Дәрі өндіретін дәрменіміз болғанымен...

Дәрі өндіретін дәрменіміз болғанымен...

Дәрі өндіретін дәрменіміз болғанымен...
ашық дереккөзі
463

Еліміздегі дәрі-дәрмек нарығы импортқа айтарлықтай тәуелді. Мәселен, нарықтың жалпы көлемі 765,3 миллиард теңге болса, оның 84 пайыздан астамы шетелдік өндірушілерге тиесілі екен. ТМД елдері ішінде дәрі-дәр­мектің көп бөлігі Ресей, Беларусь және Украина елдерінен келеді.

Жыл басында сарапшылар мен дәріхана желісінің иелері гео­сая­си ахуалдың шиеленісуіне байла­ныс­ты дәрі-дәрмек нарығында да тап­шылық пен қымбатшылық болады де­ген болжам айтқан болатын. Жал­пы, еліміздегі дәрі-дәрмек нарығындағы ахуал қандай?

Тағы да тәуелді нарық

Өткенде сараптап өткен азық-тү­лік, құрылыс нарығымен қа­тар елімізде дәрі-дәрмек нарығы да ай­тарлықтай импортқа тәуелді. Бұл рет­­те елімізге ТМД елдері арасында не­­гізгі дәрі-дәрмек жеткізушілер – Ресей, Украина және Беларусь. Мәселен, был­тыр елімізге импортталған дәрі-дәр­мек көлемінің үштен бірінен аста­мы Ресейден жеткізілген. Жалпы, 2016 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ көлемінде фармацевтикалық жә­не дәрі-дәрмек құралдарының нарығы жұ­мыс істейді. Сол кезде VII Астана эко­­номикалық форумында фармацев­тика­лық және дәрі-дәрмек құралдары саласына қатысты бірыңғай нарықты құру мақсатында жұмыстар жүргізіле бас­таған болатын. Еуразиялық интег­ра­ция аясында құрылған бұл нарық елі­міздегі дәрі-дәрмек нарығын Ресей және Баларусь елдерімен байланыстыру үшін қолға алынған бастама еді. Содан бастап үш ел арасындағы дәрі-дәрмек на­рығында тығыз байланыс орнады. Статистикалық нақты деректерді алға тартсақ, былтыр еліміз- ге ша­мамен 1,1 миллиард долларға 21,7 мың тонна дәрі әкелініпті. Оның үштен бірінен астамы Ресейден импортталды – яғни 7,5 мың тонна 92,7 миллион дол­­ларға (ақшалай алғанда жалпы им­порт­тың 8,3 пайызы) импортталған. Ал Украинадан 22,4 миллион дол­ларға 879 тонна дәрі-дәрмек әкелінген. Үштікті түйіндеген Беларусь бізге 13,3 мил­лион долларға 863,8 тонна дәрі-дәр­мек импорттаған. Қалған 2 мыңға жуық тонна дәрі-дәр­мек Үндістаннан, 1,8 мың тоннасы Гер­маниядан, 1,3 мыңнан астамы Қы­тайдан әкелініпті. Жыл басында геосаяси ахуал ушық­­қан тұста сарапшылар дәрі-дәрмек нарығында тапшылық пен қымбатшылық байқалуы мүмкін еке­нін айтқан болатын. Дегенмен тап­ш­ы­лық сезілген жоқ. Сол кезде Денсаулық сақтау министрлігі де дәрі-дәрмек қо­ры­ның жеткілікті екенін, Украинадан им­портталатын дәрілік өнімдерді бас­қа елдерден жеткізу мәселесі қарас­ты­ры­лып жатқанын айтқан еді. Сол кезде Денсаулық сақтау ми­нистрі Ажар Ғиният бұған дейін Қазақстанға Украинадан 25 түрлі фар­ма­цевтикалық препарат жет­кізі­летінін айт­қан болатын. Ал Ресей мен Беларусь жә­не Еуропа елдерінен дәрі-дәрмек жет­кізу бойынша мәселе жоқ екені де ай­т­ылды. Ал халықты стационарлық және ам­булаториялық дәрі-дәрмекпен қам­тамасыз ететін «СҚ-Фармация» жыл ба­­сында-ақ биылға қажет дәрі-дәрмек түрі­нің 94 пайызын сатып алып үлгер­ге­нін мәлімдеген. Оның 60 пайызға жуы­ғы отандық кәсіпорындарда өнді­ріл­ген, 23 пайызы Еуропадан, 2 пайызы Ук­раинадан, тағы 2 пайызы Ресейден, қал­ғаны басқа елдерден әкелінген. Ком­­­пания өкілдері әлемдегі құбылмалы экономикалық жағдайларға қара­мас­тан «СҚ-Фармация» қоймаларына фар­ма­цевтика тауарлары кестеге сәйкес жеткізілгенін айтқан болатын. Бірыңғай дистрибьютордың қой­ма­сында форс-мажор жағдай­лар­да қолдануға арналған дәрі-дәр­мек­тер мен медициналық бұйымдардың 25 пайызы жинақталған қор бар екен. Тапшылық сезіле қоймағанымен, бағаның өскені байқалып, жал­пы қымбатшылықтың иірімі бұл са­ланы да тартып әкеткендей көрінді. Жалпы, дәрі-дәрмек бағасының өсуі геосаяси жағдай қиында­май тұрып-ақ, соңғы жылдары байқа­лып жүрген құбылыс болатын.  width= Баға неге құбылады?

