51244
18 бала асырап алған Өмірхан Жетесов: Рим Папасының алдында өнер көрсеткен соң бізді әлем таныды
18 бала асырап алған Өмірхан Жетесов: Рим Папасының алдында өнер көрсеткен соң бізді әлем таныды
Балалар үйінен бала асырап алу – машақаты көп іс. Әбден әбігерге салса да, бұл істі бәрінен биік қойып, отбасы жылуына зәру балалардың жарым көңіліне қуаныш сыйлап, қамқорлығына алған қазақстандықтар туралы көп дерек айтылмайды. Ақтөбеде тұратын ерлі-зайыпты Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпанованың 18 баланы бауырына басқанын, оларды жастайынан өнерге баулып жүргенін өткен аптада отбасылық ансамбльмен Рим Папасының алдында өнер көрсеткенде бір-ақ білдік. Астанадан Ақтөбеге күні кеше ғана оралған Өмірхан Жетесовтың әңгімесін жазып алған едік.
Мал соңында жүріп жыр жаттадым
Мен Ақтөбе облысы Байғанин ауданында туып-өстім. 1-сыныпқа көшкен кезде анамнан ажырап қалдым. 37 жасына дейін тоғыз баланы аман-есен дүниеге әкелген анам жатырына біткен егіздің біреуінің шетінеп кету себебінен жан тәсілім етті. «Алла жалғыз, Ана жалғыз» деп өскен қазақпыз. Адамзат, тіршілік үшін ананың орны бөлек. Тірі кезінде қадірін жете түсіне бермейміз ғой. Ал айырылып қалған соң жер сипап қаламыз. Сондықтан мен ана мейіріміне шөлдеп өстім. Оған дейін тентек болып жүрген мен бірден есейіп, өмірді енді ұққандай болдым. Ауруға шалдыққан анаңның төсек тартып, ауыр халде жатқанын көрсең бір жөн. Ал ойламаған жерден күліп жүріп кетіп қалғанынан дүниеде қиын нәрсе жоқ екен. Жан жарамның емін даладан іздедім, мал бақтым. Мал соңында жүріп, жыр жаттадым. Сол кезде «үлкен сахнаға шықсам ғой» деп қиялға берілетінмін. Кішкентайымнан батырлар жырын жаттап өстім. Көршілерден пластинка сұрап әкеліп, түрлі жыр тыңдайтынмын. Бағыма орай, жаттау қабілетім жақсы болды, бір өлеңді екі рет тыңдасам, лезде жаттап аламын. Ол кез жайбарақат заман еді ғой. Ауыл жастарының бар ойлағаны мал бағып, табыс тауып, ауыл ішінде өз алдына бөлек шаңырақ тігу еді. Ол уақытта қала дегенді білмейміз, онда жүру, тұру дегенді елестете алмаймыз тіпті. Әскерден оралғаннан кейін де мал бағып, одан түскен табысқа, қаймақ-майға тойып, қарнымыз қампайып жүре бердік. Ештеңеге алаңдамадық. Горбачев Кеңес үкіметін құлатпағанда мал бағып жүрер едік, бәлкім, кім біліпті. Кейін тоқырауға тап болып, амалымыздың жоғынан қалаға көштік. 2000 жылы «Мәдениетті қолдау жылы» болып бекітілгендіктен, сол жылы бұл салаға ерекше көңіл бөлінді. Термешіліктен бөлек, тойларда асаба болып жұмыс істедім. Ол кезде қазіргідей емес, асаба тапшы кез. Жолдасым Амангүл әнді керемет орындайды. Содан Yamaha сатып алып, екеуіміз өңірдегі бүкіл ауылды аралап, концерт қойып, той-томалақ басқардық. Халықтың қошаметі аса жоғары болғаны соншалық, тік тұрып қарсы алып, қимай шығарып салатын. Сол тойдан түскен қаражатқа Ақтөбенің қақ ортасынан үлкен үй сатып алдық. Жағдайымыз өте жақсы болды. Мінбеген көлігіміз жоқ. Мал бағып өскен мен бұрын-соңды ондайды көрмегенмін, анадай қымбат көлік мінемін деп ойлаған емеспін. Менің тіпті Жигулиім де болған жоқ. 2004 жылы бір айда 1, 5 