Болат ЖОЛАМАНҰЛЫ: Басты мақсатымыз – себепсіз жазаға ұшырағандардың есімін анықтап, ақтау

Болат ЖОЛАМАНҰЛЫ: Басты мақсатымыз – себепсіз жазаға ұшырағандардың есімін анықтап, ақтау

Болат ЖОЛАМАНҰЛЫ: Басты мақсатымыз – себепсіз жазаға ұшырағандардың есімін анықтап, ақтау
ашық дереккөзі
50454
Қазақ тарихындағы қасіретке толы бет­тердің бірі – ХХ ғасырдың 20-50-жыл­дарындағы саяси қуғын-сүр­гін. Қилы ке­зеңде жүз мыңнан аса азамат жазық­сыз жа­па шексе, оның жиырма мыңы атыл­ғаны айтылады. Енді оларды ақтап, тарихи әділдік орнату – бүгінгі ұр­пақ­тың міндеті. Осыған орай Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жар­лығымен саяси қуғын-сүргін құр­бан­дарын ақтау үшін Мемлекеттік комис­сия құру тура­лы бас­тама көтерілді. Бүгінде еліміз бойынша 11 жұмыс то­бы құрылып, осы бағытта жұмыс істеп жа­тыр. Осы орай­да Алматы қалалық саяси қуғын-сүргін құрбан­да­рын толық ақтау жө­ніндегі комиссияның 5- жұмыс то­бы­ның жетекшісі, Алматы энергетика және байланыс уни­верситеті Әлеуметтік пән­дер кафедрасының мең­герушісі Болат Жоламанұлымен сұхбаттасып, қа­лалық ко­миссияның зерттеу жұмысы тура­лы сұрадық.  – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жө­ніндегі комиссия алдына маңызды міндет қойыл­ды. Сіз жетекшілік ететін топтың жұмысы қалай жүріп жатыр? – Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі қалалық ко­миссия қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың 8 ақпанда қол қойып қабылдаған қаулысымен 9-жұмыс тобы құрыл­ған болатын. Оның «Большевиктік-сталиндік биліктің шар­уаларға қатысты күштеп ұжымдастыру, астық-ет дайын­дау және басқа саяси науқандар құрбандарын зерт­теу, дайындау және қорытынды жасау, ақтау» бойынша 5-то­бына жетекшілік жасау маған тапсырылды. Құра­мы­мыз­да 4 комиссия мүшесі бар. Зерттеуіміздің негізгі нысаны – Алматы қаласының сая­си қуғын-сүргін құрбандары ретінде Қазақстанда 1928 –1934 жылдары саяси шаруашылық науқаны кезінде заң­сыз жазаланған, оңалтуға жататын адамдардың санатын анықтау бағытында жұмыс жүргізу. Астық-ет жинау науқанының барысы Қазақстан кө­ле­мінде біршама зерттелген. Ал Алматы қаласы бойынша қа­лалық архив қорларындағы құжаттармен зерделеу жұ­мы­сын жүйелеу, қорыту тың мәселе болмақ. Бір ғана Алма­ты қаласы бойынша астық жинау науқанына қатысты қыл­­­мыстық баптармен жазаланып, сотталған жүздеген шаруаның есімін анықтап, тағдырын толық танытуға мүм­кіндік туып отыр. Алматы қаласы 1920-1930 жылдардағы астық-ет дайын­дау, ұжымдастыру т.б. саяси науқандарының бары­сын қарастыруда қаланың территориялық-әкімшілік шең­берінің өзгерістерін негізге алуы керек. 1922 жылы Се­ми­речье облысы Жетісу атанғанда қала маңындағы ау­дандар аумағындағы 3 789 шаруашылық тіркеліпті. Қазақ Ор­талық Атқару комитетінің 1926 жылғы 18 ақпандағы қау­лысымен республика әкімшілік-аумақтық құрылымы 18 губернияға бөлінгенде, Алматы қаласы Жетісу губер­ния­сы мен Алматы уезінің әкімшілік орталығы болды. Сол кез­ден Алматының орталығына Үлкен станица, Татар және Жаңа слабодаларымен қоса, бау-бақшалар, өнеркәсіп учас­келері, саяжайлар т.