458
Мешін жылындағы мерей: 2016 жыл қазақ киносына не берді?
Мешін жылындағы мерей: 2016 жыл қазақ киносына не берді?
Жыл өткен сайын қазақ киносының қадамы қарыштап келеді. «Көш жүре түзеледі» демекші, сала мамандары сын-ескертпелерді ескеріп, бұрынғы қателіктерден бойды аулақ салып, жаңа бағыт-бағдар іздеуге кірісті. Көш басындағыларға қарап еңсе тіктеудің, дәл солардай болмасақ та, ұқсап бағудың нәтижесі болар, бүгінде көрерменнің таңдауы көбіне төл туындыларға түседі. Десе де, «әттеген-ай» деп әбігерге түсетін, «қап» деп қамығатын тұстарымыз баршылық. Жуырда Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры Андрей Хазбулатов таныстырған ҚР «Кинематография туралы» заң жобасы сол олқылықтардың орнын толтыруды көздейді.
Жаңа заң жобасында саланы дамытудың басым бағыттары аясында «Қазақфильм» киностудиясы аумағында кинематографияны ұйымдастыру үшін арнайы экономикалық аймақ құру мәселесіне жіті көңіл бөлінген. Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты мамандарының айтуынша, салықтық жеңілдіктерді енгізу мен прокатты, фильмдер көрсетіліміне байланысты қызметтерді және жұмыстарды құн салығынан босату мәселесі қамтылған. Сонымен қатар, «Кинематография туралы» заң жобасында фильмді дубляждау немесе субтитрлеу, кадр сыртында аудару кезінде мемлекеттік тілді пайдаланудың міндеттемесін бекітетін нормаларды қабылдау қарастырылыпты. Тағы бір айта кетерлігі, құжатта телеарналарда қазақстандық киноны жарнамалау үшін эфир уақытын міндетті түрде бөлу нормасы да ескеріліп отыр. Жалпы, саланы дамыту жолында Ұлттық киноны қолдаудың мемлекеттік қорын құру мен оның жанында Сарапшылық кеңесті жасақтау жоспарлануда.
Заң жобасында ұлттық киноөндірісті қолдауға, ұлттық фильмдердің прокаты және дистрибуциясы саласында қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ ел аумағында, әлемде қазақстандық киноның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негізделген бірқатар шаралар көзделген. Соның бірі – еліміздің барлық өңірлерін кинотеатрлармен тегіс қамту. Қазақстанда Астана мен Алматы шаһарларынан өзге қалаларда кинотеатр желісі кенже қалғаны жасырын емес. «Елімізде кинотеатрлар айтарлықтай жетіспейді. Орташа алғанда 70 мың Қазақстан азаматы киноға барып тұрады. Кейбір фильмдер 200-ден 300 мыңға дейін көрермен жинайды, бірақ бұл көрсеткіштен аспайды. Елімізде 17 миллион тұрғын бар, соған қарамастан халықтың арасында киноға бару мәдениеті тиісті деңгейде дамымаған», – дейді «Меломан» компаниясының бас директоры Вадим Голенко. Оның айтуынша, кинолар көрсетілімінен негізгі түсімнің 85 пайызы Астана мен Алматыға тиесілі болып отыр, ал өңірлерде бұл сала артта қалған. Өйткені аймақтарда кинотеатр ашу бизнес өкілдері үшін зор шығын. «Бір кинотеатр ашу үшін 5-7 млн АҚШ доллары қажет. Бұл ретте құрылыс жұмыстарынан бастап, жабдықтарды сатып алуға дейінгі шығындар осындай көлемдегі қаржыны талап етеді. Барлық құралдар шетелден сатып алынады. Сондықтан кинотеатрларды құру қомақты қаржыны талап етеді. Қанша кино түсіргенімізбен, егер контентті көрерменге дейін жеткізе алмасақ, адамдар бұл фильмдерді көрмейді», – дейді маман. В. Голенконың пайымынша, аталған кемшіліктердің салдарынан жақсылықты насихаттайтын, тәрбиелік мәні зор ұлттық фильмдер мақсатты аудиторияға жетпей отыр. Жыл өткен сайын қазақ киносының қадамы қарыштап келеді. «Көш жүре түзеледі» демекші, сала мамандары сын-ескертпелерді ескеріп, бұрынғы қателіктерден бойды аулақ салып, жаңа бағыт-бағдар іздеуге кірісті. Көш басындағыларға қарап еңсе тіктеудің, дәл солардай болмасақ та, ұқсап бағудың нәтижесі болар, бүгінде көрерменнің таңдауы көбіне төл туындыларға түседі. Десе де, «әттеген-ай» деп әбігерге түсетін, «қап» деп қамығатын тұстарымыз баршылық. Жуырда Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры Андрей Хазбулатов таныстырған ҚР «Кинематография туралы» заң жобасы сол олқылықтардың орнын толтыруды көздейді.
