50406
АҚШ-та жаттығу залын ашып, бапкерлікке бетбұрыс жасадым – Елеусінов
АҚШ-та жаттығу залын ашып, бапкерлікке бетбұрыс жасадым – Елеусінов
2005 жылдан бері Қазақстанның атын әлемге танытып, әуесқой бокста жетістіктерге жетіп, қазақтың туын көкке желбіреткен Дәурен Елеусінов алдағы уақытта АҚШ-та «үш мектептің симбиозы» деп аталатын мектеп ашатыны туралы, Кеңес дәуіріндегі, қазіргі қазақ және АҚШ, Куба бокс өнерінің қыр-сыры туралы айтып берді.
- Дәурен, бокста жүріп жиған тәжірибеңізді енді бапкерлік жолда пайдаға асырмаққа бекініпсіз. Қуаныштымыз! Сіз ұсынып отырған «үш мектептің симбиозы» дегеніміз не?
- Әуесқой рингте 2005 жылдан бері әлемді аралап, Қазақстанның намысын қорғап, байрақты бәсекелерде жекпе-жектер өткіздім. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, екі дүркін ел чемпионы және студенттер арасында әлем чемпионы атандым. 2014 жылы кәсіпқой бокста АҚШ-та дебют жасадым. Жекпе-жектерім мен оқу-жаттығу лагерімнің басым көпшілігі Америкада өтті. Осылайша қазақ бокс мектебінен түлеп ұшып, заманауи бокстың қыр-сырын да меңгере жүріп, бапкерлікке бетбұрыс жасауды жөн көрдім. Қазір жиған-терген тәжірибеммен бөлісіп, елімнің боксын жаһандық деңгейде дамытып, жаңаша леп әкелуге бекіндім. Осы мақсатта жылдар бойы үлкен ізденістер жасай отырып, “Үш мектептің симбиозы” деген бокстан жаңа методиканы жасап шықтым. Бүгінгі тілге тиек ететін әңгіме - қазақ (кеңестік) - америка-куба бокс мектептерінің ең үздік әдіс-дәстүрлерінің жиынтығы.
- Кезіндегі басты бәсекелес әрі бақталас КСРО мен АҚШ бокс мектептері жайлы не айтар едіңіз?
- КСРО кезінде бокс нақты бір жүйеге негізделген еді. Ғылыми әрі стандартты түрге ие жаттығу процессі барлық боксшыға бірдей болды. АҚШ-та керісінше, жекелей тұлғалық дамуға басымдық берілді. Кеңестік бокс мектебі үлкен салмақ салатын физикалық дайындық пен боксшыны жан-жақты шыңдауға бетбұрыс жасады. Америкалық бокс мамандары болса, шәкіртінің мықты жақтарын дамытуға иек артты.
- Екі бокс мектебінің өкілдерінің рингте жұдырықтасу стилінде қандай ерекшеліктер бар?
- Кеңес үкіметі кезіндегі боксшылар алыс қашықтықтан ұрыс салуға бейім, әрі өз қарсыласы алдындағы техникалық, тактикалық басымдықтарына сүйенуімен ерекше. Америкалық былғары қолғап шеберлері болса, қысқа әрі орта қашықтықта жұдырықтасуға өте икемді. Сонымен қатар олар дәл және ауыр соққылардан тұратын, қарсыласты талқандауға негізделген «күшті бокс» стиліне төселген. Сондықтан кеңес боксшыларының түрлі бұрыштан тиетін тіке соққылары – басты қаруы саналды, ал америкалық бокс шеберлерін қапталдан ұратын соққылары, апперкоты мен әсіресе алдыңғы қолмен соғылатын хуктары ерекшелейді.
- Демек, америкалық боксшылардың шаршы алаңдағы айқасу мәнерін “ұрда-жық” стилі деп атауға болады ғой?
- Қоян-қолтық айқас америкалық боксшылар үшін үйреншікті іс болса, кеңестік былғары қолғап шеберлеріне ашық жекпе-жектен қашу жолдары үйретілетін. Яғни, қорғанысқа көп көңіл бөлініп, тиімсіз соққыларды өткізіп алмай, дәл әрі нәтижелі шабуылдау. Бірі, сәті келсе, қарсыласын «ұрып құлатуға» құштар болса, екіншісі, шеберлік пен шымырлыққа сүйене жүріп ұтуға бейімделді.
