Қара жердің қадірін неге қашырдық?

Қара жердің қадірін неге қашырдық?

Қара жердің қадірін неге қашырдық?
ашық дереккөзі
1254
Биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауда жер­ді игеруді жолға қою керек екені ай­тылды. Жалпы ауыл шаруашылығы сала­сындағы сансыз түйткілдің ішінде жер мә­се­лесі ең маңызды болып отыр. Биыл пайдаланылмай жатқан, лати­фун­дис­тер иемденіп кеткен жерлерді қай­тару­ға баса мән беріліп жатыр. Яғни, бірінші мә­се­ле осы уақытқа дейін жер заңсыз, бармақ басты, көз қыс­тымен оңды-солды үлестіріліп келген. Ал қалған жер тиімді пайдаланылмайды. Оны дұрыс игере­тін қауқар сапалы технологиялар мен сауатты ма­ман десек, бұл жағынан да ақсап тұрғанымыз жа­сырын емес. Одан кейін су тапшылығы, жердің тозуы, осылай тізе беруге, қоса беруге болады. Пре­зидент тапсырмасында жалпы еліміздің аг­ро­ө­неркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет екені айтылды. Дегенмен, тапсырманың орындалатынына сенімнен гөрі күмән көп, себебі проблема­ның қордаланып қалғаны сонша, қайдан баста­лып, қайдан таусылатынын бағамдаудың өзі қиын. Одан бөлек, бұл сала отыз жылда орын­дал­майтын жобалардың отанына айналды. Жер көп, жайылым қат Нақты сандарға сүйенер болсақ, 272,5 миллион гектар ел аумағының 221,4 мил­лионы немесе 81,3 пайызы – ауыл шаруа­шы­лығы алқаптары. Ал ауыл шаруа­шы­лы­ғы­на арналған барлық жердің 84,1 пайы­зы – жайылым жерлері. Жалпы еліміз жайы­лым жерлердің көлемі бойынша әлем­де 5-орында. Дегенмен шаруалар, ауыл халқы аз­да­ған малын жаятын жайылым тап­пай­ды. Былтыр осы мәселе көтерілгенде, бас­қа-басқа бізде жер тапшылығы бары көп­ті таңғалдырған еді. Бір қарағанда, мүлде ақыл­ға қонбайтын мәлімет. Жалпы елімізде шамамен 185 мил­лион гектар жайылым жер бар де­­сек, оның тек 36 пайызы мал шаруашы­лы­ғы­на пайдаланылады екен. Қалған 64 пайы­зы бос жатыр. 2021 жылғы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңей­тілген отырысында Мемлекет басшысы Үкі­метке Бас прокуратурамен бірлесіп, жыл соңы­на дейін іске жаратылмай жатқан жайы­лымдарды қайтарып алып, ауыл тұр­ғындарының игілігіне беруді тапсырған бо­латын. Сол кезде кәдеге жаратылмай жатқаны заң­ды тұлғаның үлесіндегі учаскелер еке­ні айтылған еді. Ал жайылымның 78 пайы­зын иеленіп отырғандардың қаншасы нақ­ты жермен жұмыс істейді, оның қан­шасын латифундистер иеленіп отыр деген мәселені Бас прокуратура анықтауға тиіс болатын. 2022 жылғы 3 қаңтарда Мемлекет бас­шы­сы пайдаланылмайтын ауыл шаруа­шы­лы­ғы жерлерін мәжбүрлеп алып қою мер­зі­м­ін 2 жылдан 1 жылға дейін қысқартқан заң­ға қол қойды. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлеріне салық мөл­шер­лемесі екі есе өсті. Дегенмен 31 наурызда Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет жанындағы Эко­номиканы монополиясыздандыру жө­нін­дегі комиссияның екінші отырысында Ауыл шаруашылығы министрлігі әлі де өңір­лерде жайылым жерлері өте өзекті мәселе бо­лып отырғанын мәлімдеді. Жалпы жауап­ты органдардың жұмысының нәтижесінде игерілмей жатқан, заңсыз үлестірілген жер көлемі 10 миллион гектар екені анықталған. Ал биыл жыл соңына дейін соның жартысын мемлекетке қайтару көзделіп отыр. Биыл 1 қыркүйектегі Жолдауында Мем­лекет басшысы бұл мәселеге тағы тоқ­талып өтті. – Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жө­ніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқ­талғым келеді. Комиссия жұмысының ая­сында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қай­тарыл­ды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 мил­лион гектар жерді қайтарып алу