50322
Сабаққа барудан бас тартты: Атырауда 4-сынып оқушыларына белгісіз ұнтақ жегізген
Сабаққа барудан бас тартты: Атырауда 4-сынып оқушыларына белгісіз ұнтақ жегізген
Атырау мектептерінің бірінде төртінші сынып оқушылары «дедовщинаға» байланысты сабаққа барудан бас тартты. Балалар ата-аналарына жоғары сынып оқушылары оларды қорқытып, ақша жинап, құрғақ ұнтақ жеуге мәжбүр ететіндерін айтады. Алайда ата-аналар бұл туралы оқушылар уланғаннан кейін ғана білді деп хабарлады turkystan.kz «Мой город» басылымына сілтеме жасап.
Оқушылардың бірінің анасы жақында 4-сыныпта оқитын ұлының түрлі сылтаумен ақша сұрап, әкесінің әмиянынан белгілі мөлшердегі ақшаны рұқсатсыз алып кеткенін байқаған. Ол әлеуметтік желіде оқиға туралы баяндады. Ал екі күн бұрын оқушы басы айналып, есінен танып қала жаздаған.
«Полиция қызметкерлері келіп түскен ақпаратты тексерді. Төртінші сынып оқушыларынан заңды өкілдері арқылы жауап алынды. Наркологиялық сараптама жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша ұнтақтың психотроптық зат емес, адам ағзасына зиян келтірмейтіні белгілі болды. Ол суда еритін құрғақ сусын болып шықты», – деді Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.Айта кетейік, мектеп басшылығына оқушылардың ата-аналары өтініш айтқан. Ал әкімшілік мектеп жанында орнатылған бейнекамералардағы жазбаларды қарап шығып, ештеңе табылмағанын жеткізді.