- Кеңестік кезеңдегі қазақтың үздік боксшыларының архивтік жекпе-жектерді тамашалағанда, олардың рингте еркін ойқастап жүргенін көруге болады…
- Кеңес кезіндегі боксшылар «челнок» деп кең танылған аяқта ұтқыр қозғала алу стилімен көзге түсетін. Әйгілі отандасымыз Серік Қонақбаев аяқ қимылдарымен рингте сан-алуан өрнек салғанда, талай қарсыласынан бәсі жоғары тұратын еді. Кеңес тұсындағы боксшылар әрқашан бірінші нөмір болып қимылдап, қарсыласты көп әрекет етуге мәжбүрлейтін. Америкалық боксшылар болса, екінші болып шабуылдауға, қарымта соққыларға күш салатын.
- Тасқамал қорғанысқа ие боксшы айқаста оңайлықпен алдырмайды. Тіпті көп жағдайда сауатты қорғаныс жеңіс сыйлап жатады. Бұл тұрғыда екі мектептің айырмашылықтары бар ма?
- Жоғарыда атап өткен «челнок» әдісіне – (боксшының бір орында тұрып аяқпен қозғалуына) кеңестік дәуірде ерекше көңіл бөлінетін. Бұл мектеп түлектері осы қимылдардың арқасында тек шабуылын бастап қоймай, қарсыласының шабуылынан да құтыла алады. Америкалықтар өз кезегінде қорғаныста денесі мен басын жақсы қимылдата алады. Олар үшін инфайтинг (жақын қашықтықта жұдырықтасу) – үйреншікті орта. АҚШ өкілдері тас-түйін қорғаныста да шебер болып келеді. Географиялық өзгешеліктен бөлек, бұл екі бокс мектебінің негізгі басты айырмашылығы болды. Кеңес боксшылары қысқа уақыт ішінде ұтқыр болуға, яғни нағыз әуесқой боксқа төселген еді. Өйткені кеңестік кезеңде кәсіпқой боксқа тыйым салынса, АҚШ-та керісінше әуесқой бокс - кәсіпқой рингке өтетін мектеп ретінде қалыптасқан.
- Әлемге әйгілі болған куба бокс мектебіне тоқталсақ. Кубалық былғары қолғап шеберлерінің табысты болуының құпиясы неде?
- Кубалық бокс мектебі өз түлектерін хореографиямен шұғылдануға ынталандырады. Олар рингте құдды билеп жүргендей әсер аласыз. Осылайша әлемдік брендке айналған «билеп жүріп, соқ» деген кубалық стиль қалыптасты. Негізінде кубалық бокс мектебі – америкалық әрі кеңестік бокс мектептерінің қосындысы. Осы екі мектеп негізінде, кубалықтар өзінің дәстүрлі элементтерін үйлестіре отырып, өз боксын әуесқой деңгейде биікке көтере алды. Жергілікті спортшылардың физиологиялық ерекшеліктері, табиғи төзімділігі оларға басымдық береді. Қанға біткен би қимылдарына бейімділік куба боксшыларының икемділігін, ойнақшып тұратын ринтегі ширақтығын паш етеді. Аяқпен әмбебап қозғалыс, жекпе-жектің қарқыны, сан-алуан қашықтықта шабуылдай білу және тұрысты лезде алмастыра алу – куба боксының сипаты.
- Кеңестік дәуірден тамыр алып, кейін өзіндік даму жолы мен өрнегін тапқан қазақ бокс мектебіне тоқталсақ. Біздің былғары қолғап шеберлеріміз несімен бағаланады?
- Тәуелсіздік алған уақыттан бері қазақ бокс мектебі түрленіп, жаңаша бағытта дамуда. Заманауи қазақ боксында кезіндегі кеңестік мектептің негізі қалса да, соңғы уақытта үлкен ілгерілеу байқалады. Ең бірінші, қазақ халқының генінде бар ерекшеліктер рингтегі боксшыларымызды әркез айрықшалап тұрады. Бұл қасиеттердің қатарында қайсарлық, табиғи күш-қуат, шымырлық пен қоян-қолтық айқасқа деген құштарлық бар. Соңғы жылдардағы әуесқой бокстан өткен әлемдік біріншіліктер мен олимпиада ойындарында өнер көрсеткен қазақ боксшыларының стилінде, өзге посткеңестік елдердің былғары қолғап шеберлеріне ұқсамайтын жаңаша өрнек бар. Бұған жаһандық бокстың дамуы, қазақ бапкерлерінің жетілуі өз ықпалын тигізіп жатыр. Егемендік алған отыз жылда әуесқой бокста жеткен жарқын жетістіктеріміз осыған дәлел.
