50764
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді қайтару үшін ведомствоаралық топ құрылды
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді қайтару үшін ведомствоаралық топ құрылды
Жайылымның жетіспеуі ауыл шаруашылығы саласы үшін өзекті мәселе болып отыр. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде тапсырма берген болатын. «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы еліміздің өңірлерін аралап, пайдаланылмай бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару ісімен айналысып жатыр. Жақында комиссияның араласуымен Қарағанды облысында 1 миллион гектар жер мемлекет меншігіне өтті. Осы орайда Қарағанды облысы Жер қатынастары басқармасының басшысы Дарын Бұлқайырға хабарласып, жер мәселесіне қатысты жағдайды білген едік.
– Жақында Қарағанды облысында 1 миллион гектар жайылым мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жердің иелері кім?
– «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов «Жер аманаты» комиссиясының мүшелерімен бірге Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесіп, жайылым тапшылығына қатысты өзекті мәселені талқылаған болатын. Жалпы, Қарағанды облысы бойынша жыл басынан бері пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1 млн 225 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 12 млн 88,4 мың гектар. Оның ішінде жайылымның аумағы 10 миллион гектардан асады. Ал жер пайдаланушыларға келсек, олардың жалпы саны саны 160-тан астам. Нақты жер иеленушілердің, оның ішінде өз еркімен қайтарғандардың өтініші бойынша, олардың атын атаудан тартынып отырмыз.
– Негізінен, жер сот шешімімен қайтарылып жатыр ма әлде бұл іске әкімшілік араласа ма?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді қайтарып, халықты жайылымдық жермен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бергенін білесіздер. Тапсырманы орындау мақсатында облыс әкімі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбектің биылғы 7 шілдедегі өкімімен пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді алу бойынша ведомствоаралық кіші топ құрылды. Оған мүдделі мемлекеттік, құқық қорғау органдарының басшылары және аудандар мен қала әкімдерінің орынбасарлары кірді. Бұл топты құрудағы мақсат – пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін анықтау және мемлекет меншігіне қайтару. Кейін оларды ауыл шаруашылығы айналымына тарту үшін мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету және осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіру.
Қазір облыс бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер осы жұмыс тобы мен «AMANAT» партиясының жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясының бірлескен жұмысының нәтижесінде қайтарылып жатыр. Қарағанды облысы Жер ресурстарын басқару департаментінің мәліметінше, жер иеленушілер жердің басым бөлігін түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде өз еркімен қайтарды.
– Мемлекет меншігіне қайтарылған жерді заңдастыруда қандай кедергі кездеседі?
– Жерді заңдастыруда ешқандай кедергі жоқ, бәрі заң аясында шешіліп жатыр. Меншiк иесi жекеменшiк құқығынан немесе жер пайдалану құқығынан бас тарту туралы жария етiп немесе жер телімiне қатысты одан бас тартатынын айқын бiлдiретiн басқа да iс-әрекет жасап, өзiне тиесiлi жер телімiндегі меншiк құқығынан бас тарта алады. Уақытша жер пайдалану құқығынан немесе жекеменшiктегi жер телімiн уақытша пайдалану құқығынан бас тарту жалдау шартын немесе өтеусiз уақытша жер пайдалану туралы шартты тоқтату белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. Мұндай жер телімдері одан әрі қайта бөлу үшін арнайы жер қорына алынады.
– «Жер аманаты» комиссиясының мүшелерімен кездесуде ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының басшылары жердің құнарсыздануы, құдық тапшылығы, субсидияның төмендігі, жемшөп жетіспеушілігі және дизель отынының бағасына қатысты шағымын айтты. Енді бұл мәселе қалай шешіледі?
– Кездесу барысында ауыл тұрғындары мен шаруалар бірқатар мәселе көтергені рас. Аудан тұрғындарының басым бөлігі ет және сүт шаруашылығымен айналысады. Сондықтан бұл мәселе назарда. 2017-2021 жылдар аралығында Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жайылымдар алқабын ұлғайту және шалғайдағы жайылымды дамыту мақсатында облыста жайылымды суару және инфрақұрылымын құру бойынша 622,5 мың гектар жайылым суарылды.
Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидасының №4 «Жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру және мал өсіруші шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету (құдықтар, ұңғымалар)» жобасының паспортына сәйкеc инвестициялық салымдарды өтеу үлесі 50 пайыз болды.
2022 жылғы технологиялық картаға сәйкес көктемгі дала жұмыстарына 23,6 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Оны жеткізу бойынша оператор анықталды (Retail Trade Oil ЖШС). Дизель отынын сатып алатын кезде шаруашылықтарға жеңілдік жасалды.
Сондай-ақ облыстың мал өсірушілері үшін шөп шабу жұмыстарына көктемгі егіс жұмыстарының қалған көлемінен 1 500 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді (1 литрі 198 теңгеден). Күзгі астық жинау жұмыстарын жүргізу үшін технологиялық картаға сәйкес, облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өңдірушілеріне 20,7 мың тонна (шілдеде 4 000 тонна, тамызда 8 000 тонна, қыркүйекте 7 000 тонна, қазанда 1 700 тонна) дизель отыны арзандатылып берілді.
– Облыс бойынша жыл басынан бері ұйымдастырылған тексеріс нәтижесі қандай?
– Биыл 1 қаңтардан бастап 2021 жылғы 30 маусымдағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес, жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылау функциясы жергілікті атқарушы органдардан облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астанада аумақтық бөлімшелерін құра отырып, орталық уәкілетті органға – Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне берілді.
Қазір жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Қарағанды облысының Жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі жүргізеді.
Департамент бүгінде пайдаланбай жатқан 55 мың гектар жері бар 14 шаруашылыққа қатысты және жалпы алаңы 20 мың гектарға тарта ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалануға беру жөніндегі конкурстардың нәтижесіне тексеріс ұйымдастырды.
Жалпы, жыл аяғына дейін 200 мың гектарға тарта жерге тексеру жүргізу жоспарланып отыр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