51212
Қазақстанды 6 ай жаяу аралаған қарияның хикаясы
Қазақстанды 6 ай жаяу аралаған қарияның хикаясы
Алты ай бойы еліміздің 17 өңірін жаяу аралаған 72 жастағы Сәрсенбай Қотырашевтың мұнымен тоқтап қалғысы жоқ. Сапардан оралғанына небәрі он күн болса да, ол келесі жылы жүріп өтетін бағытын айқындап қойғанын, тіпті қасында еріп жүретін қолдаушылары да табылғанын айтады. 181 күнде 8 мың шақырымды артта қалдырған, жеті жұп аяқкиім, 20-дан астам резеңке дөңгелек тоздырған жиһанкез ендігі кезекте дүниежүзін жаяу аралап, Қазақстанды әлемге танытқысы келеді. Зейнет жасынан асса да, еңбекке араласып, түрлі бастама көтеріп жүрген қарт марафоншының әңгімесін жазып алған едік.
ТОҒЫЗ ЖАСЫМНАН БАСТАП ЕҢБЕККЕ АРАЛАСТЫМ
Мен 1950 жылы 15 қаңтарда Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Атасу поселкесінде дүниеге келдім. Тоғыз жасымнан бастап еңбекке араластым. Жаңаарқа ауданындағы сауда орталығында жүк тиеуші, сосын Ақтау кеңшарында қойшы болдым. Жаңаарқада жаңадан ашылған құрылыс мекемесі ПМК-1015-те жұмысшы болып, төртінші разрядтық ағаш шебері мамандығын меңгердім. Сосын әскерге аттандым. Одан оралған соң әлгі мекемеде жұмысымды жалғастырдым. Содан соң сол мекеме арқылы «Қарағанды шахта құрылысы» мектебінде жеті ай оқу мүмкіндігі туындап, онда автокраншы мамандығын алып шықтым. Содан кейін ол мекеме тараған соң аудандық атқару комитеті берген жолдамамен училищеге темір ұстасы болып жұмысқа тұрдым. Онда біраз жыл еңбек еткен соң басшылық мені өндірістік оқу шебері деген дәрежеге көтерді. Сосын тағы сол аудандық атқару комитетінен спорт мектебінің деңгейін көтеру жөнінде тапсырма алып, ол мектепте біршама уақыт завхоз болып жұмыс істедім. Сосын райкомның ұсынысымен Жаңаарқадағы әртүрлі мекемеде қызмет еттім. 1994 жылы Жезқазғандағы қаржы бақылау басқармасы жұмысқа шақырып, әкімшілік шаруашылық бөлімін басқардым. Кейін облыс мәртебесі алынып тасталған соң ол мекеме тарап, әртүрлі жұмыс істеуге тура келді. Темір ауылындағы құс фабрикасында, «Арай» фирмасында, түрлі түсті металл қабылдайтын «Барыс» фирмасында, сосын өндірістік теміржолда ұста болып жұмыс істедім. Бертін келе «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайына жұмысқа тұрып, археологтермен етене жұмыс істедім. Онда көптеген жәдігерді қайта қалпына келтіріп, қорықтың маңайын абаттандырып, қолдан қоршау жасап, тақтайшалар орнаттым. Бұл іс маған таңсық емес. Өйткені оған дейін бұрынырақта Жаңаарқада училищеде жұмыс істеп жүргенде Еңбек музейінің экспозициясын салғаным бар. Сосын 1984 жылы Жаңаарқадағы тарихи өлкетану музейінің экспозициясын қағаз бетіне түсірдім. 2012 жылы толық жөндеу жұмысына жабылған соң Ұлытау мемлекеттік қорық-мұражайының жаңа экспозициясын әзірледім. Қазір зейнетке шықсам да, Жезқазған темір-бетон зауытында ұста болып жұмыс істеймін.ҚАЗАҚСТАНДЫ ЖАЯУ ЖҮРІП ӨТУГЕ АЛТЫ ЖЫЛ ДАЙЫНДАЛДЫМ