Елімізде фармацевтикалық пре­параттардың бағасы жыл өткен сайын қымбаттап келеді. Биыл қаңтар­да­ғы ресми деректерге сүйенсек, дәрі-дәр­мек бағасы былтырғы жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 3,3 пайызға өскен. Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың қаңтарында, әсіресе хи­лак форте препараты бір жыл бұрын­ғы бағамен салыстырғанда 42,1 пайыз­ға қымбаттап кеткен. Одан бөлек, ацик­ловир 12,3 пайызға, Эссенциале фор­те Н 11,4 пайызға, Но-шпа 10,1 пайыз­ға қым­баттаған. Есесіне, парацетамол 14,3 пайыз, Нурофен 14,3 пайыз, ацетилса­ли­цил қышқылы 9,5 пайыз арзандапты. Статистикалық деректерге сүйен­сек, бұл салада отандық өн­діріс көлемі артып келеді, бірақ ішкі нарық­та баға бәрібір қымбат. Оған, әрине әуелде айтып өткен нарықтың импортқа тәуелді екені негізгі себеп болып отыр. Жо­ғары­да айт­қан деректерден бөлек ел нары­ғына шық­қан антибиотиктердің 85,2 пай­ы­зы, провитаминдер мен дәру­мендердің 100 пайызға жуығы, яғни барлығы дер­лік шетелдерден әкелінген. Саладағы бұл мәселені реттеу үшін, ішкі нарықтағы импорт көле­мін азайту мақсатында еліміздің Денсаулық сақ­тау министрлігі дәрі-дәрмек пен ме­ди­циналық бұйымдар шы­ғаратын ке­мінде 5 жаңа өндірісті іске қосуды жос­парлап отыр. Соның бірі – биыл Ақ­төбе облысында іске қо­сылатын дәрі-дәрмек өндіретін зауыт. Оған бюд­жеттен 800 млн теңге бөлін­ген. Зауытта сироптар, спирт, тұнбалар мен жақпа майлары шығарылмақ. Одан бөлек, 2023 жылдың 1 қаң­тарынан бастап препараттарды таң­балау және бақылау жүйесі енгізіл­мек. Министрлік жоспарында отандық фармацевтика өнімдерін халықаралық нарықта таныту мақсатында дәрі-дәр­мек пен медициналық бұйымдар ай­­на­лымының барлық процесін цифр­лан­­дыру да бар. «Атамекен» ҰКП мәліметінше, АҚШ дол­лары бағамының өсуі мен логис­ти­калық мәселелер дәрі-дәрмектің негізгі бағасының қымбаттауына жанама әсер еткен. – Отандық дәрі-дәрмек өндірісі мен оны жеткізу қызметін тоқтатпауымыз керек. Бұл үшін басты назар дәрі-дәр­мек тапшылығын болдырмауға бағыт­талуы қажет. Валюта бағамының күрт өзгеруін ескере отырып, дәрі-дәрмектің шек­ті бағасын индекстеу – тапшы­лық­ты болдырмаудың бір жолы, – деген еді ҰКП Медициналық қызметтер депар­та­ментінің директоры Назгүл Қабдрах­ма­нова кәсіпкерлер палатасының ке­зекті отырысында. Естеріңізге сала кетейік, былтыр дәрі-дәрмек бағасын бақылауда ұстау үшін және ел бойынша біркелкі баға белгілеу, спекулянттардың нарық­тағы ахуалды ушықтырмауын қада­ғалау мақсатында дәрі-дәрмек бағасын бақылау саясаты қолға алынған болатын. Дегенмен бұл бастама сәтсіз аяқталды. Жоба бірден сынға ұшырап, бұл шаралар дәрі-дәрмек өндірушілерді ел нарығынан шеттететінін, осылайша тапшылық тууы мүмкін екені айтылған еді. Яғни, бағаны реттеу үшін шекті баға­ны белгілеу тәсілінен нәтиже бола қой­майтыны тәжірибе жүзінде де нақ­тыланып, көзіміз жетіп отыр. Сөйтіп, ел дәріханаларындағы әркелкі баға сол күйінде қалды. Бұл, әсіресе қала мен ауыл және елді мекендердегі бағалардан қатты байқалады. Демек, бұл нарықтағы жағдайды реттеуде тек отандық өнім кө­ле­мін арттыру негізгі тетік болуы керек сияқты.

