51094
Жетісу облысы өзінің өңірлік төлтаңбасын бекітті
Жетісу облысы өзінің өңірлік төлтаңбасын бекітті
Жетісу облысының өңірлік гербі конкурс нәтижесінде іріктеп анықталды. Конкурсқа суретшілер, фотографтар, дизайнерлер, архитекторлар және қарапайым қала тұрғындары да қатысты. Жалпы, 17 үміткерден 55 эскиз түскен деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Облыстық қоғамдық Даму басқармасының мәліметінше, өлкенің тарихи-мәдени және географиялық ерекшеліктерінің көрсетілуі, жоғары көркемдік деңгейі, бірегей дизайндық шешім, түстердің үйлесімдігі мен геральдика талаптарының сақталуы бағаланды.
Конкурстық комиссия мүшелерінің шешімімен Жетісу облысы Талдықорған қаласының Қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығының әскери патриоттық жұмыс және Қарулы Күштер ардагерлерімен жұмыс жөніндегі көмекшісі, сонымен бірге, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркем академиясының корреспонтент-мүшесі, вице президенті Дәуренбеков Есет Жеңісұлының эскиз жобасы бірауыздан таңдап алынды.
Өңірлік төлтаңба Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мемлекеттік рәміздер және геральдикалық белгілер мәселелері жөніндегі сараптама кеңесінде сараптамадан өтіп, облыстық мәслихатта келісілді.
Жер жәннаты - Жетісу облысының гербі шеңбер ішінде орналасқан, Мемлекеттік Тудың көк және алтын түсіне негізделген.
Негiзгі нышандардың бірі – шаңырақ, Жетісу жерінің асқарлы, биік таулары, Талдықорған қаласының символы - «Жетісу монументі», Ұлы Жібек Жолының нышаны – керуен көші, жеті өзен, Балқаш, Алакөл көлдерінің айдыны бейнеленген.