Алты жыл бұрын музейде жұмыс істеп жүргенімде айналама Қазақстанды жаяу жүріп өткім келетінін айтқанда «Мақсатсыз шыққан сапар сәтті болмайды» деп бетімді қайтарып тастаған болатын. Алты жыл бойы бұл ой жадымнан кетпей, талай рет оқталдым. Ақыры Алла берген қуат, халық көрсеткен қолдау нәтижесінде биыл оның сәті түсіп, алдыма үш мақсат қойып, 31 наурызда Қазақстанды жаяу аралау үшін жолға шықтым. Мен мұнда атымды шығаруды, өзіме назар аударуды көздеген емеспін. Жаңа айтып өткендей, жол бойы менімен бірге арқамда үш мақсат «мінгесіп» келді. Бірінші мақсат – Ұлытау өңірінің қазақ тарихында алатын орнын көрсету, аймақты кеңінен насихаттау. Жол бойы үстіме ULYTAUMEN деген жазуы бар футболка киіп, арбама «Ұлытауға бардың ба?...» деп жазып алғаным да сондықтан. Кейбір білгіштер «Қазақта тарих жоқ» деп бос сөйлейді. Ал мен әлемде біздің ұлтымыздың тарихына тең келетін тарих жоқ екенін дәлелдеуді мақсат еттім. Ұлытауды Қазақстан тұрғындарының 98 пайызы білмейді десем, өтірік емес. Ол түгілі Қарағанды жұрты Ұлытауды білмейді, атын айтсаң, «Біздің аймақта ондай жер бар ма еді?» дегендей аң-таң болады. Өткенде өз алдына жеке облыс ретінде бекіткен кезде ғана естігендер де бар. Біле білсеңіз, Ұлытау өңірінің 6 мың жылға таяу тарихы сонау тас дәуірінен басталады. Біздің дәуірімізге дейінгі 3,5 мың жыл бұрын қола дәуірінде дүниежүзінде ең алғашқы металл қорытқан – Ұлытау өңірі. «Металл қорыту бізден тараған» деп айтсам көбі «Оны қайдан білесіз?» деп таңғалады. Олар мені кітаптан оқып не болмаса ақсақалдардан естігенімді айтып жүр деп ойласа керек. Ал шынында музейде жұмыс істеп жүріп, еліміздің және шетелдің ғалымдарымен бірге археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген кезде пешті қолмен ұстап, көзбен көргенмін. Екінші мақсат – қолөнершілердің мәртебесін асыру. Біздің Үкімет он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлерін қолдамайды. Өзге елдегі шеберлермен салыстырғанда біздікілер тасада қалып келеді. Мысалы, көршілес жатқан Өзбекстанның Үкімет басшысы 17 мың қолөнер шеберінің тізімін жасап, қолдау жасап жатыр екен. Ал бізде тізім түгілі еш қолдау жоқ. Естуімше, ЮНЕСКО ұйымы әлемдегі мықты қолөнершілердің тізімін алып, оларға арнайы сайт ашып, түрлі көрмеге қатысуға мүмкіндік береді екен. Ұлттық қол өнерін әлем таныған шеберлер арнайы шеберхана ашып, шәкірт тәрбиелеуді көздеп жүр екен. Бізде осыншалық қолдау болса ата-әжемізден үйренгенімізді өскелең ұрпаққа үйретіп, халықтың игілігіне пайдамызды тигізер едік. Ал үшінші мақсатты сұрасаңыз, барлық ұлттың өзіне тән жеке мейрамы бар. Бізде тойланбай кеткеніне 105 жыл болған бір ұлттық мейрам бар. Ол – Қымыз мерекесі. Ал бұл мейрамды ата-бабаларымыз жылқыны қолға үйреткеннен бастап үзбей тойлап жүрген. Егінін егіп, малын төлдетіп, жайлауға көшкен соң жаздың ең ұзақ күні 22 маусым күні атап өткен. Бірақ Қазан төңкерісінен кейін ұмыт қалған. Сол мейрамды ел ішінде насихаттап, оның мәнін түсіндіруді көздедім. Сосын Президентке «Күнтізбе бетіне ұлттық мереке ретінде бекітіп берсеңіз» деп халық атынан хат жолдамақпыз. Қазір сол хатты әзірлеудемін.