50418
Асухан НАЗЫМБЕКОВ: Жалақы төлемесе де, ерікті болудан бас тартпаймын
Асухан НАЗЫМБЕКОВ: Жалақы төлемесе де, ерікті болудан бас тартпаймын
– Атырау облысы бойынша Biz Birgemiz волонтерлер корпусында 25 адам жұмыс істейді. «AMANAT» партиясының жастар қанаты «Жастар Рухымен» бірлесіп, көптеген шаруа атқарылып жатыр. Жалпы, мен жастар қанатының қатарына 2016 жылы келіп қосылғанмын. Осы жылдар ішінде бұл кілең мықтының басы біріккен ұйым екеніне көзім жетті. Ұйым атауының «Жастар Рухы» болып өзгертілуі де құптарлық қадам. Бұрынғы атау да жаман емес, бірақ жаңашылдықтан қалыс қалмауға тиіспіз. Сосын аймақтардағы белсенді жастардың көбімен таныспыз, республикалық жиындарда жүздесіп, шүйіркелесіп қаламыз. Сол кезде расымен де ел ішінде рухты, «сен тұр, мен атайын» деген сайыпқыран жастардың өсіп келе жатқанын байқап, таң-тамаша болатын кездер болады. Жалпы, ұйым атауы өзгеруінің өзіндік бір мақсаты бар секілді. Атырау облысына іссапармен келген «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы алда өтетін съезде жастар қанатының атауы өзгеретіні, оған байланысты жаңа ұсыныстар келіп түсіп жатқанын айтқан еді. Сонда «Отанның жасы жоқ қой» дегеніне ойланып қалған едік. Дегенмен ұйымның атауы өзгергенімен, мақсаты мен мүддесі өзгере қойған жоқ. Жалпы, «Жастар рухы» – 16 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан, өзіндік тарихы бар ұйым. Бұл ұйымда расымен рухы биік, көш бастайтын жастар жиылғанын ел біледі. Жастар қанатынан шыққан мықтылар қазір мемлекеттік қызметте, түрлі ұйымдарда жетекшілік қызмет атқарып жүр. «Жастар Рухы» жастар қанаты Атырау облыстық филиалы төрағасы Абылай Құрметұлы жеті ауданда құрылған филиалдарда осындай озат жастардың басын біріктіруге күш салып жүр. Біз еріктілер корпусы былтыр атап өтілген «Волонтерлер жылы» ғана шуылдап қойғанымыз жоқ. Биылғы «Балалар жылында» да аз қамтылған, жағдайы төмен отбасыларға көмектесіп, қол ұшын создық. «Жастар Рухы» жастар қанатымен бірлесіп түрлі іс-шара өткізіп келеміз. Әр аптаның соңына қарай түрлі сала өкілдерімен семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылады. Өзін жақсы қырынан көрсеткен қатысушыларға сертификаттар табысталады. Сонымен қатар мектеп оқушыларының көңілін аулап, ашық аспан астында әуезді ән шашу да ұйымдастырып жүрміз. Бірінші маусым – Балаларды қорғау күніне орай партияның қолдауымен концерт ұйымдастырдық. Кеше Қостанайда болған табиғи өрт кезінде зардап шеккендерге біздің облыстан 30 мың тонна азық-түлік, киім-кешектер мен қажет заттар жіберілді. Мұның барлығын реттестіруге 100-ге жуық жас жиналды. Облысымызда Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті секілді екі іргелі оқу орны бар. Одан бөлек, 15 кәсіптік-техникалық білім беру орталықтары бар. Қазір жылдық жоспар бойынша аймақтардағы барлық оқу орнында филиалдар ашу жұмысы басталып кетті. Былтыр наурыз айында Атырау облысындағы білім ошақтарында ашылған болатын, бірақ оқу жылы аяқталуға тақаған соң ол жұмыс бәсеңсіп қалды. Енді қазір қайтадан жетекшілерін тағайындап, филиалдарды ресми түрде ашу жұмысымен