б. қараған. Қазақ ОАК 1925 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысымен дер­бес қалалар тізіміне кіріп, 1926 жылы 4 наурызда құрыл­ған қалалық кеңес 1992 жылға дейін қызмет атқар­ған. 1928 жылдың 3 қыркүйегінен Алматы округі 21 аудан­ға бөлінгенде Алматы қаласы округ орталығына айналды. Алматы қаласының территориясында Ленин ауданы Кіші Ал­маты, Ленин станицалық кеңестері, Калинин болы­сы­ның құрамына енген 15 станицалық және ауылдық кеңес­тер­ден құралды. Ауданның орталығы Алматы қаласы бол­ды. Іле ауданы құрамына солтүстікке қарай орналасқан Сұл­тан және Қазыналық тоғай ұйғыр ауылдары кірді. Ал Сөге­ті ауданына Дала-Бутаков пен Қотырбұлақ ауылдары енді. 1929 жылғы 19 шілде айында Алматы Қазақ АКСР ас­та­насына айналғанда алғашқы көштің легі басталды. Ха­лық саны күрт өсіп, 1929 жылдың қаңтарында 48 379 адам бол­са, жылдың аяғында 71 мың адамға жеткен. – Алғашқы көштен кейін қала халқының саны күрт өскенін айттыңыз. Тұрғындардың негізгі күн­көріс көзі не еді? – Қала тұрғындардың басым көпшілігінің негізгі күн­кө­ріс көзі ретінде жеке қожалықтары болды. Әсіресе, Ал­ма­ты қалалық кеңесіне қатысты ауылдық аймақтардың тү­гел­­дей дерлік егістік жерлері, бау-бақшасы болды. Мұ­нымен қоса, мал ұстаумен күнелткен. Олар салық төлеуші ре­тінде Алматы қалалық кеңесінің есебінде болды. Жо­ғары­дан жеткен сталиндік директива негізінде қатаң бел­гіленген жоспарды қалай болса да орындауда ауырт­па­лықтың бәрі осы шаруалардың мойнына түскенін көреміз. Сот істерінен байқағанымыз, 1928 жылдың 20 қаңтарынан бастап Алматы қаласы кеңесіне бағынышты шаруаларға әкімшілік және сот қысымы айтарлықтай күшейді. Наурыз айы­на дейін созылған астық дайындаудың зорлық-зом­бы­лыққа толы бірінші кезеңі басталды. Содан кейін біраз құл­дырау болды. Науқанның екінші толқыны 1928 жыл­дың сәуір айының басынан маусым айына дейін созылды. Алматы қалалық кеңесінің ақпан-наурыз айында өт­кен мәжілістерінің күн тәртібінде мемлекетке астық өт­кізу ісі қаралып, оң өзгерістер болмаса жауапты қызметкерлерді жұмыстан босату, сөгіс жариялау, жазаға тарту туралы ескертулер жасалды. Бұл Сталиннің талаптарын орын­да­ғысы келмеген немесе олардың орындалуына енжар қара­ған коммунистердің партиялық жауапкершілікке ашық түрде тартылуы басқаларға сабақ болсын деген қорқыту әдістері еді. Мәселен, осы әкімшіліктің жұмысын қада­ға­лайтын прокуратура құрылымы астық даярлау науқаны бары­сында жұмысын атқара алмағаны үшін 1929 жылдың екін­ші жартысында 7 прокурор, 6 прокурордың орын­басары, 18 прокурордың көмекшісі, 6 округтік сот төра­ғасы, 7 округтік сот төрағасының орынбасарлары және он­нан астам округ сотының мүшелері, барлығы қызметінен бо­сатылғанын хабарлаған. Алматы қалалық кеңесі астық науқанын ұйым­дас­тыруды қожалықтармен тиімді