1829
«Ақаңның әні» атанған туындының ақиесі кім?
«Ақаңның әні» атанған туындының ақиесі кім?
Апта басында редакцияға қолында домбырасы бар қария келді. Оюлы шапаны, өрнекті тақиясы мен домбырасы ақсақалдың өнерге қатысы барын айғақтап тұр. Қасына бір баласын ерте келген қария сонау Торғай өңірінен екен. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтай ұлт қайраткерлері туған өлкеден әдейі ат терлетіп келгені бекер емесі белгілі. Ақсақалдың есім-сойы – Нағашыбай Алпысов.
Осыдан бірнеше жыл бұрын «Ахмет Байтұрсынұлының Орынбордан әні табылды» деген ақпарат бүкіл интернет жүйесін шулатқан. Ол әуеннің өзі де бір қазіргі заманның ырғағына ұқсамайтын, көнеден жеткен күмбірдей құлақ құрышын қандыратын туынды еді. Жырда Ахмет Байтұрсынұлының елдегі Файзолла деген досына хат жазғандығы, Алаш қайраткерлерінің аты-жөндері, сол кездегі уақыт бедері баяндалады. Жыр:
«Файзолла досым, аса қымбатты,
Мұң менен азап жаныма батты.
Өтпелі дәуір – өкініш уы…
Асау өзендей толқыны қатты…
Өзіңе аян өмірім, ісім,
Көрдім ғой бейнет туған ел үшін.
Жабылған нақақ жаланы ойласам,
Өзегім күйіп, өртенеді ішім», – деп басталады.
Жыр сөзі мен әуені астасып, өткен ғасыр тарихынан сыр шертіп тұрған соқталы туынды еді. Дәл сол шулы жырдың әуенін шығарған автор осы Нағашыбай Алпысов екен.
Нағашыбай Алпысов жастайынан ел ішіндегі жыршылар мен өнерпаздардың көне сарын ырғағын құлағына құйып өскен. Нағашыбайдың әкесі Алпыс та кез келген өлең жолдарын жыр әуендерімен шебер орындайтын жыршы болған. Атадан жалғасқан асыл сарынды бүгінге жеткізіп отырған Нағашыбай ақсақалдың балалары да кілең өнерпаздар. Ұлдары Абзал, Ақан, Әбдірахман, Серік барлығы да жырды нақышына, әнді ырғағына келтіріп айтатын өнер шеберлері. Өнерлі әулет – «Мерейлі отбасы» конкурсының жүлдегері. Жуықта Қостанай облысы Алпысовтардың өнер кешін өткізіп Нағашыбай ақсақалға «Жыр құлагері» деген төсбелгі табыстаған. «Жыр құлагері» атануының да себебі жоқ емес. Кезінде Нағашыбай жыршы Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасына әуен шығарып, оны екі сағат тоқтаусыз жырлаған. Ол кезде «Құлагерді» бүкіл халық ұйып тыңдап, телеарна мен радиодан берілген. Біз қариямен әңгімені елді «Ақаңның әні деп» шатастырған «Қаншеңгел» жырының тарихынан бастадық.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын «Ақаңның әні» деген атпен тарап, бүкіл интернетті дүр сілкіндірген әуездің авторы өзіңіз екенсіз. Енді әңгімені бұл жырдың тарихынан бастасақ.
– 1990 жылдары Торғайдың әкімі болған Жақан Қосабаев деген ағамыз маған ауыл азаматтарынан сәлем айтып жіберіпті. «Біз Ақаң мен Жақаңды ақтауға құжат даярлап жатырмыз. Сол кезде айтуға Алпысов бір туынды ойластырып жүрсін» депті. Содан бұған не даярласам болар екен деп басым қатты. Ол кісінің маған олай сәлем жолдайтын себебі 1983 жылы Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын бір сағат жырлағанмын. Ол теледидардан көрсетілген. Одан кейін ақындар айтысына қатысып, сол айтыста Ақын Нұрхан Ахметбектің «Торғайдан сәлем» деген термесін орындағам. Мұның бәрін көрген әкім ағамыз шамасы разы болса керек, «Алпысовтан бірдеңе шығады» деп маған сәлем жолдапты. Ол жөнінде не даярлауға болады деп тарығып жүргенімде ақын Хамитбек Мусабаевтың «Қаншеңгел» деген поэмасы газетте жарияланғанын көрдім. Кешегі алаш арыстары өмір сүрген дәуірден әжептәуір мағлұмат беретін, қайраткерлердің есімдері аталған, шағын болса да дерегі бар поэма екен. Соны жырлайын деп даярланып жатқанда маған совхоз директоры іссапарға шығатынымды айтты. Менің мамандығым – құрылысшы. Поэманың алдыңғы 5-6 шумағын оқып-оқып алдым да, жыршы-термеші Абзал деген балама сен осы жырды жаттап алшы, мен әуенін ойластырып келем дедім. Қазіргі айтыскер ақын Айбек Қалиев екеуі бір сыныпта оқитын. Ғалымжан Бекетов деген ұстаздары сол екеуін айтыстырып, тәрбиелеп жүрген. Сонымен, мен әуенін шығарып келіп, балама орындатсам әжептәуір үйлесіп тұр екен. Сосын «менің жасым 45-ке келді, осы жырды сен орындап жүр» деп бергенмін. Оны Абзал жақсы орындап жүрді.