айналысып жатырмыз. Біз «ерікті» деген сөзді «белсенді» дегенге ауыстырсақ қайтеді деген жеке ойым бар. Көпшілік еріктілерді тегін жұмыс істейтін, қарапайым адамдар ретінде қабылдайды. Тек оқушы я студент ғана емес, мұғалім, ішкі істер қызметкері, өрт сөндіруші де ерікті болуы мүмкін. Арыс, Мақтаарал оқиғасы, күні кеше болған Қостанайдағы өрт кезінде залал келтірілген отбасыларға көмек жинауда облысымызға еңбегі сіңген мұғалімдер, белгілі азаматтар, жеке кәсіпкерлер, 28-40 жас аралығындағы белсенділер бір кісідей жұмыла атсалысты. Біз тек мектеп пен колледжде оқитындардың көмегіне жүгінбейміз. «Сен еріктісің ғой» деп дүрсе қойып, ешкімді мәжбүрлей алмаймыз. Әркім өзінің жеке таным-түсінігіне, адами қасиетіне қарай қатарымызға қосылады. «Еріктілер жылында» бұл іспен айналысқан жандарға қаржылық қолдау көрсетілді. Сондай-ақ жалақы тағайындау туралы ұсыныстар мен пікірлер де айтылды. Бірақ ол мәселе сол кезде айтылғанмен, ары қарай өрби қойған жоқ. Дегенмен еріктілік ерлікпен тең екенін есте ұстаған жөн. Бізге жүктелген тапсырма әртүрлі. Біз концерттер мен жиналыстарға күштеп отырғызып қоймаймыз. Мемлекеттік қызметкерлер мен партия өкілдерінің күші жетпей жатқан кезде біз шақырыламыз. Таңғы сегізден кешкі онға дейін жүретін кезі көп болады. Ара-тұра мұндай көмек көрсетуге атсалысқысы келмейтіндер де табылады. Онысын түсінуге де болады. Үйіндегі ата-анасы да «Ақшасы төленбесе босқа неге барасың?» деп айтуы да мүмкін ғой. Бізде 150-200-ге жуық еріктілерді басы қосылған арнайы чат бар. Кейде облыстық консультанттар «Ертең бізде осындай іс-шара өтпек. Кім келе алады?» деп жазғанда оқып отырса да, ешкім жауап бермей қояды. Сол үшін еріктілердің қызығушылығын арттырып, ынталандыру үшін ресми түрде қаржы төлеуіміз керек шығар. Бұл – менің жеке ойым. Жалпы, мен мұны қоғамдық жұмыс ретінде қабылдаймын. Жалақы алмасам да, бұл қызметтен бас тартқым келмейді. Бірлігі жарасқан орта, көңілді, көш бастайтын жастар, пайдасы зор істер. Отбасымның мүшесіндей болып кеткен жандар. Мұның барлығы көңіліңді серпілтпей қоймайды. Ал кей азаматтар мұны бос жүріс деп қабылдайды. Кейде достарым жеке көлігімді пайдаланып, мұқтаж жандарға көмектесіп жатқанымды көріп «Саған ол үшін ақша төленбейді ғой. Дым пайдасы жоқ дүниеге бола неге сонша шапқылайсың?» дейді. Сосын мұның тіпті де бос жүріс емес екенін айтып, қоғамға тиер пайдасы, сауабы, қайтарымы бар екенін үнемі айтып жүремін. Қайтарым демекші, партия мен жастар қанаты еріктілерді марапатсыз қалдырып жатқан жоқ. Бүгінге дейін атқарған жұмысы үшін олар Мемлекет басшысы, партияның Атқарушы хатшысынан алғыс хаттар мен түрлі марапаттар алып жатыр. 2020 жылы пандемия кезінде тынбай жұмыс істеген еріктілер «Халық алғысы» медалімен наградталды. Сондықтан еріктілер назардан тыс қалып жатқан жоқ. Бірақ еріктілер марапат алу үшін жұмыс істемейтінін білесіз. Бәлкім, біз атқарып жатқан шаруаның кемшін тұстары да бар шығар, бірақ «көш жүре түзеледі» дегендей, қателігімізді келесі сын сағатта түзеуге тырысамыз.
Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