50283
Александр Шевченко, «Сыроделкино» ірімшік цехының иесі: Мен – өндіріс иесі ғана емес, өндірістің дәл өзімін...
Александр Шевченко, «Сыроделкино» ірімшік цехының иесі: Мен – өндіріс иесі ғана емес, өндірістің дәл өзімін...
Қазір бәзбіреу қаладағы «тұрақты жұмысы мен жайлы ортасын тастап ауылға көшіп келіпті» дегенді естісек, ертегі естігендей боламыз. Керісінше, ауылдан қалаға жаппай көшу үрдісі белең алып тұрған шақта «Қара да тұр. Көпке ұзамайды. Қалаға қайта көшіп кетеді» деп сенімсіздік танытамыз. Ал ауылда кәсіп ашып, табысқа кенелгісі келетінін естігенде «Ауылда мүмкіндік жоқ. Не бітірер дерсің?» деп мұрын шүйіретініміз тағы бар. Мұндайды талай рет естіген Александр Шевченко еті үйреніп кеткенін, оған мән бермеуге тырысатынын айтады.
Александр Ақмола облысы Ерейментау ауданына қарасты Торғай ауылында туып-өскен. Ауыл балалары секілді арман қуып Алматыға келген соң М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және байланыс академиясында инженер мамандығын алып шығуды мақсат етеді. Ақылы бөлімде оқыған ол оқудан қол босаған кезде нәпақа табу үшін ауыр жұмыстан қашпай, керісінше, қиындықты жеңе білуге, бүгінгі шаруаны ертеңге қалдырмауға дағдыланғанын айтады.
«Университет бітірген соң өзім қалаған жұмысқа тұрдым. Онда монтаждаушыдан жетекші инженерге дейін көтерілгеніммен, басшылықпен сөзге келіп қалып, ол жұмыстан бас тартуға мәжбүр болдым», – дейді Александр. Хабарландырудан ұлттық компанияға өзі секілді маман қажет екенін естіген ол: «Қайтсем де әлеуетімді көрсетемін», – деп тістеніп, қатаң іріктеуден сүрінбей өтіп, жұмысқа қабылданған. Аз уақыт ішінде өзін көрсете білген ол Ұлыбританияға тағылымдамаға барып, біліктілігін көтеріп қайтқан. «Қазақстанға келген соң жаңа құрылғыны орнату үшін күні-түні жұмыс істедік. Күн сайын жұмыс күрделене түсіп, кеңседен өзге жерге аяқ баспайтынымды, онда байланып қалғанымды түсіндім. Әйеліммен ақылдаса келе, ол жұмыстан бас тарту туралы шешім қабылдадым», – дейді Александр бір орында тұралап қалсаң, тоқырауға түсіп қалатынын айта келе.
Десе де, ол ұлттық компаниядағы жақсы жұмысынан бас тартуына ата-анасы қарсы болып, соңына дейін райынан қайтаруға тырысып-баққан. Ал алған бетінен қайтпайтын, мақсатқа жетпей тынбайтын Александр өз ісін таппайынша дамылдамайтынын айтып, ақыры көндірген.
Әр істің басын шалған Александр интернеттен кездейсоқ көріп қалған видеодан соң нақты немен айналысқысы келетінін түсінген.«Олег Сирота есімді ресейлік фермер, ірімшік қайнатушы интернетте блог жүргізеді. Оның ірімшік жасаудың технологиясы туралы түсірген бір-екі түсірілімін көріп, бұл іс менің де қолымнан келетінін сезгендей болдым. Өз бетімше түрлі ірімшік әзірлеуді қолға алдым. Тіпті, жасаған дүниемді сатып алушылар да табылды. Сосын туып-өскен ауылым Торғайда ірімшік қайнататын өндіріс орнын ашамын деп шештім. Онсыз да сол уақытта ата-анамды астанаға көшіріп алсам ба, әлде өзім отбасыммен ауылға көшіп барсам ба деп ойланып жүргенмін. Сөйтіп, ойлана келе ауылдағы ата-анамның қартайған шағында қастарында болайын, сөйте тұра бізде бос тұрған ниша – ірімшік өндіру ісін қолға алайын деген мақсатпен ауылға көштім», – дейді Александр.
«Тәуекелсіз іс бітпейді, тәуекел етпеген арықтан да өтпейді» демекші, Александр қаладағы пәтерінің сатылымынан түскен ақшаға екі контейнер сатып алған. Сөйтіп, ірімшік секілді бір күн тұрып қалса бүлінетін өнімді өндіруге, баптап ұстауға тәуекел етіп, ауылында «Сыроделкино» деген атпен өндіріс орнын ашқан. «Әлбетте, басында түрлі қиындыққа тап болдық. Әйелім барынша қолдау көрсетіп, желпіндіріп, демеп отырды. Қазір айтуға оңай, бірақ сол уақытта расымен қиын кезең болды. Ірімшік қайнататын құрал-жабдықтарды әр жерден алып, құрастырып шығардық. Ал оны даярлаудың рецептісін интернеттен алдық. Бірақ бізде сауылатын сүтке «бейімдеу» үшін көп тексерістен өткіздік. Есімде, 60 литр сүт сатып алып, өзімізше ірімшік жасап көргіміз келді. Бірақ мұнымыздан түк шықпай, ақырында барлығын қоқысқа тастауға мәжбүр болдық. Бірақ түрлі сынақ пен сәтсіздіктен кейін қазір қолданып жүрген технологияға тоқталдық», – дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи бағына барғысы келетін туристер жолай Торғай ауылындағы Александрдың өндіріс орнына соқпай кетпейді. Бас қаладан 110 шақырым қашықтықта орналасқан «Ауылда мұндай өндіріс орнын ашу мүмкін бе?» деп таңданатын олар Александр мен серіктес досын сұрақтың астына алып, аз уақыт ішінде ел ішінде сирек өндірілетін ірімшік әзірлеуде жетістікке жетудің қыр-сырын білгісі келеді. Александр болса, бәріне «Ешқандай да құпия жоқ. Ерінбей еңбек етсең болғаны. Асықпай нәтижеге жетесің. Мұның алып бара жатқан түгі жоқ. Бұл – кәдімгі шағын бизнес. Маған әйелім мен достарымнан бөлек, жергілікті билік өкілдерінің көмегі көп тиді», – деп жауап береді.
Александр мен оның әріптестері «Сыроделкинода» аптасына 2 тонна сүттен 200 келі ірімшік өндіріп шығарады. «Сүтті көрші ауылдан сатып аламыз. Астанада бірнеше сауда нүктелеріне жеткіземіз. Осылайша, бірте-бірте дамып келеміз», – дейді Александр алға қойған жоспары көп екенін айтып.
Ауылда бизнес көзін ашу мүмкін екенін дәлелдеп жүрген Александрға хабарласып, әңгімеге тарту әсте оңай болмады. «Кеш жауап бергеніме кешірім сұраймын. Бірақ расымен менің бірде-бір секунд бос уақытым жоқ. Мен өндіріс орнының иесі ғана емеспін. Өндіріс деген – мына мен, өзіммін. Мысалы, қазір келіп түскен өтініштерді реттестіріп жатырмын. Бір сағаттан соң киімімді ауыстырып, ірімшік жасауға цехқа барамын. Сосын отырып есеп-қисап жасаймын. Ертең таң атпастан өнімдерді жеткізумен айналысамын. Күніне осылай», – дейді ағынан жарыла.
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