Елордада биыл 1-сыныпқа 26 мыңнан аса бала қабылданды (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Елордада биыл 1-сыныпқа 26 мыңнан аса бала қабылданды (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Елордада биыл 1-сыныпқа 26 мыңнан аса бала қабылданды (ФОТОРЕПОРТАЖ)
ашық дереккөзі
50543
Бүгін жаңа оқу жылы басталды. Биыл ел астанасында 1-сыныпқа 26 мыңнан аса бала барады. Осындай айтулы дата күні мектеп табалдырығын аттап жатқан балғындардың қадамына куә болып қайттық.    Әр жаңа оқу жылының басталуы – ұстаздар мен оқушылар үшін жаңа кезең. Елордада орналасқан Сәкен Сейфуллин атындағы      №80 мектеп-гимназиясы ұжымының ұстаздары осылай дейді.  Сондықтан болар, аталған мектепте Алғашқы қоңырау мерекесі бар сән-салтанатымен өтті.  width= Биыл №80 мектеп-гимназиясының 1-сыныбына 285 бүлдіршін қабылданған. Олар үшін бүгін аса маңызды әрі тарихи күн.  width= Сол себепті де алғашқы қоңырауды мектеп табалдырығын енді аттаған оқушылар соқты.  width= Жылдағыдай емес, биыл бұл мерекеге сырттан қонақтар келген жоқ. Жиналғандардың көбі оқушылардың ата-аналары мен ұстаздар қауымы.  Іс-шара да ұзаққа созылған жоқ. Патриоттық әндер орындалды, оқушылар тақпақтарын жатқа айтты. Ата-аналар лебізі тыңдалды. Білім ордасының басшысы Жарменова Гүлмира Серғазықызы ұжымның кезекті оқу жылына дайын екендігін мәлімдеді.
«Бүгін жаңа оқу жылымызды «Терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» атты бірыңғай сынып сағаттарымен бастағалы отырмыз. Осы оқу жылы А.Байтұрсыновтың 150 жылдығы, Мұхтар Әуезовтің туғанына – 125 жыл мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Жыл бойы осы бағытта жемісті жұмыстар атқарамыз», - деді мектеп директоры.
 width= Оның айтуынша, биылғы оқу жылының ерекшеліктерінің бірі - оқу жылының ұзақтығы. Мәселен, 1-сынып оқушылары үшін 35 оқу аптасы, 2 - 11-сынып аралығындағы оқушылар үшін 36 оқу аптасы жоспарланған.
«Бүгінгі оқушы – білім бәсекесіне төтеп бере алатын, санасы ашық, халқымыздың рухани-адамгершілік құндылықтарын бойына сіңірген, еркін тұлға болуы керек. Және де біздің басты мақсатымыз – сапалы білім беру болып қала береді. Осы мақсатқа жету жолында мектеп ұжымы қажырлы еңбек етуде. Оның дәлелі -  өткен оқу жылының қорытындылары. Жыл сайын мектеп түлектері, Алтын белгі иегерлері өздерінің білімін дәлелдеп, жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастыруда. Озат оқушыларымыз республикалық «Ақберен» шығармашылық байқауында, Сәкен оқуларында, А.Байтұрсынов атындағы Республикалық қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасында, «Білімді ұрпақ -  тәуелсіздігіміздің тірегі» атты республикалық эссе байқауларында жүлделі орындарға ие болды», - деді ол.
2022-2023 жылғы оқу кезеңін Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясы 2500 оқушымен, 94 класс-комплектімен бастағалы отыр.
«Мектепке келген әрбір оқушының зейінін ашып, білімге деген құштарлығын ояту үшін бар ерік-жігерімізді арнаймыз. Бүгін ғана мектеп табалдырығын аттап жатқан жас өрендер келешекте ел тізгінін ұстаған кемел азаматтарға айналады деп үміттенемін», - дейді аталған мектеп-гимназиясының Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Көбей Жетібай.
Анадайдан алуан мінез, жұмбақ болмыс балдырған балаларға қарап тұрған біз де іштей тілектестік білдірдік. Содан кейін өмірінде бірінші рет мектеп ішіне еніп бара жатқан балаларды көргенде өзіміздің оқушы болып жүрген кезімізді еске алдық...  

Серіктес жаңалықтары