– Әуеннің шығу тарихы белгілі болды. Ал ел неге «Ақаңның әні табылды» деп шулап кетті?
– Иә, содан бұл жыр туғаннан кейін 25 жыл өткенде 2017 жылы біздің елде есепші болған Кеңесбек Мәулетов деген ағамыз тыңдапты. Сейіт Кенжеахмет ағамыз бар, тағы басқа облыстан келген делегация бар, солардың алдында балам Абзал жырды орындайды. Сосын мұның әуені мен сөзі үйлесіп тұрғандықтан тыңдармандар назарын аударады. Жұрт жырды жылап тұрып тыңдайды. Көрермендер бұл жыр Ахмет Байтұрсынұлының өзінің өлеңі сияқты деп жорамалдайды. Әлгі жерде Кеңесбек Мәулетов мұны анықтаймыз дейді де әрі қарай әртүрлі анықталмаған алыпқашпа әңгіме көбейеді. Тіпті, бір күні «Ахметтің жаңа әні Орынбордан табылды» деген жаңалық тарап, айды аспанға бірақ шығарды. Әңгіме ауаны басқаша бағыт алып кетті.
Сосын Елдос Тоқтарбай деген жас ғалым руханияттағы азаматтардың басын қосып, «Қаншеңгел» кімнің жыры?» деген сұрақты талқылады. Әлгі жерде жырдың авторы Хамитбек Мұсабаевтың өзі «бұл менің жырым, жаңағы басында орындалатыны Ақаңның монологы» деді. Мен де бұл жырды Ақаң жазуы мүмкін еместігін, әуенін шығарғанымды айтып бердім. Сонда жиналған зиялы қауым өкілдері мен азаматтар Ақаңның әні еместігіне көзі жетіп қайтты. Ақаңның өмірбаяны мен қоғамдағы қызметі, ұстанымын қарастырғанда «Файзолла достым» деп хат жазуы мүмкін емес. Екеуінің ұстанымы екі басқа болған. Файзолла ауылында 4-5 жыл милиция болып қызмет еткен. Одан кейін барып Бұхара, Самарқан жақтан оқып, ишандық атақ алған. Олар ата-бабасынан бері қарай дін жолындағы адамдар екен.
Ал Ахмет Байтұрсынұлы Торғайдағы 2-сыныпты бітіргеннен кейін, Орынборға барып оқыған. Одан кейін Ақтөбенің Батпақты деген ауылында, одан соң Қостанайдың қасындағы Әуликөлде, Қаратал деген ауылда мұғалім болған. Одан кейінгі 5-6 жыл Қарқаралыда, әрі қарай Семейде болып, Жүсіпбек Аймауытов екеуі газет шығарған.
– Сонда «Қаншеңгел» жырында айтылғандай, Ахмет Байтұрсынұлы мен Файзолла ишанның арасында байланыс болмаған ба? Жалпы, Файзолланың өмірі туралы дерек бар ма?
– Ахмет Байтұрсынұлы мен Файзолла ишан ешқашан араласпаған, жас шамасы да бір-біріне жақын емес. 1937 жылы Ақаң 4 - рет сотталып, түрмеде отырып, Файзоллаға хат жазды деген мүлде қисынға келмейді. Жазған хаты туралы да ешқандай дерек жоқ. Бұл жерде жырды жазған Хамитбек Мұсабаев сол дәуірдің суретін айқынырақ беру үшін оқиғаларды ойдан шығарып, ақындық қиялға ерік беріп жырлаған. Әрі Файзолла ишан «Қаншеңгел» жырының авторы Хамитбектің аталас туысы болғандықтан, оны да Алаш қайраткерлерімен қатарластыра жырлаған. Сөйтіп, басы дауға қалды. Хамитбек Мұсабаев – ақын, журналист. Амангелді аудандық газетінің бас редакторы болған. Жырда аталатын Файзолла да діндар болғанымен ақын адам екен. Ол да кейіннен 1937 жылдары сотталған. Сосын оны Хамитбек бұл да сотталған, Алаш қайраткерлерімен бір дәуірде өмір сүрген деп Ақаңның досы ретінде сипаттаған. Бірақ мұның соңы осындай үлкен тартысқа айналды.
