50857
Түркияда домбыра пәнін енгізуді жоспарлап жүрген Седат Солакоғлұ
Түркияда домбыра пәнін енгізуді жоспарлап жүрген Седат Солакоғлұ
Түркияда қазақтың ұлттық аспабы – домбыраны кеңінен насихаттап жүрген музыканттардың бірі – Седат Солакоғлұ. Сакарья қалалық оркестрінде еңбек ететін ол домбыраның күмбірлеген үніне елең етпей қоймайтын түріктердің бұл аспапты өзі секілді жетік меңгергенін қалайды. Сол мақсатта арнайы оқулық құрастырып шығарған ол Түркия мектептерінде домбыра сабағын енгізуді жоспарлап жүр. Бұл ісі әзірге іске аспаса да, соңына дейін барамын деп белін буып, бекініп отырған қазақ өнерінің жоқтаушысына хабарласқан едік.
– Сұхбаттарыңызда ұлттық аспабымыз домбыраны қолға алуыңызға себепкер болған жан деп үнемі әжеңізді айтасыз. Ал сол әжеңіздің домбыра үнін алғаш рет қайдан естігені бізге қызық болып тұр.
– Әжем Қырымнан Румынияға көшіп, сосын Түркияға қоныс аударған. Ол кісінің бас сүйегіне ота жасалғандықтан, ол кей жағдайда тіпті есін білмейтін. Сондықтан оның кейбір айтқан сөздеріне мән бермей жүрдік, бірақ ол мәдениет пен дәстүрге қатысты көп нәрсе айтатын. Ал домбыраның үнін алғаш рет Румынияда естіген екен. Сіз де таңғаларсыз, мен мұны көпшілікке қанша айтсам да олар «Ол жақта домбыра қайдан жүр?» деп түсінбейді. Кейін есейген соң түркі халықтарының өнерін зерттей келе әжемнің Румынияда естуінің себебін түсінгендей болдым. Қырым татарлары мен ноғайлар бір-біріне өте жақын халық болғандықтан әжем олардың ортасында жүріп, естіген болар деп топшыладым. Жалпы, біздің үйде өтетін отырыстарда түріктің баглама деген аспабымен Қырым татарларының әндері жиі орындалатын. Осындай ортада тәрбиеленген мен музыкаға жақын болып өстім. Музыкаға деген қызығушылығым ерекше болды. Бірде әжем «Домбырамен «Бозторғайды» орындап берші» деп өтініш айтты. Бозторғай әнін бүкіл Қырым татарлары біледі. Бұл туынды олардың маршы іспеттес. Сол кезде ол әнді білсем де, домбыраның қандай аспап, қай елдің аспабы екенін білмедім. Ақырында, әжеме «Бозторғайды» багламамен орындап бердім. Лицейде оқып жүргенімде әкемнің ағасы, өнер десе ішер асын жерге қоятын музыкант көкем Түркі дүниесінің әндерін орындайтын ансамбльдің өнерін тамашалауға шақырды. Концертке дайындық бастап жатқан кезде дирижер «Мұстафа, қазақтың домбырасымен керемет бір ән айтып бересің бе?» деп бір музыкантқа өтініш айтты. Домбыра дегенді естіген кезде «әжемнің баяғыдан сұрап жүрген аспабы емес пе?» деп есіме түсіріп, әлгі орындаушымен танысуға асықтым. Репетиция аяқталған соң домбырашының қасына барып танысқанымда ол Түркияда туып өскен қазақ домбырашысы Мұстафа Бұйырған болып шықты. Ол кісіден бейтаныс аспаптың атын сұрағанымда: «Қазақтың халық аспабы – домбыра», – деді. Сол сәттен бастап домбыраны қайтсем де үйренемін деп шештім. Домбыраға ғашық болдым десем артық айтпаймын. Сөйтіп, домбыраны үйренудің жолдарын іздестірдім.
– Ол кезде Түркия қазақтарына домбыра үйрететін қандай да бір үйірме болды ма?
