50691
Мұстафа Нұрланұлы: Моңғол күресінде алып пен жас бала қатар белдеседі
Мұстафа Нұрланұлы: Моңғол күресінде алып пен жас бала қатар белдеседі
Түркияның Изник қаласында өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойынына әлемнің 102 елінен келген 3 500 спортшы ұлттық спорт түрлерінен өзара кім мықтыны анықтады. Төрт күнге жалғасқан бұл сайыста Қазақстан құрамасы жалпы саны 9 медаль иеленіп қайтты. Жеңіс тұғырына көтерілгендердің қатарында Моңғолия атынан сынға түскен қандастарымыз Серік Бердімұратұлы, Мұстафа Нұрланұлы мен Жанарбек Мақсат та бар. Моңғол ұлттық күресінен екі мәрте мемлекеттік лашын атағын иеленген Мұстафа Нұрланұлы бұл сайыста түрік ұлттық күресінен сынға түсіп, күміс жүлдені місе тұтты. Моңғолияда ұлттық күрестен басталған командалық жарысқа дайындалу үшін Ұлан-Батырға асығып, жол жүріп бара жатқан қандасымызға хабарласып, аз-кем әңгімеге тартқан едік.
– Әңгіме басында «Қазақстанға бізден көшіп барғандар болмаса атажұртта мені ешкім танымайды» деп айтып қалдыңыз. Сол үшін алдымен өзіңіз жайлы бір ауыз айта кетсеңіз.
– Мен 1992 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келдім. Бала кезімнен күреспен, соның ішінде дзюдо, самбомен айналыстым. Ол уақытта біздің аймақта аталған спорт түрлерінен үйірме мүлде жоқ-тын. Өз бетімше дайындалып, көрген-білгенімді қайталап, қарадүрсін жаттығып жүрдім. Он жылдық мектепті бітірген соң ел астанасы Ұлан-Батырдағы әскери жоғары мектепке оқуға түстім. Содан бастап самбо мен дзюдодан жасөспірімдер, сосын жастар арасында қарсылас шақ келтірмей, спортпен кәсіби түрде айналыстым. Сонымен қатар мұнда бірінші нөмірлі спорт саналатын моңғол ұлттық күресіне назарым ауып, ол спортты да қатар алып жүрдім. Жалпы, 35 жыл бұрын мемлекеттік деңгейде қаршыға атағын алған Бақыт Однайұлынан кейін моңғолдардың мықтыларына ешкім лайық қарсылас бола алмай жүр еді. Біз жақта жарыс болса өзге аймақтан келген моңғол балуандары үнемі ұтып кететін-ді. Олардан асып түсіп, біздің де мықты екенімізді дәлелдегім келді. Ол кезде 19-20 жастағы баламын. Бес аймақ тұрғындарының мерейтойында күресіп, аймақтық лашын атағын иелендім. Содан кейін моңғол ұлттық күресіне қызығушылығым күшейіп, дзюдо, самбомен қош айтыстым. Содан соң аймақтық арыстан атағын иемдендім. Сосын мемлекеттік деңгейде екі рет лашын атағын иелендім. Жалпы, мұнда ұлттық күрес апта сайын теледидардан көрсетіледі. Халықтың бұл спортқа деген қызығушылығын сөзбен сипаттап жеткізе алмаймын. Ұлттық күреспен осы күнге дейін айналысып жүргенім сондықтан. Спорттан бөлек, әскери мекемеде жұмыс істеймін. Ата-анам қазір Байөлкеде тұрады. Әкем – ауыр атлетикадан халықаралық спорт шебері. Кәсіби спортта сол кісіден үлгі алдым десем болады. Үш ағайындымыз. Ағам да Байөлкеде тұрады. Бауырым университетте оқиды. Мен отбасыммен Ұлан-Батырда тұрамын. Екі бала тәрбиелеп отырмын.
– Өзіңіз айтқан лашын, қаршыға, арыстан атағы кімдерге беріледі? Моңғол ұлттық күресінен бейхабар бізге бұл спорттың неге сонша қызығушылық тудыратынын айтыңызшы?