Мүмкін кәсіпкерлерге көмектесу керек шығар немесе жөндеуден өткен мәдениет үйлеріндегі жабдықтарды жаңарту қажет болар. Шағын қалаларда адамдар тек жұмыс істейді, сосын қалған уақытын үйінде өткізеді, ал кейбіреулері табиғат аясына шығып келуі мүмкін. Сондықтан да мәдениет үйлері тұрғындарды жинай алатын маңызды орын болып табылады және сол жерде адамдарға жақсы туындыларды көрсетуге болар еді», – дейді «Меломан» басшысы.
Отандық киноны ауыл-аймақтарға жеткізуден бөлек, халықаралық нарыққа жол салу да министрліктің күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе. Голливудтың немесе француздың фильмдері секілді әлем кинотеатрларын шарлап жүрмесе де, төл туындыларымыз халықаралық кинофестивальдер арқылы шетел көрермендеріне көзтаныс бола бастағаны көңіл қуантады.
Мешін жылы қазақ киносы үшін олжалы болды десек, қателеспеспіз. Биыл қазақстандық мамандар түсірген фильмдер бірнеше халықаралық кинофестивальде жүлделі орындардан көрініп, қазақтың атағын аспандатты, ұлттық мәдениет пен төл дәстүрдің тасын өрге сүйреді. Олай болса, кетіп бара жатқан жылдың жеңісті сәттерін еске түсірелік.
Везульдегі мәртебе
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының режиссер Ерлан Нұрмұхамбетов түсірген «Жаңғақ ағашы» атты фильмі ақпан айында Везульде (Франция) өткен Азия киноларының 22-ші халықаралық кинофестивалінің негізгі байқау бағдарламасында көрсетілді. Байқауда қазақстандық туындыға бәсеке ретінде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Иран, Филиппин және Түркия елдерінің 8 кинокартинасы ұсынылған болатын. Солардың арасында комедия мен авторлық киноны сабақтастырған «Жаңғақ тал» фильмі талғамы биік көрермендердің көңілінен шығып, киносыншылар мен мамандар тарапынан жоғары баға алды. Əсіресе, көрермендер Қазақстанның табиғаты мен əн-жырларына ерекше ықылас білдіріп жатты. Фестиваль нәтижесі бойынша фильм бірден екі сыйлықтың иегері атанды – Халықаралық қазылар алқасының арнайы жүлдесі («Экономикалық және саяси жағдайдың қиындығына қарамастан көңіл көтергені үшін») және Кино сыншыларының арнайы жүлдесін («Ауыл өмірін шынайы, әрі батыл суреттегені үшін») қанжығаға байлады. Аталмыш фестиваль тарихына үңілер болсақ, қазақ фильмдерінің арасынан алғаш рет 1998 жылы Талғат Теменовтің «Адамдар арасындағы бөлтірік» фильмі мен Дəрежан Өмірбаевтың «Қайрат» фильмі шетелдік туындылармен бәсекеге түсті. Күні бүгінге дейін Везульдегі Азия киноларының халықаралық фестиваліне Қазақстаннан 25 режиссердің 40 фильмі ұсынылыпты. 2012 жылы «Қазақ киносына шолу» атты айдармен қазақтың алғашқы «Амангелді» фильмінен бастап, тəуелсіздік алғалы бері түсірілген 20 фильм көрсетілген. Ал 2009 жылы Рүстем Əбдіраштың «Сталинге сыйлық» фильмі фестивальдің бас жүлдесін жеңіп алды. 2006 жылы Аманжол Айтуаровтың «Дала экспресі» көрермен жүлдесін иемденген.Тарихты ту еткен
Сәуір айында танымал кинорежиссер Бақыт Қайырбековтің «Мәңгілік аспан астында» фильмі «Білім әлемі» (The World of Knowledge) Х ғылыми-көпшілік және ағартушылық фильмдер кинофестивалінің «Үздік сценарий» номинациясын жеңіп алды. «Білім әлемі» (The World of Knowledge) ғылыми-көпшілік және ағартушылық фильмдер халықаралық кинофестивалін 2006 жылдың ақпан айында «Леннаучфильм» киностудиясы» Ашық акционерлік қоғамы және «Интеллектуальные ресурсы России» Ұлттық комитеті ұйымдастырған болатын. Кинофестиваль бағдарламасына халықаралық байқау, конкурстан тыс көрсетілімдер және арнайы бағдарлама кіреді. 