230
Елбасы Жолдауы – алты құрлық назарында
Елбасы Жолдауы – алты құрлық назарында
Сейсенбі күні Қазақстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде ұйымның «Шиеленістердің алдын алу және бейбітшілікті сақтау» тақырыбындағы ашық пікірталастарына қатысты. Нью-Йоркта өткен жиында еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарас» атты саяси Жолдауын таныстырды.
БҰҰ-ның «Шиеленістердің алдын алу және бейбітшілікті сақтау» тақырыбындағы ашық пікірталасына ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Ұлыбритания, Италия, Латвия, Польша, Франция, Нидерландтар, Украина, Швеция, Эфиопия және Жапонияның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары және сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары, Ресей, Қытай, АҚШ және БҰҰ-ға мүше басқа да мемлекеттердің аталмыш Ұйым жанындағы тұрақты өкілдері қатысты. Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері және БҰҰ елдерінің өкілдері пікірталастар барысында шиеленістердің алдын алу және бейбітшілікті сақтау саласындағы өздерінің ұлттық басымдықтары туралы мәлімдеді, сондай-ақ бүкіләлемдік Ұйым қызметінің осы басым бағыттары бойынша жаңа Бас хатшының жұмысына қолдау білдірді.
Пікірталастар барысында Қазақстанның Сыртқы істер министрі 2017-2018 жылдар кезеңінде Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстан өкілеттіктерінің басталуына орай Мемлекет басшысының саяси Жолдауын жариялады. Қайрат Әбдірахманов бұл Жолдаудың Мемлекет басшысының 2016 жылғы 31 наурыздағы «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің қағидаттарына негізделетіндігін және оны шығармашылық тұрғыдан дамытатындығын атап көрсетті. Президент Н.Назарбаевтың Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммит аясында ұсынылған бағдарламалық құжатының БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына орай ядролық қарусыз әлем құру мақсатында халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ бейбітшілік, қауіпсіздік және даму арасындағы ажырамас байланысты қамтамасыз ете отырып, ғаламшарды соғыстар мен шиеленістерден арылту ісінде күш-жігерді біріктіру және ынтымақтасу қажеттігіне баса назар аударғандығы белгілі.
Жолдауда атап көрсетілгендей, «Қазақстан Кеңесте бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау мен нығайтудың бірінші кезектегі маңыздылығын негізге ала отырып, оның бүкіл күн тәртібі бойынша әділ және шынайы жұмыс істейтін болады». Н. Назарбаевтың Жолдауында, Астана «Қауіпсіздік Кеңесінің барлық мүшелерімен тең құқылы негізде ынтымақтаса жұмыс істеуге, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында ымыраға қол жеткізіп, бәтуаластықтың қалыптасуына септігін тигізуге ниетті» екені айтылған.
Қазақстан Президентінің Үндеуінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстан жұмысының басымдықтары атап көрсетілген. Олардың қатарында ядролық қарусыз әлемді жақындату, жаһандық соғыс қатерін болдырмау, Ауғанстандағы бейбітшілікке ықпалдасу, Орталық Азияда бейбітшіліктің өңірлік аймағын қалыптастыру, БҰҰ қамқорлығымен Жаһандық лаңкестікке қарсы коалиция (желі) құру, Африканың бейбіт дамуына жәрдемдесу, БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын, бейбітшілік, қауіпсіздік және даму арасындағы ажырамас байланысты ілгерілету, БҰҰ-ны ХХІ ғасыр талаптарына бейімдеу және жаһандық проблемаларды шешу үшін ұжымдық саяси ерікті нығайту мақсатында мемлекеттер мен үкіметтер басшылары деңгейінде Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттердің тұрақты кездесулер тетігін келісу бар.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап көрсеткендей, «Қазақстан Кеңесте барлық мүше елдермен аталмыш басымдықты бағыттар бойынша ашық, әділ және саяси жағдаятсыз, жауапты, салмақты және сындарлы түрде жұмыс істеуге ниетті». Осыған орай, құжатта «Қазақстанның маңызды мақсатқа – ХХІ ғасырда әлемді қауіпсіз, әділ және гүлденген әлемге айналдыру мақсатына қол жеткізу жөніндегі өз бастамаларына әріптестерінің тарапынан қолдау көрсетілетіндігіне сенім білдіретіндігі» айтылады.
Сонымен қатар, Қазақстан пікірталас қатысушыларының назарын превентивті дипломатиядағы, сенім шараларын ілгерілету мен нығайтудағы, жаппай қырып-жою қаруын таратпаудағы, дау-жанжалдарды реттеудегі және халықаралық лаңкестікке қарсы әрекет етудегі бірлескен күш-жігердің маңыздылығына аударды. Қазақстан басшылығының Астанада Сирияда бейбітшілік орнату бойынша келіссөздер алаңын ұсынуға дайын екендігі тағы да атап көрсетілді. Қазақстан Президентінің Жолдауы отырыс қатысушыларының жоғары бағасына ие болды. Оны БҰҰ ҚК ресми құжаты ретінде тіркеу туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ, Нью-Йорктегі сапар барысында Қ. Әбдірахмановтың БҰҰ Бас хатшысы А. Гутерришпен кездесуі болып өтті. Кездесу барысында Астананың Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі бағдарламасының өзекті мәселелері және Қазақстан мен БҰҰ ынтымақтастығының көп қырлы күн тәртібі талқыланды.