50535
Бокстан Марокконың ұлттық құрамасын жаттықтыратын қазақ
Бокстан Марокконың ұлттық құрамасын жаттықтыратын қазақ
Ерік Алғабек бір апта бұрын бокстан Марокко командасының бас бапкері болып тағайындалды. Оған дейін әйелдер боксынан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін атқарған маман екі жылдан соң Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына марокколықтарды баптап апармақ. Онда ерлермен қатар, әйелдер командасын қатар басқаратын ол Парижде Марокко тарихында қоржынға түспеген алтын медаль әперу міндеті тұрғанын айтады. Құрамадан қол үзсе де, бапкерлік әлеуетін көрсету үшін Африка асып, бүгінде қызу жұмысқа кірісіп кеткен бапкерге хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Қазақстан әйелдер құрамасын жаттықтырудан бөлек, кәсіби бокста чемпион атағын алған тұңғыш қазақстандық боксшы қыз Фируза Шарипованы баптап өсірген сізді баперлік кәсіпте бағы жанған маман деп айтсақ қателеспеспіз.
– Негізі, бастапқыда мен бапкер болуды көздеген жоқпын. Бапкерлікке келуіме Болат Жұмаділов, Бақтияр Төлегенов секілді мықтылардың жеке бапкері болған ағайым Феликс Цой септігін тигізді. Ол «Сенен жақсы бапкер шығады. Сезіп тұрмын. Кел де жаттықтыр» деп мені талай рет шақырды. Өзі Таразда бокс мектебін ашып, сол жерде директор қызметін атқаратын-ды. Ағай шақырып болмаған соң 3-4 ай жұмыс істеп көрейін, ары қарай не боларын сосын көре жатармын деген оймен бапкер болуға келістім. Ал ары қарай бұл жұмыс маған ұнағаны соншалық, мұнымен шындап айналысып, көп шәкірт тәрбиелеуді мақсат еттім. Сөйтіп жүргенде биыл бапкерлікпен айналысып жүргеніме 18 жыл болыпты.
– Әу бастан қыздарды жаттықтырғаныңызды білеміз. Әйелдер боксы 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының бағдарламасына тұңғыш рет енгізілетін болған соң бұл іске шындап кірістіңіз бе?
– Иә. Әдепкіде балалармен жұмыс істедім. Сосын залға 1-2 қыз келді. Ағайым «Қара да тұр. Әйелдер боксының Олимпиаданың бағдарламасына кіретін уақыты келеді. Қыздарды жаттықтыра бер» деді. Кейін қарасам, залға бокс үйренуге келетін қыздардың саны күннен-күнге артып келеді. Сосын өзім баптаған ер балаларды ағайымның жетекшілігіне беріп, тек қыздармен жұмыс істей бастадым. Бірақ балалармен де жемісті жұмыс істедім. Оларды Қазақстан жасөспірімдер чемпионаты, сондай-ақ Ереванда өткен әлем чемпионатына апардым. Сосын 2009 жылы әйелдер боксынан облыс бойынша аға жаттықтырушы қызметіне тағайындалдым. 2011 жылы Анталияда бірінші рет жасөспірім қыздар арасында әлем чемпионаты болды. Сол кезде бізде жасөспірім қыздар құрамасы жасақталды. Мен сонда аға жаттықтырушы болдым, кейін сол құраманың бас бапкері қызметін атқардым. 2016-2019 жылдары Жамбыл облысының құрамасында бапкер болып жұмыс істедім. Одан бөлек, 2016 жылы Фирузаны кәсіби боксқа шығару үшін қолымнан келгеннің бәрін істедім. Біз негізі Олимпиадаға қатысуға үміткер едік, бірақ жолдама ала алмай қалдық. Сосын кәсіби бокста Фирузаның әлеуетін қалай көрсетсем болады деп лайық қарсылас қарастырып жүрген едім. Сосын Мәскеудегілермен сөйлесіп, ресейлік София Очигаваның командасымен ақылдасып, кездесу өткізу туралы шешім шығардық. Оның үстіне, мен баптаған қыздардың көбі 2016 жылы әйелдер құрамасына өтті. Сосын мен де жастардан ересектер командасына ауысуды көздедім. Бірақ оның алдында бокс федерациясының басшылары әйелдер құрамасына бас бапкер іздеп жүрген еді. Бірақ лайық кандидат таппаса керек. Сосын жасөспірімдер командасында бас бапкер болғанымда әлем чемпионаттарынан бірнеше алтын жүлде алуға әкелгенімді ескеріп, мені сұхбаттасуға шақырды. Нәтижесінде, 2019 жылы мені әйелдер құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындады.