– Ел егемендігін алған күніне орай жылына бір рет «Наадам» деп аталатын Моңғолияның ұлттық мерекесі мемлекеттік деңгейде тойланады. Мұнда кіл мықтылар садақ ату, ат жарыс және ұлттық күрестен сайысқа түседі. Бұл мейрамға президент және де өзге де лауазымды тұлғалар қатысады. Балуандар қатаң іріктеуден өтеді. Олар алдымен сұмындық, бір жылдан соң аймақтық деңгейде мықты екенін дәлелдеу керек. Сосын жолдаманы қалтасына басқаннан кейін бір жылдаң соң ел астанасында «Наадам» мерекесінде белдесуге мүмкіндігі бар. Сол кездесуде қарсыластарын бес рет жыққанға лашын, алты рет сұлатқанға қаршыға, жеті кездесуде жеңіске жеткенге піл, сегіз рет жеңгенге самұрық, ал тоғыз рет жеңіс тойын тойлаған балуанға арыстан атағы беріледі. Арыстан атағы бірінші орынмен пара-пар. Моңғолия қазақтарының ешбірі мемлекеттік арыстан, самұрық атақтарына қол жеткізбеген. Өткенде...
– Өткенде Серік Бердімұратұлының араға 76 жыл салып, мемлекеттік піл атағын иеленгенін жарыса жазғаны сондықтан екен ғой.
– Иә, биыл атап өтілген ұлттық мереке кезінде Серік мемлекеттік піл атағын иеленді. Оған дейін бұл атақты 76 жыл бұрын Әбдіқажы батыр ғана иеленген еді. Мұнда мемлекеттік атақты алудың маңызы үлкен, себебі ол атақ өле-өлгенше өзінде қалады. Әрі тарих бетіне жазылады. Моңғолдар 200 жылғы шежірелерін жазып, сақтап отырады ғой. Сол шежіреге түрлі атақ иеленген балуандардың есімі жазылады. Жалпы, Моңғолияның 21 аймағында мемлекеттік атақ иеленген адамға ерекше құрмет пен сый-сияпат көрсетіледі. Әсіресе, балуан өсіп-өнген аймақтың тұрғындары жерлестерін төбесіне көтеріп, бірнеше күн думандатады.
– Интернетте «Наадам» мерекесіне 512 балуан қатысады делінген. Серік екеуіңізден бөлек, сұмындық, аймақтық іріктеуден өтіп, мемлекеттік деңгейде күресіп жүрген қандастарымыз бар шығар?
– Негізі, жыл сайын 512 балуан қатысады. Бірақ айтулы даталарда сайысқа араласатын балуандардың саны одан көп. Мысалы, 2021 жылы елдің егемен атанғанына 100 жыл толды. Былтыр коронавирус салдарына байланысты ұлттық мереке бір жылға шегерілді. Ал биылғы айтулы мерекеде 1 024 балуан бақ сынастық. Біз бұл байрақты додаға жыл сайын қатысамыз. Қазір мемлекеттік деңгейде өтетін сайыстарда он шақты қазақ белдеседі. Ал аймақтық деңгейдегі жарыстарда 100-ден астам қазақ күреседі.
– Суреттерден байқағанымдай, балуандар алаңда қара жерде күреседі. Арнайы кілемше жайылмайды.
– Иә, кілем жайылмайды. Тек қыстыгүні кәдімгі үйде жайылатын кілем үстінде белдесеміз. Ал басқа мезгілде үлкен алаңның қақ ортасында жерде күресеміз. 16 жұпқа бөлінген 32 балуан бір уақытта күреседі. Қарсыласының алақаннан басқа жері жерге тисе балуан жеңеді. Тізесі тисе, таза жеңіс болып есептелінеді. Бізде жарыс 15 минутқа жалғасады. Осы аралықта бір-бірін сұлата алмаса, төреші екі балуанды алдымен иығынан ұстатып, күрестіреді. Одан тағы ешкім жыға алмаса, бір-бірінің белінен ұстатады. Тағы бір айта кететін жайт, моңғол күресінде салмақ дәрежесі деген болмайды. Салмағы аз-көп болсын, барлығы бір-бірімен күреседі.
– Түркияда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Серік екеуіңіздің топ жарғандарыңызды естіп, қандастарымыздың сыртта жүрсе де күрестен алдына жан салмайтынына бір қуандық. Ұлттық спорт түрлерінің мәртебесін асыратын көшпенділер ойынынан не түйіп қайттыңыз?
