1670
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ: Өзекті мәселені әлеуметтік желі емес, журналистика талқылауы қажет
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ: Өзекті мәселені әлеуметтік желі емес, журналистика талқылауы қажет
Қазір әлемнің көптеген елінде Қазақстан азаматтары «Болашақ» халықаралық бағдарламасының гранты негізінде білім алып жатыр. Олардың арасында ақпарат саласының өкілдері де бар. Ұлыбританияның Ньюкасл қаласындағы 150 жылдық тарихы бар Ньюкасл университетінде білім жетілдіріп жүрген Есенгүл Кәпқызына хабарласып, медиа саласының қазіргі бағыты, бары мен жоғы жайлы әңгімелестік. Есенгүл Кәпқызы – «Түркістан» халықаралық газетінде және тағы басқа ақпарат құралдарында көп жыл еңбек еткен елге танымал медиа маман.
– Сіз «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша Еуропада білім жетілдіріп жатқаныңызды білеміз. Оған дейін отандық журналистиканың әр саласында еңбек етіп, түрлі жобаларды басқардыңыз. Сонымен қатар университетте оқытушылық қызмет атқарып, ғылыми ортамен де тығыз қарым-қатынаста болдыңыз. Осыншама бай тәжірибеден кейін барған сізге шетелдік білім жүйесі мен медиа өндірісінде қандай тың технология таңсық болды? Біздің ол жақтан үйренеріміз не?
– Қоғамдағы жаңа технология қарқыны, жаңа үрдістердің пайда болуымен журналистика үнемі жаңарып отырады. Саладағы осы жаңалық, технологиялық өзгеріс маған білімімді одан әрі жетілдірсем деген мақсат қоюыма себепші болды. Себебі біздің қазақ журналистикасында кенжелеп қалған тұстары жоқ емес. Мысалы, бізде мәселені сыни тұрғыдан сараптай білу жағы дамымаған. Қоғам үшін қандай ақпарат құнды немесе маңызды дегенді де білмейтін сияқтымыз. Мүмкін шатастырып жүрміз бе, әлде әдейі солай жасала ма, белгісіз. Бізде қазір өнер жұлдыздарының жеке өмірі «құнды» ақпарат саналатын болды. Мұндай шатасудан арылу үшін ақпарат беру үлгісін басынан бастап қайта дұрыс жолға қойып, батыс стандарттарына жақындатуға ұмтылуымыз қажет. Мен бұл мәселемен кезінде Би-би-сидің қазақ бөлімінде жүргенде де, «Азаттық» радиосында жұмыс істеген кездерімде де таныс болғанмын. Бұл – адамның жеке өміріне деген құрмет. Біз адамның жеке өміріне құрмет көрсетуді мойындамай келеміз. Мәселен, мен жақында қазақ сайттарының бірінен «Марат Омаровтың тоқалынан туған қызы үйленді» деген тақырыпты көрдім. Бұл не деген масқара?! Не себепті біз адамдардың жеке өмірін материалдың басты тақырыбына шығарамыз? Бұл жерде ең бірінші сыни пайымның деңгейі байқалады. Сосын адамның жеке өміріне деген құрметтің төмендігі көрініп тұр. Мен осындағы оқу кезінде көзім жете түскен мәселе адамның жеке басының мәліметі, жеке өміріне деген құрмет бірінші тұруы қажет. Мәселен, біреудің жалақысы, баласының саны немесе оның жасын сұраудың өзі өрескел ұят мәселе екенін түсініп жүрміз.
