50857
Атасы Қытайда, әкесі Үндістан мен Тайваньда ел басқарған қазақтың хикаясы
Атасы Қытайда, әкесі Үндістан мен Тайваньда ел басқарған қазақтың хикаясы
Қыркүйек айының соңында Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада шетелдегі қазақ диаспорасының көрнекті өкілі, қоғамдық-саяси қайраткер Дәлелхан Жаналтайдың (1922-2012) дүниеге келгеніне 100 жыл толуына арналған іс-шара өткен болатын. Атаулы жиынға Германиядан арнайы келген Әлихан Жаналтай қазақтардан бөлек, қырғыздар мен ұйғырлардың құқын қорғаған, Шыңжаң, Үндістан, Тайвань өлкелерінде лауазымды қызметтер атқарған, жастардың Тайваньда оқуына септігін тигізген әкесі туралы өз естеліктерін ортаға салып, Қазақстан Республикасы Президенті Архивімен бірлесіп жазған кітаптың тұсауын кесті. Шығыс Түркістаннан басталып, Еуропаға дейін жеткен қазақ көші туралы айтары көп Әлихан Дәлелханұлының әңгімесін жазып алған едік.
АТАМ ЖАНЫМХАН – ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ ҚАРЖЫ МИНИСТРІ
[caption id="attachment_200960" align="alignleft" width="211"] Жанымхан Тілеубайұлы[/caption] Атам Жанымхан Тілеубайұлы 1888 жылы Алтай аймағының Сарысүмбе ауданында дүниеге келген. Жастайынан рухани құндылықтарды бәрінен жоғары қойған ол ел ішінде айрықша сый-құрметке бөленіп жүрді. 500 адамдық мешіт, 100 бала оқитын медресе, жатақханасы бар үлкен кешен салдырды. Ол тек діни мәселелерге емес, сондай-ақ саяси және оқу-ағарту істеріне де ерекше көңіл бөлді. Қыстауға жақын жерде ұл мен қыз балаларға арналған екі бастауыш мектебінің салынуына түрткі болды. Алтай аймағында жүргізілген саяси істерге белсене араласуының арқасында «залың», «үкірдай» және «тәйжілік» мәртебесіне дейін көтеріліп, кейін ұлттық көтерілістер нәтижесінде құрылған қазақ, ұйғыр және қытай аралас үкіметте қаржы министрі қызметін де атқарды. Алдымен, 1940 жылы Алтай губернаторы, сосын 1946 жылы Үрімшіде құрылған Шынжаң аралас өлкелік үкіметінде Қаржы министрі лауазымына тағайындалды. 1946-49 жылдары шыққан өлкелік қағаз ақшаларда Қаржы министрі ретінде атамның төте жазумен жазған қолтаңбасы қалған. Атам – қазақ тарихында заманауи ақшада қолы болған тұңғыш қазақ қаржы министрі. [caption id="attachment_200961" align="alignnone" width="1203"] Шыңжаң аралас үкіметінің Қаржы министрі Жанымхан Тілеубайұлының қолы қойылған қағаз ақша.[/caption] 1949 жылы Мао Цзэдунның халық-азаттық армиясы Шыңжаңға едәуір қауіп-қатер төндіре бастады. Атам Шыңжаң қазақтарының азаттығы үшін күрескен ержүрек Оспан батырмен бірге Шығыс Түркістан Республикасын құруға бар күшін сарп еткенімен, қарсы күшке төтеп бере алмай, басқа жаққа көшуді көздейді. Алайда қалың қолдың қоршауына түсіп, 1951 жылы 4 сәуір күні Үрімші қаласында атылды. Белгілі болғандай, араға 25 күн салып, Оспан батыр да өлім жазасына кесілді.ӘКЕМ ДӘЛЕЛХАН ҮНДІСТАН МЕН ТАЙВАНЬДА ЛАУАЗЫМДЫ ҚЫЗМЕТТЕР АТҚАРДЫ