миллион теңге таптым десем қазір ешкім сенбес. Бірақ расымен солай болды. Амангүл екеуіміз күн-түнге қарамай жұмыс істедік. Тоғыз жолдың торабында тұрған жолда бір-бірімізге қисайып, ұйықтағандай боламыз немесе той иесінің мазасын алмайық деп үйінің маңына тоқтап, көз шырымын алып, сосын жаңа ғана келгендей ауласына кіріп баратынбыз. Күндіз құда күтуге ат салыссақ, кешке басқа тойға жүгіреміз. Осылайша, бір ұл, екі қызымызбен барлық аймақты араладық. Сол уақыт ішінде тапқан қаражатқа мейрамхана салып немесе әншілеріміз секілді қазір Түркиядан үй алып, рахаттанып жүруіме болар еді. Бірақ анасыз өскендіктен мен секілді ананың жылу сөзі мен мейіріміне зәру болған балаларды қамқорлығыма алайын, үлкен үйімнің ішін күлкі мен шаттыққа толтырайын деп балалар үйіне бет алдым. Ол уақытта үлкен қызым тұрмыста, ал ұлым әскерден оралған соң шаңырақ көтеріп, бөлек шықты.Басында бір ғана бала асырап аламыз деп ойладық
Басында бір ғана бала асырап аламыз деп ойладық. Қазір домбырада шебер ойнайтын ұлым Даниярды «Үміт» үйінен байқап, оны қайтсек те асырап аламыз деп жүргенде бір күні оны балалар үйінен алып кеткенін хабарлады. Әйелім екеуіміз жанталасып барсақ, оны Алғадағы балалар үйіне қарасты балабақшаға ауыстырған екен. Сол кезде қара көзді қыз балаға назарымыз ауып, Амангүл екеуіміз «оны да асырап алсақ қайтеді?» деп бір-бірімізге қалжыңдағанымыз есімде. Оны америкалықтар асырап алғалы жатқанын естіген соң, айқай шығарып, ақырында оны Даниярмен бірге асырап аламыз деп шештік. Ол екеуін көру үшін бәленбай шақырымда орналасқан балалар үйіне 40 күн бойы қатынап жүрдік. Сөйтіп жүргенде 13 жастағы бір қыз «Мұнда күн көре алмаймын, мені де алыңыздаршы» деп жылап, алдымызға тұрып алды. Оны аяп, ақырында үш бірдей баланы асырап алдық. Әдепкіде бойды үрей билегені рас, бірақ үшеуі туғанымыздай болып «жабысып», бізді жақын тартқаны соншалық, тонның ішкі бауындай бір-бірімізді іздеп тұратынды шығардық. Сосын «балаң – бауыр етің» деген сөздің бекерге айтылмағанына көз жетіп, алдымен бесеуін, сосын үшеуін, кейін тағы үшеуін асырап, ақыр соңында үйіміздің іші қалайша 18 балаға толғанын сезбей қалдық. Көбі «Екі адам 18 баланы қалай асырап жеткізе алады?» деп сұрап, таңғалып жатады. Алғашқыларына жақсы тәрбие берсең, соңынан ергендер оларға қарап бой түзеп, еліктейді. Амангүл де сол себептен жүрген жерінде «Көп балалы болудан қорықпаңыздар. Сіздерге аса салмақ түсірмей, бір-біріне демеу болып өсіп шыға келеді» деп айтады. Бұрын аналарымыз мал мен шөптің арасында жүгіріп жүріп, оннан астам бала тәрбиелеген ғой. Бала бағу, әлбетте, қиын. Әсіресе, қазіргідей аумалы-төкпелі заманда ер жетіп келе жатқан баланы тәрбиелеу оңай емес. Бірақ асау атты тізгіннен айырылмай ұстасаң, айтқаныңа көнеді, айдағаныңа жүреді ғой. Сол секілді баланы бір бағытқа беттетіп жіберсең, ол содан айырылмайды. Расымен, дұрыс тәрбие берсең, ештеңеден сүрінбейсің, ештеңеге уайымдамайсың. Сосын көп ата-ана баланың қабілетін аша алмай, ақырында қор болады. Балалармен жұмыс істей алмайды. «Дені сау, сабағын оқып жүр» деумен ғана шектеліп, оның бойындағы