жүргізу үшін Алматы қала­сын 16 ауданға бөліп, «үштіктер» белгілеген нұсқау негі­зін­де жұмысын жандандырды. Астық даярлауға қолқабыс бере­тін Комсодтар (Нан дайындауға жәрдем беру комитеті) құ­рылды. Оның құрамына мекемелердің қызметкер ком­сомолдары, белсенді жастар, студенттер де тартылды. Ас­тық дайындау аудандарына орта есеппен 5-15 адамды (ОГПУ қызметкерлері, уәкілдер) жіберді. Олардың жұмысы бө­лінген аудандар бойынша бекітілген тізім арқылы ас­тыққа қатысты міндетін өтемеген қожалықтарды тексеру бо­латын. Кейде белсенділер ОГПУ-ді күтпестен өздері қай шаруа­шылықтың кулак екенін анықтауға тырысты. Шаруа қо­жалықтарына үздіксіз тінту жүргізіп, астық жеткізуді талап етіп, үй иелерін қамауға алды. Шаруаларға заңда қа­рас­тырылмаған мөлшерде айыппұл салынды. – Шаруаларға әкімшілік қысым көрсетудің ше­шу­ші құралы – сот. Ол кезде сот процесі қалай жүрді? – 1928 жылдың қаңтар айының ортасынан ОГПУ қыз­меткерлерінің араласуымен кулак шаруашылықтарды анық­тап, олардың мүліктік жағдайын белгілеу құзыры беріл­ген болатын. Олар жасаған тізімдер округтік және аудан­дық «үштіктерге» жіберіліп, ісін сотқа беру, тұтқындау ту­ралы шешім қабылдады. Осыдан кейін кулактардың асты­ғының артығы қанша екені айтылып, сақтауға өткі­зіл­ді. Іс 1-3 күннің ішінде тексеріліп, сотқа жолданды. Ақ­пан айының басында округтің астық дайындау аудан­дары бойынша көшпелі сот отырыстары жұмыс істеді. Мұнда іс жеті күннен аспаған. Қала архивінде сақталған 300-ден астам адамның сот ісін қарау барысында түйге­ні­міз, біріншіден, соттың мақсаты тек тапсырманы орындау бол­ғанын істің асығыстығы айқындайды. Екіншіден, қарал­ған істер барысында ақтау шаралары мүлдем кездес­пей­ді. Үшіншіден, сотталу мерзімі 3, 5 жылға, бір жылға сирек сотталса, негізінен дүние-мүліктері тәркіленіп отыр­ған. Сот істерінің құжаттары өте жауапсыз толтырылғанына қа­рап, сот процесі формальды болғанын шамалауға бола­ды. Науқанды орындау барысында Алматы қаласының 10-ауданы бойынша есеп берген уәкілдің дерегіне сүйенсек, ша­шырап орналасқан қожалықтарды тексеруде кәсіп­одақ­тар тарапынан қолдаудың жоқтығы, мекемелерден бекі­тіл­ген комсомол қызметкерлерінің жұмысты орындаудан бас тартуы, қалалық кеңестен бөлінген уәкілдердің жиі ауы­суы, сотқа жеткен істің ұзақ қаралуы сияқты тізбеленген кем­шіліктер негізгі кедергі болған. Алматы қаласындағы астық дайындау науқаны кезінде ауыл шаруашылығы са­лығының төлеу мерзімін созу, ақтап жібергені үшін партия қыз­меткерлерінің жазаланған оқиғалары кездеседі. – Архивтерден тағы қандай құнды мәлімет кез­де­сіп жатыр? – Астық дайындау барысында жазаланғандарды, 1928-1935 жылдар аралығына жататын қылмыстық істерді қ­а­ла­лық комиссияның 5-жұмыс тобы әлі де зерттеп жатыр. Ті­зімдегі қылмыстық жазаға тартылғандардың бәрі – Ал­ма­ты қаласын тұрғылықты мекен еткен адамдар. 