- Қазақ боксы – әлемдегі үздіктердің сапында екені сөзсіз. Бүгінде кәсіпқой рингте де бірнеше чемпионымызбен мақтана аламыз. Кәсіпқой боксымыздың жалпы аяқ алысы қалай?
- Бүгінгі қазақстандық былғары қолғап шеберлері кәсіпқой рингте атой салып, «Qazaq style» деген терминді әлемдік брендке айналдыра алды. Василий Жиров, Геннадий Головкин, Жанат Жақиянов, Бейбіт Шүменов, бауырым Данияр Елеусінов пен інім Жәнібек Әлімханұлы секілді чемпиондарымыздың жолымен мақтанамыз. Қазіргі таңда еліміздің әр түкпірінде кәсіпқой бокс кештері үзбей өтіп тұрады. Жанкүйер жұртымыздың да талғамы күн санап артып, жас кәсіпқой боксшыларымыз қанат жайып өсіп келеді.
- Өзіңіз «үш мектептің симбиозы» деп ат қойған бапкерлік әдістемеңізге келсек. Бұл боксқа сіз әкелген жаңалық па, әлде жаңашылдық па?
- Мен ұсынып отырған бапкерлік әдістемеде баланы кішкентайынан бокстың темірдей тәртібіне көндіру міндет емес деген басты қағида бар. Яғни, баланың боксқа деген махаббаты оянуы үшін, алдымен жаттығу залының атмосферасын бойына сіңіруі қажет. Ойнап жүріп-ақ, бала көзімен көргенін тез қағып алатын қабілетке ие. Одан кейін былғары қолғапты кигізіп, боксқа баулу басталады. Қазіргі таңда бокс өте қарқынды дамып, ескірген шаблондардың шеңберінен шығатын уақыттың келгендігін көрсетті. Баяғыдан қанымызда бар қазақ бокс мектебінің ең мықты тұстарын, америкалық және кубалық бокс дәстүрінің озық үлгілерімен ұштастыра отырып осындай методиканы ұсынып отырмын.
- ХХІ ғасырдағы бокс үлкен өзгеріске ұшырады ма?
- Бүгінгі бокс, бұрынғы бокстан өзгерек. Әуесқойдағы бас жабдығын (шлем) шешу туралы шешім шыққалы бері, бокс түрленіп сала берді. Кеңестік кезеңнен келе жатқан боксты үйретудің кем-кетігі де көрініс тапты. Қазақстандық бапкерлер заманауи бокс талаптарын игеріп, өз білімдерін толықтырып, жақсы даму үстінде. Мұнымен тоқтап қалмай, бүгінде көшілгері саналатын америкалық бокс нарығына да бетбұрыс жасуды жөн санаймын. Бапкерлік ізденісті әркез шыңдап, біліктілікті жетілдіріп отырудың арқасында ғана үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады. Осы мақсатта жан-жақты толысып, білгенімді үйретуді қалаймын. Бокс - мінезді шыңдайтын, төзімділік пен өрлікті дәріптейтін нағыз бекзада спорт түрі. Осы жолда чемпиондарды тәрбиелеп, өсіріп шығару – ізгі арманым.
- Кез келген жақсы боксшының табысты бапкер болып кетуі сирек. Бұл істің де қыр-сырын білу үшін көп уақыт қажет. Сіздің жаттықтырушылыққа құштарлығыңызды не оятты?
- Әуесқой бокста біраз жүрдім, кәсіпқой рингте қанша жыл өнер көрсетіп келем. Жаңалыққа ынтам оянып, зерттей келе, көп дүниені көңілге түйдім. Өзім жекпе-жек өткізген әрі жаттыққан елдердің бокс залдарынан ең үздік әдіс-тәсілдерді меңгеруге тырыстым. Осылайша өзімнің бапкерлікке икемім бар екендігін байқадым. Бокс тоқтаусыз дамып келеді, мамандар да соған сай болуы қажет.