10 жыл ішінде бұл фестивальға әлемнің 32 мемлекетінің өкілдері қатысып үлгерді. «Білім әлемі» талай жаңа есімдерді атақты етіп, дүниетаным саласындағы шынайы жаңалықтармен таңқалдырды. Фестиваль киножобалардың үлкен әлемдік көрсетілімге шығуға мүмкіндік беретін жетекші кинофестивальдердің бірі болып табылады. «Мәңгілік аспан астында» фильмі 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы шеңберінде түсірілген болатын. Сценарийдің негізі ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» кітабы алынған. Фильм Қазақ хандығының құрылуына арналған. Әрқайсысы 26 минутқа созылған 10 бөлімнен тұрады. Бөлімдердің әрқайсысы қазақ халқы тарихының белгілі бір кезеңі туралы баяндайды. Сериалдың әр фильмі дербес туынды бола тұра, көшпелі халықтардың дүниетанымы, олардың «мәдениеттер байланысы» ретіндегі ұлы мақсаты және әлемдік өркениеттер, көне кезеңнен бастап бүгінге дейінгі олардың жаңалықтары және бүкіл өркениетті әлемнің жетістігіне айналған табыстары туралы негізгі идеяны насихаттайды. Фильм Қазақстанның әлемдегі тарихи және геосаяси рөлін толыққанды ашады.Қанжығада – «Золотоя лоза»
ТМД, Латвия, Литва және Эстония елдеріне арналған “Киношок-2016” ашық фестивалінің бас жүлдесі – “Золотоя лоза” биыл Қазақстан режиссері Әділхан Ержановтың “Қаратас ауылындағы оба” фильміне бұйырды. Ал режиссердің өзі “Қоғамның жазылмас дертін жақсы бейнелегені үшін” Ресейдің кинотанушылар мен киносыншылар гильдиясының дипломына ие болды. Сондай-ақ, Әділхан Ержанов XІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің «Ең үздік режиссер» жүлдесіне қол жеткізгенін айтпай кетуге болмас. Ержановтың сюрреалистік картинасы Қазақстандағы саяси әділетсіздікті сөз етеді. Шалғайдағы ауылға жаңадан келген әкім тұрғындардың қатерлі дертке шалдыққанын көреді. Бірақ вакцинаға бөлінген қаражат жергілікті билік өкілдерінің қалтасына түседі. Фильмнің әлемдік премьерасы 2016 жылы 2 ақпанда Роттердам халықаралық кинофестивалінде өтті және сол байқауда Азия киносын көтеру желісінің (NETPAC) сыйлығына ие болды. Сонымен қатар, ағылшынның The Calvert Journal журналы “Қаратас ауылындағы оба” картинасын 2016 жылғы үздік бес фильмнің қатарына қосты. 3-10 қыркүйек аралығында өткен «Киношок» байқауына биыл ширек ғасыр толғанын айтпай кетуге болмас. 25-ші рет ұйымдастырылған кинофестивальдің қорытындысы бойынша тағы бір отандық туынды – “Жұлдыздар тоғысқанда” фильмі үшін продюсер Тасболат Мерекеновке ТМД мен Балтия елдерінің үздік продюсері ретінде фестивальдің арнайы жүлдесі табысталды. Ал “Однажды в детском доме” (режиссерлері: Серік Әбішев пен Руслан Магомедов) фильміндегі образы үшін Аманкелді Құсайынов «Үздік ер бала рөлі» аталымында топ жарды.«Құнанбай» бағындырған биік
2015 жыл соңында жалпыұлттық прокатқа шыққан «Құнанбай» тарихи көркем фильмі үшін мешін жылы жарқын жетістіктерге толы мерейлі жыл болды. Жазушы Таласбек Әсемқұловтың сценариі бойынша Қазақстанның халық әртісі, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Досхан Жолжақсынов түсірген туынды 24-30 қыркүйек аралығында Алматыда өткен XІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің қорытындысы бойынша «Тұлпар» ұлттық сыйлығының «Ең үздік сценарий», «Ең үздік ер адам рөлі», «Ең үздік суретші-қоюшы жұмысы», «Фильмнің ең үздік музыкасы» аталымдары бойынша марапатталды. Мұнымен қоса, «Құнанбай» фильмі Уфада өткен «Күміс Ақбозат» III халықаралық ұлттық және этностық кинолар фестивалінде Әмір Әбдіразақов атындағы «Ұлттық рух үшін» сыйлығына ие болды. «Күміс Ақбозат» кинофестивалі әлем халықтарының рухани және мәдени құндылықтарын насихаттау, ұлттық және этникалық бағыттағы фильмдерді түсіруші кинематографистер шығармашылығын дәріптеу, Ресей аймақтары және шетелдермен мәдени қатынасты дамыту үшін ұйымдастырылған байқау. Уфа қалалық округі әкімдігінің қолдауымен Башқұртстан үкіметі мен Башқұртстан Республикасының мәдениет министрлігі, “Башқұртстан” киностудиясының ұйымдастыруымен өткен фестивальға биыл түрлі елдің 24 фильмі қатысты. Бұл жолы бас жүлде – Гран-при Бангладештен келген «Жалал тарихы» атты Әбу Шахед Эмонның толық метражды фильміне бұйырды.Сатаевтың тартуы
