2178
Бүгін «Алмас қылыш» көрерменге жол тартты
Бүгін «Алмас қылыш» көрерменге жол тартты
Бүгін Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы бойынша түсірілген «Қазақ елі» телехикаясының кононұсқасы – «Алмас қылыш» отандық кинопрокатқа шықты.
Екі жыл бойы түсірілген картина Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр. Кеше баспасөз мәслихатын өткізген шығармашылық топ атқарылған жұмысты қорытындылап, жобаның көрермен қауымның көңілінен шығатынына сенім білдірді.
Қазақ мемлекеттілігінің бастауы – Қазақ хандығының құрылуы туралы фильм түсіру идеясын әу баста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын. Режиссер Рүстем Әбдіраш ел тарихы алдындағы үлкен жауапкершілікті өз мойнына алып, әр саланың білікті мамандарымен бірге жобаға кірісіп кетті. Кинодастанды түсіруге 500-ге тарта адам, 100-ге жуық актер жұмылдырылды.
Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романын негізге туынды сценариінің авторлары – Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов пен Рүстем Әбдіраш. Қоюшы суретшілері – Өмірзақ Шманов, Сәбит Құрманбеков, Еділ Нүсіпов. Фильмнің басты рөлдерін Қайрат Кемалов, Еркебұлан Дайыров, Досхан Жолжақсынов, Иісбек Әбілжанов, Аян Өтепберген, Қарлығаш Мұхамеджанова, Мейірғат Амангелдин сынды актерлер ойнаған.
Кинодастан 15-ғасырдың орта тұсынан сыр шертеді. Әбілқайыр хандығынан бөлініп, Керей мен Жәнібектің жер жәннаты Жетісуда өз хандықтарын құрған сәтін суреттейді. Режиссер үміт пен күдік қатар билеген кезеңді көрерменге жеткізе білген. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «қазақ халқының ұлттық сана-сезімін көтеретін туынды» деп бағалаған жоба көрерменнің отаншылдық санасын оятып, рухын шыңдайтын кино екенін баса айтқанымыз жөн. Демек, шығармашылық топтың жылдар бойы төккен тері ақталды деген сөз! «Алмас қылыш» Тәуелсіздік жылдарында өмірге келген жас буынды патриоттық жолда тәрбиелеудің негізгі құралына айналады деп сенеміз.