[caption id="attachment_200963" align="alignright" width="225"] Дәлелхан Жaналтай[/caption] Әкем Дәлелхан Жaнымxaнұлы 1922 жылы 15 мaусымда Шыңжаң өлкесінің Алтай аймағына қарасты Өрмегейтi жaйлaуындa дүниеге келген. Қaзaқ жоғaрғы мектебi мен дiни медресенi бiтiрген ол 15 жасында әкесімен бiрге қажылыққа барып келген соң қоғамдық істермен айналыса бастаған. «Қaзaқ-Қырғыз» құрылтaйының Aлтaй aймaғы бөлiмiнде құрылтaй өкiлi болып жұмыс істеді. Кейін Aлтaй aймaқтық қaзaқ-қырғыз ұйымының бaстығы болып сайланды. Әкесi лауазымды қызмет атқарған тұста бірнеше жыл бойы Aлтaйдa бaстaлғaн көтерiлiстi бaсу, елдi тыныштaндыру үшін Aлтaй aймaқтық yәкiлдерінің aтынaн келіссөздер жүргізуге атсалысты. 1948 жылы елдiң пaрлaмент мүшесi ретiнде Қытaй мемлекет бaстығын сaйлaу құрылтaйынa xaлық өкілі ретінде қатысқан. Бұл қызметі 1991 жылғa дейiн ұлaсып, кейін жaңa сaйлaу өткiзiлетiндiктен барлық депутаттармен бiрге өкiлеттiгiн тaпсырып, құрметтi демaлысқa шықты. [caption id="attachment_200971" align="alignleft" width="237"] 15 жастағы Дәлелхан Жаналтай әкесі Жанымханмен бірге қажылық сапарға барған кезінен. Ыстамбұл, 1937 жыл.[/caption] 1949 жылы жоғарыда айтып өткен қарсы күшке төтеп беру үшін Үрімшідегі барлық жұмысын тастап, Оспан батыр бастаған саяси-әскери қимылдарға қатысады. Жеңіліс тапқан соң қaлың елмен бiрге Тибет арқылы Үндiстaн аумағына өтіп кетеді. Ондағы Кашмир өлкесіне тұрақтаған ол аз уақыттың ішінде Үндiстaн Ішкi iстер министрлігіндегі барлау қызметіне жұмысқа қабылданады. 1960 жылы Тaйвaньғa барып, коммунизмге қaрсы одaқтың мүшелігіне енді. Сонымен қатар Тaйпей қaлaсындa болғaн Оңтүстiк-шығыс Aзия мемлекеттерiнiң коммунизмге қaрсы aлтыншы құрылтaйынa xaлық өкілі ретінде қатысқан. 1969 жылы Түркияға көшіп келгеннен кейiн түрлi қоғaмдық iстерге aрaлaсқaн ол Тaйвaнь өкілдерімен қaрым-қaтынaсты нығaйтып, жастардың онда барып оқуына септігін тигізді. 1972 жылы Ыстaнбұл қaлaсында «Қaзaқ кент» ayылын құру aлқaсының бaстығы болды. 1992 жылы сол кезде елді басқарған Нұрсұлтaн Нaзaрбaевтың шaқыруымен Aлмaтыдa болғaн Дүниежүзi қaзaқтaрының тұңғыш құрылтaйынa қaтысып, қaуымдaстық төрaлқaсының мүшесi болып сайланды. Бірнеше тіл білетіндіктен, Xaлифa Aлтaй Құрaн Кәрiмді қазақшаға тәржімалаған кезде сарапшы болды. Өзі басынан кешкен сaяси оқиғaлaрды жaн-жaқты сипаттап, кітап жазды. Ол еңбегі Дүниежүзi қaзaқтaры қaуымдaстығының көмегiмен 2000 жылы Aлмaтыдa «Қилы зaмaн – Қиын күндер» деген атпен басып шығарылды. Әкем 2012 жылдың 15 қаңтарында Ыстанбұлда дүние салды. [caption id="attachment_200967" align="alignnone" width="1500"] Дәлелхан Жаналтай Оспан батырмен бірге.[/caption]ҮНДІСТАНДА ТУСАМ ДА, ҚАЗАҚЫ ОРТАДАН АЖЫРАМАДЫМ
Мен 1954 жылы 1 мамыр күні Үндістанның Кашмир өлкесінде дүниеге келдім. Онда 4 қана қазақ отбасы, атап айтсам, әкем, оның екі бауыры мен бір құдамыздың үйінің айналасында өстік. Немере іні-қарындастарыммен сол төрт үйдің арасында жүгіріп жүріп, қазақ тілін үйрендік. Біздің отбасыларымыз біз үшін әрі мектеп, әрі университет болды. Тіпті, біз үшін мәдениет орталығы әрі діни медресе болды десем де артық айтпаймын. Барлығын отбасы аясында, дастарқан басында үйрендік. Кейде түсінбеген тұстарымызды урду немесе ағылшын тілінде сұрасақ, үйдегілер мағынасын қазақ тілінде егжей-тегжейлі түсіндіріп беруден шаршамайтын. Олар үйде, тіпті дастарқан басында отырғанда сөз арасына урду, ағылшын тілін араластырмауымызды қатты қадағалады. Үлкендеріміз