50569
Ләззат СҮЛЕЙМЕН, Сенат депутаты: Мұндай тәжірибені біз бірінші рет енгізіп отырмыз
Ләззат СҮЛЕЙМЕН, Сенат депутаты: Мұндай тәжірибені біз бірінші рет енгізіп отырмыз
– Қалың елді дүрліктірген Қаңтар оқиғасы қордаланған көп мәселенің бетін ашып берді. Халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлығы, жұмыссыз жастардың мәселесі, сыбайлас жемқорлыққа қатысты жайттардың көбеюі, қаражаттың әділетсіз бөлінуі, билік пен халықтың арасындағы алшақтық секілді өзекті мәселелерді алдымызға жайып салды. Бүгінде бұл қиындықтарды еңсеру үшін билік жаңаруға тиіс. Қаңтар қасіретінен кейін Президент Қ.Тоқаев жаңа саяси курс, реформалар, қордаланған проблемалардың шешу жолдарын ұсынды. Мемлекеттік деңгейде біраз жағдайларға байланысты халық мүддесі тұрғысынан шешімдер қабылданғанын да білесіздер. Ал жергілікті жерлерде, әлі де жағдай негізінен баяғыдай. Ауыл-аймақтағы сайлаушылармен кездескенде олардың айтатын назы баяғы, ахуалы да сол қалпы: ауыл шаруашылығы тұралап жатыр, медициналық көмек жеткіліксіз, әлеуметтік аз қамтылған жандарға көмек мардымсыз т.т. Осының бәрін ретке келтіру үшін уақыт керек және елімізде билік жаңаруға тиіс. Билікті жаңарту кезең-кезеңімен, демократиялық жолмен шешілуге тиіс. Мемлекет басшысы Конституциялық реформаны халыққа ұсынған кезде билікті жаңартудың жолдарын ұсынды: ол суперпрезиденттік жүйеден бас тарту, мықты Парламент қалыптастыру, есепті Үкіметтің болуы. Осы және басқа көптеген жаңашылдыты 5 маусым күні өткен референдумда Қазақстан халқы қолдады. Енді Конституцияға енгізілген қағидаларды іске қосуымыз керек. Бұл – Қазақстан жаңаруының басы, баршамыздың қатысуымен орындалатын үлкен күрделі процесс. Алда өтетін кезектен тыс Президент сайлауын осы референдумда қолдау тапқан саяси реформаны іске асырудың нақты бірінші қадамы деп ойлаймын. Әрі бұл – Әділетті Қазақстанға қарай жолдың басы. Келесі жылы Мәжіліс депутаттарын сайлау өткізіледі. Мәжіліспен қатар облыстық, аудандық мәслихаттар депутаттары да жаңадан сайланады. Өкілді билікті қалыптастыруға байланысты сайлау жүйесі өзгереді. Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы – партиялық тізіммен, қалған 30 пайызы бір мандатты округтардан сайланады. Облыстық мәслихат депутаттарының 50 пайызын (50 пайыз партиялық тізіммен), аудандық, қалалық мәслихаттар толығымен бір мандатты округтерден сайланады. Қызметін дұрыс атқармаған депутаттың мандатын халық қайтып ала алады. 2 жылдан бері ауыл әкімдерін халық тікелей сайлауда. Осы қадамдардың нәтижесінде барлық деңгейдегі мемлекеттік билік жаңарады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, нағыз қызу да қиын жұмыс енді басталмақ. Негізі, бізде 10-15 жыл бұрын Президенттің өкілеттілігі жеті жыл болған, бірақ екі рет сайлануға мүмкіндік берілетін. Сосын ол мерзімді 2 мәрте сайлануға болатын бес жылға қысқартты. Ал жеті жылға бір рет қана сайлану туралы өзгеріс биліктің ауысып отыруына, Президент қызметін атқаратын азаматтардың жаңарып отыруына мүмкіндік береді. Бұл үрдіс басқа салаларға да әсерін тигізеді. Жалпы, бір сайланған соң адамның келесі сайлау қарсаңында «Қалай да жеңемін, осы қызметте қалайша ұзағырақ қалуға болады?» деп әрекет жасайтынын әлемдік саясаттан да көріп отырмыз. Билік заңдылығы осындай, өкінішке қарай. Ал бір рет қана сайланатын Президент жеті жыл ішінде халықтың жадында игі істері мен нәтижелі реформасымен жатталып қалуға тырысып, алаңсыз жұмыс істей алады. Уақытты, мүмкіндікті мүлт жібермеу үшін қолынан келгеннің барлығын жасайды. Жалпы, Президенттің өз әлеуетін толық көрсетуге, бағдарламасын жүзеге асыруға жеті жыл жеткілікті уақыт. Әрі елді дамытуға мүмкіндігі бар өзге азаматтарға да жол ашылады. Жалпы, Президентті 1 мәрте сайлауды енгізу – қоғамдағы саяси мәдениетті де өзгертуге бағытталған алғышарт. Орталық Азия мемлекеттерінде, көрші елдерді қоса алғанда осындай тәжірибені біз бірінші рет енгізіп отырмыз. Суперпрезиденттік жүйеден кейін осындай қадамға баруымыздың да себептерін халқымыз жақсы түсінеді деп ойлаймын. Қазақстанның өзіндік орны бар, бағыты айқын, мақсаты анық. Мемлекеттің, ұлттың алдында тұрған мақсат-мүдделер өзгермейді. Ол ата-бабадан қалған жерді сақтау, елді қорғау, елдің азаматтарының өсіп-өнуіне бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасау, яғни экономикалық өркендеу, әлеуметтік жаңғыру, ашық, әділетті қоғам құру. Ол үшін ең алдымен қалыптасқан сыбайлас жемқорлық жүйесін жоюымыз керек. Коррупция жоғарыдан бастап, мектеп, ауруханаға дейін жайлағанының куәсі болып отырмыз. Тек қана билік басында отырған әрбір адамның атқарған қызметі, ұсталған халықтың қаражаты туралы халыққа жүйелі түрде есеп беруді қамтамасыз ету арқылы ғана билік пен халық арасындағы алшақтықты жойып сенім мандатын алуға болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы көпшілікті толғандырып отырған мәселелердің бетін ашып айтып отыр. Сол мәселелерді еңсеру оңайға соғып жатқан жоқ. Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауы арқылы ел іргесін сөкпейтін, береке-бірлікті нығайтып, өркендеуге жетелейтін ұсыныстарды ортаға салды. Енді осы мақсаттарды түсіністікпен, ортақ келісіммен ретіне келтіру қажет. Ең бастысы – ешқандай бүлінушілікке жол бермеу. Ол үшін Үкімет халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік жағдайын көтеруге, ертеңгі күніне, балаларының болашағына алаңдамайтындай жағдай қалыптастыруы қажет. Адал еңбегімен игілікке жеткісі келетін әрбір азаматқа мүмкіндік беру үшін атқарылуы тиіс жұмыстар шаш-етектен. Мұны іске асыру үшін үлкен күш-жігер, ұлт бірлігі керек. Бұл процестің басында Президент сайлауы тұр. Президенттің кешегі үндеуіне айтылған құндылықтар: халық тағдыры, ел бірлігі, Қазақстан болашағы әрқайсысымыз үшін қымбат. Әділетті Қазақстан құруға әрқайсысымыз үлес қосуымыз керек.