Балабақша – тәрбиенің темірқазығы

Балабақша – тәрбиенің темірқазығы

Балабақша – тәрбиенің темірқазығы
ашық дереккөзі
550

«Нұр Отан» партиясы Жетісу аудандық филиалының өкілдері «Арман» бастауыш партия ұйымының базасында мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерімен кездесті.

Кездесу барысында №67, №51, №94 балабақшалардың басшылары мен методистері мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мәселесі туралы өздерінің ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, қызмет көрсету сапасының жақсартылуы, балабақшалардағы орындардың көбейтілуі сияқты нақты тақырыптар көтерілді.

«Нұр Отан» партиясы Жетісу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Әлбисенов бүгінгі күні ауданда 4 679 тәрбиеленушісі бар 21 мемлекеттік балабақша, 893 тәрбиеленушісі бар 14 жеке меншік бақша, 265 баланы қамтыған 11 шағын орталықтар қызмет істейтінін атап өтті. «Сонымен қатар ауданда «Балапан» бағдарламасы да қарқынды дамып келеді. Бұл бағдарлама аясында мектепке дейінгі тәрбие және оқыту қызметінің бір бөлігі мемлекет есебінен төленеді. 2016 жылы ауданға 165 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді, қазіргі уақытта осы бағдарлама негізінде 613 бала тәрбиеленуде», – деді Ерлан Әлбисенов.

№94 балабақшаның меңгерушісі Салтанат Құлназарова мектепке дейінгі тәрбие және оқыту екі мақсатты көздейтінін еске салды. Біріншісі – баланы жан-жақты дамытуға ықпал ету, екіншісі – мектепке әзірлеу. «Мектепке дейінгі тәрбие барысында балаларды  үйрету мен оқытудың Жалпы білім стандарты басшылыққа алынады. Мұнда бекітілген ереже бойынша ұстаздың қызметі емес, баланың оқу-үйрену процесіне қатысу белсенділігі ең бірінші назарға алынады. Сол себепті дәстүрлі оқытудан гөрі ойын түріндегі дамыту тәжірибелеріне негізгі  басымдық беріледі. Нақтырақ айтсақ, ойын бағдарламасы психологиялық элементтермен байытылады», – дейді Салтанат Құлназарова.

№51 балабақшаның меңгерушісі Мариям Аюпова өз баяндамасында мектепке дейінгі тәрбие мәселелерінің қыр-сырын ашып көрсететін көрнекі құралдар арқылы балалардың ой-өрісін жетілдіру және тыңдау, есте ұстау қабілеттері арқылы берілген тапсырманы орындау сияқты қасиеттерді дамытуға күш салу қажеттігіне тоқталды. «Балалармен жұмыс барысында олардың ата-аналарын да жиі қатыстырамыз – әңгіме, ашық сабақ өткізе отырып, балаларды мектепке дайындау сәттерінде кездесетін психологиялық қиындықтарды бірлесе жеңуге жаттықтырамыз», – деп түйіндеді Мариям Аюпова.

Іс-шара барысында айтылған пікірлер мен ақыл-кеңес негізінде балаларды тәрбиелеуге қатысты, олардың денсаулығын уақтылы қадағалап, сақтауға байланысты бірқатар нақты ұсыныстар берілді.

Серіктес жаңалықтары