– Иә. Сол кезде Ыстанбұлда белсенді жұмыс істеген «Қазақ қоғамы» ұйымына атақты күйші, Қазақстанның халық әртісі Бақыт Қарабалинаның ұлы Дәурен Әлімбай келіп, осындағы қазақ балаларына бір жылдай домбыра шертуді үйретті. Ол кезде 18 жастамын. Домбыраны үйренуге деген ынтам арнасынан асып-тасып тұрған кез. Бірақ сол кезде Дәурен ағайдың 1-2 сабағына қатысқан соң Түркия қазақтарының балалары «Сен мұнда неғып жүрсің? Бұл – қазақтардың жері» деп мені қуып шығып, кіргізбей қойды (күліп). Жастарды білесіз ғой. Алып-ұшып тұрған албырт шақ. Дәурен ағай – өте жақсы кісі. Менің домбыраны үйренбей қоймайтынымды сезсе керек. Бірақ ол сол кезде түрікше аз-маз біледі, мен де қазақша бірнеше сөз ғана білемін. Бірақ екеуіміз түсінісіп, жақын араластық. Бірде ол: «Балам, мыналар сені сабайтын түрі бар. Дұрысы, сен сабаққа түнгі сағат он бірден соң кел. Мен саған барлығын үйретемін», – деді. Сөйтіп, бір жылдай аптасына 4-5 рет түнгі он бірде сабаққа келіп жүрдім. Ол уақытта жағдай мәз емес-тін. Қаржы тапшылығы қажытып жүрген кез. Бір үйдің жалғыз баласымын. Әкем дүниеден ерте қайтты. Анама қарайласу керек болды. Сөйтіп жүріп жанталасып, өзім тұрған ауданнан 10 шақырым жерде орналасқан Зейтінбұрны ауданына Дәурен ағайдың сабақтарына қатысу үшін тығылып келіп, тығылып қайтатынмын. Сосын Дәурен ағай: «Домбыраны шынымен жақсы көреді екенсің. Сенің болашағың жарқын болмақ. Домбыраны насихаттай алатын әлеуетің бар. Дұрысы, сен оқуға Қазақстанға бар», – деп ақылын айтты. Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түсейін десем, үш жыл дайындық керек екен. Мен Түркияда жеке сабақтарға қатысқаным болмаса, арнайы музыкалық мектепке барған емеспін. Ал үш жыл дайындыққа уақыт құртқым келмеді. Жалындап тұрған шағымда домбыраны тезірек меңгеріп, күллі Түркияға бұл киелі аспаптың құдіретін танытқым келді. Ақселеу Сейдімбектің күй туралы кітаптарын оқыған соң тек сахнаға ғана емес, білім жүйесіне енгізуді көздедім. Түркияға келіп, домбыра сабағын консерваторияға енгізбекші болдым. Сөйтіп, Түркістандағы Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің музыкалық бөліміне оқуға түсіп, оны үздік дипломға бітірдім.
– Қазақ-түрік университетінде оқысаңыз да, Айгүл Үлкенбаева «Түркияда Седат деген мықты шәкіртім бар» деп үнемі айтып жүреді. Сонда сіз Түркістанда ғана емес, Алматыда тұратын Айгүлден де домбырадан сабақ алдыңыз ба?
– Иә. Дәурен ағай Ыстанбұлда маған көп нәрсе үйретті. Түркістанға қазақ-түрік университетіне оқуға түскенге дейін мен «Сарыарқа», «Адай», «Балбырауын» секілді бірнеше күйді нақышына келтіріп шертетінмін. Түркістандағы оқытушылар «Түркиядан кеше ғана келген сен мұның барлығын қайдан білесің?» деп таңғалғаны бар. Өкінішке қарай, қазақ-түрік университетінде оқығанда маған домбыраны одан бетер үйрететін мықты маман жетіспеді. Қазір онда барлығы жақсы шығар, білмеймін, бірақ сол кезде мен мұғалім іздеп, Шымкент, Кентау, Түркістанға бардым. Үйретері бар мықтылардан сабақ алдым. Сосын атағы жер жарған Айгүл Үлкенбаевадан жеке сабақ алу үшін Алматыға арнайы бардым. Ол кісінің сабақ өту стилі маған ұнағаны соншалық, мереке, демалыс сайын Алматыға қарай жүгіре жөнелетінді шығардым. Расымен, ол мені ауызынан тастамай айтып жүреді. Өзі жазып шыққан екі кітабына «Менің шәкіртім – Седат» деп мені қосқан. Студенттік кезде жастардың көбі қыдырып, көшеде серуен құрғанды ұнатады ғой. Ал менде ондай болмады, бар ойым домбырада болды. Университетте бірге оқыған қатарластарыммен кейде әңгімелескен кезде «Сен сол кезде университетте расымен жұлдыз болғансың. Бір жерде күй тартып жатсаң, екінші жерде ән шырқап жүретін едің. Мерекелік кештер сенсіз өтпейтін еді. Сондай кезде барлық қыз саған қызыға қараушы еді. Бірақ сен ешкімге қарамадың ғой» деп айтады. Енді мен Түркиядан Қазақстанға тек бір ғана мақсатпен бардым. Әдетте, алдына нақты мақсат қойған адамға ештеңеге зауқы соқпай, жатса да, тұрса да, соған жетуді көздейді ғой. Мен дәл соның өзі болдым. Қазақстанға келіп, қазақ тілін үйрендім. Домбырадан бөлек, көшпелі өмір салтына қатты қызықтым. Сөйтіп, ел ішін аралап, көп ауылда болдым. Осылай жүргенде қазақта бар салт-дәстүрдің түгелін көрдім десем болады. Сондай-ақ Қытай қазақтарымен етене араласып, біраз нәрсені білдім. Қайыра айтқанда, Қазақстанда тұрған бес жыл ішінде Түркия қазақтарының білмегенін біліп, естімегенін естідім.