70-қор­дың 2-тізбесінде Алматы қаласы халық сотының 255 ісі сақ­­талған. Мұнда РКСФР Қылмысты кодексінің 1935 жылға дейінгі астық дайындау науқаны кезінде 58-59 және 61-108 баптары бойынша сотталған азаматтар туралы мәлімет бар. Кей істер топ болып жасаған қылмыс ретінде бірік­тіріл­­генін ескерсек, сотталғандар саны мыңға жетіп жы­ғы­лады ма деп жобалаймыз. Астық жинау науқанын «үштіктер» құзырына бере оты­рып, Сталиннің тікелей нұсқауымен заң органдарының қатысуын талап етуі, қабылданған әрекеттердің заңдылық си­пат беруі революциялық заңдылықты жүзеге асыратын орган ретіндегі прокуратура мен соттың беделін жоғары көр­­сетудегі көзбояушылығы еді. Шындығына келгенде, әкім­шілік органдар соттарға нұсқау беріп, істі 24 сағат ішін­де тергеп-тексеруді, оларды процеске қорғаушының қ­атысуынсыз үш тәулік ішінде қарауды қамтамасыз ету тап­сырылды. Бұл шешімнің барлығы 1928 жылы қолда­ныс­та болған РСФСР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің нор­маларына қайшы еді. «Үштік» бекіткен нұсқау бойынша халық соттарына аталған баптар бойынша ақтау немесе шартты үкім шығаруға тыйым салған. Бұл тармақтар енді заңдылықты бұрмалап қана қоймай, ашық озбырлықты көрсетті. Мәселен, Алматының 6-ауданы бойынша Фрунзе кө­шесіндегі 66-үйде ағайынды Хасан мен Мұса Камаев­тар­ды 70 пұт астық қарыз болғаны үшін ОГПУ қызметкерлері сот­тың шешімінсіз-ақ «Советская Степь» газеті арқылы үйле­рін жарнамалап, 1 мың сомға сатып жіберген. Ұйып отыр­ған отбасындағы 14 адам далада қалғаны туралы ай­тып, арызданған. Бұл – Алматыдағы мыңдаған қайғылы жайт­тың бір мысалы ғана. Жоғарыда атап өткеніміздей, ОГПУ-ға кулак шаруашы­лық­тарын анықтау, астық қорын түгендеу және алып қою, айыпталушыны қамауға алу, қылмыстық істерді тергеу тап­сырылса, науқан барысындағы мемлекеттік аппараттың қыз­метін қадағалау прокуратураға жүктелді. Науқан жер­гілікті жерде негізінен атқарушы билік әкімшілік күшімен жү­зеге асырылды. Алматы қаласының 10-ауданы бойынша ас­тық жинау уәкілінің жүргізген жұмысының есептік ақпа­рын­дағы тізімде 38 қожалық есепке алынған. Оның сегізі кулак­қа жатқызылған. Қосымша комсодтың белсен­ділі­гімен сол ауданда тағы 14 кулак қожалығы анықталып, оның екеуі кулактар тізіміне енгізілген. – Өңір бойынша қуғын-сүргінге ұшырағандардың аты-жөні белгілі болды ма? – Алматы қаласының мұрағаттарында Қазақстанда 1928-1934 жылдардағы шаруашылық науқаны кезінде жа­заланған, оңалтуға жататын адамдарды іздестіру бары­сында сотталғандар ішінен 242 адамның аты-жөнін анық­тадық. Әлі қаралмаған 1930 жылға қатысты 123 іс, 1931 жыл­дағы 32 адамға қатысты 18 іс жатыр. Есімі белгілі бол­ған 242 адамға келсек, басым көпшілігі Қылмыстық ко­­­декстің 60, 61-бабымен (салықты жасыру) сотталған. Оның ішінде 62-баппен (бірнеше адам ұйымдасып са­лы­ғын жасыру) сотталған – 3 іс, 73-баппен (билік өкіл­деріне қар­сылық көрсету) – 4 іс, 79-баппен (мемлекет мүлкіне зиян тигізу) – 1 іс, 81-баппен (айыпталушыны заңсыз бо­сату) – 1 іс, 96-баппен (істің қорытындыларын алдын ала