Медиабулимия дерті: Әлеуметтік желі психикаға қалай әсер етеді?

Медиабулимия дерті: Әлеуметтік желі психикаға қалай әсер етеді?

Медиабулимия дерті: Әлеуметтік желі психикаға қалай әсер етеді?
ашық дереккөзі
2029

Кез келген ақпаратты талғамай қабылдап, сұрыптамай сіңіре берудің менталды денсаулыққа, психикаға кері әсері туралы ерте заманнан-ақ айтылған екен. Ал ақпарат ағыны бір сәтке толастамайтын қазіргі кезде қауіптің қаншалықты еселенгенін өзіңіз бағамдай беріңіз. Ол тіпті медиабулимия деп аталатын әлеуметтік дертке апарып соғуы ықтимал екені жиі айтылып жүр. Сол себепті цифрлық диета ұстануға дағдылану жан саулығын сақтаудың бір жолы ретінде үлкен маңызға ие болып отыр.

Әлеуметтік желі мен басқа да ақпарат көздерінен толассыз келіп жатқан мәліметтерді қабылдай берудің қаупі қандай? Цифрлық диета деген не? Смартфонға тәуелділіктен қалай арылуға болады? Мақалада осы мәселелерге жауап іздеп көрмекпіз.

 Әдет емес, дерт

 Қарыштап дамыған жаңа технологиялардың ықпалынан өмір сүру салтымыз біршама өзгерді.  Вир­туалды әлем­нің шынайы өмірмен біте қайнасып кеткені сонша – смартфонсыз немесе интернетсіз қалған сәл ғана уақыт жаңалықтан құр қалып, өркениеттен алыстап қалғандай күй кештіретін болды. Ақпарат көшкіні бізді қоршап қана қоймайды, сонымен қатар кері байланысты талап етеді. Сәт сайын жалтақтататын хабарламалар ағыны, жаңалықтар, спамдар, суреттер, бейнежазбалар қалыпты жағдайға айналған.

Артық ақпараттың зияны туралы пайымдарды III ғасырға жататын ежелгі философиялық «Экклесиаст» трактатынан да кездестіруге болады. 1440 жылы Еуропада бірінші рет баспахана ашылған шақта да кітапты жүйелемей шамадан тыс оқу ойды шашыраңқы ететіні туралы айтыла бастаған екен. Алайда бұл мәселені алғаш рет 1964 жылы саясаттанушы Бертрам Гросс ғылыми айналымға енгізген. Кейінірек американдық философ Элвин Тоффлер терминді кеңінен таратады, ал ХХІ ғасырдың бірінші ширегінде ғалымдар толассыз ақпарат ағынының салдары, медиабулимия дерті туралы айта бастады.

Ақпаратты талғамай, шамадан тыс қабылдай беретін адам алған білімді қабылдау, есте сақтау, жүйелеу және қолдану мәселелеріне келгенде қиындықтарға тап болады. Яғни ой шашыраңқы болады, бір нәрсеге назар салып, бастаған ісін аяғына дейін жеткізе алмайтындай дәрежеге жетеді. Миға шамадан тыс жүк артылғандықтан, бас ауырады. Орталық жүйке жүйесінің дамылсыз жұмыс істеуінен ұйқы нашарлайды. Әртүрлі психикалық аурулар өршиді, депрессия мен психосоматикалық проблемалар пайда болады. Медиабулимияның бұл тізіп өткен белгілерінің барлығы бір уақытта байқалмайды, бірақ біріне бірі ұласады. Сонымен қатар, ғалымдардың зерттеуінше бұл дертке балалар мен жасөспірімдердің төтеп беруге қауқары аз болады.

Бір қызығы, адам ақпаратты толассыз тұтыну абсурд екенін түсініп, уақытты текке өткізіп жатқаны үшін кінәлі сезінсе де өз-өзін тыя алмауы мүмкін. Тіпті белгілі бір уақытқа өзін виртуалды әлемнен шектесе де, бәрібір түбінде «онлайн» режимге оралып отырады. Бұл дертті мамандар шектен тыс қомағайлықпен салыстыруға болатынын айтады. «Цифрлық диета» ұғымының пайда болуын да осы нәрсемен байланыстыруға болады.