– Оқу бітірген соң Түркияға оралғанда Ыстанбұлдағы талай қазақ баласын домбыраға баулығаныңызды білеміз. Сондай-ақ Ыстанбұлға жақын орналасқан Сакарья қаласында да әкімшіліктің қолдауымен арнайы сабақ жүргізген екенсіз. Қала әкімшілігін домбыра үйірмесін өткізуге қалай көндірдіңіз?
– Ыстанбұлға оралған соң сенбі-жексенбі күндері Түркиядағы қазақ балаларға тегін сабақ бердім. Бес жыл ішінде алдыма көп бала келді, бірақ олардың барлығы үлкен қызығушылық танытты деп айта алмаймын. Десе де, жақсы меңгеріп шыққандары баршылық. Қазір Түркияда қолына домбыра ұстаған балалардың түгелі дерлік менің қолымнан өткен. «Қазақ-түрік білім беру және зерттеулер» қауымдастығында (KATEAD), «Қазақ қоғамында», сосын «Шығыс Түркістан» ұйымында домбырадан сабақ бердім. Қазір Ертолқын Гайретуллах басқаратын KATEAD-та өнер жағын басқарамын. Бұл қызметке былтыр сайланғанмын. Бір қызығы, бұл ұйымда бұған дейін тек қазақтар жұмыс істейтін. Былтыр бірінші рет мені жұмысқа шақырды. Қазақстаннан оралған соң Ыстанбұлдан 100 шақырым жерде орналасқан Сакарья қаласындағы консерваторияның магистратура бөліміне оқуға түстім. Онда «Түркі халықтарының күй өнері мен Түркия қазақтарының күй дәстүрі» тақырыбында диссертация қорғадым. Ғылыми жұмысымның екі жүз бетін қазақтың күй өнеріне арнасам, қалған екі жүз бетінде бүкіл түркі халқының күйшілік дәстүрін зерттеп, жазып шықтым. Сосын Сакарья қалалық оркестріне жұмысқа тұру мүмкіндігі туындады. Бүгінде сол оркестрде саксафоншы болып жұмыс істеп жүргеніме 13 жыл болды. Саксафонда ойнасам да, домбыраны еш тастаған емеспін. Демалыс күндері Ыстанбұлға барып, сабақ беріп жүрдім. Ал Сакарьяда менің домбыраны үйретуге деген құлшынысымды байқаған әкімшілікке Түркиядағы шеберге арнайы тапсырыс бергізіп, 15 домбыра жасатып алдым. Сөйтіп, осындағы жастарға екі жыл сабақ бердім. Әкімшілік маған жалақы төлеп отырды. Бірақ кейін қолым тимей кеткен соң, сабақ беруді уақытша доғара тұрдым. Алдағы уақытта қайтадан бастамақ ойым бар. Жалпы, маған сол кезде Түркиядағы Қазақстанның елшісі болған Абзал Сапарбекұлы үлкен қолдау білдірді, іс-шараларға шақырып, ерекше сый-құрмет көрсетті. Қазақстанда да ерекше құрметке иемін. Онда өтетін концерттерге жиі қатысамын. Дәстүрлі әншілер мен күйшілердің біразын жақсы танимын. Әртістермен де етене аралсамын. Былтыр Алматыда атап өтілген «Шаншар» театрының 60 жылдық мерейтойына қатыстым. Уәлибек ағалар жол ақысын өздері төлеп, аттай қалап шақырып алды.