ұйғырлармен етене араласқан соң ол тілді де меңгердік. Бірақ төрт тілге жетік болсақ та, қазақ тілі бәрінен биік тұрды. Осылайша, мектеп қабырғасында басқа әлемді танып өссек, үйдегі таным мен тәрбие басқаша сипатта болды. Ол кезде жергілікті жұрт түркі тілдес халықтардың бет-әлпетінен бейхабар. Бітік көзділерді көрсе чини (қытайлық), тіби (тибеттік) немесе яркенди (Шығыс Түркістан ұйғырлары) деп атайтын. Бала кезімізде басқа балалар «Бұлардың қайсысыңдар?» деп сұрақты төпелетіп, бізді жиі мазақтайтын. [caption id="attachment_200972" align="alignnone" width="1200"] Түркиядан Кашмирге келген бір топ қазақ. 1968 жыл.[/caption] Сол кезде тарих пәнінен сабақ берген мұғалімім «Отансыз болғаныңа қайғырма. Отбасың – сенің отаның. Ана тіліңді, әдет-ғұрпыңды, мәдениетіңді ата-анаңнан жақсы үйреніп алсаң, ұмытпасаң, басқаларға сіңбейсің, қор болмайсың» деп жұбатқаны бар. Десе де, бәрін білгіміз келіп, ата-анамыздан қайдан шыққанымыз, қайдан тарайтынымыз туралы деректерді көп сұрайтын едік. «Сонда қазақтардың өз жері бар ма?» деп сұрағанымызда, әкем картаны ашып: «Әрине, бар! Міне, Кеңес одағының құрамында. Ал мына жатқан Шыңжаң аймағында Шығыс Түркістан болған. Жоғары жағында біз, қазақтар қоныс тепсек, төменгі жағын ұйғырлар мекендеген. Бірақ Қытай мен Ресей арасында туындаған даудың нәтижесінде аумақ бөлінген кезде біз Қытай жағында қалып қойдық. Негізінен, Алтай аймағында өмір сүрген Шығыс Түркістан қазақтары 250-300 жыл бұрын Семей жақтан шыққан делінеді», – деп түсіндіргені есімде. 1967 жылы әкемнің ағасы Хамитқажы қайтыс болған соң үлкендер ақылдаса келе «Мұнда отырғанымызға 17 жылдай уақыт болды. Біз мұнда жоғалмайық. Балаларымызға да қиын болады. Олардың обалына қалмайық. Дұрысы, Түркияға көшейік» деп шешті. Мен ол кезде 10-сынып оқушысымын. Босқын мәртебесімен жүрген бізге расымен университетке оқуға түсу қиынға соғатын еді. Азаматтық алу да мехнатқа толы іс. Оған қоса, бізге жұмыс істеу немесе кәсіп ашу да оңай емес-тін. Сол кезде Халифа Алтай, Әнуар Қошжігіт, Сұлтан Кенжебек аталарымыз қазақтың дәстүрі бойынша көңіл айтып келіп, Тайвань арқылы біз тұрып жатқан жерге келді. Олар да әкеме «Мұнда көп тұрақтамай, біз жаққа көшіңіздер» деп қолдау білдірді. [caption id="attachment_200973" align="alignnone" width="1200"] Әнуар Қошжігіт, Дәлелхан Жаналтай, Халифа Алтай және Сұлтан Кенжебек. Кашмир өлкесі, 1968 жыл.[/caption] Сол кезде әкемнің «Мен төрт қазақ үй болып көшпеймін. Ұйғырларға жиын ашып, оларға да айтайын» дегені есімде қалып қойыпты. «Ұйғырлар қайдан пайда болды?» деп сұрағыңыз келсе, кезінде Жібек жолының бойында көбіне ұйғырлардың сауда-саттық жасағаны баршаға аян. Бала-шағасын елде қалдырған ерлері жатпай-тұрмай жұмыс істеп, нәпақа табудың жолын қарастырған. Кейін Коммунистік төңкерістен соң әлгі жол жабылып қалып, олар бергі бетте қалып кетті. Сонда үйлі-баранды болды. Оларға үнемі қолдау білдіріп жүретін әкем «Бізбен ере жүріңдер. Ұнамаса, қайтып келесіңдер» деп үгіттеп, ақырында 20 шақты ұйғыр отбасы бізбен бірге Түркияға қоныс аударды. Ондағы ағайын-туыстар бізге үй жалдап қойыпты, ал ұйғырлар болса, босқындарға арналған үйге орналасты. Бірер жыл тұрған соң әрқайсысы кәсібін дөңгелетіп, ақырында өз алдына бөлек үй болып, Түркиядағы өмірдің ағымына ілесіп кетті.ӘКЕМНІҢ ҚОЛДАУЫМЕН ОН ШАҚТЫ БАЛА ТАЙВАНЬҒА ОҚУҒА БАРДЫҚ
