Ай сайынғы несиені төлеуге ақша болмаса не істеу керек?

Ай сайынғы несиені төлеуге ақша болмаса не істеу керек?

Ай сайынғы несиені төлеуге ақша болмаса не істеу керек?
ашық дереккөзі
50265
Қазіргі уақытта халықтың табысында тұрақтылық жоқ. Бір айда бар ақша келесі айда болмай қалуы әбден мүмкін. Сәйкесінше, несиесі бар адамдарда осы сәтте қаржылық қиындықтар туындайды. Алдағы айларда қаржылық ахуалды түзей алмайтындай жағдай болса, несиені не істеуге болады? Ай сайынғы несиені төлеуге ақша жоқ болса не істеу керек? Turkystan.kz назарларыңызға пайдалы кеңестер топтамасын ұсынады.

Банкпен арада мәміле керек

Басыңызда кредит болып, оны төлемей жатқаныңыз үшін менеджер хабарласса, одан қашпаңыз. Осыны жақсылап жадыңызда сақтап алыңыз. Себебі жауапкершіліктен қашқан клиенттің күнін қараң ету қаржы ұйымына ештеңе емес. Соңында соттасып, артық шығынға батып кетуіңіз ғажап емес. Әрі кешіктірген әр күн үшін қосылатын өсімақы тағы бар. Сол себепті, жағдайыңызды түсіндіру үшін алғашқы қадамды өзіңіз жасап, банкке барыңыз. Қарызыңызды ғайыптан тайып ұмытып кетеді, кешіре салады, өсімақы қосуға ұмытып кетеді деген – бос үміт. Әрине, сіз келді екен деп құшақ жая қарсы алып, пайыз қоспай не кредитіңізді жаба салмасы анық. Дегенмен, мұндай жағдайда екеуара мәмілеге келу жолдарын сұрастырып, бірнеше айға шегерім жасату секілді нұсқаларды қарастырып көріңіз. Мысалы, төлемді бірнеше айға шегеру деген бар. Мұнымен карантин кезінде қазақстандықтар етене жақын танысқан болар. Әдетте, мұндай нұсқа клиенттің өте ауыр жағдайға тап болған кезінде қарастырылады. Көбіне банк келіспеуі де мүмкін. Өйткені үш не алты ай бойы төлем алмау - ақша айналымына әсер ететіні белгілі. Десе де жалпы сомадан банк ешқандай ұтылмайды. Мұнда кесірін көретін өзіңіз боласыз. Себебі, шегерім алу деген – сол төлемеген айларды келесі айлардағы төлемдерге қосып, нәтижесінде бұрынғыдан көбірек сома төлеп отыруға міндеттеуді білдіреді. Сондықтан соңғы амалы осы дегенде ғана қолданған жөн. Әйтпесе, айына 120 мың теңгені төлеудің өзіне қиналған адамға үш айдан кейін 150 мың теңге қылып төлеу оңайға соқпасы анық. Бұл енді - «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» жағдай. Бұдан бөлек, қарызды қайта құрылымдау әдісі бар. Яғни, банкпен келісе отырып, кредит шартын қайта қарастырып, төлемді азайтуды сұрау. Бұл да батпанқұйрық емес. Себебі, төлемді азайтса, сәйкесінше мерзімі ұзартылады. Мәселен, кредитті 5 жылға рәсімдеген болсаңыз, қайта құрылымдау арқылы 7 жылға соза аласыз. Сонда ай сайынғы төлем азаяды. Айтпақшы, мерзімнің шегі бар. Оны да банк белгілеп, нақтылап айтады.

Қалай келісуге болады?

Банк бөлімшесіне барардан бұрын шегерім не шарттарды қайта қарауға негіз болатын барлық құжатты жинап апарыңыз. Жұмыстан шығып қалсаңыз, сол туралы анықтама немесе ауырып қалсаңыз, тиісті еңбекке жарамсыздық парағын дегендей. Яғни, осы күнге дейін төлеп келе жатып, неге төлей алмай қалғаныңызды құр сөзбен емес, нақты дәлелмен түсіндіре алсаңыз - дұрысырақ. Сонымен бірге бос уәде беруден аулақ болыңыз. Егер келесі айда төлей алмауыңыз мүмкін болса, «бәрін қатырамын» деп сендірген қате.

Бір кредитті жабу үшін екіншісін алған дұрыс па?

Көпшіліктің қолданатын тәсілі десек, артық болмас. Себебі ақшадан тарыққанда осыдан өзге амал жоқ деп, келесі айда бір реті болар деген үмітпен айлық төлем үшін кредит алып жататындар бар. Мұны енді аса ұтымды шешім деуге келмес. Өйткені мойныңызға артылған жүк салмағы ауыр тарта түседі. Сондай-ақ сізге несие беру-бермеуі белгісіз. Екінші деңгейлі банктердің есігі тарс жабылғанда, кейбірі микроқаржы ұйымдарынан қарыз алып жатады. Мақұлдау ықтимал жоғарырақ десек те, қарыздың аты – қарыз. Пайызы да көбірек болған сайын сізді тұңғиыққа батыра беретінін ескеріңіз.

Дереккөз: baq.kz

Серіктес жаңалықтары