– Сол әншілер мен әртістердің әлеуметтік желіге «Біздің Седат тұрғанда Түркияда қазақ өнері үшін уайымдамаймыз» деп жазғанын бірнеше рет көзіміз шалып қалды. Сізге осындай танымалдылық әкелген соңғы 13 жылда сіз ойнап жүрген саксафон емес, домбыра дегенмен келісесіз ғой?
– Әрине. Түркияда да, Қазақстанда да домбыра арқылы танылдым. Қазақстанда домбыраға деген сүйіспеншілігіме бір таңғалса, Түркияда домбыраны шерте отырып, ерекше дыбыс шығаратыныма екі таңғалады. Мұнда да домбыраның қандай аспап екенін білмейтіндер көп қой. Қазақстаннан Түркияның ірі қалаларына көп ансамбль мен оркестр келіп, концерт қояды. Бірақ көпшілігі олардың келгенін де білмей қалады. Ал мен тұрып жатқан Сакарьяға ешқандай да оркестр келмейді. Шамам келгенше күллі Түркияға домбыраны таныту үшін жұмыс істеп жүрмін. Сіз айтып өткендей көбісі, соның ішінде Айгүл Үлкенбаева «Түркияда Седат бар, біздің өнер онда тыс қалмайды» дегенді жиі айтады. Мен қазақтың өнерін тыс қалдырмайтын жалғыз менмін деп есептемеймін, бірақ көбі осылай айтып жүр.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңызда түрік әуендері мен қазақ күйлерін араластырып, композиция жасап жүргеніңізді байқадым. Сондай-ақ қазақ-түрік музыканттардың басын қосып, көшеде түрлі туындыны орындағандарыңыз көзге оттай басылады. Жеке ансамбль құрып алдыңыз ба?
– Түбіміз бір болғанымызбен, түркі халықтарының музыкасында айырмашылық бар. Түріктер мен секілді домбыраның дыбысына ғашық болсыншы деп шертпе күйлерді жиі орындаймын. Төкпе күйден «Балбырауынды» шертемін. Ал «Сарыарқаны» орындасам, Түркияда мұны ешкім түсінбейді. Сондықтан олар ұйып тыңдайтын, қабылдауға оңай тиетін туындыларды ғана орындаймын. Мен әр жерге барғанда кім қай күйді қалай қабылдайтынын арнайы зерттегенмін. Сахнаға шығар алдында соны ескеремін. Ал сіз айтып отырған попуриді атақты түрік пианисі Озан Сарыбоғамен бірге орындағанмын. Анкарадағы Юнус Эмре орталығы Құрбан айт қарсаңында домбыра мен фортепианодан микст жасауға ұсыныс айтып, келіп, клипке түсірді. Осы ретте айта кетейінші, әлемде көп аспап бар, бірақ домбыраның үнінде мен сізге түсіндіріп бере алмайтын ерекше дыбыс бар. Сосын менде оған деген шексіз махаббат бар. Есептеп қарасам, биыл домбыраны жаныма серік етіп жүргеніме 20 жыл болыпты. Түркияда қазақтың ұлттық өнері туралы мақаланы бірінші болып мен жаздым. Тіпті, менен кейін ешкім де бұл жөнінде диссертация да қорғамады. Ешкім қорғамайтын да шығар. Себебі ол үшін әрі музыкант, әрі домбырашы болу керек. Айтпақшы, бастапқы кезде көздегенімді айтуды ұмытып барамын. Ә дегенде Анкарада Түрік дүниесінің әуендерін орындайтын мемлекеттік ансамбльдің мүшесі болуға көп әрекеттендім. Онда домбыра шертетін түріктер болды, бірақ бүгінде зейнетке шығып кетті-ау деймін. Бірақ олар домбыраны өздігінен үйренген, дұрыс сезіне алмайды. Мен Қазақстанға бармасам домбыраны қалай шертемін, айтыңызшы?
– Сонда сіздіңше, белгілі бір ұлттық аспапты меңгергің келсе, алдымен сол елге баруың керек пе?