дарынын тап басып, ұштауға атсалыспайды. Мен секілді бала асырағысы келетіндерге «кірпігін көтеріп, бетіне он тонна бояу жағып алатын әйелің болса әуре болмай-ақ қой» деп айтамын. Себебі бала асырағысы келетін ана үйде отыруы керек. Ол бала мен әкенің арасында көпір болуға тырысуы керек. Ал бізде қазір баласының көзінше әкесіне ауыр сөздер айтатын әйелдердің қатары көбейіп барады. «Әкең келе жатыр» дегенде селт етіп, алдынан жүгіріп шығатын бала болып өспеген соң, олардың әкемен емірене сөйлесуге құлқы, құқы да болмайды. Асырап алған кейбір ата-аналар «Кәмелетке толған соң құжатын сұрап, бөлек кетемін» дейді» деп назын айтады. Құдай сақтасын, бірақ біздікілердің ауызынан ондай сөз шыққан емес. Себебі мен оларды туған баламдай қабылдадым. «Өз балаң өзегіңнен тепсе де кетпейді, кісі баласын кісендесең де тұрмайды» деген. Кісі баласындай емес, өз баламдай қарап, кішкентайынан әке мен ана иісін сіңіру үшін қасымызға алып жатып, барлығына бірдей мейірім көрсетуге тырыстық. Көпке топырақ шашпаймын, бірақ көбі қазір мейірімсіз болып барады. Тіпті туған балалары ата-анасына еміренбейді. Вахтадан келген ата-анасының бетіне қарамай «Ассалаумағалейкум» деп отыра береді. Оның орнына алдынан жүгіріп шығып, иісін иіскеп, көкірегі толғанша кеңінен тыныс алып, мойнына асылса несі айып? Мен екі-үш күн сыртта жүріп, үйге келсем, балаларым бас салып құшақтап, жерге жығып, сағынғанын айтып, жамырай жөнеледі. Сол кезде бақыттан басым айналады. Мұндайды көріп өскен олар біреуі ауруханаға түсіп, ем алып келсе немесе бір жарыстан жүлделі орын алып келсе бір-бірін құшақтап қарсы алады. Бізде бала түгілі, әкелер де мейірім көрсетуден жұрдай. Баланы иіскеу, құшақтауды артық санайды. Сөйтеді де қартайған шағында «Ұрпағым бақпай бара жатыр. Ұлым теріс қарайтын, ал қызым беттен алып, төске шабатын заманға жеттім» деп налиды. Баланың тәртіпсіздігі үшін ата-ана жауапты. Баласы біреуге пышақ сұғып, біреуді көлікпен қағып кетсе де ата-анасы жауапты. Бала бірдеңе сындырса, ата жауындай көріп, кішкентайынан қыспаққа алып, қаталдық танытады. Сынған зат қайта құрастырылмайды. Жоғалған зат табылмайды. Бір рет ұрыс та қой. Жоқ, көбіміз ашу-ызамызды балаға төгеміз. Сосын туған күнді атап өтуде үлкен мән жатыр. Әкелер слетінде тәрбие туралы көп нәрсе айтып, талай әкені жылатқанмын. Көбі «Өзіміз үш баланы әрең тәрбиелеп отырғанда сіз 18 баланы қалай бағып отырсыз?» деп сұрайды. Барлығы туған күннен басталатынын айтамын. Бір әкеден «Туған күн тойлайсыңдар ма?» деп сұрасам, «Жоқ, әкем тойлаған жоқ. Мен де тойламаймын» дейді. Оған: «Бауырым, ол заманмен бүгінгіні шатастырма. Бұрын көршінің үйінде не болып жатқанын білмейтін едік, қазір әлемде болып жатқан оқиғаның әрбірінен хабардармыз. «Әке, ертең туған күнім ғой» деп қасына келген балаға «Өзіміз әрең күн көріп отырғанда қайдағы туған күн?» деп дүрсе қояды. Пейілі таза бала емес пе, жылылықты күтеді. Сосын ол бала мектепке барғанда сыныптасының туған күнін атап өткенін, қандай сыйлық алғанын естиді. Сол кезде балаңның орнында болып көрші. Содан кейін жүрекке кішкене қанжарлар