ЖОЛ БОЙЫ ЖЕТІ ЖҰП АЯҚКИІМ, ЖИЫРМАДАН АСТАМ РЕЗЕҢКЕ ДӨҢГЕЛЕК ТОЗДЫРДЫМ
Сапарды 31 мамырда Ұлытаудан бастап, жоспар бойынша Жезқазған, сосын Қызылорда, Түркістан облыстарының жерін басып өтіп, Шымкентке жеттім. Сосын Тараз, Алматы, Талдықорғаннан өтіп, Аягөзге ат басын тіредім. Одан ары Өскемен, Семей, Павлодар, Қарағанды, Астана, Көкшетау топырағын басып, ары қарай Петропавл, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Атырауға жетіп, марафондағы соңғы өңір Ақтау аймағына 1 қазан күні жеттім. Нақтырақ айтсам, 181 күннің ішінде 8 мыңға жуық шақырымды жүріп өттім. Сол 181 күннің ішінде жеті жұп аяқкиім, 20-дан астам резеңке дөңгелек тоздырдым. Әу баста сызған бағытымды өзгертпеуге тырыстым, бірақ жолай бір бағытты қостым. Павлодардан Екібастұзға, сосын Қарағандыға жүруім керек болатын. Кейін тарихи жер Баянауылға жолай соғып кетпесем болмайтынын түсіндім. «Сапарым сәтті аяқталсын» деген ниетпен киелі топырақта Құран оқытып, сапарымды жалғастырдым. «Жолы ең нашар қай өңір?» деп сұрасаңыз, Жезқазған – Қызылорда трассасын айтар едім. Көп жыл жөндеу көрмеген, әбден тозығы жеткен жол екен. Сол жерде арбам ортасынан опырылып түсті. Қызылордаға жетер-жетпес тұста су жаңа дөңгелегім жарылды. Сосын Аягөздің маңында біраз бейнет көрдім. Ал қалғаны – жасырып не қыламын, тақтайдай тегіс жол. Бәріне арбамның ішіне не салып алып жүргенім қызық. Оның ішінде бірнеше киім, төсек қап, дәрі-дәрмек, арбаға қажет құрал-саймандар, азын-аулақ тағам салып алдым. Таңертең ерте жолға шыққаннан соң міз бақпай күн батқанда ғана тізе бүгемін. Ал күндіз тізе бүкпеймін, түрегеліп жүремін. Тамақты да түрегеп тұрып жеймін. Себебі отырып тамақ ішсем, уақыт өтіп кетеді, отырып тұрған кезде ала таңнан бері ұстап келе жатқан қарқынымды қалпына келтіре алмай қаламын. Сосын жолда мен туралы естіп-білген жолаушылар көп тоқтатты. Олардың сәлемін қабыл алмасаң, сыртыңнан сөз айтып, әлеуметтік желіде «Бізді менсінбейді. Өзі ашулы» деп жазуы ықтимал. Сөйтіп, әрбірімен суретке түсіп, қойған сұрақтарына жауап беріп, көңілін қалдырмауға тырыстым. Сонымен қатар Ұлытау, Қымыз мерекесі, қолөнер туралы айтудан жағым талмады (күліп). Күн сайын кемі 100, кей күндері тіпті 500 адаммен амандастым. Аудан, облыс орталығы мен ірі қалаларға кіреберіс жерде сол өңірлердің құрметті азаматтары, ақсақалдары, журналистері, студенттері мен оқушылары ерекше құрмет көрсетіп, айрықша қарсы алды. Кейбірі