51174
Көптің көңіліндегі аңсарлы бейнеге айналған Жұматайдың Ләйләсі
Көптің көңіліндегі аңсарлы бейнеге айналған Жұматайдың Ләйләсі
Кезінде жатақхананың қара нанын бөлісіп жеген қаламдас дос Қазыбек Құттымұратұлының көңіліндегі сүйіктісіне арнаған студент шақтағы бір өлеңінде «Сұлулығы өзіңнен қандай екен, Жұматайдың Ләйләсін көрер ме еді...» деген жолдар бар-тын. Шынында да жауһар жырлар иесі Жұматай Жақыпбаевты оқыған кез келген адам шайырдың өмірлік ғашығы әм музасы Ләйләні көріп, кім екенін білуге қызығушылық танытары анық.
Біздің шәкірттік шағымыз сол кез аты ауыздан түспей тұрған Жұматай ақынмен "ауырумен" басталған еді. Енді ғана ҚазМҰУ-дің студенті атанып, сол кездегі дәстүр бойынша ауылшаруашылық жұмыстарында, Алматы маңындағы Шелек ауданында жүзімдікте жүрген кезімізде, 1990 жылы қыркүйектің ортасынан ауа ақынның дүние салғаны туралы қаралы хабар жетті. Содан соң-ақ көзі тірісінде оншалықты еленбеген оның нағыз «екінші өмірі» басталып, аты гүрілдеп жүре берді.
Біз, қатарластар, өзіміз көзімізбен көріп үлгере алмай қалған қайран Жұмағаңның:
– Сені, Ләйлә, қара көзді киелім,
Қайыспайтын қара жерше сүйемін! – деп,
енді бірде:
– ...Кетер күнім... Келер, келер ол дағы,
Бір қаралы шеру шығар жолға әлі,
Сол бір кезде жан баласы жыламай,
Ләйлә, жалғыз сен өксісең болғаны, – деген,
болмаса:
– Қанша ғажап азап шектім Ләйлә деп,
Менен асқан бақытты адам жоқ, күнім! – деп кейде шаттана, кейде мұңая жырлаған туындыларын жатқа соғатынбыз. Оған еліктеп жыр жазып, ақынның өзіне өлең арнағандарымыз да аз емес. Шайырдың көзі тірісінде шыққан қалыңдығы пышақтың қырындай ғана үш жинағының сирек даналары арамызда қолдан қолға өтіп жүріп тозды десек болады. Соның бірі – «Ләйлә» атты кітапшасы. «Тәкаппар аппақ жүзінде Тарыдай бір мең бар...», «Ханшадай өзін ұстаған, Қара алмас көзді, бал ерін» Ләйләнің Жұматай өлеңдеріндегі детальдардан құралып, әрі қарай қиялымызбен сомдалып-өңделген сұлу бейнесі әрқайсымыздың көкейімізде сол кезде орын тепкені рас. Ал өмірдегі Ләйлә Бейісбекқызы Досмұхамбетованың сонау алпысыншы жылдардан бері Мәскеуде тұратынын білдік осы мақала алғаш жазылған 2008 жылы.
[caption id="attachment_198414" align="alignnone" width="1920"] 1. Ләйләнің Жұматай алғаш көрген жоғары сынып оқушы кезі; 2. Мәскеу Мемлекеттік университетінің І курс студенті кезінде түскен фотосы;[/caption]
Қосылуына тағдыр жазбаған, бірақ Жұматайдың жырына өмірлік өзек болып, көптің көңіліндегі аңсарлы бейнеге айналған «Қасы да керік, қара алмас көзді, ай қабақ» сол Ләйләнің анасы Балапан Арынова мен туған сіңлісі Майра Қабдулова (кейінгі тегі) астанамызда тұратыны туралы мағлұмат құлағымызға тигенде, жүздескенше асықтық. Алдымен телефон арқылы тілдестік, алайда Балапан апаймен кездесуіміз кешеуілдей берді. Сол жылы қаңтардың 5-і күні жасы 84-ке толған кейуана ауырып қала берген соң, ақыры қызы Майрамен жолығуды қанағат етуге тура келді.
– Өздеріңіз де білетін боларсыздар, Ләйлә мен Жұматайдың арасында айтарлықтай терең, тығыз қарым-қатынас болмаған ғой. Жұматай онымен бірер мәрте ғана кездесіп, бірнеше рет үйге шығарып салғаны бар. Анамның жұмыс бабымен біздер Талдықорғанға көшкенімізде Ләйлә сондағы кешкі орыс мектебінде оқыды да, Жұматай соған қарама-қарсы орналасқан қазақ интернатында жатқан екен. Сол кездері танысса керек, – деді кейіпкеріміздің сіңлісі Майра.