– Бұл жырдың әрі қарай «Ақаңның әні» деп ел ішіне тарап кетуінің тағы да басқа себебі бар емес пе?
– Осы арада бұл жырдың басы дауға қалу себебін анығырақ айтып берейін. Сол ауданда оқу бөлімінің бастығы, мектеп директоры, кейін қажы атанған Ғазез Әмірханов деген ағамыз болған. Сол кісі жаңағы Ақаңдар ақталып жатқан кезде бір жиында баяндама жасау керек болып, журналист Хамитбек Мұсабаевтан көмек сұрайды. Сонда Хамитбек өзінің жазған «Қаншеңгел» поэмасын береді. Жиын тарағанда әлгі қағаздар қалады да, әкімшілікте жұмыс істейтін Сәуле Аяшева деген қыз қалған қағаздарды жинап алып, үйіне апарып тастайды. Бертінде күйеуі Кеңесбек Мәулетов зейнетке шыққанда әлгі қағазды көріп қалып, «міне, Ақаңның өлеңі табылды» деп елді шулатып жібереді. Олар газетке, интернетке, жоғары-төмен хат жазып, мұның соңы дауға айналғанда зиялы қауым жиналып, өлеңнің авторы Хамитбек екенін айтқан. Жиында Хамитбек ақын жыр өзінің туындысы екендігін, ешқайдан ұрламағандығын, басында айтылған Файзоллаға жазған хат сияқты бөлімі Ақаңның монологы екендігін айтты. Ал анау Кеңесбек Мәулетов бастаған адамдар «Хамитбек Ақаңның хатын ұрлаған, өлеңін өзгерткен» деген сияқты неше түрлі қауесет таратып жіберген. Мұндай анықталмаған ақпаратты шаласауатты, кітап оқымайтын жас журналистер одан әрі ушықтырып, халықтың басын қатырды. Осы даудан кейін Хамитбек Мұсабаев қайтыс болып кетті. Жақында Кеңесбек фейсбукке «Өлер Хамитбек өлді, енді Ақаңның өлеңін өзіне қайтарайық» деп жазып жіберіпті. Мынау тіпті масқара! Кеңесбек Мәулетов осылай әдебиеттің заңдылығын түсінбей елді шатастырып жүр. Есепші болып жұмыс істеген ол кісі монолог деген не екенін түсінбейді де.
Зерттеуші ғалымдардың еңбегінде, мұрағатта Файзолланың Ахметке хат жазғандығы жайлы ешқандай дерек жоқ. Сосын бұл өлең жолдарының буын сандары, жазылу стилі ешқандай да Ахмет өлеңдеріне келмейді. Мұны түсінетін Мәулетов жоқ.
– Сіз ел ішінен келіп отырсыз. Әйгілі Ақаңдар мен Жақаңдар туған өлкеде әлі де ақындық пен сөз ұстар таланттардың жалғасып жатқандығы жалған емес. Ел ішіндегі көнекөз қариялардан тыңдаған әңгімелеріңіз болса айта отырыңыз.
– Торғайда үлкен ақындар мектебі болды. Кезінде біздің Назарбек Бектемісов деген мұғалім ағайымыз бар еді. Сол кісі ел аралап жүріп талай ескілікті әңгіме тыңдаған екен. Сол ағайымыздың айтуы бойынша Торғай өңірінде Есенжол Жанұзақов деген ірі төкпе ақын өмір сүріпті. Олар жазда Ахметтің ауылымен жақын жайлайтын болған. Ахметтің бала кезіндегі талпынысынан, тұлғалық пішімінен үлкен үміт күткен ол:
Беремін саған осы домбырамды,
Тербетіп жалғау үшін қоңыр әнді.
Қамшылап тор шолақтай жүре бермей,
Ағаң да әлі бір күн болдырады.