Мен жоғары білімді Түркияда емес, Америкада немесе Ұлыбританияда алуды мақсат еттім. Бірде әкемнен «Сенің Тайваньмен байланысың бар ғой. Маған ол жақтан шәкіртақы тауып беруге көмектесші» деп өтіндім. Әкем депутат мәртебесін пайдаланып, Тайвань үкіметіне хат жазды. Көп кешікпей олар Тайваньда Америкамен байланысы бар университеттерде тегін оқуға мүмкіндік бар екенін айтып, жауап қайтарды. Бірақ алдымен қытай тілінен курс оқу қажет, ал қалғаны ағылшын тілінде жүргізіледі. Оқуға құлшынысым артып тұрғанымен, онда жалғыз барғым келмеді. Сосын әрі досым әрі құрдасым Мұстафа Өзтүрікке бірге барып оқу туралы ұсыныс айттым. Сол кезде жоғарыда айтып өткен Үндістандағы тарих пәні мұғалімінің мына бір айтқанын мысалға келтірдім. Бірде ол мұғалім: «Біз, Үндістан халқы ағылшындарға қарулы күш қолданбадық. Біз олардың білімін, мәдениетін, заңын үйреніп, оларға қалам арқылы күрес жүргізіп, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сенің мемлекетің Қытайға немесе Ресейге қарсы болса да, алдымен ол елдің тілін үйрен, заңын жатқа біл. Олардың менталитетін жетік білген соң, жазу, сызу арқылы күрес жүргізуге болады» деген еді. Осылай үгіттеудің нәтижесінде Тайваньға 10 бала баратын болып келістік. Оның сегізі – ер бала, екеуі – қыз. Сегіз ұлдың бірі – бізбен бірге Кашмирден көшіп келген ұйғыр бала. Ал екі қыздың бірі – қазақ, екіншісі – ұйғыр. Жалпы, кезінде Үндістанды көп аралаған әкем жағдайы төмен, оқуға мүмкіндігі жоқ түркі тектес балаларды іздеп тауып, тізімін жасақтаған еді. Сосын оларды бізбен бірге оқуға аттандырғысы келді. Сөйтіп, 1971 жылдың мамыр айында Мұстафа екеуіміз бастаған бір топ студент Тайваньға оқуға келдік. Жалпы, Мұстафа екеуіміздің әкелеріміз бұрыннан жақын дос болып, етене араласқан. Түркияға көшіп келген соң екеуіміз де жақсы араласып кеттік. Тайваньда ұлттық мейрамдарды мерекелеу кезінде ұлттық киімдерімізді киіп, әке-шешемізден естіп, жаттап алған қазақ әндерін шырқайтын едік. Қазақ деген ұлтты білмей өскен жергілікті жастар біздің өнерімізге таңғалатын. Жүрген жерімізде қазақ екенімізді айтып, қазақ тарихын баяндап беретін едік. Мен Оспан батыр мен өз атамды сөз қылатынмын. Кейін Мұстафа Мюнхенде тұрғанда да отбасымызбен араласып тұрдық. Қайда барсақ та, екеуіміздің байланысымыз үзілмеді. Кейін Тайваньға әкемнің қолдауымен екінші топ барды. Онда қытай тілін үйренген соң әркім өзі қалаған мамандығы бойынша оқуға түсті. Алғашқы оқу жылынан соң денсаулығым сыр беріп, дәрігердің нұсқаулығымен Түркияға оралып, ем-дом алдым. Жағдайым түзеліп, Тайваньға оқуға енді барғалы жатқанда әлемдегі саяси жағдай шиеленісіп, көп ел Тайваньмен байланысын үзген соң оқуымды жалғастыра алмай қалдым. Сосын әскери борышымды өтеп қайттым. Әскерден оралған соң мәрмәр тас өндіретін құрылыс фирмасына жұмысқа тұрдым. Онда инженердің көмекшісі болдым. Сонымен қатар ағылшын тіліндегі хаттарды реттестірумен айналыстым. Сөйтіп жүргенде, Анкарада тұратын Шәрипа есімді қызбен