Еркебұлан ТҰРСЫН: «Жастар рухы» – еліміздегі ең ірі жастар ұйымы

Еркебұлан ТҰРСЫН: «Жастар рухы» – еліміздегі ең ірі жастар ұйымы

Еркебұлан ТҰРСЫН: «Жастар рухы» – еліміздегі ең ірі жастар ұйымы
ашық дереккөзі
50813
Жастар ісі кімді болса да тол­­ғандыратыны анық. Сол секілді мен де 2009 жы­лы М.Әуезов атындағы Семей пе­дагогикалық колледжіне түс­кеннен бастап жастар сая­са­ты­мен белсенді түрде айналысуды қолға алдым. Бүгінде Семей қалалық мәслихатының депутаты болып сайланғаныма 4-5 айдың көлемі болды. Мұнда мен тек жастар мәселесін емес, сонымен қатар ел ішінде көп жүрген соң, көпшілікті алаңдатқан мәселелердің шешімін табуға көмектесемін. Соның ішінде өндірістік-коммуналдық мәселелер, атап айтқанда қала көшелерінің тазалығы, айналаны абаттандыру жұмыстары, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жылу, сумен жабдықтау бойынша кезек күттірмейтін мәселелерді реттеуге жауаптымын. Десе де жастар мәселесі назардан тыс қалған емес. Бүгінде мен «Қазақстан жастарын қолдау» Абай облыстық жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып қызмет етемін. Онда Шығыс Қазақстан облысының аумағында мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша түрлі жоба, атап айтқанда ауыл жастары, дебат қозғалысы, терроризмнің алдын алу секілді маңызды мәселелерге арналған жобаларды әзірлейміз. «AMANAT» партиясының мүшесі ретінде партиялық жобаларға қолдау көрсетеміз. Сонымен қатар «Жастар Рухы» жастар қанаты бастап беретін түрлі іс-шараға қатысуға тырысамын. Негізі, Семей облыс орталығы болып бекітілгелі бері мемлекеттік қызметкерлердің легі осында енді-енді ауысып келіп, жұмыстың бағытын нақтылап, жұмыла кірісіп жатыр. «Жастар Рухы» жастар қанатының Абай облыстық филиалы да жаңадан жасақталуда. Алдағы уақытта жаңа орталыққа белін буып бекініп келген жастар облыстың әлеуетін арттыра түседі деп бек сенемін. Осы ретте ел жастарының еңсесін тіктеп, туын берік ететін «Жастар Рухы» жастар қанатының рөлі ерекше екенін атап өткен жөн. Біз оны еліміздегі ең ірі жастар ұйымы ретінде білеміз. Бүгінде трансформация процесінен өтіп жатқан ол ұйымның Зерендіде өткен кезектен тыс VI съезінде Абай облысынан барған делегациямен бірге қатысып, қандай бағдарға бет алғанын өз көзімізбен көріп, біліп қайттық. Аймақтардан келген жастармен пікір алмасып, түрлі мәселені талқыладық. Одан бөлек, биыл сәуір айының соңында бас қалада өткен «AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХІІI съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында Абай жастарының атынан баяндама жасадым. Сол кезде біз, Семей жастары қаламыздың имиджімен әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін бар күш-жігерімізді салатынымызды айта келе, облыс жастарын толғандырған екі мәселенің шешімін ұсынған болатынмын. Біздің аймақта отбасы институты нығайып келеді. Жастардың шаңырақ құру көрсеткіші 10 пайызға артып, ал ажырасу ісі 5 пайызға азайды. Бірақ жаңа шаңырақ көтерген ол отбасыларда баспана мәселесі түйткіл болып тұр. Осы орайда, жастарға жеңіл несие арқылы үй алуға бағытталған «Абай жастары» аймақтық бағдарламасын іске асыруды ұсындық. Бүгінде ол концепция қабылданып, облыс әкімі мен облыстық мәслихат назарына ұсынылып отыр. Бұл бағдарламаны барынша іске қосу үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Сосын облыс жастарына арналған барлық қолдау түрлерін бір орталықта жүйелендіріп, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыратын қалалық Жастар үйін ашуды ұсындық. Байқап қарасам, өзге аймақтарда жастар жиналатын орталықтар жетерлік. Ал біздің облыстың жастары шама-шарқы жеткенше бір қолайлы жерді тауып алып я болмаса бір ғимаратты жалға алып, бас қосып жүреді. Сондықтан олар жастарға бағытталған, мемлекеттік маңызы бар мәселелерді қайда талқылауға бас қатырмаса екен дейсің. Ал Жастар үйінде коворкинг орталық, ІТ орталық және конференц зал ашып, әркімнің қызыққан бағытын дамыта түсуге жағдай жасалса облысымыздың тынысы кеңейе түспей ме?! Бұл мәселе де жаңадан жасақталып жатқан облыс әкімдігі тарапынан қолдау табады деген ойдамын. Біз Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауын үлкен ықыласпен тыңдаймыз. Биылғы Жолдауда жастарға жігер сыйлағандай болды. Жастарға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие, ал жас кәсіпкерлерге шағын гранттар берілетінін атап өтті. Егер Үкімет осы мақсатты көздейтін жобалар ұсынатын болса немесе әр аймақта мұны іске асыратын арнайы топ құратын болса, белсенді ретінде сол топтың мүшесі болып жұмыс істеуге әркез дайынмын. Жастар саясатына ден қойып, жастар мәселесін жетік білетін маман ретінде жастарға айтар ақыл-кеңесім бар. Қазір жастардың көбі бәріне бірден қол жеткізгісі келеді. Оларға барлығы оңай секілді. Бірақ еңбек етпесең, жиған білімің кәдеге жарамайтынын сіз бен біз жақсы білеміз. Сол үшін әрбір жас өзі қалап оқыған мамандығы бойынша адал жұмыс істеп, түзу жолдан тайқып кетпей, тынбай еңбектенсе, болашағы өзі ойлағанынан да асып түсетініне сенімім мол. Сосын қазір біздегі әлеуеті мол, іскер, қаласа тау мен тас қопаратын жастар аудан мен облыста қолдау таппаған соң ірі мегаполистерге көшуі жиілеп кетті. Бірақ онда тағы сол, баспана мәселесімен бас қатырып, қиналып жүреді. Сондықтан болашағынан мол үміт күттіретін жастарды ұстап қалу үшін қолайлы жағдай жасалып, лайық қолдау көрсетілсе дейсің. Мұны қазірден бастап қолға алмаса, облыста небір игі бастамаларға жол салатын жастарды уысымыздан жіберіп алу қаупі бар. Туған елге қызмет – қастерлі парыз. Дегенмен саналы, ойлы жас ұрпақ ең алдымен өзінің, отбасының жағдайын жасауға тиіс. Үйдегі ауа райы жақсы болса, түздегі жай-күйі де тәуір болады.

Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары