Қарттың батасы – жасқа дем

Қарттың батасы – жасқа дем

Қарттың батасы –  жасқа дем
ашық дереккөзі
423

«Жас Отан» жастар қанатының белсенділері мен еріктілері «Жастар – Отанға» жобасы аясында үнемі ардагерлердің үйлеріне барып, жағдайларымен танысып, көмек көрсетуде. Жасотандықтар қарияларды әрқашан қамқорлыққа алуды өздерінің бұлжымас парызы деп санайды.

Қарияларды қазынамыз деп білетін жастар ай сайын тұрақты түрде ардагерлердің қысты күні ауласын қардан тазартып, үйлерін жиыстырып, қажет болғанда дүкеннен азық-түліктерін әкеліп беріп, жан-жақты жәрдем көрсетеді. Жуырда «Жас Отан» белсенділері 32 соғыс ардагері мен 20 тыл еңбеккерінің үйлерін аралады. «Жас Отан» ЖҚ Алматы қалалық филиалының жетекшісі Айдана Сыдықова мұндай ізгілікті істер әрбір жас өркеннің қолынан келетін шаруа және аға ұрпақтың көмекке мұқтаж барлық өкілі осындай қамқорлықта болуы керек деп санайды.

«Біз қаладағы әрбір соғыс ардагерін тікелей жастар қамқорлығына алып, жасотандықтар тарапынан жауапты тұлғаларды бекітіп қойдық. Сондықтан бұл іс бір күндік шара емес, тұрақты жүргізілетін және жоспарымыздағы ең маңызды акцияның бірі», – дейді ол. Мысалы, ардагерлермен тілдесу барысында қызықты тарихи жағдайларға қанығып, өткен соғыстың беймәлім жақтарымен танысу мүмкіндігі туады. Солардың бірі  Борис Багаев ақсақал өзінің 1926 жылы Сібірдегі Моряковка ауылында дүниеге келіп, 17 жасында 1944 жылы 3 наурызда соғысқа өз еркімен аттанғанын айтып берді. Қызыл Армияның үздік жауынгері ретінде соғыстан кейін Алматыдағы әскери училищені бітірген соң, ұзақ уақыт шекара бойында қызмет еткен ол зейнетке шыққаннан кейін, сүйікті қаласына қайтып оралыпты. Көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені мен «Әскери қызметі үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Мемлекеттік шекара күзетінің үздігі» медальдарымен марапатталған. Бүгінде кәрілікке бой бермеген қария әлі де тың екенін байқатты.

– Балаларымның іздеп келгеніне шын жүректен ризамын. Еліміздің ертеңгі болашағы осылар ғой. Сендер аман-сау болыңдар, әрқашан жақсы оқып, білім алуға тырысыңдар. Ендігі заман тек білімділер мен зияткерлердің заманы болайын деп тұр. Сондай бәсекелестікте әрқашан абыройларың озып тұрсын!, – деп ардагер жастарға ақ батасын берді.

 

Серіктес жаңалықтары