бірінен соң бірі қадалады. Бойында өшпенділік пайда болады. Ешкімді тыңдамайды. «Сыныптасымның әкесі нағыз әке, ал менікі оңбаған» деп тістеніп, сұрағаныңа дұрыс жауап та қатпайды. Үйіңе ағайын-туманы шақырып, улап-шулап тойла деуден аулақпын. Күтпеген жерден қуант. Ешкімге білдіртпей, тортын әкеп қой. Сосын көзін жұмғызып әкел де, торттың үстіндегі майшамды үрлет. Балаң аш емес, бірақ қуаныштан жеген торттың дәмі оның таңдайынан көпке дейін кетпейді. Ертесі бәріне мақтанып айтады» деп айтқанымда көзіне жас алғаны бар. Біз 18 баланың әрбірінің туған күнін атап өтеміз. Өздері де «Әке, туған күніме осыншама күн қалды ғой. Білесіз бе?» деп еске салып жүреді. Сосын ұйықтап жатқан жеріне топырлап кіріп, ән айтып, торттан тістетіп, жамырай құттықтаймыз. Ертең өз алдына бөлек үй болғанда осылай бір-бірін құттықтап, жылы сөздерін аямай айтып жүреді. Бауыр арасындағы ауызбіршілік содан басталады. Сондықтан баланы қуантуды бәрінен жоғары қоямыз. Өз арамызда жарыстан бас жүлде алып келген балаға телефон сыйлау дәстүрі бар. Кім бас жүлде иеленсе, соған телефон әперемін. Сосын қалада қыдыртамын. Сосын біз балаларды телефонсыз өсірдік. Өткенде бір әке «Телефонын тартып алсам, өз-өзіне қол жұмсай ма?» деп қорқамын» дейді. Телефонды ішінен бір теуіп, қолынан жұлып алмайсың ғой. 8-сынып оқығанда Дамир деген балам бас жүлде алған соң телефон әпердім. Бізде тағы бір дәстүр бар: дастархан басында бәріміз отырғанда балалардың мұғалімдеріне хабарласып, оқу үлгерімін сұраймын. Сосын өздері естісін деп, телефонның дауысын шығарып қоямын. Бірде Дамирдің апайы телефон ұстағалы бері сабаққа қарамайтынын айтып қалды. Балама қарап «Ренжімейсің ғой» деп едім, ол басын изеп, телефонды қасыма әкеп қойды. Шынын айтайын, он сегізіне бірдей телефон әперу оңай болған жоқ. Кішкентайларым сенбі, жексенбі күндері қолданады. Бірақ қазір телефонсыз ештеңе істей алмайсың, тіпті сабақтары да телефонмен байланысты.Он сегіз баланың әрбірін алты жасында өнер мектебіне бердік
«Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса» деген түйінді біз де ұстандық. Бірақ біз жұмысқа салмадық, есесіне өнерге баулыдық. Әрбірін алты жастан бастап Қазанғап атындағы өнер мектебіне бердік. Содан бері оларда бос уақыт жоқ. Біреуі қобызын, енді бірі домбырасын арқалап, сабаққа кетеді. Балаларға ойнайтын алаңқай қажет болған соң иелігімдегі 240 шаршы метр аумақты 360 шаршы метрге үлкейтіп, аула, алаңқай салдым. Кезінде әкім үш қабатты үй салып беретінін айтқан еді, бірақ ол да іске аспады. Үкіметтен бірде-бір көмек сұрамай, өз күшіммен аула, алаңқай жасадым. Сабақтан келген соң балалар сонда ойнайды. Сосын үйге келіп репетиция жасайды. Бос уақытын тиімді пайдалана алмайтын бала бірдеңеге ұрынатыны хақ. Бұзық көршісіне еріп, көше кезіп кетеді. Сосын сыртта көргенін қайталайды, ішімдік ішіп көргісі келеді, темекіге әуес болады. Қазір балаға барлығы қызық қой. Балаларыма «Жақсы ортада жүрсең өздерің де жақсылыққа бөленіп жүресің. Жақсы адаммен сөйлесуге тырыс. Жаман ортаны аттап бассаң қиындыққа душар боласың» деп үнемі айтып отырамын. Сосын мысал ретінде өздерін айтамын. «Сендер өнер орталығына барғанда көбі сендерді қаумалап, таланттарыңа таңғалып, ақжарма тілектерін айтады ғой» десем, барлығын түсініп, айтқанымды екі етпей, тыңдайды. Тағы бір дәстүр: арасында кім өнерлі сол бізбен бірге концерттерге барады, ал ештеңеге қызықпағаны үйде қалады. Осыдан кейін балаларды үйде қалдырып көр. Әрқайсысы түрлі аспапқа «жармасып», дыңылдатып, үйрене бастады. Әріберіден соң бала үйде қалғысы келмейді ғой. Сосын олар аға-әпкелеріне қарап еліктеп өсті, қазір барлығы бірдей өнер десе ішер асын жерге қояды. Балаларымның көбі тетелес, аралары бір-екі жас. Бүгінде екі балам Астанада Шабыт университетінде білім алуда. Ал сегізі А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде оқиды. Қалғаны – өнер мектебінің оқушылары. Мұнда да екі қыз, екі ұл балам бесінші сыныпта оқиды. Отбасымда бес орыс бала тәрбиеленуде. Оның үшеуі – ағайындылар. Үйдің үлкені – 21 жастағы Даниил. Қыздың кішісі Саша, бірақ біз оны Жарқынай деп атаймыз. Жарқынай – үш үйден қайтып келген балақай. Үш ата-ана да оны қабылдай алмай, балалар үйіне қайта алып келген. Біз сол жаққа концерт қоюға барғанымызда әбіржіген, шашы ұйпа-тұйпа болған оны көріп, жүрегіміз ауырды. Сосын ол бізбен бірге барғысы келетінін айтқан соң бес жасында үйімізге алып келдік. Алғашында Амангүл екеуіміз қасымызға алып, бірге ұйықтадық. Біресе мені, біресе Амангүлді құшақтап, ата-ана мейіріміне сусап қалғанын байқап, көзімізге жас алдық. Любовь деген қызымызды Махаббат, ал Снежананы Гүлімай деп атаймыз. Ал Тихон деген термеші балам «мені Темірхан деп атаңдар» деді. Сөйтіп, есімдерін өздері өзгертіп алды. Балалар үйіндегі есімдерін аса ұнатпайды. Асырап алған қызым Ғалия туған қызым Құндызайдың есіміне ұқсас болсын деп Жұлдызай деп атағанды жөн көрді. Өздері «саған Сәулемай, Еркемай деген есім жарасады» деп айтып отырады. Сашаны да ашық-жарқын бейнесіне бола жарқылдап жүрсін деп Жарқынай деп атауды құп санадық. Жарқынай демекші, ол алғашында домбыра үйірмесіне барғысы келген. Ал біз үйде шаң басып тұрған жетігенді кімге үйретсек болады деп жүрген едік. Бірақ ол кезде қаламызда жетіген үйрететін маман тапшы болды. Сосын Қарақат Әбілдина Ақтөбеде мектеп ашып, онда жетіген сыныбы барын естігенде қуанышымызда шек болмады. Ол сыныпқа кімді береміз деп ақылдасқанда Амангүл Махаббатты меңзеді. Бірақ мен Жарқынайдан мықты жетігенші көріп тұрғанымды айттым. Айтқаным сол екен, Жарқынай анасын құшақтап «Ертең көресіңдер, бәріңнен озамын» деді. Алла аузына салды, расымен ол бәрінен озып, астанада өткен «Мың бала» байқауынан бас жүлдені иеленді. Қарақатпен бірге сахнаға шықты. Бір айта кетерлігі, біздің балалар бір аспаппен шектелмейді. Жетігенде жақсы ойнайтыны домбыраны, ал қобыз тартқанды ұнататыны жетігенді үйренеді. «Мына аспапты ұнатпасаң да үйрен» деп қыспаққа алмаймыз. Өздері «Енді ана аспапты үйренсем бола ма?» деп сұрап алады. Балаларым – «Қазақстан таланттары», «Жас Талант KZ», «Галактика талантов», «XXI таланты» секілді халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары. Үйдегі сөреде 18 Гран-при жүлдесі, 100-ге жуық медаль тұр. Сол жүздің екеуі ғана күміс, қалғаны – алтын. Олардың арасында жекелей сында, сосын біздің – халықтық отбасылық Жетесовтар ансамблімен бірге өнер көрсетіп алған медальдары да бар. Барған жерінен жүлдесіз қайтпайды. Қайбір жылы бір байқауға бесеуін бірдей қатыстырғанымда, бесеуі де жүлделі оралды. Сайысқа қатысар кезде олар телефонға қараудан қалады. Тапжылмай отырып, репетиция жасап, бас алмай дайындалады.