Сонымен қатар мен үшін ең басты мәселе data журналистика жайында көбірек мәлімет алдым. Шын мәнінде, бұл сала маған сәл алыстау еді. Себебі біздің буын data журналистикадан алыстау, мәселені абстрактылы қарастырып, идеологиялық тақырыптарды көбірек жаздық. Бірақ идеологиямен журналистер айналыспауы керек екенін мен енді түсініп жүрмін. Одан кейінгі бір үйренген нәрсем – медиа теориялары. Медиа анализ жасау. Бұл тақырып болашақтағы менің бір жобаларым болмақ. Бізде медиа анализ бойынша жазылған еңбектер аз. Бұрынғы еңбектер кеңестік сарынмен жазылған болғандықтан, қазір бізге жаңа қоғамға сай жазылған жұмыстар қажет. Медиа анализдің көмегімен біздің студенттер, жас журналистер жаңаша бағытта дамып, жетіледі деген ойдамын. Мұнда медиа анализ, сыни дискурс, пропаганда моделі жайлы ұғымдарды тереңірек үйренуім осы сала бойынша басқаша бір түсінік қалыптастырды. Бұл ұғымдарды кезінде біз сөзбен айтып та жүрген болуымыз мүмкін. Бірақ бұл жолы ағылшын тіліндегі жаңа теориялық еңбектер арқылы етене танысуға мүмкіндік туды. Осы арада айта кетер бір мәселе мен ағылшын тілін орта жасқа келгенде үйренсем де сол тілдегі материалдарды толық түсініп оқуым, жеткен жетістігім шығар деп ойлаймын.
– Би-би-сидің қазақ бөлімінде қызмет атқарған екенсіз. Сізбен қатар кімдер жұмыс істеді? Кейін ол не себептен жабылып қалған?
– Бізде ол кезде Лондонда 3 продюссер болды. Олар Дәулет Жұмаділов (жазушы Қабдеш Жұмаділовтің ұлы), Дина Жансағимова (Әзілхан Нұршайықовтың немересі), сосын Мұрат деген жас жігіт болды. Ал Алматыдағы редакцияда Данабек аға, Өміргүл Дәлелқызы және мен болдым. Би-би-си бізге өте көп дүние үйретті. Егер сол ірі медиа корпорацияның қазақ бөлімінде жұмыс істемеген болсам, мен қазір мүлде басқа адам болуым да мүмкін еді. Ақпаратты іздеу, табу, сұрыптау және баланс сақтауға байланысты көп мәселені осы жерде үйрендік. Кейіннен оның қазақ бөлімі тыңдаушылар аз деген себеппен жабылып қалды.
– Рухани-мәдени көзқарасы қалыптасқан, толысқан маманға басқа жүйедегі ортада білім алу қиындық тудырмай ма? Рухани құндылық, саяси көзқарас, тіпті шет тілін игеруге дейін сатыларды алып қарасақ...
– Өз салаң бойынша біраз деңгейге жеткеннен кейін көзқарасыңды өзгерту дегенге келер болсақ, шын мәнісінде көптеген мәселеге байланысты көзқарасым өзгерді. Мысалы, менің алғашқы журналистикаға келгендегі жазған дүниелерім мен қазіргі көтеріп жүрген мәселелердің арасы жермен көктей деп айтуға болады. Біз 90-жылдардың басында «Азаматтық қоғам деген не, ол қазақтың ұлттық болмысына балта шаппай ма?» деген сауалдарды жиі көтеретінбіз.
Тіл үйрену мәселесіне келер болсақ, біраз жасқа келіп үйренгендіктен қиындықтар болғаны рас. Ол жерде тіл сындыру, сөздерді айту жағынан қиындық болды. Ал негізінен түсіну және кітап оқу жағынан қиындық болмады. Шын мәнінде, мен өзімді жаңа теория, жаңа көзқараспен байытып, заманға сай білім алдым. Жалпылай айтқанда, оқу процесі маған ешқандай қиындық тудырмады. Керісінше, көптеген жас эссе жазу сияқты шығармашылық үрдісте қиналып жүрді. Ал мен үшін ол жағынан ешқандай қиындық болмады. Әрбір тақырыпты жазуға идея болғандықтан жеңіл алып кеттім.
Ал ортаға бейімделу мәселесіне келер болсақ, мен өзімнің ортама сай адамдарды тауып, тез бейімделе білдім. Англия қоғамында бір жақсы дүние бар – ол адамдардың жас айырмашылығына немесе тағы басқа өзгешелігіне байланысты шеттемейді. Сондықтан мен үшін бұл ортаға бейімделу қиындық тудырмады.
– Сіздер «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы арқылы көптеген жас мамандарды білім жетілдіру курстарынан өткіздіңіздер. Қазақстандық медиа мамандарына қандай бағыт бойынша білім жетілдірген маңызды? Қай салада жетіспеушілік, қай салада ілгерілеушілік бар деп ойлайсыз?