- Сіз үйрететін бокстың үлгісі қандай? Әдістеріңіз несімен ерекше?
- Мысалы, барлық адамдар оңқай және солақай деп бөлінеді. Солақайлар сирек кездескенімен, оларды бокстың тізімінен сызып тастай алмаймыз. Кез келген тәжірибелі боксшы, «солақайды» – ең ыңғайсыз қарсылас деп айтар еді. Өйткені боксшыны даярлауға арналған әдістемелік құралдардың көпшілігі оңқай боксшыларға негізделген. Бокс әлеміндегі әйгілі солақай кәсіпқой былғары қолғап шеберлерінің тізімінде - Мэнни Пакьяо, ДеМаркус Корли, Забдиэль Джуда, Хоэль Касамайор және Антонио Тарвер секілді көптеген есімдер бар. Олардың көпшілігі екі қолын да теңдей қолдана білетін қауіпті боксшылар ретінде белгілі. Мына қызыққа қараңыз, әуесқой және кәсіпқой бокста әлем чемпионы атанғандардың әрбір төртіншісі – солақай боксшы. Бұл солақайлардың рингте оңқайлармен көбірек жұмыс істеп үйренуінің нәтижесі ғана емес. Бастағы мидың белгілі бөліктерінің дамуы да, осыған тікелей себепші болуы мүмкін дейді ғылым. Әйгілі Василий Ломаченко, Александр Усик секілді боксшылар - осыған дәлел.
- Демек, сіздің жасап шыққан бапкерлік әдіс-тәсіліңіз солақай боксшылардың стиліне негізделген бе?
- Тек солақайлардың табиғи басымдығын арттырып қана қоймай, солақай боксшыны қалай жеңуге болатынын үйретемін. Қазақстанның бокс тарихында Василий Жиров, Ермахан Ибраимов, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев секілді солақай боксшылар бар. Олардың рингтегі айқасына көз салсаңыз, әрқайсысы ерекше мәнерде жұдырықтасады. Бұл - табиғи жолмен берілген қасиеттер. Солақайлардың координациясы жақсырақ дамыған, әрі олар тепе-теңдікті сақтауда ұтымды келеді деп санайды бокс мамандары. Бокстағы статистикаға сүйенсек, солақайдың табысқа жету жолы бірнеше есе оңтайлырақ болуы мүмкін. Әрине, барлық боксшы бірдей тер төгіп, тек мыңнан тұлпары ғана биіктерді бағындыра алады. Дегенмен, бұл - өз алдына ерекше әрі қызықты ізденіс жасауға болатын тақырып.
- Ал солақайларға қарсы тұра білудің және оларды ұтудың қандай жолдарын айтар едіңіз?
- Оңқай боксшының ерекше және солақай боксшыға қарсы пайдалана алатын, көп маман біле бермейтін тұстары бар. Солақай боксшылардың әлсіз тұстары көп жерде зерттелмеген. Мысалы, солақай боксшыға алдыңғы барлаушы қолын айқаста емін-еркін қолдануына жол бермейтін, оны сескендіретін әдістер бар. Бұл нұсқаулық оң қолды боксшылар үшін өте пайдалы. Барлығын бір сұхбатқа сыйғызу мүмкін емес. Солақайдың осал тұстарын дөп басып танып, оңқайдың бес қаруын сай етіп рингке шығару үшін уақыт керек. Менің үйрететін авторлық әдістердің ішінде бұл кеңірек қамтылған.
- Сөзіңізден тағы бір ұққаным, солақай боксшы рингтегі оңқай қарсыласының алдында біраз басымдыққа ие. Нақтырақ сипаттап берсеңіз?
- Солақай боксшының басты ерекшелігі, ол - рингке қарсыласының айнадағы бейнесіндей көрінетін тұрысқа ие. Оңқайға бұл жағдайда қорғаныс пен шабуылдаудың түрлі әдістері тиімсіздеу келеді. Ол көп жағдайда дәлдігі төмен соққылар жасап, қорғанысының әлсіз тұстарын көрсетіп қояды. Нәтижесінде, оңқайдың өзі үйренген төрт жақты қорғанысына сызат түседі. Басы мен денесі ашық күйде қалады. Тиісінше солақай боксшы оң қолының хук соққысымен, джебтермен және солақай оверхэнд (қолдың үстімен жасалатын соққы) әрі тіке соғу арқылы қарсыласын қарусыздандырады.