Туған қызым мен бауырыма басқан балам шаңырақ көтерді
Туған қызым Құндызай Шабыт университетіне оқуға түскен кезде баянда шебер ойнайтын балам Дамир осында колледжде соңғы курста оқитын. Сосын Дамир Амангүлге Құндызайға сезімі бар екенін, онсыз өмір сүре алмайтынын, бірақ жария қылайын десе бізден ұялып жүргенін айтқан. Қызыма хабарлассам, оның да балаға деген сезімі бар екен. Сөйтіп, екеуі бас қосып, отау ішінен отау тікті. Екеуінің көңіл жарастырғанын естіген туыстардан «Ата-анасы жоқ балаға қызыңды қалай бересің?» дегенді де естідім. Дамирді бауырыма бастың демесеңіз, ол – туғанымдай болып кеткен аса қымбатты жан. Қызымның Дамир секілді жігіттің етегінен ұстағанына алақайлап қуанбасам, налымаймын. Оның ешкімді қорламайтын, қамқорлықсыз қалдырмайтын жігіт болып өсіп шыға келгеніне көзім жеткен соң келісімімді бердім. Бүгінде үлкен ұлымнан төрт немере, қызымнан үш жиен сүйіп отырмын. Он үш жасында бауырыма басқан қызым да тұрмыста. Одан бір жиеніміз бар. Мақтанбаймын, бірақ балаларым – өте бауырмал. Мектептегі вахташы әйел «Бір балаңыз келіп «Еркемай сыртқа шықты ма, білесіз бе?» деп сұрайды. Жоқ десем, есік алдында күтіп отырады. Сосын Еркемайдың сөмкесін көтеріп, қолынан жетектеп кетіп бара жатқанын көргенде таң-тамаша боламыз» дейді. Олар өнер мектебінде жеті сыныптық білім алып, сауатты музыкант болып шығады. Сосын колледжге дайын музыкант болып барады. Оны бітірген соң, амандық болса бас қаладағы Шабыт университетінде оқымақ. Өнер ішінде жүретін баланың жаман болмайтынын біліп, оларды осы ортадан айырғым келмейді. Спортқа берсең, әлімжеттік жасауы мүмкін ғой. Дұрыс істеген секілдімін. Бірақ қолдарына диплом алған соң басқа мамандықты оқимын десе де өз еркі. Оқудың ерте-кеші жоқ, бірақ өнерден асқан мамандық жоқ секілді. Бәлкім, өзім өнерде жүрген соң осылай ой түйетін шығармын. Бірақ өнерпаз қай жерге барса да шоқтығы биік, құтты қонақ болады. Қазірдің өзінде балаларыма Ақтөбедегі көп ансамбль мен оркестр таласып, жалақыға келісіп, өнер көрсетуін сұрап отыр. Мен келіспей жүрмін. Олар алдымен сабағын оқысын. Жұмысқа тұрған соң, гастрольге шығады, қызық қуады, ал сабағы жайына қалады.Лексусымды сатып, ұлыма 3,5 миллионға баян сатып әпердім