– «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы арқылы біз біршама жұмыс атқардық. Соның ішіндегі бір бағыты жас журналистерге бағыт-бағдар беру, оларды журналистикаға келген жаңа технология мүмкіндіктерімен таныстыру болатын. Соңғы тенденциялардың бірі адамдар дәстүрлі медиадан гөрі онлайн медиа бойынша көбірек білім алып жатыр.
Біздің журналистикада өзгеруге тиісті, жаңаруға тиісті мәселе өте көп. Жоғарыда айтып өткенімдей, ақпараттың құндылығы не, біз қандай ақпарат таратып отырмыз деген сауалдарға жауап іздеген дұрыс. Бұл бір жағынан біздің сыни тұрғыдан ойлауымыз үшін қажет. Екіншіден, біздің журналистер қоғамдық мәселе мен жеке мәселені шатастырып алған. Мамандарымыз осы тұрғыдан білімін жетілдіру қажет. Одан кейін бізде этика мәселесі қатты ақсап жатыр. Жеке мәселеге басымдық беру, ақпараттың шынайылығын тексермей жариялау, ешқандай фактісіз құр айқайға құрылған популистік материалдар өте көп. Сондықтан біз мамандарды этика тұрғысынан қайта оқытуымыз қажет. Неге біз тексерілмеген ақпаратты жариялаймыз, неге сыни ойлау деңгейіміз төмен деген сауалдардың жауабы маңызды. Сосын сіз қай сала бойынша ілгерілеушілік бар деп отырсыз. Иә, бәрі жаман деуге болмайды, ізденістер де жоқ емес. Мені қуантатыны, соңғы кезде ақпарат құралдарында зерттеуші журналистикамен айналыса бастаған жастар пайда болды. Көптеген жас жаңа технология мүмкіндіктерін жақсы пайдаланып, сапалы аудио, видео өнім ұсынып отыр. Қазіргі біздің онлайн журналистика осыдан 10 жыл бұрынғымен, тіпті 5 жыл бұрынғы деңгеймен салыстыруға келмейді. Жаңа технология мүмкіндіктерін игеру тұрғысынан ілгерілеушілік бар. Десе де, әлі күнге дейін қырып кетті, жойып кетті деген сияқты арзан әрі нақтыланбаған ақпарат таратушылар көп. Сондықтан мүмкін болашақта білім беру бағдарламаларын қайта електен өткізіп, мамандарды нақты бір сала бойынша оқыту жоспарларын қолға алып, салалық журналистиканы дамыту маңызды болар ма еді. Мәселен, пандемия кезінде әлеуметтік желі белсенділері арасында вакцинаға қарсылық көрсеткендер көп болды. Сол кезде біздің журналистердің арасынан вакцинаның маңызы, қажеттілігі жөнінен жан-жақты талдап, түсіндіріп беретіндері аз болды. Біздің ғылыми журналистиканың әлеуеті керемет болмай тұр. Алдағы уақытта ғылыми бағыттағы журналистиканы дамытуымыз маңызды болмақ.
– Сіз басқаратын «Мінбер» порталында Азаматтық журналистерге арналған бөлім бар. Бұл жобаны қолға алуға не себеп болды? Жалпы біздің елдегі азаматтық журналистиканың келбеті, пәрмені қандай? Азаматтық журналистика дербес дамып кетпегенімен әлеуметтік желінің бір бөлшегі ретінде қайнап жатқан сияқты.
– Азаматтық журналистер деген кім, алдымен осыған жауап бере кетейік. Бізде азаматтық журналистикаға байланысты ешқандай зерттеу еңбектер жоқ. Ұлыбританияда азаматтық журналистика жайлы арнайы жазылған том-том кітаптар бар. Осы еңбектерді оқи жүріп мына мәселеге көзім жетті. Азаматтық журналист дегеніміз – белгілі бір ақпарат құралында жұмыс істемейтін, арнайы журналистік мамандығы жоқ, бірақ қандай да бір мәселеге өзіндік көзқарасын білдіре алатын адамдар. Қазір біз оларды блогерлер деп те атап жүрміз. Олар – өздерінің ойын, позициясын кәсіби журналист болмай-ақ таныта алатын адамдар.
