51325
«Өмір ағашы»: елорданың маңызды нысанына айналады (ФОТО)
«Өмір ағашы»: елорданың маңызды нысанына айналады (ФОТО)
Концептуалды табиғи-рекреациялық аймақты құру әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне орайластырылып отыр, оның делегаттары болашақ саябақтың капсуласын салуға қатысады деп хабарлады turkystan.kz қала әкімінің баспасөзіне сілтеме жасап.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне дайындық аясында Қазақстандағы түрлі конфессиялар мен ұлттар арасындағы ынтымақтастықты, достық пен бірлікті бейнелейтін табиғи-рекреациялық саябақ тұжырымдамасы әзірленді.
Елорда әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылған «Бейбітшілік пен келісім саябағы» деп аталатын жоба Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл өзенінің бойында жүзеге асырылады.
Қала әкімдігінің Урбанистика орталығының айтуынша, жобаның негізгі идеясы - «Өмір ағашы» монументі. Бұл құрылыс күмбез түрінде жасалады, оның ортасына жапырақты ағаш – емен ағашын орналастыру жоспарлануда. Ағаш спиральмен және үйлесімді субұрқақпен - су бетімен қоршалады.
«Автор идеясына сәйкес, ғасырлар бойы тамыры тереңде жатқан су мен өмір ағашы жер бетіндегі тіршіліктің нақты бейнесін айшықтайды. Осылайша, инсталляция барлық конфессиялардың келісімге, бейбітшілік пен достыққа шақыруын білдіреді. Күмбез өз кезегінде бір аспан астындағы әлемді бейнелейді. Онда 4 негізгі нүктені – Оңтүстік, Солтүстік, Батыс, Шығысты білдіретін 4 кіру аймағы болады», - деп елорда әкімдігінің Урбанистика орталығында түсіндірді.Күмбез қабырғаларында дүниенің жаратылуын, Қазақстан тарихындағы оқиғаларды көрсететін бейнелер, сондай-ақ қазіргі заманға үндеу ретінде еліміздің аумағында табылған әйгілі ежелгі жартас суреттері – петроглифтер салынады. Ағаштың айналасындағы спираль аспанды (күмбезді) және жерді (су бетін) байланыстырады, осылайша әлемнің нәзіктігі туралы идеяны жеткізеді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі делегациялары басшыларының саны бойынша «Өмір ағашы» монументінің айналасына 50-ден астам жапырақты және қылқан жапырақты ағаштар отырғызылады. Шара делегаттары да тұтас концепция негізінде орталық ағаштарын отырғызуға қатысады. Ағаштардың жанына саябақ іргетасының қойылған күні жазылған ескерткіш тақталар орнатылады. Саябақтың құрылысын аяқтап, пайдалануға беру 2023 жылға жоспарланған.