– Дәл солай. Багламаны үйренемін десеңіз, Түркияға келуіңіз керек. Пианиноны меңгеремін десеңіз, Еуропаға барасыз. Бірақ мен Қырым татары болған соң, домбыраның үнін сезіну менің қанымда бар секілді. Бізге Түркістанда күйді орындамас бұрын, оның тарихын түсіндіретін. Сосын күйді алғаш рет бас буын мен орта буынға бөліп орындаған кезде бұрын басқа бір әлемде домбыраның қыр-сырын жетік білгендей күй кештім. Өз-өзіме таңғалдым. Жаңа айтып өткендей, арманым Анкарадағы мемлекеттік ансамбльде өнер көрсету еді. Бірақ мен домбыра үйренуге өз күшіммен ғана үгіттеп жүрдім. Ал егер әлгі ансамбльге қабылданып, артымда мемлекет тұрғанда жағдай басқаша болар еді. Бірақ мен қарапайым азаматпын, ешқандай саяси күшім жоқ. Мені сол кезде ешкім қолдамады. Сөйтіп, ол ансамбльге кіре алмай қалдым. Орындалмай қалған бір арман, өкінішім – осы.
– Әлі де кеш емес қой...
– Бұдан кейін онда кіруді қаламаймын. 25-30 жаста кіргенімде ол ансамбль басқаша болатын еді. Ал қазір жасым 40-тан асқан соң мұның бәрі бекер деп ойлаймын. Қазір, шүкір, жағдайым жақсы. Оралдың қызымен шаңырақ көтеріп, бүгінде екеуміз қыз сүйіп отырмыз. Ыстанбұл мен Сакарьяда толастаған жұмыстарым бар. Жаңа сіздің жеке ансамбль туралы сұрағыңызға жауап берсем, осында «Шаңырақ» деген атпен ансамбль құрдым. Онда өнер көрсеткен бесеудің екеуі – түрік достарым, біреуі ұрмалы аспапта, екіншісі шаңқобызда ойнады. Қазақстаннан келген қазақ досым қылқобыз тартса, оның әйелі домбыра шертті. Мен де домбырамен сүйемелдеп отырдым. Осында бір-екі рет концерт қойдық. Бірақ ансамбль мүшелері нәпақа табу үшін басқа жұмыспен айналысып, бірге өнер көрсетуді доғардық. Енді қазір сол ансамбльдің жұмысын қайта жандандырмақпын. Алдағы уақытта «Шаңыраққа» қосу мақсатында Қазақстанда жетігенді жетік білетін студент қызды Сакарья университетіне әдейі түсірдім. Сондай-ақ сол ансамбльді толықтыра түсетін тағы бір домбырашы баланың сонда оқуға түсуіне себепкер болдым. Осылайша, 4-5 адамнан құралған ансамбльмен бірге Түркиядағы концерттер мен той-томалақтарда өнер көрсетіп, қазақтың ұлттық аспаптарын насихаттауды мақсат етіп отырмын. Сізге тағы бірдеңе айтуды ұмытып барамын. Түркияда көпшілікке тегін сабақ беретін өнер орталықтары бар. Онда бейнелеу өнері, ән мен күй, қолөнер секілді үйірмелерге баруға болады. Оған көбінесе әйелдер барады, себебі Түркияда әйелдер қауымы көбіне үй шаруашылығымен айналысатынын білетін боларсыз. Мен сол орталықтарға, өнер мектептеріне домбыра сабағын кіргізбекші болдым. Домбыраны үйретудің әдістемесін қазақша оқулықтардан түрікшеге аударып, кітап ретінде шығармақшы болдым. Екі жүз беттен құралған ол кітапты 2014 жылы жазып бітіріп, мемлекеттің назарына ұсындым. Арнайы комиссия мүшелерінен мүдірмей өтті. Бүгін бармыз, ертең жоқпыз. Ертең не болатынын кім біледі. Артымызда осындай дүние қалсын. Ақыры, ар жақтан келіп, зерттеп жатқан ешкім жоқ. Түріктердің домбыраны үйренуге деген қызығушылығы бар, кейбірі шамасы келгенше «өзінше» шертеді. Сол сәтті пайдаланып, білім жүйесіне енгізуді көздедім.
– Сол жылдары біз, журналистер «Түркия мектептерінде домбыра үйірмесі факультатив ретінде енгізілуі мүмкін» дегенді жарыса жазғанымыз есімде. Сонда сол бастаманы сіз көтерген екенсіз ғой.