Осыдан 2 жыл бұрын «Интерньюс-Қазақстан» қоры азаматтық журналистикаға қатысты конкурс жариялаған кезде біз оған қатысып, ұтып алдық. Біз өңірлерде тұратын, азаматтық позициясы айқын, бірақ журналист емес адамдарды журналистикаға бейімдеуге қандай бір мүмкіндіктер болатынын қарастырып көрдік. Бұл жұмысымыздан жақсы нәтиже шықты. Мысалы, Алматы, Батыс Қазақстан облыстарынан адамдар тартқан едік, өте жақсы мәселе көтерілді және біз ол мәселелердің шешілуіне ықпал еттік. Биыл Шығыс Қазақстан облысынан бір ғана адам қаншама мәселені көтеріп, оның шешілу жолдарын тапты.
Ол адам қоғам белсендісі, бұрын мәселені facebook-те талқылайтын болған, қазір сайтта жазудың артықшылығын, мәселенің оң шешім табатынын өзі де көріп отыр. Сондай-ақ осы жоба аясында осыдан 30 жыл бұрын Моңғолиядан көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алған, бірақ қайтадан Моңғолияға кетіп қалған отбасылар жайлы жаздық. Олардың мәселесі әлі күн тәртібінде, біз оны қадағалап отырмыз. Бірақ Моңғолиядағы Қазақстан елшілігі олардың мәселесін шешуге көмектесті.
Азаматтық журналистика дегенде біз бір нәрсені ескеруіміз керек. Мәселен, блогерлердің көбі әлеуметтік желіде парақшасын жүргізеді, сонда тіркелген. Олардың миллиондаған жазылушысы, аудиториясы бар. Бір өкініштісі, олар сол ауқымды аудиториясы арқылы кейде халықты шатастырып, популизммен айналысатын кездері де болады. Мысалы, пандемия кезінде кейбір әлеуметтік желі белсенділері вакцинаға қарсы үгіт-насихат жүргізді. Кейбірі өзінің сол ірі аудиториясын пайдаланып жалған лотереялар ойнатып, қарапайым халықты шатастырды. Сондықтан азаматтық журналистердің де өзіндік принципі, әдебі, тәртібі болуы қажет. Ол қандай принцип? Ол журналистика стандарттарын басшылыққа алуы қажет. Онда біріншіден, оқырманға адал болу, екіншіден, жалған сөйлемеу, үшіншіден, қоғамдық маңызы бар мәселені талқылауы қажет. Бірақ өкінішке қарай, біздің әлеуметтік желі белсенділерінің бағыты мен мақсаты басқаша бет алып барады. Олар қоғамдық мүдде емес, жеке басының мәселесін бірінші орынға шығарып, пайданы ойлап кетті. Жеке басының пайдасы үшін жүрген адамды мен азаматтық журналист деп атай алмас едім. Азаматтық журналист дегеніміз – журналист болмаса да, қоғамдағы маңызды мәселені көтеріп, сол арқылы азаматтық позициясын білдіретін адамдар.
– Отандық медиа саласының белді өкілі ретінде әрі шетелден білім жетілдіріп жүрген ғалым ретінде қазақстандық медиа саласын қалай бағалайсыз? Біз уақыт талабына сай медиаәлем құра алдық па?
– Біздің медиаәлем үлкен өзгерісті, жаңартуды қажет етіп тұр. Ең бірінші қаржыландыру жүйесі дұрыс емес. Мәселен, жергілікті әкімшіліктен бастап өздеріне қарасты ақпарат құралдарын қаржыландырып, қожайын болып отыр. Иесі бар журналистика шындықты толық жеткізе алмайды. Ол тек қана үгіт құралы болып қала береді. Мемлекеттің ақпараттық саясатын қайта қарайтын кезең жетті. Қоғамдағы толғақты мәселені әлеуметтік желіде емес, дәстүрлі ақпарат құралдарында талқылап, оны шешудің жолын журналистер іздеуі қажет. Шетелде журналистика әлеуметтік пікірді қалыптастырып, өзінің «төртінші билік» деген атауын лайықты ұстап отыр. Бізде керісінше. Әлеуметтік желі мен журналистиканың орны ауысып кеткен сияқты.
Сұхбаттасқан Бейбіт Тоқтарбай