Көп ақпарат алған сайын дами түсесің – жалған тұжырым

Қазіргі кезде ақпараттың қол жетімділігі мен көптігі қоғамды дамытып жатыр деген тұжырымды жиі кезіктіреміз. Бірақ бұл пікірді біржақты дұрыс деп есептеуге болмайды. Дереккөздің көптігі мәліметтердің сенімділігіне, дұрыстығына кепілдік бермейді. Яғни бізді қоршаған, біз тұтынатын ақпараттың көпшілігі бұлыңғыр.

Одан бөлек уақыттың тығыздығы мен ақпараттың көптігі мәліметті мейілінше қысқаша ұсынуға мәжбүрледі. Бұл уақыт үнемдеуге келгенде пайдалы болғанымен, біз ұзақ мәтіндерден бас тартар болсақ, оқыған дүниені түсіну терең түсіну, оған қуану мүмкіндігінен, кейінірек терең талдау қабілетінен айырыламыз. Сонымен қатар трендке айналған тез оқу техникалары оқу мәдениетінен алшақтатады, бұл бізді конформды, тез басқарылатын етеді. Өйткені біздің миымыз қарапайым және бізге белгілі қысқа сигналдарға ғана жауап беруге дағдыланып алады.

Сөйтіп, алған ақпараттың сапасы емес, саны алға шығады. Ертең не нәрсе «трендте», не нәрсе «хайп» тақырып болатынын болжау мүмкін емес, оған қоса әртүрлі мазмұндағы ақпараттар қатар сіңіріліп, хаос тудырады, тіпті солардың бірі де есте сақталмауы мүмкін. Instagram, Tik-Tok сияқты әлеуметтік желілер мәселені тіпті ушықтырады: досының кешкі асқа салат алғысы келетіні туралы посты, жұлдыздардың шетелде демалғаны сияқты пайдасыз ақпараттарды еріксіз және ерікті түрде қабылдай бересің, қабылдай бересің.

АҚШ-тың Domo компаниясы жыл сайын Data Never Sleeps ин­фог­ра­фи­касын жариялап отырады. Онда әлем хал­қы бір минут ішінде интернетте қан­ша ақпарат алмасатыны туралы де­рек келтірілген. Биыл дерек әлі жаңара қоймаған екен, дегенмен 2020 жылы орташа есеппен ал­ғанда, әр минут сайын WhatsApp мес­сенджерінде 41 миллион 666 мың 667 хат жіберілген. Ал Facebook-ті қолданушылар 147 мың сурет жүк­теп, 150 000 хат жіберген. Ал ZOOM 208 мың 333 кездесуге қа­тысу­­­­шыны қабылдаған. Microsoft teams-ке 52 мың 83 қолданушы қо­сыл­ған. 404 444 адам Netflix-тегі муль­­­тимедиалық контентті көруге кір­ген. Instagram-ға 347 222 «сториз» жүк­телген. Ал осы 1 минут ішінде YouТube-қа салынған барлық бейне­жаз­баның ұзақтығы 500 сағат болса, Twitter-ге 319 адам тіркелген. Тұ­тыну­­шылар онлайн саудаға 1 мил­лион доллар ақша жұмсаған. Ал Tik­Tok 2 704 рет жүктелген. 1 мил­лион 388 мың 889 адам аудио немесе бей­не қоңырау шалған.

Психолог маман Ержан Мырзабай да толассыз ақпараттың зияны көп екенін нақтылап, цифрлық диета ұстанудың маңызы мен жолдары туралы айтып берді.

Ержан МЫРЗАБАЙ, психолог:

Менталды денсаулық – өте шектеулі ресурс

– Талғамай жеген тағам адамның физикалық күйіне, денсаулығына қалай әсер етсе, ақпаратты талғамай қабылдау адамның менталды денсаулығына тура солай әсер етеді. Сіз алдыңызға келген кез келген әр нәрсені опырып жей берер болсаңыз, салдары артық салмақ, қан қысымы сияқты түрлі проблемаларға әкеліп соғатыны сияқты ақпаратты да талғамай, керек-керексізін аңдамай, сүзгіден өткізбей қабылдай берсеңіз, психикаңызға кері әсерін тигізеді. Соның әсерінен адам ашуланғыш, ренжігіш, уайымшыл, алаңдағыш, күйгелек болып кетуі мүмкін.