жос­парланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заң­сыз берілген жер көлемі 10 миллион гек­тарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер ке­лесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қа­зір жер мәселесін тексеруге жарияланған мо­раторий де күшін жойды. Бұл қадам жұ­мыс­қа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын, – деді Президент. Дегенмен қайтарылуға тиіс деп жос­пар­ланған жер аумағының әлі жар­ты­сы да қайтпаған. Тамызда Ауыл шаруа­шы­лығы министрі Ербол Қарашөкеев жыл ба­сынан бері 1 миллион 119 мың гектар жер мем­лекетке қайтарылғанын мәлімдеді. Бұл өт­кен жылмен салыстырғанда 2,7 есе көп еке­ні де айтылды. Былтыр 400 мың гектар жер қайтарылған еді. Сонымен қатар министр қазір 2 мил­лион 94 мың гектар жер иелеріне қа­­­тысты 724 жоспардан тыс тексеру жүр­гізі­ліп жатқанын, прокуратура органдарында 698,4 мың гектар жерді тексеру бойынша 48 өті­ніш тіркелгенін мәлімдеді. Жыл басынан тамыз айының ор­та­сы­на дейін Ауыл шаруашылығы ми­­­нистрлігіне қарасты Жер ресурстарын бас­қару комитеті әкімдіктердің учаскелерді заң­сыз таратқанына байланысты 74 фактіні анық­таған екен. Ал 21 қыркүйекте Парламент Мәжілі­сі­нің депутаты Ерлан Сайыров «Жер аманаты» ко­миссиясының жұмысы нәтижесінде 3,5 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қай­тарылғанын айтты. Оның сөзінше, қал­ған 1,5 миллион гектар жер жыл соңына дейін қайтарылады. Депутат жер қалай қай­тарылып жатқанын да айтты. Егер жер ие­сінің жерді игермей жатқаны жөнінде дә­лел­дер болса, онда сот арқылы қайтарылады не­­месе жер иелерімен сөйлесіп, келісім ар­қы­лы өз еркімен қайтарып беруі мүмкін екен. Депутат латифундистер билікке жақын не биліктің айналасындағы адамдар екенін де жалпылай айтып өтті. Бұған жерге қа­тыс­ты нақты тексеріс болмағаны себеп бол­ға­ны­на да тоқталған. – Бұл уақытқа дейін орта және шағын биз­­нес­ке мораторий болған. Мораторийдің ая­­сын­да жерге қатысты тексерулер болмады. Пре­­зидент жақында бұл мораторийді алып тас­­тады. Яғни, енді жер телімдеріне қатысты ор­­та және шағын бизнеске тексеріс жүргізу­ге бо­лады. Осының нәтижесінде біз біраз жұ­­­мыс­­тар атқарамыз, – деп жұмыстардың қо­ры­тындысына тоқталды Мәжіліс депу­таты. Жер біртіндеп қайтып жатыр делік, дегенмен, жайылым тапшылығы мә­селесі әлі біраз уақыт мазалайтын сияқты. Қа­зір елімізде шамамен 16 миллион гектар жер жетіспейді. Ал мемлекет қарамағына өт­кен жерлердің қайтадан әділ бөлінуіне де әу баста күмән көп болды. Дәл сол тұста, шіл­де айының ортасында мемлекеттік жер ка­дастры­ның автоматтандырылған ақпарат­тық жүйесінің порталынан ақау шығып, жер учаскелері және иелері туралы мәлімет шық­пай қалғаны туралы дау шыққаны есте. Кейін­нен арада бір ай өткен соң, 15 тамызда aisgzk.kz порталындағы мәліметтер көп­шілікке қайтадан қолжетімді болды. Пор­талдағы кадастр картасы арқылы кез келген азаматтың жерді пайдаланушылар туралы ақпаратты білуге мүмкіндігі бар. Қайтып жатқан жерлер туралы ақпа­рат легіне қарап жұмыс жүріп жатыр деген қорытындыға келуге болады, ендігі мәселе сол жерлердің тиімді пайдалануы мен әділ бөлінуінде болып тұр. Кері кеткен сала 2016 жылы жер реформасына байла­нысты халық наразылық білдіргенде ауыл-ай­мақтағы жайылым және шабындық мәсе­лесін реттеу бұрынғыдан да өзекті бола түс­кен еді. Үкіметтің жүктеген тапсырма­лары­на сәйкес бірқатар жұмыс жүргізіл­генімен, бұл мәселе бүгінге дейін реттелмей отыр. Жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтендіруге байланысты Үкіметтің шаралары да өнбеді, себебі кооперативтердің жұмысын дұрыс үйлестіретіндей тетік бол­ған жоқ. Әу баста тілге тиек еткен 221,4 гектар ауыл шаруашылығы жерінің жайы­лым­нан бөлек қалған 11,7 пайызы егістік бол­са, 2,3 пайызы – шабындық жерлердің үле­сі. Осындай жалпылама ақпарат болма­са, ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат таппайсыз. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатқанын Жолдауда Пре­зидент те айтып өтті. Жайылымнан бөлек, егістіктің де бі­раз бөлігі кәдеге аспай жатады екен. Ғалымдар жүргізген ғарыштық мони­торинг бойынша еліміздің солтүстік және орталық аймақтарында жыл сайын 7 пайыз­дан 20 пайызға дейін егістік жерлер пайда­ла­нылмайды. Жалпы жерді игеру мәселесіне кел­генде байқайтынымыз – 30 жыл ішінде ілгерілеу тұрмақ, бір деңгейді ұстап қалуға да шамамыз жетпеген. Бұл сөзімізді 30 жыл бұрынғы ЖІӨ-дегі ауыл шаруашы­лы­ғының үлесі мен қазіргі үлесін салыс­ты­рып-ақ дәйектеуге болады. Бұрын 24-28 млн тонна көлемінде жинайтын астықтың қа­зіргі мөлшері оның жартысына да жетпейді екен. Бұрын жылына 12 млн тонна жоғары сапалы бидайды, 360 мың тонна жоғары са­палы ет пен 107 мың тонна жүнді экспорт­қа жіберетін агроөндіріс қазір жоқ, оның орнына 50 пайыз азық-түлікті шетелден им­порттап алатын болдық. 1991 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта ауыл шаруашы­лы­ғы мақсатында пайдаланылатын жер кө­ле­мі 541,9 мың гектарға немесе 23,5 пайыз­ға қысқарыпты. Мәселен тоқсаныншы жылдардан бас­тап елдегі қант қызылшасы ал­қа­бының аумағы 85 мың гектардан 11,6 мың гек­тарға дейін қысқарған. Бұл туралы жа­қында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбіл­­қайыр Тамабек айтқан болатын. Бұл – бір ғана мысал, дегенмен осы мысалдың не­­­гізінде жалпы картинаны құрастырып алу­ға әбден болады. – Ауыл шаруашылығы тауарын өн­діру­шілердің аз болуы, импорт тұқым­да­ры­ның құнының қымбаттығы, фермерлерде тех­ни­каның жеткілікті болмауы және суға қа­тыс­ты проблемаларға байланысты 90-жыл­дар­дан бастап қант қызылшасының егіс алқабы 85 мың гектардан 11,6 мың гектарға дейін тө­мендеген. Талдау көрсеткендей, басқа да­қыл­дарды (мысалы картоп, жүгері) өсірудің тиім­ділігі қант қызылшасына қарағанда бір­неше есе жоғары, – деген еді ол Үкімет отырысында. Вице-министр республика бойынша жы­лына 532 мың тонна қант тұты­ны­латынын, оның ішінде отандық шикізат, яғ­ни өзіміз өсіретін қант қызылшасынан 7 пайыз, отандық зауыттардың құрақ қантын өң­деу есебінен – 35 пайыз, ал қалған 58 пайыз қант импортқа тиесілі екенін айтты. Осы мәселеге келгенде әртүрлі дерек кезде­се­тінін байқауға болады, себебі әу баста қант тап­шылығы туындағанда, бұл сала бойынша импортқа тәуелділік 90 пайыз деген де мә­лімет болды. Жауапты мекеменің ақпаратын рес­ми деп есептесек те, халық тұтынатын қант­тың жартысынан астамы импорт үле­сінде болуы ойландыратын жайт. Себебі біз­де бұл саланы жолға қоятындай әлеует жет­кілікті. Мұны сөйлеген сөзінде вице-ми­нистрдің өзі де айтты. – Дегенмен, елімізде қант саласының та­­бысты дамуы үшін негізгі алғышарттар бар, яғни суармалы жерлер, ішкі нарықтың кө­лемі, қажеттілікті қамтамасыз етуге қа­білетті 4 зауыт және жұмыс күші бар. Алайда, тех­нологиялық жабдықтардың тозуына, зауыттардың несиелерінің көптігіне және айналым қаражатының тапшылығына, көр­ші елдер қолданатын баға демпингіне бай­ланысты отандық зауыттардың жүктеме қуа­ты төмен болып отыр, – деп себептерін де санамалап өткен еді министрлік өкілі. Жалпы бұл айтылған тұсаулар мен бұ­ғаулар тек қант өндірісіне ғана емес, жалпы ауыл шаруашылығы саласының іл­герілеуіне кедергі келтіріп отыр деуге