[caption id="attachment_196557" align="alignnone" width="1748"] Азия чемпионатынан соң[/caption]
– Сол кезде сізге Токиода өтетін төрт құрлықтың басты додасына неғұрлым көп жолдама алу тапсырмасы міндеттелгені белгілі. Бірақ Олимпиада алдында Дубайда өткен әйелдер арасындағы Азия чемпионатында 8 алтын, 1 күміс, 1 қола иеленіп, рекорд жаңартсаңыздар да, Токиоға тек Надежда Рябец аттанды, оның өзінде ол бірінші айналымнан ары аса алмады...
– Шынын айтқанда, бізді құрама командаға бапкерлікке кеш тағайындады. Мені тағайындағаннан кейін жарты жылдан соң Олимпиадаға жолдама беретін турнир өткізілді. Онда бір ғана жолдама алдық. Сосын құраманың осал тұсын тап басып, жақсы дайындықпен екінші іріктеу турниріне барамыз деп жүргенде оны Халықаралық Олимпиада комитеті өткізбей қойды. Негізі, мен осы турнирге көп үміт артқан едім, Назым Қызайбай, Айжан Қожабекова секілді боксшылар сол турнирде жолдама алатын еді. Бірақ біз сол кезде сіз айтып отырған Азия чемпионатына барып, сегіз бірдей алтын жүлдені иелендік. Ерлер боксында азуын айға білеген Куба құрамасы қандай мықты болса, әйелдер боксында Үндістан командасы сондай адуынды. Біз сол Азия біріншілігінде жеті үнді боксшысын ұттық. Бізде бұрын-соңды ондай нәтиже болмаған. Назым сол кезде алты дүркін әлем чемпионы Мэри Комнан айласын асыра білді. Азия чемпионатына осындай дайындықпен барған біз әлгі іріктеу турнирі өткізілгенде Олимпиадада атой салар едік.
– Бокстан Қазақстанның бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов Қазақстан барлық боксшының жарыстан жарыс, жаттығу жиынынан келесі жиынға көп барғанына бапкерлерді кінәлап, «Барлығы Токио Олимпиадасына шаршап келген» деген еді.
– Бізде бас бапкер жалғыз өзі ештеңе шешпейді. Ғалым Кенжебаевтың қасында Мырзағали Айтжанов, Нұрлан Ақүрпеков, Марат Жақиев секілді тәжірибелі көмекшілері болды. Бас бапкер «Мен осылай айттым болды, бітті, осылай болады» деп айта алмайды. Егер мен айтып өткен бапкерлер құрамы бір ауыздан қолдамаса бас бапкер өздігінен шешім шығара алмайды. Ерлер құрамасына келсек, менің ойымша, Азия чемпионатына оларды емес, екінші құрамда апару керек еді. Сол кезде бірінші нөмірлі боксшылардың түгелінің қалтасында Олимпиада жолдамасы болды. Азия чемпионатына қатыспаса да болар еді. Ал бізде жолдама болған жоқ, сондықтан бізге бірнеше турнирге қатысу қажет болды.