Келген әрбір хабарлама триггер ретінде қабылданып, «кім жазды екен?», «не жазды екен?», «не болып жатыр екен?» деген сұрақтар мазалайды, бір нәрседен қалып қоюдан қорқу, қызықтан құр қаламын деп ойлау сияқты қате түсініктер қалыптасады.

Адам өзі қабылдап жатқан ақпаратты реттей білуі керек, сіз әлеуметтік желілерде қандай парақшаларға жазылып жатырсыз, неге тіркеліп жатырсыз, сізге шын мәнінде ол адамның өмірі, жазған дүниелері қажет пе, пайдасы бар ма, соны ажырата білу керек. Сол кезде ғана сіз өзіңізді рухани тұрғыдан, интеллектуалдық тұрғыдан байытатын ақпаратты ғана аласыз, бос нәрсеге өзіңізді алаңдатпайсыз.

Сонымен қатар мына нәрсені ұмытпауымыз керек: менталды денсаулық – өте шектеулі ресурс. Керек емес, өзіңіз тікелей әсер ете алмайтын, өзгерте алмайтын нәрселермен жүйкеңізді құрта беретін болсаңыз, шын мәнінде өзіңіз үшін керек, өзіңіз үшін маңызды дүниелерге күшіңіз, ресурсыңыз жетпей қалады. Мәселен, отбасы, бала-шағаға көңіл бөлудің орнына телефондағы нәрселерге қызығасыз, сондағы жаңалықтарға алаңдайсыз.

Біздің қоғамда әлі де цифрлық диета деген ұғым өте сирек айтылады. Ол туралы мейілінше жиі-жиі айту керек. Бұл – бір.

Цифрлық диета гаджеттерден, ұялы телефоннан мүлдем бас тарту емес, ақпаратты саралау. Мәселен мен кей адамдардың инстаграмда екі мың адамға жазылып алатынын байқаймын. Екі мың парақшаға тіркелген. Осы екі мың парақшаның барлығын оқи ма деп таң қаламын. Сондықтан, әлеуметтік желі арқылы кімге тіркелгенбіз, не үшін тіркелгенбіз, ол бізге керек пе, одан тарайтын ақпараттың пайдасы бар ма соны анықтау керек. Сосын 3 айда бір рет, 6 айда бір рет тазару жаттығуларын жасап отырған жөн. Мысалы бір парақшаға тіркелдіңіз делік, ол сізге белгілі бір уақыт аралығында пайдалы болды да, кейін актуал болмай қалды, мұндай кезде ол парақшаны оқудан бас тартқан абзал. Керек емес ақпарат лентаңызға шықпау керек.

Екіншіден, күнделікті өмірде, бетпе-бет сөйлескен кезде телефонға тек маңызды хабарлар мен қоңыраулар ғана түсетіндей режимге қоюды дағдыға айналдырған жөн. Қазір бүкіл телефонда сондай баптаулар бар. Қалған қоңырауларға кейін де жауап беруге болады. Бүгін, қазір, осы жерде айналамыздағы адамдармен сапалы қарым-қатынас құру, цифрлық диетаның ең маңызды қағидасы. Соңғы нәрсе цифрлық диетаға өзімізді мәжбүрлі түрде кіргізудің жолы – көкке шығу. Әсіресе қаланың сыртына, байланыс жоқ жерлерге шығып тұрған дұрыс, сол кезде миыңыз да тынығады.

Яғни әлеуметтік желі мен интернеттен толық бас тарту керек деуден аулақпыз. Бұл тіпті ақылға қонымсыз деуге болады. Адам қашан да ақпаратқа тәуелді. Тек психикалық иммунитетті дамытып, цифрлық диета ұстанып, қажет ақпаратты сұрыптай білуге дағдылану арқылы көп мәселенің алдын алуға болатынын қаперде ұстау керек.

Серіктес жаңалықтары