- Солақай боксшыға қарсы жекпе-жекте ұтымды жұдырықтасудың, ұпай алудың қандай амалдарын оңқайлар білуі тиіс?
- Боксшының жан-жақты дамығаны жақсы. Солақайдың басымдығы – сол қолымен жасайтын жылдам әрі ауыр соққысы екендігін көпшілігі ұмытып кетіп жатады. Әрі бұл солақайдың бауыр тұсын жалаңаштап, оңқайға екі қолмен де ішіне ұруына жол ашады. Солақай боксшы өзіне тән бұрыштарды пайдалануды өте жақсы меңгерген. Оңқай боксшы өзі үшін қалыпты емес тұстардан көп соққы жіберіп алуы мүмкін. Салыстырмалы түрде қоян-қолтық ұрыс салу нәтижесіз болады. Демек, солақайға қарсы жеңіске жету үшін өзгеше шабуыл жоспарын құру қажет. Менің ұсынған әдістерімнің бір бөлігі осыны үйретеді.
- Әйгілі үш бокс мектебінің ең үздік әдіс-тәсілдерін жинай отырып, өз тәжірибеңізді қосып жасап шыққан бапкерлік әдістемеңіздің жемісті боларына сенеміз. Бұл жаңалық ойлап табу емес барды түрлендіру болып тұр ғой?
- Әрине. Мен ұсынып отырған методикадан, жас боксшы қозғала отырып, екі жаққа бұғудың ерекше тәсілдерін үйрене алады. Бокстағы тұрысын (стойка) оңай жолмен реттеуге болады. Бұл үшін тиімді әрі тез арада игеруге қолайлы бағдарлама бар. Одан бөлек, алдыға жүре отыра соққыны бірге ұруды үйренудің жеңіл тәсілдері қамтылған. Бұл жерде координацияны шыңдау өте маңызды. Өйткені боксшы үшін тепе-теңдікті сақтай білу, рингте жемісті өнер көрсетуіне ықпал етеді. Екі аяққа дұрыс жайғасқан тепе-теңдік – боксшының үстемдігі. Ол үшін бидегі тәрізді аэробика қимылдары шыңдалуға өте пайдалы. Бокстың негізгі қағидаларын үйрене отырып, тәлімгерге хореографияны да меңгеруі қажет. Осылай жас баланың бұлшық етінің жады координацияға да, жұдырықтасуға да қатар бейімделеді.
- Ширақтық пен шымырлық – рингте қарсыласқа жем болмай, оны ұта білудің тетігі деңіз..?!
- Боксшыға бір орында тұрып қалмай, үнемі қозғалыста жүру – қарсыластың нысанасына сирек ілінуге мүмкіндік береді. Осылай келген соққыдан жалтарып кетуге, дұрыс қорғаныс жүйесін құруға болады. Сонымен қатар боксшының негізгі соғушы қолы, үнемі оқтаулы мылтық тәрізді даяр тұрады әрі түрлі қашықтықтан шабуылдауға жол ашады. Әрине, рингтегі айқасты сөзбен суреттеу мен шынайы жекпе-жектің атмосферасы мүлде басқа дүние. Алайда алғашқы кезден-ақ дұрыс баптаудан өткен боксшы, ертең рингте кез келгенге қауіпті күшке айналады.
- Алғашқы бапкерлік қадамды Америка елінде бастауды жөн деп шешкен екенсіз. Осы жайлы толығырақ айта кетсеңіз…
- Иә, қазір бапкерліктің алғашқы қадамдарын АҚШ елінде бастамақпын. Ол жақтың бокс мамандарымен етене жұмыс істеп, тәжірибе алмасып, біліктілікті шыңдау керек. Үйренеріміз де көп, үйретеріміз де бар. Жергілікті боксқұмар балалармен де жұмыс істеп көргім келеді. Бұл болашақта қазақ пен америкалық бокс мектептерінің арасында көпір салу болмақ. Бокс қазіргі таңда нарықтық заңдылықтармен өмір сүретін спорт түрі. Біз осы бизнес шеңберінде таланттардың көзін ашып, табысқа жетуді көздейміз.
Дәурен, сұхбатыңызға рақмет!
Серік НОЯН.