– «Бізді кеш тағайындады» дегеніңізге қарағанда қызмет мерзіміңіздің толық олимпиадалық циклге тап келмегеніне өкінетін секілдісіз.
– Көбіне бас бапкер толық бір циклға қойылады. Олимпиада біткен соң екінші Олимпиадаға төрт жыл бойы «жетектеп» әкелетін жаңа бапкер тағайындалады. Сол секілді ерлер командасының бапкері Ғалым Кенжебаев екеуіміз Токиодан соң бас бапкерлік қызметпен қош айтыстық. Бірақ мен төрт жыл емес, екі-ақ жыл жұмыс істедім. Жоғарыда айтқанымдай, жарты жылдан соң іріктеу турниріне қыздарды апару қажет болды. Сондықтан әрине, аз уақыт ішінде бәріне бірдей үлгере алмайсың. Содан соң қыздарды көп жарысқа апарып, бабын тексермесең тағы болмайды. Олардың дайындығын бағамдап, Олимпиадаға іріктеу турниріне баруға лайық құрамаға кіріктіресің.
– Бір апта бұрын Марокко құрамасының бас бапкері болып тағайындалғаныңызды жария қылдыңыз. Сізге көп елден ұсыныс келіп түскенін естідік, таңдауыңыз неліктен дәл Марокко командасына түсті? Сізді олар несімен қызықтырды?
– Иә, 3-4 елден ұсыныс келіп түсті. Бірақ мен марокколық боксшыларға бұрыннан қызығып жүретінмін. 2011 жылы астанада әйелдер арасында өткен халықаралық турнирге Марокко құрамасы да қатысты. Сол кезде олардың физикалық қалыбы, атлетикалық бітімі, рингтегі қимылдау жылдамдығы жақсы екенін байқап, «Мына командаға жақсы техника қойып беретін біреу болса, араларынан небір мықтылар шығады екен ғой» деп ойлағанмын. Өткенде олардағы боксқа жауапты тұлғалардан ұсыныс келіп түскенде «Кезінде өзім осылай айтып едім ғой» деп оларға таңданғаным есіме түсіп, бірден сол елдің ересек боксшыларын жаттықтыруға келістім. Сосын өзім бұрыннан кәсіби бокста бір емес, бірнеше боксшы баптап шығаруды көздеп жүрмін. Ал ол үшін ересектермен жұмыс істеудің пайдасы зор. Бір шетінен, бұл жұмысты істеуге осы үшін де келісім бердім.
– Бір қызығы, ерлер мен әйелдер командасын бірге жаттықтырады екенсіз. Екеуі екі бөлек жаттығу тәсілін қажет ететінін ескерсек, бір уақытта бәріне бірдей көңіл бөлу сізге қиынға соқпай ма?
– Иә, екі құраманы бірдей жаттықтырамын. Қасымда көмекшілерім бар. Құрамалармен жұмыс істеп жатқаныма бір ай уақыт болды. Оның алдында олар жоспарланып қойған жаттығу жиындарына барды, сосын Жерорта теңіз ойындарына қатысты. Мен ол уақытта жастар командасына қарайлап, спаррингтер ұйымдастырдым. Қазір көбіне әйелдер құрамасының бапкеріне көмектесіп, арнайы бағдарлама әзірлеп беріп жүрмін. Ерлер командасына да ақыл-кеңес беремін. Африкалық боксшыларды байқап қарасаңыз, барлық акцент физикаға қойылатынын, ал техника жағы ақсап жататынын байқауға болады. Қазіргі менің басты мақсатым – бапкерлер мен спортшыларға техника қоюды үйрету. Қай спортшыны қандай техникаға үйреткен