Жұматайдың:
Шығармай жүрдім бір де естен,
Ұмытып ұйқы-күлкіні,
Бір рет қана тілдескен
Бейнеңді сенің күн-түні, – деп,
енді бірде:
Он жетімде сені көрдім, көрдім де,
Көрмей сені тұра алмайтын болдым мен!
– деп жазғандары сол шындықтан азды-көпті сыр аңғартса керек.
– Ләйлә екеуміздің арамыз 8 жас, ол жоғары сыныпта оқығанда мен бастауыштағы баламын. Талдықорғанның жанындағы Еркін деген ауылда тұратын біздің үйге дейін Жұматай қаладағы мектепте оқитын Ләйләні шығарып салған кездері болған, ал ол едәуір жер, – деп еске алды Майра Досмұхамбетова-Қабдулова бізбен әңгімесінде.
Ләйлә 1946 жылы 4 қазанда дүниеге келген. Ол – үйдің тұңғышы, Майра кенжесі екен. Араларында үш ұл болыпты, бірі сәби кезінде шетінесе, қалған екеуі 45, 47 жастарында қайтыс болған. Ал әкелері Бейісбек балалар үйінде өскен, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан кісі екен. 1984-жылы 64 жасында өмірден өтіпті.
– Ләйлә тәтем кейін ҚазМУ-ге түскен соң көп өтпей Мәскеу университетіне ауысқан. Ол кезде үздік оқып, ерекше көзге түскен студенттерді Мәскеу, Ленинград тәрізді сол кездегі Одақтың үлкен қалаларына жіберетін дәстүр болған ғой. МГУ-дің тарих-архивтану факультетін бітірген соң практикада болған Ләйлә сол қалада біржола қалып қойды. Мен 7-сыныптан бастап Одақ көлемінде бірнеше рет олимпиадаға бардым. Соның бірінде Воронеж арқылы Мәскеудегі Ләйләға соққанымда оны әлдебіреу «Сөйлесу пунктіне» телефонға шақырып, мен ере бардым. Телефон шалады деп күтпеген болса керек, алғаш тұтқаның ар жағындағы адамның кім екенін сұраған соң Ләйлә таңырқаған үнмен «Жұматай?..» деп дауыстап, сәл кідіріп барып есіне түсірді. Солайша олардың бір-ақ рет телефонмен сөйлескеніне куә болған едім.
Сіңлісі Майраның айтуынша, Ләйлә жасөспірім шағында қатарластары арасынан ерекшеленіп тұратын алғыр, талапты, батыл, өткір жан болыпты. Барлық нәрсені үйреніп алғанша асығады екен. Орыс мектебінде оқығанымен, қазақтың жалпақ тілінде ауызекі еркін тілдесе алған. Гитара тартып, сахнада ән салатын, ептеп өлең шығаратын да болған. Жақсы оқығаны үшін «Артек» лагеріне де барып, тіпті онда пионерлердің дружина кеңесінің төрайымы болыпты. «Үйге кейін алғысхат келді, лагерьде бірге болған достарынан да Одақтың әр жерінен көпке дейін хаттар келіп жүрді. Сонда тек қана Жұматай емес, оған көп адам ғашық болған ғой, ойлап отырсақ. Егер осында оқып, елде қалса, ол бір атақты адамға айналар еді деп ойлаймын» дейді Майра Бейісбекқызы.
Осы мақаламыздың алғаш «Айқын» газетінде шыққан нұсқасында (28- ақпан, 2008-жыл, № 37(974) әйгілі «Гауһартас» фильмін түсірушілердің Ләйләға бас кейіпкер рөлін ұсынып, қолына сценарийді беріп, бірталай айналдырғанын жазған едік. Алайда ол қате дерек боп шықты, сіңлісі Майра артынан өзінің жаңылысқанын, кейін анасынан нақтылағанын жеткізді. Ол кезде біздің мақаламыз жарияланып кеткен еді. Сондықтан оқырмандарға ескерте кетуді жөн көрдік. Бірақ Ләйләға бірнеше фильмге түсу ұсынысы жасалғаны рас екен. Өкінішке қарай әртіс-актер дегенге үрке қарайтын сол кездің түсінігімен әке-шешесі қарсы болып, «оқуыңды бітіріп ал» деп рұқсат бермей қойыпты. «Мамам «Біліміміз болса да, біз сол кезде надан екенбіз» деп өкініп отырады, – деді Майра апай ол туралы».