– Негізі, мен көшпенділер ойынына алғаш рет қатысып отырмын. Түріктің ұлттық күресінен де алғаш рет сынға түстім. Көшпенділер ойынына Моңғолиядағы күрес түрлері федерациясының шақыруымен келдім. Бұған дейін қазақ күресінен өткен бір-екі сайыста белдескен едім. Былайынша мен тек моңғол ұлттық күресіне ден қоямын. Басқа күрес түрлерінің ережелерін де білмейді екенмін. Бірақ түріктің көне күресі кезінде шапан киіп күресетіні маған қолайлы екенін түсіндім. +100 келі салмақ бойынша өткен бәсекеде қарсыластарымды аз уақыт ішінде жығып, финалға еш қиындықсыз жеттім. Алайда алтын жүлде үшін таласта түрік балуаннан жеңіліп қалып, күміс жүлдені қанағат тұтуға тура келді. Түрік азаматы өз елінің ұлттық күресіне қатысты ережені жетік білетіні айтпаса да түсінікті. Бір айта кетерлігі, мұнда Қазақстаннан келген бауырларымызбен шүйіркелесіп, марқайып қалдық. Жалпы, бұл ойынға моңғолдармен бірге бірнеше қазақ қатысты. Күрес түрлерінен бөлек, көкпаршылар арасында да бауырларымыз бақ сынасты. Моңғолия қазақтары моңғол ұлттық күресіне ерекше ден қойса да, арамызда өзге де спорт түрлеріне қызығатындар бар. Сондықтан алдағы уақытта көшпенділер ойынында бірнеше спорт түрінен мықты саналатын бауырларымыз әлі-ақ өзін танытады деп ойлаймын. Жалпы, бұл додадан түйгенім – барлық көшпендінің түп-тамыры бір екеніне, әсіресе Орталық Азия жерін мекендеген көшпенділердің арасындағы ұқсастықтарға таңғалдым. Ұлттық ойындарында да ұқсастық көп екен. Түркі тілдес халықпен туыстық байланыс өз алдына. Бұл ойынға келесі жылы да қатысуға болады екен деген оймен үйге қайтып барамын.
– Сіздер қазақ күресінен өтетін әлемдік жарыстарға жиі қатысады деп ойлап жүрсем...
– Қазақ күресінен өткен әлем чемпионатына бір рет қатысқаным бар. Сосын тағы бір жарыста белдестім. Ұмытып отырмын, нақты қай жарыс екенін. Біз, Моңғолия қазақтары қазақ күресіне қызықпаймыз емес, қызығамыз. Бірақ жоғарыда айтып өткенімдей, моңғол ұлттық күресі – сіздердегі бокс, күрес секілді бізде басты спорт түрі. Сосын бұл күрестен өтетін сайыстарда халық таразының рөлін атқарады. Қарсыласыңның тізесі жерге тисе болды, жеңімпазсың. Тіпті, қапталдағы төреші қарсыласыңды жақтап тұрса да, жеңіс сенікі. Себебі алаңға жиылған қалың ел барлығын көріп отыр. Басқа ереже жоқ. Меніңше, қазақ күресінен өтетін жарыстарда төреші бізге әділ қарамайды. Мен мұны қазақ күресінен өткен жарыстар кезінде байқадым.
– Сонда төрешілер бозкілемде қандастар қанша жерден мықты болып тұрса да оларды мойындағысы жоқ па?
– Солай секілді. Қазақстанның атынан қатысатын қазақтарды жақын тартады. Оны түсінуге болады. Патриоттық сезімге бой алдырады, оған қоса өз елінде өтіп жатқан бәсекеде жеңілмеуі керек қой. Төрешілер тек Қазақстанда ғана осылай көзқарас танытады деп ойласам, Түркияда да солай екен (күліп). Осы ойында да өз балуандарына болысып жүргеніне куә болдым. Жалпы, таза бәсекеге төрешілер араласқан соң кімнің де болса көңілі қалады. Бұрын бала кезімде самбо, дзюдо спортынан күрескенде де осындай әділетсіздіктерді жиі көргенмін. Сол моңғол ұлттық күресіне көңіл аударып, ақырында онымен кәсіби түрде айналыстым.
– Ал моңғол күресінде төрешілер ешкімді бөліп-жара қарамай ма сонда? Бәріне тең қарай ма?
