Атқа мінген баланың денсаулығы жақсарады: 64 бала сауығып шыққан

Атқа мінген баланың денсаулығы жақсарады: 64 бала сауығып шыққан

Атқа мінген баланың денсаулығы жақсарады: 64 бала сауығып шыққан
ашық дереккөзі
50654
Жылқыға мінген адамның қан айналымы жақсарып, түрлі аурудың алдын алады. Тіпті, туберкулез таяқшасының өзі мұндай терапиядан өліп кететін көрінеді. Медицинада жылқымен емдеу шарасын – иппотерапия деп атайды. Бұл, әсіресе, ерекше күтімді қажет ететін балаларға қажет. Аталмыш күтім шарасы мен елімізге енді келе бастаған краудфандинг жайлы «Тараз» қалалық мүгедектер қоғамының» мүшесі, социолог Халбы Жайлыбековадан сұрап білген едік. Иппотерапияның пайдасы «Адамның көп ауруы қан айналымының нашарлауынан пайда болады» дейді Халбы Шортанбайқызы. Әсіресе, ерекше күтімді қажет ететін баланың көбі осы қан жүрмеудің себебінен сал болып қалады екен.
«Ал жылқының дене температурасы адамдікінен ыстық. Шамамен, бір жарым градус жоғары. Жылқыға мінген адамның қан айналымы жақсаратыны содан. Қан бармай, жүрмей тұрған дене мүшелеріне қан жүгіреді. ДЦП, аутизм, неврологиялық және психологиялық ауруларды сауықтыруға болады. Жылқыға отырған баланың омыртқасы мен арқасы түзеледі. Координациясы жақсарады. Шағын моторикасы дамиды. Күйзелістен арылып, тактильді сезімі реттеледі. Иппотерапияның пайдасы өте мол. Бірде-бір кері әсері жоқ», – дейді Халбы Жайлыбекова.
Жылқы баланың физикалық дамуына ғана емес, психологиялық жай-күйіне де жақсы әсер етеді. Бала табиғатпен танысып, жануармен қарым-қатынас орнатады.
«Бір қызығы, жылқының өзі де балаға мейірім танытады. Мүгедек жан отырғанын сезеді. Балалар да жылқыны көргенде қуанып кетеді. Оны сипап, жем-шөп бергенінің өзі бақыт оларға. Алып келген көкөнісін беріп мәз боп жатады. Мұның бәрі балаға мейірім мен қамқорлық сыйлайды», – дейді  әлеуметтанушы.
Мұндай балаға серуендеу мен табиғатты таныған аса маңызды.
«Шыны керек, балалар дәрігерді көргенде зәрезап болады. Ал жылқыдан бала мүлде қорықпайды. Қуана-қуана келеді. Тараз қалалық “мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі мүмкіндігі шектеулі  балалардың (Даун синдромы, церебральді паралич, аутизм) иппотерапия (терапиялық шабандоз) арқылы «Тұлпар» ат спорты клубында дертіне шипа табуларына  көмектеседі.  Тараз қаласы бойынша ақысыз қызмет көрсетеді. Екі жыл бойына жұмыстың нәтижесі бойынша, 64 баланың 27-сінің денсаулығы жақсарды. Кейбірі аяққа тұрса, енді бірі саусағын ашып-жұматын болды», – дейді Халбы Шортанбайқызы.
Қазақстанға енді келген тәжірибе Иппотерапияның әлемде пайда болғанына 40 жылдай уақыт болды. Әлем елдері бірінен кейін бірі баламалы емдік шара ретінде жаппай енгізіп жатыр. Қазақстанға да енді келген тәжірибе.
«Бізбен салыстырғанда, көрші Ресей, Украина елдерінде жақсы дамыған. Мұнымен кәсіби мамандар айналысады. Жылқыға мінген баламен логопед, психолог, дәрігерлер жұмыс істейді. Ал Қазақстанда ондай жоқ. Енді-енді кеп жатыр. Біздің Тараз қаласында иппотерапиямен әлеуметтік жоба ретінде айналысқанымызға 2 жыл ғана болды», – дейді кейіпкеріміз.
Айтуынша, қолдаушылар аз көрінеді. Мемлекет тарапынан көмек беріліп жатыр. Балаларға арнап жылқы алып, оған манеж бен жылқы тұратын орын дайындап берген екен. Бірақ иппотерапия аяққа тұрып, көбірек балаға көмек көрсету үшін әлі де қолдау күші қажет.
«Егер тағы көбірек жылқы болса, сауыққандар саны бұдан да көп болар еді», – дейді Халбы Шортанбайқызы.
Әлеуметтік жобамен айналысушылар жақында Ислам банкінің арнайы жобасына қатысып, краудфандинг ұйымдастырудың жолдарын үйренген екен.

Серіктес жаңалықтары