Балаларымды сабағы мен секциясына таситын автобус қажет екенін айтып, кезінде Мәдениет министріне хат жаздым. Ештеңе өнбеді. Жеңімпазға шағын әмбебап автобус кілті табыс етілетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына да қатыстым, үздік үштікке іліне алмай, ынталандыру сыйлығымен шектелдім. Кезінде Лексус маркалы көлігім болды, бірақ оны сатып, түскен ақшаға екі балама 1 миллион теңге тұратын домбыра, сосын екі балама құны 2,5 және 3,5 миллион теңге болатын баян сатып әпердім. Сөйтіп, өзім жаяу қалдым. Сол кезде балам «Неге өйттің?» деп ренжіп сұрағанда «Барлығы өз уақытымен орнына келеді, балам. Бастысы, сендер аспапсыз жүрмеңдер, ешкімге жәутеңдемеңдер» деп жұбаттым. Шынымды айтайын, басында баянның бағасын білген кезде төбемнен жай түскендей болды. Оны соншалық қымбат тұрады деп ойламаппын. Әдепкіде балаларға 200 мың теңгеге баян алып беріп, сонымен үйреніп жүрген еді. Кейін апайы оның жарамайтынын, құны 3,5 миллион болатын баян алу керек екенін айтты. Көлігімді күні кеше ғана біреу сұрағанын, сол ақшаға алып беретінімді айтқанымда апайы «Жаңа ғана келіп кеткен бір өнерпаздың әкесіне аспап туралы айтқанымда ол кісі «Одан да ол ақшаға жаңа көлік сатып алмаймын ба?» деп ашуланды. Ал сіз керісінше көлігіңізді сатамын дейсіз» деп таңғалғаны бар. Сосын Алматыға барып сатып әкелген аспаптарды көргендегі балалардың әсерін көрсеңіз. Төбелері көкке жетті. Бір балам «Өскен кезде астыңа қымбат көлік мінгіземін» деп көңілі босап, арқамнан қақты. Негізі, Бердібек Сапарбаев балаларға 2016 жылы 1 миллион 800 мың теңгеге бірнеше аспап алып берген. Бірақ олардың бәрі арзан әрі сапасы да онша емес, ал балалар арзан аспап ұстағысы жоқ. Бір күні бас жүлде иеленген бір балам залда отырса, қарсыласы болған бір бала келіп «Менікі – 200 мыңның домбырасы. Ал сен 60 мыңның домбырасымен не мақтанып отырсың?» деп қызғанып, түртіп өтіпті. Балам үйге келіп айтқан соң, ашуға булығып, Алматыға барып, 2 мың доллардың домбырасын әкеп бердім. Сосын әлгі баланың алдына барып, күй ойнап, енді одан кем түспейтінін ымдап келді. Қараңыз, мұндай бағалы аспап ұстаған баланың шоқтығы да, талабы да биік болады. Ал талаптанған баланың бетін қақпау керек екенін сіз бен біз жақсы білеміз. Бірақ аспапты баптап ұстаудың да машақаты көп. Сенбессіз, бірақ, балалардың аспабын күтіп ұстауға 300 мың теңгедей жұмсалады. Ішектерін ауыстыру, қылын түзету қымбат. Мен 2019 жылға дейін ешкімнен ештеңе сұраған емеспін, бірақ дәл сол жылы біраз қиналдық. Бұрынғыдай асаба емеспін. Қазір той иелері көбіне жас асабалардың басқарғанын қалайды. Өкініштісі сол, бүгінде асабалар жын-ойнақ жасауға құмар болып алған. Асабаның ауызынан аталы сөз естімейсің. Арзан күлкі, айқай-шу, ортаға шығарып домалатып билеткеніне ішің ашып үйге қайтасың.Рим Папасының арқасында әлемге танылдық
Жазда белгілі композитор Бауыржан Ақтаевтан дәріс алу үшін бас қалаға бардық. Сол кезде ақтөбелік бір жігіттің шақыруымен Достық үйінде маңызды тұлғалардың қатысуымен өтетін басқосуда өнер көрсеттік. Дәлізде өнер көрсетіп отырғанымызда арамызда орыстардың ұлттық аспап тартып отырғанын байқаған Сергей есімді шіркеу қызметшісі телефонына түсіріп жүргенін байқадым. Сосын қасыма жақындап сұрастырғанда олар менің балаларым екенін айтып едім, ол таңғалып, бізбен ұзақ сөйлесіп тұрып алды. Сөйтіп, онымен жақсы дос болып алдық. Содан соң ол бізді шіркеуге шақырып, онда концерт өткіздік. Ондағылар бізге қаржылай көмек көрсетті. Сосын ол Рим Папасы елге келетінін, бізді оны қарсы алуға