бірік­тіруді ойласа керек. Тіпті, жүлде қорына да көп қаражат жұмсалғаны көрініп тұр. Тү­сіне білген адамға мұның мағынасы зор. Қа­тысушылардың мойнына тек медальді іле сал­май, діттеп жүрген жобаларын ары қарай іс­ке асыру үшін қаржылай көмек бергені – құп­тарлық іс. Ол ақшаға ән жазып, көрме ұйым­дастыруға болады немесе мата сатып алып, жаңа киім тігуге болады. Қарап тұрсаң, шы­ғармашыл әлеуеті бар адам ол ақшаға көп нәр­се жасай алады. Тараз демекші, Таразды Киев­ке қатты ұқсаттым. Киев секілді жасыл же­лек жамылған, тарихи қала екенін бай­қа­дым. Ұйымдастырушылар барлығын жо­ғары деңгейде өткізіп, бізді ерекше қарсы алды. Тараз­дағы барлық тарихи орынға ат басын ті­реп, керемет кештерді бірге өткіздік. Қа­зақ­ша ән шырқадық, өзге тілде де ән айтылды. Тү­сінгенім, қазақтар өзге елде тұрса да, жан дү­ниесі «қазақ» деп сайрап тұрады екен. Ме­нің­ше, бұл – туған кезде берілетін, сосын оны бойында өмір бойы «ұстап жүретін» гене­ти­ка­лық код.  width= – Тараздағы фестивальда қазақша ән ай­тып, көпшіліктің қошеметіне бө­лен­діңіз. Репертуарыңызда қазақша тағы қан­дай әндер бар? Орындағыңыз келіп жүр­ген ән бар ма? – «Атамекен» әні – менің орындауымдағы қа­­зақша бірінші ән. Оны репертуарыма 2007 жы­лы қостым. Әрі бұл – әкемнің сүйікті әні. Әкем «Инеш, бері келші. Роза ән айтып жатыр! Қа­рашы!» дегенде экранға «жабыса» кетіп, ұйып тыңдайтынмын. Жалпы, маған Роза Рым­баеваның ашық-жарқын дауысы, әнді орын­дау стилі қатты ұнайды. Бірақ мен «Ата­ме­кен» әнін басқа интерпретацияда әзірлеп шы­ғардым. Роза Рымбаеваның орын­дауын­дағы бұл ән Қазақстанда екін­ші гимн секілді қабыл­да­нады ғой. Ал мен күрделі вокал кірік­тіріп, мүл­де басқаша «кейіпте» орындадым. Жалпы, бұл жұмы­сым­мен мақтанамын. Тыңдаған қа­зақтың көбі «Қан­дай қызық интерпретация?» деп таңғалып жүр. Қазылар алқасы да жоғары бағасын берді. Тағы бір сүйсініп тыңдайтын қа­зақстандық әнші – «Мюзиколадағы» Карина Аб­дуллина. Кари­наның орындауындағы «Ар­ман жолдар» әнін өте-мөте ұнайды. Онымен та­нысқым ке­ліп жүр. Бір қызығы, біздегі әр­тіс­тердің түге­лі ел астанасы Киевте тұрады. Сол секілді мен де қазақстандық әртістер бас қа­лада тұра­тын шығар деп ойласам, олай емес екен. Мәдени өмір астанада емес, Алматыда қай­нап жатыр екен. Ал елордаға тұрақтаған мен әлі өз ортамды таппадым. Бірақ бұл да рет­­теледі деп үміттенемін. Бірақ Мәдениет жә­­не спорт министрлігіндегілерге «Қа­зақ­стан­да жат жерде емес, өз елінде жүргендей сезін­сін» деп маған көмектесіп жүргеніне алғыс ай­тамын. Қазір бір өсімдікті тамырымен қоса қа­зып алып, басқа орынға отырғызғанда «гүл­дене ме екен, әлде солып қала ма?» деп ба­қы­лаймыз ғой. Менде де тура сондай жағдай. Мен үшін бұл – жаңа тәжірибе. Бірнеше ай бұрын бар­лығын тастап, елге келемін деп ойлаған емес­пін. Дей тұрғанмен, бұл менің бұрыннан бар­лығына айтып жүрген арманым еді. Жоғарыда айтып өткенімдей, көп жыл бойы Қа­зақстанның Украинадағы елшігілімен ты­ғыз жұмыс істедім. Қазір де байланыстамын. Бүгінде менің қазақстандық әншілердің шы­ғармашылығымен танысуға мүмкіндігім бар. Олар­ды жанды дауыста тыңдап, қазақ тілінің бай­лығын «сезінгім» келеді. Өкініштісі сол, бұ­ған дейін қазақ тілін үйренуге мүмкіндік бол­мады. Украинада қазақтар аз тұрады. Ке­зінде көп болғанымен, егемен ел атанған соң көбі Қазақстанға қайтып кеткен. Сондықтан бізде тіл үйренетіндей орта жоқ. Сосын әкем бізге үнемі келетін туыстарымен ғана қазақша сөйлесетін. Ол кісі туыстары келгенде тоқ­тамай қазақша сөйлеп, Украинада өзіне же­тіс­пеген ана тілінің «үнін» естіп, ерекше күйге бө­ленетін. Егер әу бастан анам