бо­лады. Осылайша, жер қатынастарының даму қарқынының шабандығына, кейбір эконо­микалық себептерге байланысты ауыл шаруа­шылығына қолданылуы керек жерлер ай­налымнан шығып қалады, оған қоса жерді пайдалануға қойылатын табиғатты қорғау талаптары елене бермейді. Су сарқылып, топырақ тозса... Тізбектеп өткен проблемалардан бө­лек топырақтың құнарсыздануы мен су жетіспеушілігі де аса өзекті мәселе болып тұр. Мәселен, елімізде 24,2 миллион гек­тар жер (ауыл шаруашылығы ал­қап­тарының 11,2 пайызы) жел эрозиясына, ал 4,9 миллион гектар жер (ауыл шаруашы­лы­ғы алқаптарының 2,3 пайызы) су эро­зия­сына ұшыраған. Яғни, жай сөзбен айтқанда құ­нарлылығын жоғалтқан. Ғылыми әде­биетт­ерге сүйенсек, бір шаршы сантиметр то­пырақты қалпына келтіру үшін бірнеше мың жыл қажет екен. Осыдан болар, бірқатар ел топырақты ұлттық қауіпсіздіктің бір бөл­шегі ретінде қарастырады. Жағдайды бағамдасақ, бізге ауыл­шаруа­шылық айналымындағы жер­дің барлығының мәртебесін, жай-күйін аны­қтайтын, жер мен топырақтың сапасына қа­тысты талдау жасап, әрбір 2-3 жылда жос­парлы түрде ғылыми-зерттеу мониторингі жүргізілуге тиіс екені анық. Ал БҰҰ жер ресурстарын пайдалану жө­нін­дегі мәліметінде жыл сайын еліміз жы­лына 75 миллиард доллар болатын ресурсты жоғалтады деген дерек бар. Одан бөлек 2018 жылы 1991 жылмен салыстырғанда суармалы жерлердің алаңы 176,4 мың гектарға немесе 7,5 пайызға азайған. Қазақстанда суармалы жерлерде алынған ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі шет елдерге қарағанда 2-4 есе аз. Мемлекет басшысы бұдан бұрынғы Жолдауларында да бұл мәселеге тоқ­талған еді. Суармалы жер көлемін кезең-ке­зеңімен 2030 жылға қарай 3,0 миллион гек­тарға дейін ұлғайтуымыз керек екені, бұл нә­тиже ауыл шаруашылығы өнімдері көле­мін 4,5 есе өсіруге ықпал ететінін айтқан болатын. Жалпы су тапшылығы үлкен кедергі бо­лып тұр. Қазір бұл ұлттық қауіп­сіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пай­далану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. – Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айт­қанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сон­дай-ақ, автоматтандыру және цифрлан­дыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұ­мысын жандандыру қажет, білімді сарап­шы­ларды жұмысқа тарту керек. Қажетті ма­мандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жо­­­басын әзірлеу керек, – деген еді Президент. Одан бөлек Жолдауда шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашы­лы­ғын дамытуға жол ашып отырғаны айтылды. Бұған тәжірибе арқылы көз жеткен екен, яғ­ни пилоттық жоба жүзеге асырылған. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы коо­пе­ра­тивтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал, мал басы шамамен 25 пайызға көбейіпті. Яғни бізге озық технологиялар мен білікті ма­мандардан бөлек, нақты тетіктер мен орын­далатын тиянақты жоспарлар да ауа­дай қажет. «Тапшылық та, таршылық та болмайды» Қазір астық жинау науқаны қызып тұр­­ған кез. Республиканың барлық об­­лысында егін жинау жұмыстары қар­қын­ды жүріп жатыр. Жергілікті әкім­дік­тер­дің дерегіне сәйкес, бүгінге дейін 13,9 мил­лион гектар дәнді және дәнді-бұршақты да­­­қылдар жиналды, бұл – жалпы өнімнің 86,3 пайызы. Қазір орташа өнімділік гектарына 12,5 центнер, 17,3 миллион тонна астық бас­тырылған. – Басқа ауыл шаруашылығы дақыл­дары­на келетін болсақ, майлы дақылдардың жал­пы түсімі 363 мың тонна болды, 3,6 млн тон­на көкөніс және 2,1 млн тонна картоп жи­налды. Егінді жинау жұмысы жалғасып жа­тыр, – бұл ведомствоның ресми мәліметі. Жалпы елімізде сақтау сыйымдылығы 12,8 миллионн тонна болатын 189 ли­цензияланған астық қабылдау кәсіпорны жұ­мыс істейді. Министрлік мәліметінше, олард­ы жаңа өнімді қабылдауға дайындау бойын­ша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жа­тыр. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауа­рын өндірушілердің өзінің 16,6 миллион тон­на астыққа есептелген сақтау қоймалары бар көрінеді. Бұлардың бәрінің сыйымды­лы­ғын ескерсек, жиналған астықты сақтау үшін жеткілікті. Сонымен қатар азық-түлік келісімшарт корпорациясы биылғы астықты са­тып алу бағасын белгіледі. 3-класты бидай­дың тоннасы ақуызына қарай 121-125 мың теңге аралығында сатылмақ. 4-класты бидай ҚҚС қоса есептегенде 115 мың теңгеге, 5-клас­ты бидай 98 мың теңгеге бағаланған. 2-клас­ты арпаның тоннасы 95 мың, сұлы 90 мың теңге және қарақұмықтың тоннасы 170 мың теңге болып бекітілді. Азық-түлік келі­сімшарт корпорациясы бұл белгіленген ба­ға­лар нарықтық бағаға жақындатылып алын­ғанын мәлімдеді. Ал қатты бидайдың, күнбағыстың, май­лы зығыр дәнінің және рапстың бағасы сәл кейінірек белгілі болмақ. Былтыр еліміздегі қуаңшылықтың сал­дарынан бидай бағасы бірден 25 пайыз, арпа 75 пайыз қымбаттады. Осылай­ша 3-класты бидайдың тоннасы 103-107 мың теңге аралығында сатылды. Ал 2-класты арпа ҚҚС-мен бірге 87 мың теңгеге баға­лан­ды. Дегенмен, фермерлердің белгіленген ба­ғаға қатысты наразылығы да се­зі­ліп жатыр. Бірақ бұл дау әдепкі жағдайға ай­налған. Болжам бойынша жылдағы межеден кө­рініп, қамбаға 5 миллион тонна астық құйылмақ. Қазір гектарынан 12,7 цент­нерден бидай алынып жатыр деген ақ­парат бар. 164 мың гектар алқаптың майлы дақылы орылған. Осы сандарды алға тартқан жауаптылар биыл тапшылық болмайды деп сендіріп отыр. Дулат ЖӘЛЕЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Технология және биоресурстар факультеті деканының орынбасары: Мемлекеттік деңгейде назар аударылып отырғаннан кейін ақшаның сұрауы болуы керек
– Ең бірінші кезекте бізде дұрыс, сапалы қондырғылар жоқ. Қай шаруашылықты, қай кешенді алып қарасақ та, ескірген жабдықтар. Екіншіден, жаңадан келіп жатқан мамандар, өкінішке қарай бәсекеге қабілетті емес. Оларды бәсекеге қабілетті ету үшін өте көп жұмыс істелуге тиіс. Өте көп. Университет деңгейі емес, мектеп деңгейінен бастау керек. Одан қала берді жүйені дұрыстау керек. Тереңнен бастап жұмыс жүргізілсе, бәрі оңалар еді. Ал біз қазір тек «мынау дұрыс емес» деп, проблемамен, оның салдарымен күресеміз, ал негізінен мәселенің себебімен күрескен өнімдірек болар еді. Егер мәселеге шын назар салып, үңілер болсақ, көп нәрсені қазбалап айтып, басын ашу керек болады. Техникаларға да субсидия қарастырылған, дегенмен оның сапалысын голланд, неміс қондырғыларын алу үшін де жағдай дұрыс жасалуы керек, оның шығыны да бөлек. Ал бізге әкелінетін техникалар жаңа болса да, сапасы жағынан ақсап жатады, ол да өнімділікке айтарлықтай кері әсер етеді. Мемлекеттік, ұлттық деңгейде назар аударылып отырғаннан кейін ол ақшаның да сұрауы болуы керек, басқасы басқа, тек есеп түрінде тексерілмеуі керек. Жалпы, бұл тек ауыл шаруашылығы емес, кез келген салада бар мәселе. Жаңа Қазақстан деп бастама көтеріп, айтып жатырмыз ғой. бармақ басты, көз қыстыға тыю жасамасақ, ел экономикасын оңалту мүмкін болмайды.
Ауыл шаруашылығы саласының төңірегінде түйткіл көп болғаны сонша, қанша айналып соқсаң да, қанша қаузасаң да «олжасыз» қалмайсың. 30 жыл бойғы жүйесіздіктен әбден шимай-шатпаққа айналған мәселелердің күрмеуі қашан жазылатыны, оған қанша қажыр-қайрат кететіні беймәлім.

Серіктес жаңалықтары