дұрыс, кімге төбелесуді үйрену керек, ал кімге керісінше, рингте кімге артқа қарай қимылдаудың айласын білген жөн, соның барлығын тізіп беріп, тактика мен техниканы таңдап берудемін. Марокколықтар көбіне бірден төбелесе кетеді, бірінші болып шабуылдау, сосын қарсы шабуылдау жағы қиын болып тұр. Қарсыласын ұрады да, орнында тұрып қалады. Соққыдан қашу жағы да ойластырылмаған. Мұны да үйретіп жатырмын. Сосын африкалық спортшылардың дене тұрқы жаратылысынан басқа екенін білесіз. Әрі олар жылдам. Бапкерлердің сөзімен айтсақ, «материал» жақсы, тек оларды дұрыс бағытқа сілтейтін маман қажет. Әйелдер құрамасында қарсыласынан айласын асыра алатын қыздар бар екен. Ал ерлер командасымен көп жұмыс істеу керек. Мұнда жеңіл атлетика мен футболға көп көңіл бөлінетіндіктен, бокстың тысқары қалып қоятыны түсінікті жайт. Сол себептен де боксқа қызығатын жастары аз. Сол жастарды көбейтуді көздеп жүрмін. Бірте-бірте оқу-жаттығу жиындарына жастарды көптеп шақырмақ ойым бар. Бізде оқу-жаттығу жиын жуырда бітеді, сосын бірінші қазанда тағы жиналамыз, сол кезде бапкерлермен ақылдаса отырып, нақты жоспар құрамыз. Қазір бастысы – техниканы жетілдіріп алсақ болғаны. Сосын Түркия, Қазақстан, Өзбекстан елдеріне барып, жаттығу жиынын өткіземіз.
– Бапкер-боксшылармен түсінісу араб тілін үйренуді бастап кеткен боларсыз?
– Иә, араб тілін үйреніп жүрмін. Оларға ағылшынша сөйлеймін. Дегенмен мұнда басқару ісі француз тілінде жүргізілетіндіктен, көбі французша сөйлейді екен. Бірақ сонда да араб тілінен сабақ алып жүрмін. Бапкерлікпен айналысқалы бері көп жарысқа бардық, көп елді көрдік. Марокко халқы біз секілді қарапайым әрі кішіпейіл. Ел астанасы – Рабат таза әрі әдемі.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңызда екі жыл мерзімге тағайындалғаныңызды жаздыңыз. Сонда 2024 жылы Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына боксшыларды баптап апару міндеті тұр ма алдыңызда?
– Иә. Марокко боксының тарихында ешбір боксшы Олимпиада ойындарының финалына шықпаған екен. Олимпиаданың төрт қола жүлдегері бар, бірақ қоржындарында алтын мен күміс жүлделері жоқ. Сосын әлем чемпионы атанған бір чемпион бар. Ол – 2015 жылы Дохада өткен әлем чемпионатының финалында біздің Данияр Елеусіновті жеңген Мохаммед Рабии. Одан басқа әлем чемпионы жоқ. Сондықтан бар мақсатым – мықты техника «қойып», жақсы команда жасақтау арқылы Марокко құрама командасына Олимпиаданың алтын жүлдесін әперу. Қазір тек сол оймен жүрмін. Екі жыл уақытым бар.
– Өзіңіз ұлттық құраманың басы-қасында жүрген мамансыз. Ондағы ішкі ахуалды бізден жақсы білесіз. Бізге де екі жыл ішінде Париж Олимпиадасына тас-түйін дайындықпен барып, айтулы додада айды аспанға шығару үшін не істемек керек?