жағдайымды жасап, қонақүйге орналастырса, енді бірі арнайы үйге апарып, қонақ етіп күтті. Тоқтатушы саны көп болғандықтан, кей кездері күніне 40 шақырымды зорға жүріп отырдым. Бірақ оған де етім үйреніп алды. Жолаушылардан бөлек, жол бойы жұмыс істеп тұрған шайхана иелері де ерекше ықылас танытты. Алдыма ыстық тамақ қойып, бар тәттісін алып шығып, асты-үстіме түсті. Тағы бір айта кетерлігі, күтіп алушылар менің денсаулығыма алаңдап, жедел жәрдем қызметкерлерін қоса ертіп келген. Сол дәрігерлер «Бұл – мүмкін емес. Қанша өлшесек те, сіздің қысым мөлшеріңіз – 120/80. Мынадай жаста сізге Алла қуат берген екен ғой! Осы қалпыңыздан таймаңыз!» деп таңданады. Бірақ уайымдайтындай дәнеңе де жоқ еді, себебі қолыма таққан GPS құралы арқылы Астанадағы мамандар күнделікті мендегі қысым мөлшері мен температураны, мен жүріп өткен жолдың жылдамдығын бақылап отырады. Оның үстіне, жолға шықпас бұрын толығымен медициналық тексеруден өткен болатынмын. Алты ай бойы көбіне қалалар мен елді мекендерде аялдауға тырыстым, ал қараңғы түсіп, далада түн жамылған, жақын орналасқан ауылдарға жете алмай қалған кезде жолдан 30 метр ары шығып, арбамнан төсек қапты алып шығып, сол қаптың «ішіне» кіріп алып, ұйықтаймын да, таң ата жиналып, жолға шығып кетемін. Ұшқан құс, аңнан басқа тірі жан жоқ иен далада жалғыз қалай ұйықтайтыныма ел таңғалады. Көліктер тоқтаусыз ағылып жатқан жолдың бойына аялдасам, қорқып нем бар?!БІР РЕТ КӨЛІККЕ МІНГЕНІМДІ СУРЕТКЕ ТҮСІРІП АЛЫП, ХАЛЫҚТЫ АЛДАП ЖҮР ДЕП АЙЫПТАДЫ
Алты ай ішінде бір-ақ рет көлікке міндім. Оның өзінде амалым жоқ болған соң мінуге тура келді. Қостанайдан аса бергенде шелектеп жауған нөсердің салдарынан асфальт бетіндегі шұңқырды көрмей қалып, аяғымды жарақаттап алдым. Аяғым ісіп, жүре алмай қалдым. Сосын жолай өтіп бара жатқан полиция қызметкерін тоқтатып «Бұл жерге арбамды тастап кете алмаймын. Алдымызда орналасқан елді мекенге жеткізіп таста» деп көмек сұрадым. Көлік ішінде кетіп бара жатқанымда бір орыс жігіт сыртымнан суретке түсіріп алып: «Ақсақал елді алдап жүр. Арбасын тиеп, өзін көлік ішіне отырып алыпты. Біраз жерді көлікпен жүріп, сосын бізге «жаяу жүрдім» деп айтып алдайды» деп ел ішіне өсек таратып жіберіпті. Мен оны бірден естігенім жоқ. Көпшілік «Сіз неге көлікке мінесіз? Неге бізді алдайсыз?» деп сұрақты төпелетеді. Елден ештеңені жасыруға болмайды. Бәрібір естиді. «Алдайтын түгім жоқ, көлікке мінгенім рас, аяғымды басып жүре алмай қалдым» деп ақталғаным бар. Полиция қызметкері жедел жәрдем шақыру туралы ұсыныс айтқан еді, бірақ «Шақырсаң сапарымды аяқтай алмай қаламын» деп шақыртпай қойдым. Сөйтіп, жақын маңдағы ауылға барып, халық емін қабылдап, қырыққабаттан компресс жасап, ертесі түк болмағандай шауып кеттім. Жолда көп шытырман оқиғаны бастан кешірдім. Бір күні жолда келе