Қазан айында көрерменге жол тартқан «Анаға апарар жол» қазақ киносының тарихындағы «киноэпопея» деген атты арқалап жүруге лайық бірден-бір кино десек, сала мамандары бұларың қате дей қоймас. Фильм ұжымдастыру жылдарының тәлкегін, қазақты түбірімен жоя жаздаған ашаршылықты, екінші дүниежүзілік соғыс пен одан кейінгі кезеңді – тұтас үш дәуір тынысын жеткізуімен құнды. 1930 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықтағы тарихи оқиғаларды мазмұнын бұзбай, мәнін бұрмаламай, бояуын өзгертпей баяндай білген туындының жинақылығы сүйсіндірмей қоймайды. Ықшам әрі ұғынықты. Әр түрлі кезең, әр түрлі күресті қат-қабат көрсетсе де, алуан сурет пен бояуды біріктірсе де, бірізділікті сақтаған. Баяндауда бүтіндік, суреттеуде тұтастық бар. Киноның жілігін шағып, майын ішкен мықтылар кейде оқиға ауқымын 10 тіпті, 12 сериялы фильмге сыйдыра алмай жататынын, енді бірде ықшамдаймын деп сүбесі мен қаймағын сылып тастайтынын ескерсек, Ақан Сатаевтың бұл шеберлігін ерек айтуға тиіспіз. Фильм көрермен қауымның ғана емес, отандық һәм шетелдік киногерлердің де жоғары бағасына ие болды. «Анаға апарар жол» Қырымда өткен «Евразийский мост» фестивалінің Гран-приін жеңіп алды. Ресей, Украина, Беларусь, Италия, Германия, Сербия, Қазақстан, Қытай, Оңтүстік Корея, Бельгия, Үндістан, Армения сияқты елдердің туындылары бәсекеге түскен байқаудың «Үздік әйел бейнесі» жүлдесі де біздің қанжығамызда. Осынау жоғары марапатқа «Анаға апарар жол» фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Алтынай Нөгербек лайық деп танылды. Ұлттық кино өнерінің мәртебесін асқақтатқан фильм XІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде де мерейімізді үстем етті. Құрамына Рашид Нұғманов, Нинг Инг, Реза Миркарими, Актан Арым Кубат, Досхан Жолжақсынов, Валерий Тодоровский, Гримур Хаконарсон тәрізді белгілі киногерлер кірген қазылар алқасының шешімі бойынша кинода ана рөлін сомдаған Алтынай Нөгербек «Ең үздік актриса», ал Хасанбек Қыдыралиев «Ең үздік оператор» атанды.«Тараздың» табысы
Мешін жылының шулы тұсаукесерлерінің бірі – 13 қазаннан бастап прокатқа шыққан «Тараз» фильмі. Бұл – осыған дейін үш комедиялық фильм түсірген Нұртас Адамбаевтың қылмыстық драма жанрындағы алғашқы қадамы. «Келинка Сабина», «Побег из аула. Операция «Махаббат», «Келинка Сабинка-2» фильмдеріне режиссерлік етіп қана қоймай, үш кинода да басты рөлді өзі сомдаған актердің режиссерлігін мойындамай жүргендер көп болса да, рейтингті жобалары арқылы ол бұқаралық кино түсіре алатынын дәлелдеді. Мәселен, «Тараздың» тұсаукесерден кейінгі төрт күн ішінде көрсетілімнен 85 миллион теңге тауып үлгерген. Қылмыстық драма көрерменге жол тартпай тұрып-ақ АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен Genre Celebration Film Festival байқауында екі аталымда жеңімпаз атанды: «Үздік драмалық фильм» және «Үздік операторлық жұмыс». Кинокартина Genre Celebration Film Festival байқауынан басқа San Francisco International New Concept Film Festival (АҚШ), Hamilton Film Festival