Сонда сен осы әнді жалғарсың да,
Шығарсың әлі талай тауға, шыңға,
Домбыра қағысың мен салған әннен,
Тыңдаушың Есенжолды аңғарсын да! – деп Ахметке домбыра сыйлаған. Ол кісі әрі ақын, әрі композитор болған. Бірақ ол кезде жазып алатын құрал болмағандықтан бізге ол мұралардың барлығы түгел жетпеді. Сол сияқты Торғайда Сейітахмет Бейсенұлы, Иманқұлдың Әбдірахманы, Күдері, Әбіқай Нұртазаұлы, Әбіқайдың баласы Ахметхан деген ақындар болды. Олардан қалған көптеген жырды менің әкем де жатқа айтатын еді. Әкем жырды әуенге салып, таңға дейін айта беретін жыршы болған. Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалын» әкем жырлап отыратын. Осы жыршылық мектеп бізге атамыздың қанымен, ұлттық дәстүрдің ізімен жалғасып келе жатыр.
Сол сияқты Торғайдағы үлкен ақындық мектептің ұстазы Жұмабай деген ақын болыпты. Оны уақ Жұмабай деп атаған. Ол өте ірі, талантты ақын екен. Байырғы дәстүр бойынша бала кезінде оған ауылы бір тай атап қояды. Сосын ол бірде суатқа келген жылқы ішіндегі тайға мінейін деп барса, тайдың үстінде жарбиған біреу отыр дейді. Әлгі жерде бала қорқып, қашып кетеді. Ауылдан адамдарды ертіп барса, тайдың үстінде ешқандай адам жоқ. Кейіннен тағы бір күні бала жылқыға барса тайдың үстінде тағы да адам отырады. Сонда бала сасқалақтап тұра қашады. Сол уақытта Жұмабайдың құлағына дүңгірлеп дауыс естіліпті дейді. «Ей, Жұмабай, қашпа! Мен саған қонайын деп жүрген пірмін. Сен өз уақытыңда аяқтыға жол бермейтін, ауыздыға сөз бермейтін ақын боласың» депті. Содан кейін Жұмабай тек өлеңмен сөйлеп кеткен деген әңгіме бар. Расында, Жұмабай керемет төкпе ақын болған екен.
– Әңгіме басында Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын жырлағаныңыз жайлы атап өттіңіз. Бұл қай кез еді?
– 1962 жыл. Үйде бір кітап жатыр екен. Сыртында Ілияс Жансүгіров деп жазулы тұрды. Ішін ашсам Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы екен. Бұл менің 17 жастағы кезім болатын. Жансүгіровтің шығармалары ел ішіне түгел таралмаған кез еді. Себебі Жансүгіровтің өзі 1956 жылы ғана ақталған. Содан кейін 6 жылдан соң сол кітап қолыма түсті. Оны оқу үшін әкем бір жерден алдырған екен. «Құлагерді» қатты қызығып оқыдым. Жырдың маған әсер еткені соншалық, оның ырғағы құлағыма әуез болып құйылып, еш қиналмастан түгел жаттап алдым. Оны жаттағанда маған ол керек болады деп ойламадым. Бұған дейін де мектепте жүргенде Торғайдағы Нұрхан Ахметбековтің «Есім сері», «Жауыз торы» деген поэмасын, Бейімбет Майлиннің «Бай баласы» деген поэмаларын да жаттап алғам.
Мен бұған дейін ел ішіндегі әңгімеден кезінде Ақан деген сері болғанын, ол байдың қызын алып қашқанда қуғыншылар ұстап алып, сабап, атын тартып алғанын естігем. Содан ол нағашысынан бір тай сұрап алып, оны күтіп, баптайды. Ол әйгілі жүйрік болады. Ақанның жүйрігі бүкіл Арқа жұртын дүрліктіргені жайлы ел ауызынан естіп өскем. Поэманы оқып болғаннан кейін жырдың әуезі құлағымнан кетпей қойды.
Бірақ оны ол кезде жырламадым. Шамамен 30 жастан асқан соң кейін өнерге араласа бастадым. 37 жасымда «Құлагерді» өз әуеніммен жырладым. «Құлагер» поэмасын көптеген жерде орындадым. Ол телеарнадан көрсетіліп жақсы насихатталды. Алматыға барып жырлағанда 2 сағат сұрап едім, ұйымдастырушылар 1 сағат қана уақыт берді. Халық ерекше ілтипатпен қабылдады. Негізінен, 30 жасымнан кейін ғана өнердің не екенін түсініп, бұрынғы жыршылар мен ақындардан қалған мектептің сүрлеуімен бірнеше әуен шығарып, жыр-жырладым. «Наурыз айы туғанда» деген де әнім бар. Сүйінбай мен Қатаған айтысын да өзім шығарған әуенмен орындағам. Міне, осы ел ішіндегі ырғақты одан әрі дамытып, қазір балаларыма табыстап жатырмын.
Сұхбаттасқан Бейбіт Тоқтарбай