жатсам артымнан бір орыс әйел қуып жетіп «Почем мороженое?» дейді. Мен де қарап тұрмай, қалжыңмен орағытып, бір балмұздақ 10 мың теңге тұрады деп айта салдым (күліп). Көзі шарасынан шыға жаздаған ол бұл маңда мұндай бағаға балмұздақ сату мүмкін емес екенін айтты. «Мұның бағасы осындай. Сен оған өкпелеме. Қазір осы арада әрең дегенде такси ұстап, қалаға барып, базардан балмұздақ аласың да, қайтадан таксиге мініп, ауылыңа қайтасың. Сол ақша кетеді ғой» деп тағы да ызаландырдым (күліп). Арбам балмұздақ сатушының арбасына ұқсас болған соң мені балмұздақ сатады деп ойлап қалса керек. Сосын арбаға жапсырылған жапсырмалар мен Туды көргенде менің марафоншы екенімді түсініп, бір күліп алды.«ҚАЗАҚМЫС» КОРПОРАЦИЯСЫ ЕКІ БӨЛМЕЛІ ПӘТЕР СЫЙЛАЙДЫ ДЕП ЕШ ОЙЛАМАДЫМ
Отбасымда бір қызым, бір немерем, екі шөберем бар. Қазір немерем және келініммен бірге Жезқазғанда тұрамыз. Алғашында отбасым бұл бастамама қарсы болды. «Қартайған шағыңда көлік қағып кетсе, сосын сені қайдан тауып аламыз? Көмусіз қаласың ғой» деп біраз қипалақтады (күліп). Сосын жоғарыда діттеген мақсатымды түсіндіріп айтқан соң туыстарым, достарым жиналып, жылы лебіздерін айтып, сапарға шығарып салды. Жол бойы Ұлытауды ұлықтағаным үшін «Қазақмыс» корпорациясы күні кеше екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Бұған қоса, ішін жиһазға, тұрмыстық техникаға толтырған. Маған мұндай сый-сияпат жасайды деп еш ойлаған емеспін. Риза болғанымды жасырмаймын. Осы ретте Ұлытау облысының әкімі мен «Қазақмыстың» басшыларына шексіз алғысымды айтқым келеді. Алға қойған жоспарды тиянақты орындап, Ақтауда сапарымды аяқтадым. Сосын ұшақпен Астанаға, ары қарай көлікпен Жезқазғанға жеттім. Арбамды Ақтау қаласындағы туризм қоғамының өкілдері музейге қою үшін сұрап алып қалды. Онсыз да оны ұшаққа алып жүруге болмайтын еді. Менің көрсеткішімді Гиннесс рекордтар кітабына енгізуді қолға алып жатқанын естідім. Әлемде менің жасымда осындай қашықтықты еңсерген басқа адам жоқ екен. Бірақ ол кітап бес жылда бір рет шығатындықтан, мені келесі кітапқа енетін рекордсмендердің тізіміне тіркеп қойды. Тағы қайталап айтамын, мен бұл сапар арқылы елге танылуды көздемедім. Бастысы, тың тарихи мәліметтерді ұлттың «қолына» ұстату, қолөнерге назар аударту, ұмыт қалған, бірақ кезінде ел ішінде дүркірей тойланған ұлттық мейрамды қайта жаңғыртуды мақсат еттім. Көпшілік мен арқылы Ұлытауды білді. Қымыз мерекесін естіп, таң-тамаша болды. Қазіргі басты мақсат – Мемлекет басшысына хат жолдап, жауабын алу. Егер қымыз мерекесі атаулы даталар мен мерейтойлар қатарына қосылса, мұның үш түрлі пайдасы болады. Біріншіден, қымыз арқылы өзіміздің, ұрпағымыздың денсаулығын нығайтамыз. Шетелдің сусындарын қажет етпейміз. Мұның жүзден астам ауруға шипа екенін әлем медицинасы біледі. Қымыздың пайдасын атағы жер