and Canadian Film Market (Канада), Gallup Film Festival (АҚШ), Princeton Independent Film Festival (АҚШ), Festival Internacional de Cine de Autor (Мексика) фестивальдеріне қатысқан. Фильмге Адамбаевтың өзінен басқа Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит, Гүлназ Жоланова, Төлепберген Байсақалов, Жандос Айбасов, Кәмшат Жолдыбаева, Нұржан Садыбеков, Марат Абдуллаев, Әшім Ахметовтар түскен. Сарапшылардың айтуынша, кассалық түсімі бойынша «Тараздың» отандық прокаттағы өзге фильмдерден көш ілгері тұруының сыры – эпизодтық рөлдердің өзіне танымал актерлердің тартылуында. Қалай болған күнде де, қылмыстық драмаға қызықпайтындардың көпшілігі «Тараз» көрермендерінің қатарынан табылғанын мойындауға тиіспіз.Олжамыз – Азия «Оскары»
2016 жылдың қазаны қазақ киносының қоржынын тағы бір жүлдемен байытты. Қазақ режиссері Елзат Ескендірдің «Өліара» («Off-season») фильмі Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен дәстүрлі кинофестивальде үздік қысқаметражды фильм деп танылды. Busan International Film Festival (BIFF) – Азия киноиндустриясында ғана емес, әлемде шоқтығы биік кинобайқау. Sonje Award аталымында үздік картина деп танылған «Өліара» фильмінің режиссері Е.Ескендір 10 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы алды. Ол – Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі, Ираклий Квирикадзе шеберханасында тәлім алған жас киногер. Режиссер «Өліараның» сценариін Өміржан Әбдіхалықұлымен бірлесіп жазған. Фильмдегі басты рөлдерде белгілі актерлер Асылболат Смағұлов, Баян Қажынәбиева, Дулыға Ақмолда және Мақсат Әбдірахман ойнады. Сондай-ақ, аталмыш байқауда М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық театрының актері Азат Сейтметов кинорежиссер Асқар Ұзабаевтың «Әке» телехикаясындағы әке рөлі үшін қазылар алқасының шешімімен «Жылдың үздік актері» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. «Алмас қылыш» айбынды асырмақ Бәрін айт та, бірін айт, отандық киноөндірістің биылғы жылғы ең басты табысы – «Алмас қылыш» фильмі. Бұл – Елбасының идеясымен Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының киностудиясында түсірілген «Қазақ елі» сериалының кинонұсқасы. Жаһандық дағдарыстың салқыны тиіп, түсірілім жұмыстары ақсағанына қарамастан, режиссер Рүстем Әбдірашев бастаған түсіруші топ бастаған істі аяғына дейін жеткізді. Қараша айында Елбасы фильмнің алғашқы көрермені болып, Жәнібек пен Керей хан тұсындағы қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңін арқау еткен туындыға жоғары бағасын берді. Мерейлі мереке – ҚР Тәуелсіздігі күні «Алмас қылыш» фильмінің тұсауын Алматы жұртшылығының алдында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы кесіп, фильмді түсіруге қатысқан азаматтардың барлығына алғысын айтты. Көркем фильм 5 қаңтардан бастап Қазақстан кинотеатрларында көрсетіле бастайды. Ал телехикая отандық телеарналар арқылы көпшілік назарына ұсынылады. «Алмас қылыш» фильмі бүгінгі қоғамға өзінің түп тамырын тануға, мемлекеттік тарихымыздың тамыры тереңде екенін сезінуге және қай заманда да Тәуелсіздік жолындағы күрестің, жаңа мемлекет құрудың оңай болмағанын анық көрсетеді. Сол арқылы әр азаматтың бойындағы отансүйгіштік сезімін одан әрі қуаттандырып, рухтандырады. Бүгінгі жас ұрпаққа мұндай ірі тарихи фильмдердің берері өте мол. Кино аудиториясының көп болатындығы әрі адамға әсер ету тұрғысынан зор күшке ие екенін ескерсек, «Алмас қылыш» туындысы Тәуелсіздік жылдарында өмірге келген жас буынды патриоттық жолда тәрбиелеудің негізгі құралына айналары сөзсіз.