– Иә, менмін. Бірақ қандай істі қолға алсаң да, алдымен төменнен бастайсың ғой. Бір-бірімен қабысып, шырмалып жатқан жүйелер. Бірақ жоғарыда айтып өткендей, мен ешқандай саяси партияның мүшесі емеспін. Саяси күшім жоқ. Сол кезде елшіміз Абзал ағай да қолдап, қажет құжаттарды сұраған еді. Бірақ бұл іске аспай қалды. Мықты бір саясаткер кіріскенде бүкіл Түркияда домбыра сабағы заңды түрде оқытылатын еді. Қазақстаннан музыкалық білімі бар маманды жұмысқа алар еді. Тіпті, Түркия қазақтарына да жұмыс табылар еді. Мен Жарлықты жазар кезде осының бәрін есепке алдым. Әттеген-ай, ойлағаным жүзеге аспай қалды. Комиссиядан өтіп тұрған жобаның әрмен қарай өмір сүруіне неге кедергі болғанын әлі күнге дейін түсінбеймін. Ол жоба әлі қолымда. Бұйырса, Түркиядағы Қазақстан елшілігі бұған құлақ түріп, орта жолда тұралап қалған ол жобаны соңына дейін жеткізсе екен деймін.
– Жиырма жыл бойы еткен ерен еңбегіңіздің еленбей келе жатқанына таңымыз бар.
– Соны айтыңызшы. Мен қазақ басшыларына осыған бола ренжідім. Қазір Түркияға барып «Седатты танисыз ба? Ол немен айналысады?»,– деп сұрасаңыз, екінің бірі ауызын толтырып айтып береді. Оған қоса, әлеуметтік желідегі парақшаларымда да тек домбыра шертуге үгіттейтін дүниелер жүктеймін. Абзал аға бірде Facebook-тегі парақшасына Түркияда кімнің домбырада шебер ойнайтынын білгісі келіп, ортаға сауал тастады. Сол кезде көзіме еріксізден жас келді. Ол сауалға жауап қатқан 2 500 қолданушының түгелі мені тегтеп, атымды жазып кеткен. Түркияны қоя беріңіз, Қазақстан мен Германиядағы қазақ өнерінің жанашырлары мен туралы пікір қалдырған. Мен олардың профилін ашып, зерттеп шықтым. Ешқайсысын танымаймын. Бірақ олар менің еңбегіммен таныс. Ал сол еңбекті қазақ басшыларының біреуі неге көрмейді деген сұрақ бар көкейімде. Қазақстан тәуелсіздігінің отыз жылдығына орай осындағы біраз адамға медаль табысталды. Қазақстан мен Түркия арасындағы сауданы дамытып жүрген кәсіпкерлерге дейін алды. Ал сол отыз жылдың жиырма жылында жасы жетпіске тақаған, әнші-композитор Бешір Ахмет Көсе ағамызбен бірге елшілік, консулдық ұйымдастырған іс-шаралардан қалмай, қазақ өнерінің шашбауын көтеріп жүрдік. Мейлі, кәсіпкерлерге бере берсін. Бірақ өнерде қазақтың ұлттық аспаптарын Түркияда дәріптеп жүрген екі-үш адамды сол медальға лайық көрмегені қызық болды. Егер арамызда осындай 50-100 адам болса, бермегеніне ренжімес те едік. Бірақ қайталап айтамын, біз мұнда нәбары екі-үшеуміз. Осында бәріне берді, еңбегі бар ма, жоқ па, түгелі алды. Бәлкім, қазақ болғаны үшін берген шығар. Мен басшы болсам, еңбегін ел білетін адамдарға ғана марапат берер едім. Мен атақ-даңққа, марапатқа қызықпаймын. Бірақ еңбегіміздің сіңгені рас қой. Сосын отыз жылдыққа арнайы жасалған медальдың орны да ерекше. Бірақ бұл менің Түркияда, тіпті одан тыс елдерде де домбыраны насихаттауды жалғастыруыма еш кедергі келтірмейді. Кеше бір кісі хабарласып, Швейцарияда өтетін іс-шараға келіп, домбыра шертіп беруімді өтінді. Бірақ виза мерзімінің аяқталуына байланысты онда бара алмауым мүмкін. Оның үстіне, дәл сол кезде Алматыда өтетін маңызды бір іс-шараға баруым қажет.
– Әңгімеңізге рахмет! Ісіңізге сәттілік! Ұлттық аспабымызды насихаттаудағы еңбегіңіз елене берсін!
– Сізге рахмет! TURKISTAN арқылы мен айтқан жобалар жандана түседі деп сенемін!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