жарған ғалымдар мойындап отыр. Екіншіден, қымыз экспортқа шығып, өзге мемлекеттерден сатып алушылар саны арта түседі. Экономикамызға сәл де болса серпін береді. Үшінші пайдасы – түркітілдес халықтар да бізге еріп, қымыз мерекесін тойлайтын болады. Осылайша, достарымыз көбейіп, дұшпандарымыз азаяды. Мүдделесіміз, бауырласымыз көп болғандықтан, бізді сырттан еш жау ала алмайды, ешкім де бізге тісін батыра алмайды.КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ӘЛЕМДІ ЖАЯУ АРАЛАП, ҚАЗАҚСТАНДЫ ДҮНИЕЖҮЗІНЕ ТАНЫТСАМ ДЕЙМІН
Менде көлік жоқ. Автобусқа да мінбеймін. Қатты асыққанда болмаса, таксиге де мінбеймін. Жаяу, емін-еркін жүргенді жөн көремін. Менің алдымда кетіп бара жатқан адамды басып озбасам, көңілім көншімейді. Одан қалып қойғаным менің денсаулығымның жоқтығы деп есептеймін. Бұл әдет бала күнімде қалыптасқан. Ауру қалса да, әдет қалмайды. Әлі сондаймын. Сапарымды аяқтағаныма он күндей уақыт болса да, үйде отырмаймын. Бабымды сақтауға тырысамын. Жұмыста жүрген соң тізе бүкпеймін. Топтың арасында жұмыс істемесем, айналам адамға толы болмаса жалғызсырап қаламын. Көппен бірге жұмыс істесең, көңілді жүресің. Халқыма бергенімнен берерім әлі көп. Шама-шарқым жеткенше көмектесуге тырысамын. Ел мені төбесіне көтеріп сыйлайды. Халыққа керек екенімді сезіндім. Сондықтан да жұмыста көңілді әрі ширақ жүремін. Ал үйде отырсаң, сылтауың көбейеді. «Ана жерім сыздап тұр, мына жерім қақсап тұр» деп айта берсең, орныңнан тұра алмай қаласың. Ауырдым деген адам ауыра береді. Бізде тіпті дені сау адамның басы сәл ауырса, жүріп, таза ауа жұтқанның орнына төсекке жантая кетеді ғой. Сондықтан мен ауру-сырқауды ойламай, жаяу жүруге тырысамын. Алға қойған жоспар көп. Алла қуат берсе, келесі жылы бүкіл дүниежүзін жаяу жүріп өтуді жоспарлап отырмын. Қазақстанды аралау арқылы көптен бері көкейімде жүрген мақсаттарымды іске асырдым. Ендігі мақсат – Қазақстанды әлемге таныту. Қазақстан деген алып мемлекет, қазақ деген бейбітшілік сүйгіш ұлт бар екенін айтқым келеді. «Біз – тек бейбіт өмір сүруге жаратылған халықпыз» деген ұранмен жолға шықпақпын. Соңғы аялдама Ақтау қаласынан пароммен Әзербайжанға, сосын Грузия, Түркия арқылы Еуропаға өтіп, ары қарай ұшақпен Америкаға жетіп, ол алып елдің бер жағынан ар жағына дейін жүріп өткім келеді. Содан соң оның солтүстік-батыс жағалауынан ұшақпен Қытайға ұшып, оны жүріп өтіп, сосын Моңғолия, Шығыс Қазақстанға жету мақсатым бар. Бірақ бұл жолы мен жалғыз емеспін, маған еріп жүргісі келетін екі қолдаушым табылды. Бірі – елімізге танымал фотограф Дмитрий, екіншісі – ағылшын тіліне жетік кинооператор Володя деген жігіт. Олардың бірі жолда көлік айдап, артымыздан еріп жүрсе, бірі менімен бірге жаяу жүреді. Сосын екеуі орын алмастырып отырады.Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