көңілім жарасып, екеуіміз шаңырақ көтердік. Бірде Азаттық радиосында жұмыс істеп жүрген құдамыз Талғат Қошжігіт жұмысында жас кадрлар іздеп жатқанын айтып, бағымды сынап көруді сұрады. Сұхбаттасудан соң барлығы келісе кетіп, ақырында қазақ редакциясына жұмысқа қабылдандым. Сөйтіп, 1978 жылы Түркиядан Германияға көшіп, онда 1995 жылдың жазына дейін жұмыс істедім. Ол кезде қазақшам таза, түрік тілін араластырып сөйлеуді әдет қыла қоймаған кез. Десе де, қазақшамды бұрынғыдан бетер жетілдіре түстім. Ағылшыншаға да судаймын. Қытай тілін де жетік білетін болғандықтан, олардың баспасөзіне де шолу жасау міндеттелді. Қазақ тіліндегі мақалаларды көбіне жасы үлкен ағалар жазатын-ды. Мен ағылшынша материалдарды аударып, өңдейтінмін. Сонда жүргенде Қазақстан тарихын, Алаш орда тарихы туралы көп дерекке қанық болдым. Бір қызық айтайын. Бұған дейін Алаш орда тарихынан хабарым болмады. Кашмирде тұрғанда әкемнен «Бізде ел бар ма, ол елді бастайтын көшбасшы бар ма?» – деп сұрағанымда: «Қазақтардың басшысы – Әлихан Бөкейханов. Сенің есіміңді соның құрметіне қойдым. Кейін есейген соң өзің зерттеп аларсың» деген еді. Әкем айтқандай-ақ, журналист болып жүріп, біздің ұлттың тарихын көп зерттедім. Кейін КСРО ыдырап, құрамындағы елдер тәуелсіздігін жариялап, әрқайсысы бөлек кеткен соң радионы жабу туралы сыбыс тарады. Редакторлар хат жазып, араша түскісі келсе де Мюнхендегі редакцияның шығыны көп деп, Прагаға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Біз, қазақ редакциясының қызметкерлері Прагаға бармайтынымызды, біздің миссиямыз аяқталғанын айттық. «Кеңес одағы ыдырады. Коммунизм жойылды. Аллаға шүкір, барлығы тәуелсіз болды. Енді тәй-тәй басып келе жатқан елдің ішкі ісіне араласу – біздің көзқарасымызға қайшы. Әрі- беріден соң, өз алдына бөлек ел болып шыққан Қазақстанды несіне сынаймыз біз?» деп үзілді-кесілді бас тарттық. Жалпақ тілмен айтқанда, біз Американың ақшасына, мансабына қызықпадық. Біз секілді өзбек, қырғыз, татар редакциясындағылар да Прагаға бармай қойды.ҚАЗАҚСТАНҒА КӨШІП, ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНДА ЖҰМЫС ІСТЕГІМ КЕЛГЕН ЕДІ
Германиядан Түркияға түбегейлі көшкелі жатқанда кенеттен сырқаттанып қалдым. Бір көзіме бірнеше ота жасап, емделу процесі ұзаққа созылды. Ақыры денсаулығым жақсара түспеген соң 2002 жылы мүгедектік бойынша зейнетке шығуыма тура келді. Әйтпесе, сол кезде Қазақстанға барып, жастарды таэвондоға баулып жүрген Мұстафа Өзтүріктің қатарына қосылып, зерттеу институтында жұмыс істегім келген еді. Сондағы жастарға бар білгенімді үйретуді көздеген едім. Бұл ойлағаным іске аспай қалды. Біз бір атадан үшеу едік. Кенже інім 33 жасында жүрек талмасынан қайтыс болды. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» демекші, оның артында бір ұл, бір қызы қалды. Ал үлкен інімнің төрт баласы бар. Барлығы да балалы-шағалы. Інімнің үлкені Есентай қазір Алматыда тұрады. Ал өзі қолындағы бала-шағасымен Ыстанбұлда анама қарайласып отыр. Біз Шәрипа екеуіміз Өміртай, Құбылай және Абай атты үш ұлды тәрбиелеп өсірдік. Барлығы шетелде жоғары білім алған, үйленген, отбасылы.Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