шақыратынын айтты. Бірақ біз көңілімізге қарап, асыра айтып тұрған болар деп сенбедік. Кейін өзі хабарласып, билет алып қойғанын, нақты қай күні келетінімізді айтқанда барып қана сендік. Сол кезде Сенаттан хабарласып, 15 күн ішінде бізге жаңа киімдер тігіп берді. Осылайша, Рим Папасының арқасында киініп қалдық. Рим Папасы шіркеуге кірер тұста өнер көрсетіп отырған жерімізде кідіріп, біздің өнерімізді тамашалап, қол соқты. Керемет әсер алдық. [caption id="attachment_197483" align="alignnone" width="2048"] Рим Папасымен кездескен сәт[/caption] «Баланы ақша үшін бағып отырсыңдар ма?» деп беті қызармай айтқандар да бар. Адам ақша үшін бала емес, мал бағады. Үкімет бір балаға 30 мың теңге төлейді. Қымбатшылық қыспаққа алған заманда 10 баланы 300 мың теңгеге баға аласың ба? Осы сомаға кейбір адамдар екі баласын әрең киіндіріп отыр. Балалардың көбі 18 жасқа толған, ал оларға ақша төленбейді. Бірақ бізге Алла көмектеседі. Айналамызда мейірімді адам көп. 15 қапшық картоп, бір соғым етін әкеп беретін азаматтар бар. Әділет, Естай, Нұрхан деген атымтай жігіттер сиыр, бие сойып, үйге әкеп берді. Бірнеше жыл бұрын 500 мың теңгеге автономды пеш орнатып едік, уақыт өте келе ол да істен шығып қалды. Өткенде Темірханым «Асар» мейірімділік қоры өкілдерінің алдында арнау айтқан еді, олар біздің отбасы туралы естіп, үйге келіп, пеш орнатып берді. Бір қызығы, осы уақыт ішінде облыста алты әкім ауысты, бірақ ешбірі де біздің табалдырықтан аттаған емес. Енді жаңа тағайындалған әкім келеді деп күтіп отырмыз. Құдайға шүкір, шайымызды қолымыз дірілдемей ішеміз. Алла тағала бүгін алып кетсе де оның алдында ақпыз. «Адамға қандай жақсылық жасадың?» дегенде көзіне тіке қарап жауап бере аламыз. Балаларды өз еңбегімізбен өсіріп келеміз. Бірде жетеді, бірде жетпейді. Жетпеген кезде ешкімнің алдына барып көмек сұраған емеспін. «Сұрасаң қайыршысың, ұрласаң қарақшысың» дегізетін заман. Мен балаларды қамқорлығыма өзім үшін алдым. 18 баланы қасыма ертіп алып, қолымды жайып, Ақтөбені аралап шықсам байып кетер едім. Бірақ мен дүние қуған адам емеспін. Сосын бізді ақтөбеліктер онша танымайды. Оңтүстік Кореядағылар секілді өнерпаздарды үйде жылдап дайындап, дайын болғанда ғана сыртқа шығарамын. Тойға барғызбаймын. Әйтпесе ел-жұрт ақша табу үшін тойға шығып жүр деп қаңқу сөз айтады. Осы уақытқа дейін балаларды шектеп келдім, бірақ өткенде Рим Папасын күтіп алған соң бізді Қазақстан түгілі, әлем таныды. Сол кезде балаларымды «Өткір қылыш не істейді? Дұрыс, қап түбінде жатпайды! Біз түбі бір жерді тесіп шығамыз» деп желпіндіріп қойдым. Бұйырса, қараша айында Ақтөбедегі өнер орталығында біздің отбасылық ансамбльдің жеке концерті өтпек. Оған дейін кіші залдарда концерт қойып жүрген едік. Жоғарыда айтып өткендей, Кореядағылар секілді әбден пісіп, толысқанда ғана үлкен сахнаға шығаруды көздеп жүрген едім. Ет әбден піскен кезде ғана сорпа дәмді болып шығады. Сол секілді алты жастан бері музыка десе елең ететін балаларымның мыңдаған көрерменнің алдында өнер көрсете алатын сәті келді.Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