– Бәлкім, бөліп-жаратын кездер болатын шығар. Бірақ олар өйтіп те қарай алмайды ғой. Неге десеңіз, ол жерде халық төреші. Бізде барлығы камераға түсіріледі. Қажет кезде тексереді. Сосын біздегі халық басқа спортқа қарағанда күрестің ережесін жетік біледі. Негізі, Моңғолияда ер-азаматтардың дені, мейлі бала кезінде болсын, күреске қатысады. Кейін оны жалғастырып әкетпесе де, жан-тәнімен жанкүйер болып, көрермен ретінде қызықтайды. Олардың қанында бар десем артық айтпаймын. Сосын мың жыл бойы жалғасын тауып келе жатқан спорт сайысы болған соң көпшілік моңғол ұлттық күресін таза күрес түрі дегенді жиі айтады.
– Түркияда сіз қатысқан Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Серік Бердімұратұлы абсолютті салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Екеуіңіз азулы қарсыластан бөлек, жақын досқа ұқсайсыздар.
– Иә, Серік екеуіміз бала кезден күресіп келе жатқандықтан етене араласамыз. Серік қазақ күресінен өтетін ойындарға жиі қатысады. Мен қазақ күресінен Серікке әлім жетпейді (күліп).
– Салмақтарыңыз бірдей ме?
– Негізі, жақынырақ. Бірақ ол қазақ күресінің ережесін жақсы біледі. Дзюдодан да жақсы күреседі. Тәжірибесі мол.
– «Наадан» кезінде оған қарсылас атануыңыз мүмкін ғой?
– Ол да мүмкін. Бірақ ол кезде екеуіміз де ережені беске білетіндіктен кездесу соңы тартысты бәсекеге ұласатыны анық. Мен өмірімнің көп бөлігін моңғол ұлттық күресіне арнаған соң бұл спортты көпке дейін жаныма серік етемін. Бірақ алдағы уақытта қазақ күресімен де біраз шұғылдансам деген ой бар.
– Көздеген мақсатыңыз қандай? Мемлекеттік лашын атағыңыз бар, ендігі меже – мемлекеттік піл, арыстан атағы ма?
– Ондай мақсатым бар еді, бірақ биыл өткен 100 жылдыққа орайластырылған ұлттық мереке алдында үлкен жарақат алып, екі-үш ай аяғымды баса алмай қалдым. «Наадам» мерекесіне толық айыға алмасам да, күреспесем болмайтын секілді көрінді. Сөйтіп, жарысқа қатысып, ақырында үшінші кезеңде жығылып қалдым. Бұйырса, келесі жылы өтетін ұлттық мерекеге сақадай-сай дайындалып баруды көздеп отырмын.
– «Наадамға» дайындықты биылдан бастайсыздар ма?
– Иә, бірақ қазір бізде аймақтар арасында командалар жарысы басталды. Бұл моңғол ұлттық күресі тарихында бірінші рет өткізілуде. Бұрын әр балуан жеке нәтиже үшін күресетін еді, ал мында әркім команданың жалпы көрсеткішіне жауапты. Мұнда жауапкершілік екі есе жоғары. Жалпы саны 21 аймақтың командасы өзара белдесіп, ұпай саны бойынша келесі кезеңге өтіп, соңында жеңімпазды анықтайды. Бірінші орын иегерлеріне қомақты жүлде тігіліп отыр. Амандық болса жуырда біз бұл сайысқа Баян-Өлгей аймағының атынан араласамыз.
– Бір командада неше палуан белдеседі? Оның нешеуі қазақ?
– Бір командада алты палуаннан. Біздегі алты балуанның біреуі – біздің өлкеде өсіп-өнген моңғол балуан. Қалған бесеуміз – қазақпыз. Арасында Серік те бар. Команда атынан сынға түсетіндер жыл бойы көрсеткен нәтижесі, арнайы жүргізілген статистика бойынша іріктеліп алынады. Командалық жарыс ай сайын өтетін болады. Ал ақтық бәсеке, чемпиондық атақ үшін талас келесі жылдың сәуір айында өтеді. Қазір елге бара салып, сол бәсекеге дайындаламыз.
– Әңгімеңізге рахмет! Баян-Өлгей аймағының командасына тек жеңіс тілейміз!