– Менің ойымша, облыстық спорт комитеттерін Мәдениет және спорт министрлігіне беру керек. Өйткені оларды ешкім бақыламайды. Облыстарда не істелініп жатыр, резерв бар ма, жоқ па, спорттың қай түріне көңіл бөлінбейді, осыны тексеріп жатқан біреу бар ма? Футболдан жыл сайын ұтыламыз, бірақ жауапты тұлғалар түк болмағандай отыра береді. Егемен ел атанғанымызға отыз жыл болды, ал бізде бокстан басқа спортта резерв жоқ. Сондықтан сол жүйені өзгерту керек. Мәселенің түп-тамырына үңілу қажет. Неге министрлік деймін, себебі маған Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен федерацияның жұмыс істеу тәсілі қатты ұнады. Жылдам шешім қабылдайды, құжаттарды тез реттейді, мәселені дереу шешіп береді. Жұмыстарына асқан жауапкершілікпен қарайды. Осындай керемет жүйе нәтижесінде құрама командадағы бапкерлік жұмысымды рахаттана істедім. Енді дәл сол жүйе облыстағы комитеттерге де кіріктірілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
– Басқа алып-қосарыңыз бар ма?
– Қазір тәжірибелі бапкерлердің көбі жалақысының аздығынан басқа жұмысқа ауысуға мәжбүр. Мысалы, мен Жамбыл бокс клубында істегенде 46 мың теңге жалақы алдым. Мұндай сомаға қазіргідей заманда отбасыны асырау мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті. Бапкерлерді ынталандыру үшін жалақы сомасын мұғалімдермен тең етіп көтеріп берсе дейсің. Сосын бізде құрама қатарына қабылдандың ба, болды, отбасыңды айлар бойы көрмейсің ғой. Жарыстан жарыс, жиыннан жиынға барып, боксшыларды бәрінен биік қоясың. Ал отбасың өзімен өзі «өсіп» жатады. Сондықтан отбасыңның қасыңда күнде болмасаң да, ең құрығанда қалағанын әперетіндей жағдайың болса игі. Үйде ауа райы жайлы болса, сыртта өзің де алаңсыз жүре бересің ғой. Бізде бас бапкердің айлығы жақсы, ал қалғанына аз сома төленеді. Боксшыларда да солай, бірінші нөмірлі спортшы 100 мың теңге, ал екінші нөмірлі боксшы 50 мың теңге алады. Қосымша федерациядан, тағы басқа мекемелерден қаржы алады, бірақ футбол мен хоккей спортындағы легионерлер секілді қомақты айлық алмайды. Волейболшылардың өзі бізден көп алады. Бізде спортқа қаржы бөлінетінін жыл сайын айтамыз. Бірақ бәрі кадрға байланысты екенін айта кеткен жөн. Бізде спортшы бір жарыста бірінші орын алса, барлығы тек спортшыны ұлықтап, ал оны баптап шығарған бапкерді ешкім елемейді. Ешкім бапкерді есіне де алмайды, ол туралы сөз қозғамайды. Ал сол спортшыны көптің арасынан кім таңдап алды екен? Оның чемпион болуға әлеуеті бар екенін кім сезді? Осыны ешкім ескермейді. Мысалы, бізде Таразда жаттығу жиынында бес жүзден астам бала келеді. Сол бес жүздің арасынан бірнешеуін іріктеп алып, көзінде ұшқын, бойында жігер мен намыстың оты алаулап тұрғанын таңдап алып, кішкентай кезінен жасөспірім, сосын ересектерге дейін көзіміздің ағы мен қарасындай қарап, өсіреміз. Ал бірақ олар жеңімпаз атанып, жеңіс тұғырына көтерілген соң, аспаннан дайын чемпион болып түсе салғандай, жаһанды жалпағынан басып жүреді. Оған пәтер де, көлік те сыйға беріледі. Ал бапкерлер тасада қалып қояды. Сондықтан мемлекет алдымен бапкерлердің жағдайын жасауға тиіс. Ертең боксшы ұтса ол жеке өзі ұтқандай болады, ал ол ұтылса, бапкерді кінәлап шығады. Мұны болдырмас үшін бапкердің ерен еңбегін бағалап, қолайлы жағдай жасап беру қажет. Ал бапкер чемпион болатын баланы өзі-ақ табады, бір көргенде-ақ өзі сезеді. Біздің ел – талантқа толы ел. Сондықтан бапкерге лайық құрмет көрсетілсе дейсің.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