екеуі өзара қа­зақ тілінде сөйлескенде қазақша сөздерді бала кезден құлағыма «құйып» өсетін едім. Қазір қазақ тілін үйрену туралы ойланып жүрмін. Бірақ Қазақстанда шетелдегідей өзге ұлт өкілдері үшін арнайы жасақталған тілдік курс бар-жоғын білмеймін. Десе де, қыркүйек айы­нан бастап осы іспен айналыспақшымын. Се­бебі осындай ортада жүріп, тілді үйренбеу күнә деп санаймын. Оның үстіне, Қазақстан – менің тарихи Отаным. Бізде төлқұжатта қай ұлт­тан тарайтының көрсетілмейді, тек аза­маттығы көрсетілетін графа бар. Бірақ этни­ка­лық белгілер бойынша, мен – қазақ қызы­мын. Украинада түркі халықтарының өкілдері бір-бірін жақын тартып, жиі араласады. Кейде мені Қырым татарлары өз ұлтынан деп ойлап, өз әпкесіндей көріп, ыстық ықыласын білдіріп жатады. Мен этникалық қазақ – сұм соғыс пен сая­си репрессиялар салдарынан әрі туған елі­нен жер аударылған өзге ұлт өкілдерін туған бауырындай көрген ұлы қазақ халқының өкілі екенімді мақтан тұтамын!  width= – Қазақстандағы туыстарыңызбен бай­­­ланыс үзіле қоймаған болар? – Әлбетте! Біз – көппіз. Менен өзге Айт­қали есімді немере ағам Украинада тұрады. Туыс­тарымның көбі Қазақстанның оңтүс­тігін­де тұрады. Бәрі үйіне қонаққа шақырып жа­тыр. Бұйырса, аптап ыстық басылған соң ба­рып қайтамын деп жоспарлап отырмын. Не­гізі, әкем туыстарына өте қамқор болды. Олар­ға көп көмегі тиді. Немере әпкем Қол­қа­нат бізбен тұрғанда қазақтың ұлттық тағам­дарын әзірлейтін. Ол маған қазақша ертегі ай­тып беретін, сондай-ақ маған сәнді көй­лек­тер тігіп беретін. Үйге келген сайын туыс­тар­дың құрт, шайға қосып ішетін тары әке­летіні есімде қалыпты. Бізде екі жақ екі айда бір сәлем-сауқат жіберіп тұра­тын. Біз оларға үнді шайын, орамал, түрлі мата беріп жіберетінбіз. Себебі туыстарымның көбі тігіншілікпен ай­налысатын. Ал олар бізге қазақы өрнектері бар жібек мата, одан қалса та­бан балығын салып жіберетін (күліп). Мен сәлем-сауқат келетін күндерді асыға күтетін едім. Өйткені ол күні үйде мерекелік көңіл күй, атмосфера орнайтын. Бір күні мектептен кел­сем, әкем еденде заттарды жинастырып отыр екен. Қақ алдында кішкентай ағаш жә­шік, ал ол жә­шіктің қасында таудай үйілген зат­тар тұр. Кішкентай жәшікке осыншама зат­ты сыйғызу мүмкін емес деп ойлап, бөл­ме­ме кіріп кеттім. 20 минуттан кейін қайта кел­сем әкем барлық затты қыздың жүгіндей жиып, әлгі жәшікке сыйғызып жіберіпті. Әкем­нің жүкті олай буу өнері маған беріледі деп ойламаппын (күліп). Қазір мен гастрольге шығатын кезде көп затты бір шабаданға тап-тұйнақтай етіп жинап, сыйғызамын. – Елге келгеніңізге аз уақыт болса да, осын­да болып жатқан мәдени іс-шара­ларға қатысып жүр екенсіз. – Менің мұнда келуім Қазақстан мен Польша, Украина арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келді. Екі елдің диаспорасы бұл да­талы мерекені бірге өткізу туралы шешім қа­б­ылдап, алдымен Мемлекеттік академиялық фи­­лармонияның концерт залында сим­фо­ния­лық оркестрдің сүйемелдеуімен керемет кон­церт өткіздік. Мен онда украин халқының ха­лық әні «Червона рута» мен поляктардың атақ­ты «Колорове ярмарки» атты әнін орын­да­дым. Содан соң екі күн бұрын поляк және украин халқының мәдениет күндеріне қа­тыстым. Қазір шығармашылық, педагогикалық процестен ажырап қалғаным жоқ. Десе де, Қа­зақстанда өзіндік ізімді қалдырып, осын­дағы шығармашыл ортаға өз үлесімді қосқым ке­леді. Онлайн форматта дәріс өткізуге де мүм­кіндігім бар. Егер шақыру түсіп жатса, уни­верситетке де барып, бар білгенімді бөлі­сермін. – Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рақ­мет!

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары