Үйінің қасынан көл жасап, агротуризмді дамытып отырған балықшы
Үйінің қасынан көл жасап, агротуризмді дамытып отырған балықшы
Тараз қаласынан он шақырым жерде орналасқан Шайқорық ауылының тұрғыны Әбдірахим Қуанышбаевтың балық шаруашылығымен айналысқанына он жылдан асқан. Балық өсірудің бабын тапқан шаруа үйінің жанынан көл жасап алыпты. Мұнымен қоса, балық өсіретін инкубациялық цех ашқан. Осылайша, бақытын еңбектен тапқан ол кәсібін дөңгелетіп, сегіз адамды жұмыспен қамтып отыр. «Алтын бұлақ» шаруа қожалығының басшысы Әбдірахим Қуанышбаевтың мақсаты – агротуристік кешен салу. Қазір сол мақсатына қарай нық қадам басып, қолынан келгенше әрекет етіп келеді. Кәсібін ашар алдында біраз елге барып, кімнің немен айналысып жатқанын зерттеп көріпті. Сөйтіп, адамдардың балыққа деген қызығушылығы ерекше екенін байқаған. Осыдан кейін көп ойланбастан үйінің жанындағы 4 жарым гектар жерді қазып, көл жасап, ішіне майда балықтарды жібереді. Міне, содан бері оның шаруа қожалығына балық аулауға құмар жандар келе бастаған. Оларға шектеу де қоймайды. Әрине, бұл істі бірден бастап кету оңай емес. Суасты тіршілік иесін өсіруге кіріскен ауыл тұрғынының кәсібін дамытуға қаржы керек болады. Ол үшін Аграрлық несие корпорациясына жүгініпті.
«Біраз елге бардық. Қытайға, сосын Америкаға барып осы саладағы жоба бойынша ұйымдастырылған конкурсты ұтып алдық. Сөйтіп, сол жақта оқыдық. Барған жерімде жан-жағыма қарап, қандай кәсіп тиімді екенін зерттеп жүрдім. Сонда байқағаным, барлық жерде балыққа құмар адам көп екен. Олар бәрін тастап, балыққа келеді. Балық аулау адамға керемет демалыс сыйлайды екен», – дейді Әбдірахим Қуанышбаев.
Майда шабақтың толық өсіп-жетілуіне екі-үш жылдай кетеді. Кәсіп иесі осынша уақыт бойы суда тіршілік ететін жануардың жемін беріп, күтімін жасап, өсіреді. Сосын сатылымға шығарады. бір қуанарлығы, сұраныс та, одан түсетін табыс та жаман емес. Ең бастысы, ерінбей еңбек ете білсең болғаны.
«Балықты жақсы бағып, уақытылы жемін беріп отырса, екі жылда 10-12 см өседі. Шымкентте жем шығаратын комбинат бар. Жемін сол жақтан аламын. Негізі, бізге көтерме бағамен сатқан ыңғайлы», – дейді шаруа.
Кәсіпкер бұрын балық дернәсілін сатып алса, қазір инкубациялық цех ашып, өзі шығарып жатыр. Сол жерде табиғи жолмен көбейтеді. Цехта әзірге төрт адам жұмыс істейді. Оның екеуі – ихтиолог. Олар балықтың өсіп-жетілу процесін жақсы меңгерген. Жалпы, шабақ тауарлы өнімге айналғанша 6 айға дейін уақыт керек екен.
«Дернәсілді көлге апарып саламыз. Оны күзге дейін өсіреміз. Биыл Польшадан бақтақ балығының уылдырығын әкелдік. Қазір арнайы тоғандарда 3 миллион шабақ өсіріліп жатыр. Бізде үш түрлі балық бар», – дейді ол.
Кәсібінің қыр-сырын бөліскен кәсіпкер осы салада шешімін таппай жүрген өзекті мәселелер туралы да сөз қозғады. Айтуынша, кәсіпкерлерге Үкіметтен көмек болса, еліміздегі туризмді дамытып, шетелдік туристердің өзі қызыға қарайтындай көрнекті орындар салуға болады.
«Үкіметтен көмек болса дейміз. Несие алып, шапқылап, өзіміз тырбанып тіршілік етіп жатқан жайымыз бар. Мысалы, жақында «Жарық тартып береміз, жобаңды жасай бер» деген соң соны жасаймын деп жүгіріп, 2 млн теңге қаражатым кетті. Бәрін апарып тапсырып едім, «Болды, жылдың аяғында қаржы бөліп, істеп береді» деген. Өкінішке қарай, бәрі құр сөз күйінде қалды, ештеңе істеген жоқ. Әкім орынбасарына барып, жағдайды айттым. Бірақ еш нәтиже болмай тұр. Жарық болмаса, инкубациялық цехтың біреуі де істемейді. Жұмыстың бәрі жарықпен атқарылады», – дейді Әбдірахим Қуанышбаев.
Бүгінде «Алтын бұлақ» шаруа қожалығына балық аулап, демалуға келетін адам қарасы аз емес. Әсіресе, жазғы уақытта жұрт көп келеді екен. Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкердің ендігі мақсаты – агротуристік кешен салу. Ол еліміздегі туризмді дамытуға мүмкіндігіміз мол екенін айтады. «Тек қолда бар мүмкіндікті орнымен қолдана білу керек» дейді. Қызу тіршілікке кіріскен кәсіпкер агротуристік кешеннің құрылысын бастап та кетіпті.
«Біздің қазір тұрып жатқан жеріміз Жібек жолының орталығы болған. Тура сол жолдың үстінде тұрмыз. Ата-бабамыздың жолын жалғап, осы жерден кешен салсам деген ой келді. Қазір біраз тірлігін бастап қойдым. Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Көрінісі көз тартатын киіз үй қалашығын салу жоспарда бар. Халқымызда отау құрған екі жасты жылқыға мінгізіп, үлкендер ақ батасын берген емес пе?! Осы дүниені жаңғыртуды ойлап жатырмыз. Біз салып жатқан демалыс кешенінде жастарды жылқыға мінгізіп, киіз үйге кіргізсек дейміз. Көлдің үстінен екі қабатты кафе салып жатырмыз. Соның ішінде өзге де рәсімдер өткізуге болады. Ары қарай қайықпен жүзеді. Жалпы, келушілер жақсы демалатын көрнекті орын салу үшін қолымыздан келгенін істеп жатырмыз. Жақында Президент Қатармен келісімге отырды ғой. Сонда бірнеше құжатқа қол қойды. Соның ішінде туризм де бар. Еліміздегі туризмді дамытуға үлесімді қосқым келеді. Ел астанасына барып, істеп жатқан жұмысымды көрсетсем деймін», – дейді Әбдірахим Қуанышбаев.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