Бақытжан БАЗАРБЕК: Жер кодексіне космомониторинг жүйесі енгізіліп жатыр

Бақытжан БАЗАРБЕК: Жер кодексіне космомониторинг жүйесі енгізіліп жатыр

Бақытжан БАЗАРБЕК: Жер кодексіне космомониторинг жүйесі енгізіліп жатыр
ашық дереккөзі
50534
Елімізде мал жайылымына арналған жердің 36 пайызы ғана пайдаланылып, қалған 64 пайызы бос жатыр. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Үкіметтің кеңей­тіл­ген отырысында осы мәселеге тоқталып, Үкіметке бос жатқан жер­ді қайтарып, ауыл тұрғындарына қолжетімді етуді тапсырды. Осы­дан кейін «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер ама­наты» комиссиясына маңызды міндет жүктелді. Комиссия мүшелері елі­міздің әр өңірін аралап, пайдаланылмай бос жатқан және заңсыз беріл­ген жерді мемлекет меншігіне қайтарумен айналысып жатыр. Осы орайда «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, заң­гер Бақытжан Базарбекке жер мәселесіне қатысты көкейдегі сауал­дарды қойған едік. – «Жер аманаты» комиссиясының негізгі мақсаты айқын. Енді «Жыл соңы­на дейін Президент айтқан 5 млн гектар жер­ді мемлекет меншігіне қайтара ала ма?» деген сауал туындайды. – Республикалық «Жер аманаты» ко­мис­сия­сының басты мақсаты – игерілмеген, со­ның ішінде кезінде заң нормаларын өрес­кел бұза отырып таратылған жерді мем­ле­кет­ке қайтару. Біз 5 миллион гектармен шек­телейін деп тұрған жоқпыз. Одан көп жер­ді мемлекет меншігіне қайтарамыз. Се­бе­бі заңсыз берілген, игерілмей жатқан жер көлемі көп. Бәрі заң аясында шешіліп жатыр. Бұл мәселеге қатысты Жер туралы кодекстің 92, 93, 94-баптары бар. Осыған дейін «Жер аманаты» комис­сия­сы жұмысының нәтижесінде ең үлкен жер үле­сі Қарағанды облысында, одан кейін Сол­түстік Қазақстан, Ақмола, Түркістан, Ақ­төбе, Жетісу облысында пайдаланылмай жат­қан жер мемлекет меншігіне қайтарыл­ға­нын білесіздер. Қазір сайлауға байланысты ко­миссияның жұмысы уақытша тоқтатылды. Науқан аяқталғаннан кейін жұмыс қайта жан­данады. – Халықты мазалап отырған маңыз­ды мәселе – жайылым тапшылығы. Мұ­ны шешу үшін қандай шаралар қолға алы­нып жатыр? – Иә, ауыл халқына жайылым жетіс­пей­ді. Өкінішке қарай, бұл ең өзекті мәселеге ай­налған. Барлық облыста осы проблема бар. Ен­дігі мақсат – осы мәселені шешу. Жер ко­дек­сінің 94-бабында игерілмей жатқан жерді мемлекетке қайтару туралы нақты құқықтық механизм бар. Одан бөлек, қазір Жер кодек­сіне космомониторинг деген жүйені енгізіп жа­тырмыз. Енді пайдаланылмай жатқан жер­ді бұрынғыдай Жер инспекциясы анық­та­май­ды. Жүйе басқаша болады. Игерілмеген, соның ішінде заң нормаларын қатаң түрде бұ­за отырып берілген жер мемлекетке қай­та­рылып жатыр. Ол жер алдымен әрбір ауыл­дың, елді мекеннің тұрғындары еркін мал жаюы үшін жайылым ретінде беріледі. Қай­тарылған жер әр аудандық әкімдіктің қоры­на түседі. Жайылым туралы арнайы заң бар. Соған сәйкес аудандық қордан тұрғын­да­рға мал жаю үшін берілетін жер анық­та­лады. Бұл жайылымды басқару жоспарына ен­­гізіліп, жыл сайын жаңартылып отырады. Мұны аудан әкімдігі мен мәслихат бекітеді. Өйт­кені ауыл тұрғындарының саны – ста­тис­ти­ка өзгеруі мүмкін ғой. Ауылға жаңадан ке­ле­­тін адамдар болады немесе керісінше, ауыл­дан қалаға көшетіндер бар. Мал саны арт­са, ауылға берілетін жайылым саны да кө­бейеді. Ол аудандық әкімдіктің қорынан алы­нады. – Осыған дейін комиссия мүшелері­мен бірге еліміздің біраз өңірін арала­дыңыздар. Тұрғындар көбіне қандай ша­­­­ғымын жеткізеді? – Иә, комиссия мүшелерімен бірқатар об­­­­лысқа барып, тұрғындармен тілдестік. Ең бірін­ші шағымы, өзіңіз айтып отырған жайы­лым мәселесіне қатысты. Одан кейін кон­курс туралы. «Конкурс талаптары күшей­ген. Қатыса алмаймыз» дейді. Халықты маза­лай­тын тағы бір мәселе – сыбайлас жем­қор­лық. Аудан әкімдері жерді туған-туыстарына, бауыр­ларына бөліп берген. Осы мәселемен күре­сіп жатырмыз. Мұнымен бір ғана комис­сия емес, прокуратура, антикор айналысып жа­тыр. – Қалай ойлайсыз, тұрғындар айт­қан мәселені шешуге қанша уақыт кетеді? – Әрине, 30 жыл бойы қордаланған мә­се­лені бірден шешу мүмкін емес. Аудан әкім­дері ұзақ жыл тұрғындарды алдап, қанап, жер­ді заңсыз әрі жемқорлық жолмен беріп кел­ген. Мұндай фактілер жиі кездесіп жатыр. Не­гізі, жерді алудың тәртібі бар. Мәселен, жер инспекциясы талап арызды сотқа береді де, соттасады. Жарты жыл соттаса ма, бір жыл соттаса ма, әйтеуір ол жерді мемлекет мен­­­­шігіне қайтаруымыз керек. Соттың ше­шімі шығып, заңды күшіне енгеннен кейін жер мемлекет меншігіне қайтарылады. Одан соң әкімдіктер мен мәслихаттың бірлескен ше­шімі бойынша ауылдың қорына енгеннен кейін халық сол жерді еркін пайдалана ала­ды. Бұл – бір-екі айда емес, бір жылдың кө­ле­­мінде шешілетін дүние. – Осыған дейінгі сұхбаттарыңызда жер иелерінің басым бөлігі өз еркімен қай­тарып жатқанын айтқан едіңіз. Ал сот­қа жүгінген сәттер болды ма? – Әртүрлі жағдай болып жатыр. Пай­да­ла­нылмай жатқан жерін өз еркімен мем­лекет меншігіне қайтарып жатқан аза­мат­тар да бар. Ал кейбіреулер сот шешімімен ад­вокат жалдайды да, соңына дейін сотта­са­ды. Ал енді бірі адвокат жалдап, соттасайын деп тұрған жерінен мұның еш пайдасы жоқ еке­нін түсінеді. Себебі жердің заңсыз игеріл­гені туралы материалдың бәрі қолымызда тұр. Жер кодексінің талабы бойынша, жер екі жыл игерілмесе, мемлекет меншігіне қай­та­ры­лады. Өкінішке қарай, көп жер 20 жыл бойы пайдаланылмай, бос жатқан. Бізде осы­ған қатысты материалдар, тексеру қоры­тындылары бар. – Аудан әкімдері жерді жемқорлық жол­мен бергенін айтып отырсыз. Жерді қайта бөлгенде осындай жағдай қай­та­лан­бас үшін не істеу керек деп ойлай­сыз? – Халықты мазалап отырған негізгі сұ­рақ – осы. Жайылымдарды басқару жоспары бар. Оны мәслихат депутаттары бекітеді. Мәс­лихат депутаттарын әр ауыл, елді мекен тұр­ғындарының өзі сайлайды. Енді аудан әкім­дерін бұрынғыдай тағайындамайды, 2024 жылдан бастап халық сайлайды. Сон­дық­тан ауыл халқы ойланып, сайлау кезінде бірлесіп шешім шығаруы керек. Егер сайла­ған адам үмітін ақтамаса, сайлау туралы заң­намаға сәйкес тұрғындар аудан әкімін мер­зімінен бұрын қызметінен кетіру туралы ұсы­ныс білдіре алады. Сондай құқық белгі­лен­ген. Сыбайлас жемқорлықты жоюдың бір тә­сілі осы. Қызметті абыроймен атқару адам­ның ар-ұятына байланысты. Аудан әкімдері жер мемлекеттік қорда болса да, арам пи­ғыл­мен оны туған-туыстарына бөліп берген жағ­дайлар кездесті. Жүз жерден заңды кү­шейт­кенмен, АҚШ, Еуропа елдерінде де жемқ­орлық жайылып тұр ғой. Бұл адамның ар-ұятына байланысты екенін қайталап айт­қым келеді. Қоғамның бақылауы да маңызды. Қоғам бұған немқұрайды қарап, «Прокура­тура, антикор бар, бұл менің жұмысым емес» деп қараса, жүре берсе, әкімдер не істейді? Аудан­дық прокурорлармен, бәрімен ауыз жа­ласып заңсыздыққа баруы мүмкін. Қо­ғам­дық бақылаудың мәні сонда. Заңсыздық бол­са, қоғам наразылығын ашық білдіруі тиіс. Әкімді қызметінен босату керек. – Әңгімеңізге рақмет!

Серіктес жаңалықтары