Бұл мағлұматтар Ләйлә жөнінде алғаш («Қазақ әдебиеті» газетінің 2005-жылғы 21-қазандағы санында) жарық көрген Сайлаубай Тойлыбаев деген автордың мақаласындағы жайттарды толықтыра түседі. Онда Балапан апай Ләйләнің тіпті оқушы кезінде «Асока» аталатын операда басты рөл ойнағанын да айтады.
[caption id="attachment_198415" align="alignnone" width="1920"] 3. Ләйлә анасы Балапан апаймен; 4. Жұматайдың Ләйләсі Астанадағы Мұхитаралда (2007-жыл); 5. Ләйлә ұлы Дмитрий екеуі;[/caption]
Ләйләнің Жұматай жырларынан басқа да өнер туындыларының тууына себепші болғаны хақында Сайлаубай Тойлыбаев жазған тағы бір дерек – әйгілі композитор Әсет Бейсеуовтің «Меңді қыз» әнінің Ләйләға арналғаны.
Талайдың шабытына қозғау салған сол ару Ләйлә тағдырдың жазуымен Мәскеуде ұлты басқа бір азаматпен (Сахаров) бас қосқан. Алайда Досмұхамбетова деген тегін сақтап қалған. Дмитрий атты (Митя) жалғыз ұлы (аман болса, қазір жасы қырықтар шамасында) бар екен.
Майра тәтесінің тұрмысқа кеш шыққанын айтып берді.
– Оған басқа ұлттың жігіттері де көп ғашық болған. Өйткені өзі де көркіне ақылы сай, мінезі де тартымды, көпшіл болатын. Ләйлә алғаш өзге ұлт өкіліне, шет жерге тұрмысқа шығатынын айтқанда үй-іші қарсы болып, сол себепті ол біраз уақыт ешкіммен хабарласпай, қатынаспай, томаға-тұйық қалды, – дейді ол.
Әрине, кейіпкеріміздің байырқалы, тыныш өміріне көлденеңнен килігудің жөні жоқ. Сондықтан Ләйләнің тіпті қосағының аты-жөнін жария етуді де қаламаған Майра апайды оның Мәскеудегі мекенжайын сұрап, қинай алмадық. Білгеніміз – Ләйлә қызметі арқылы алған Мәскеудегі үйінде тұрып жатыр екен. Зейнет демалысында көрінеді, бірақ әлдебір жеке фирмада жұмыс істеп жүрсе керек. Мәскеуден елге жылда келіп тұрады. Жұматайдың өлеңдері, кітаптары, өзі туралы жазылған мақала – бәрін көрген, біледі. Олар ішкі дүниесінде қандай сезім толқыныстарын тудыратыны енді, әлбетте, сіз бен біз үшін беймәлім, қадірлі оқырман.
Айтпақшы, Майра апайдың айтуынша, Ләйлә мен Жұматайдың жұбайы Зайда кезінде бір ауылда, Мұқырда тұрған. Сол уақта-ақ Жұматайдың Ләйлаға ғашық екенін айналасындағы біраз жұрт білген көрінеді. Ол кезде барлығы жас, ішінде Ләйләнің Шәмшәгүл деген туыс тәтесі бар, біріне-бірін сырттай таңып, қалжыңдасып жүреді екен. Жұматайдың бірі – өлеңіне, бірі – өміріне серік болған Ләйлә мен Зайданың алыстан туысатын өзара ағайыншылығы да жоқ емес болса керек.
Р.S. Бүгінде интернеттен оп-оңай табуға болатын Ләйләнің фотосуреттерін жұртшылық назарына осы мақаламен бірге ең алғаш біз ұсынған едік. Қазір олар көптің олжасына айналды. Алғаш жарияланғанда «Айқара» газетінде қызмет етіп жүрген жорналшы ініміз Арнұр Асқар: «Біздің жігіттер мақалаңызды қырылып оқыды. Біраз пікірлесіп, қызу талқылады. Бұрын өлеңнен білетіні болмаса, ешқайсысы өңін, суретін көрмеген ғой Ләйләнің» деп маған әсерімен бөліскені әлі есімде.
Міне, Жұматайдың Ләйләсінің өмірдегі бейнесінің жарияға шығуының тарихы осындай.
...Жалпы, сұлулық дегеніміз шартты ғой. Ең соңынан, қазір ойымызға келіп отырғаны: қаламдас ініміз, ақын Рахат Әбдірахманов өзінің Жұматайға арнаған бір өлеңін «Бар сұлулық Ләйләда емес, анығы – Сол Ләйләны сүйе білген жүректе!» деп түйіндеген еді. Сол сөзде көп шындық бар-ау, негізі...
Батырболат Айтболатұлы
(Ләйләнің суреттері сіңлісі Майра Қабдулова-Досмұхамбетованың жеке мұрағатынан алынды)