Отандық өндірісте өсім бар

Биыл қаңтардағы ресми дерек­тер­де елімізде фармацевтикалық өнім­дерді өндіру көлемі 11,1 миллиард тең­ге болғаны көрсетілген. Былтырғы қаң­тардағы мәліметтермен салыстыр­ған­да, бұл – 13 пайызға артық көрсет­кіш. Жалпы, дәрі-дәрмек өндірісінің көлемі ақшалай түрде 13,8 пайыз­ға өсіп, 9,8 миллиард теңгеге жет­кен. Өзіміз өндірген дәрі-дәрмектің жартысынан көбі Шымкент қа­ласы (3,9 миллиард теңге) мен Алма­ты облысында (3,5 миллиард теңге) шы­ғарылған. Одан кейінгі орындарда Алматы қаласы (2 миллиард теңге), Қара­ғанды (794 миллион теңге) және Жам­был облыстары (520 миллион тең­ге) тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің деректерінде елімізде дәрі-дәр­мек, медициналық бұйымдар мен тех­ника өндіретін 88 кәсіпорын бар деп көр­сетілген. Оның 32-сі дәрі өндірсе, 56-сы медициналық бұйымдар мен тех­ника түрін өндіреді екен.

Шетелге де шығарылады

Экспортта да әлеует жоқ емес. Іш­кі нарықты қамтымай, шет­елге шығару ақылға сыйымсыз көрін­генімен, бұл бағытта жемісті қадамдар бай­қалады. Мысалы, қазақстандық өн­дірушілер Қырғыз Республикасы, Ресей, Словения, Түркия және Өзбек­стан нарықтарын табысты игеріп келе жа­тыр. Салаға салынған инвести­ция­лардың өсуі фармацевтикалық өнімдер экспортының көрсеткіштерін жақсар­туға серпін берген. Мәселен, 2021 жыл­ғы қаңтар-наурызда шетелге шыға­рыл­ған өнімдер шамамен 18,7 миллион АҚШ долларына жеткен, бұл 2020 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 48 пайызға немесе артық. 2021 жылғы қаңтар-наурыз ай­ларын­да, әсіресе Өзбекстанға қазақ­стан­дық фармацевтикалық өнімдер экс­портының көлемі күрт өскен. Мә­селен, егер 2020 жылғы қаңтар-нау­рыз­да Өзбекстанға фармацевтикалық өнім­дердің экспорты небәрі 273,7 мың АҚШ доллары болса, 2021 жылғы ал­ғаш­қы үш айда жеткізу көлемі 5,3 мил­лион АҚШ долларына дейін, яғни 19,4 есе өскен. Одан соң Словенияға шығарылған экспорттардың екі есе өскені байқа­ла­ды, яғни 0,76-дан 1,5 миллион АҚШ дол­ларына дейін жеткен. Одан бөлек, біздің өнімдер Ресей мен Беларусь елдерінің нарығына да жеткізіледі екен. Бұл елдерге шығарылған өнім кө­лемінде де айтарлықтай өсім бай­қа­лады. Айта кетейік, жыл басында Денсау­лық сақтау министрлігі кез келген ны­сандағы дәрілік заттарды, оның ішін­де фармацевтика субстанцияларын, про­тез-ортопедия бұйымдары мен сурдо­тифлотехниканы, медициналық бұйым­дарды, сондай-ақ оларды өн­діруге арналған материалдар мен жаб­дық­тарды ел аумағынан шығаруға 6 ай мер­зімге тыйым салған болатын. Бұл ел нарығында тапшылық тудырмау үшін жасалған қадамдардың бірі болды.

Жалпы, қуатты фармацевтикалық индустрияны қалыптастыру – ұзақ уақытты және қажырлы еңбек пен көп қаражатты қажет ететін күрделі процесс. Біздің нарықта импортқа тәуелділікпен қатар экспорттық әлеует те қатар байқалып отыр. Еліміз коронавирусқа қарсы вакцина ойлап тапқан санаулы елдердің қатарында болғанын білеміз. Демек, бізде бәсекеге қабілетті боларлықтай мамандар да, әлеует те бар деген қорытындыға келуге болады. Қорыта айтқанда, отандық фармоөндірістің болашағынан үміт көп.

Серіктес жаңалықтары