ха­барлап қою) – 1 іс, 101-баппен (самогон қайнату) сот­тал­ған – 1, 107-баппен (спекуляция) сотталған – 2 іс. Осы­ған қарап, науқан барысында көптеген халық сот­тары­ның сауатсыздығы, іске жауапсыз қарағаны немесе тек нұс­қауды орындағаны байқалады. Соттар тек «сотталсын, тәр­кіленсін» деген ұранымен жұмыс істеген. Астық дайындау және ұжымдастыру науқандары бары­сында Алматы қаласы аумағына кірген шаруалардың жа­за­ға ұшырап, сотталуына қатысты халық соттарының 1920-1934 жылдар аралығындағы ісін қарап, қорытынды жа­сау комиссияның алдағы жұмысына кіреді. – Саяси қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандары­ның өмірін зерттеп, ақпарат аларда негізінен қандай ке­дергі кездеседі? – Біріншіден, қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы то­лық мәліметті жинақтау қиын болып тұр. Мәселен, 2 не­­­месе 3 жылға сотталып, дүние-мүлкі тәркіленген, тұр­ғы­лықты жерінен әртүрлі мерзімге жер аударылған тізім­нің басын ғана келтірейік: «Соловьев Илья Петрович – Дач­ная 22; Мананенко Варвара Филиповна – Дачная 70; Кис­лицин Алексей Григорьевич – Дачная 253; Пантелеев Афа­насии Митрофанович – Узбекская 64; Шахворостов Павел – Калинина 14; Моисеев Сафрон – Дунганская 108; Джан­шанло Нунуза – Дунганская 71; Морозов Дмитрий – Таранчинск 143; Шахворостов Иван – Кошкарская 119». Осы­лай кете беретін тізімде 242 адамның тағдыры тұр. Құра­мында ерлер, әйелдер бар, жас ерекшелігі де әртүрлі. Ұлты­на келер болсақ, дені – еуропалықтар, ұйғыр, дүнген, өзбек­тер. Қазақтар жоқтың қасы. Сол қаралы күндердің өтке­ніне 100 жылға таяу уақыт болды. Олардың артында із­деушісі де жоқ. Екінші үлкен мәселе, Алматы қаласына кіретін аймақта ұжым­дастыру (колхоздастыру) үрдісі барысында зардап шек­кен шаруалар мәселесін зерттеу, қуғын-сүргінге ұшы­ра­ғандарды анықтап, ақтау жұмысын бастадық. Оқиғалар бары­сын бейнелейтін құжаттар әлі толық емес. Біршама қор­мен жұмысты жалғастыруды жобалап қойдық. Дерек­тер негізінде 1930-1932 жылдары Алматы қалалық кеңе­сі­нің қызмет көрсету құрамына Алматы қаласы шеңберінде 3 070 шаруашылық, 18 колхоз бен 2 шаруашылық артель­дер қызмет атқарғанын анықтадық. Ақпарат әлі де өзгеруі мүмкін. Мәселен, Қотырбұлақ ауылындағы «Қасымбек» колхозы, Дала-Бутаков ауылындағы «Түрксіб» колхозы, «Таулы Октябрь» колхозы, Каменка, Ремизовка хуторлары, ОГПУ-2 совхозы, «Страна Советов», «Новый мир», «Биянху», Жанкелдин, Розыбакиев, Сталин атындағы колхоздар, «Крас­ный Буккер», «Красный хлебороб», «Плуг», «Ворсовод», «Луч Востока» колхозы, Порт-Артур поселкесі, «Беднота» кол­хозы, Морозов атындағы колхоз, ұйғырлар тұратын Сұл­тан ауылы т.б. колхоз-артельдер құрылып жұмыс істе­генін анықтап отырмыз. Құжаттарда олардың атауы да жиі өзгеріп отырады. Архив деректерінде Алматы қаласына қарасты колхоздар мен ауылшаруашылық артельдерінің тізімі, шаруашылық саны, егін алқаптары туралы ақпарлар, тіп­ті әр отбасы мүшелерінің санына дейін көрсетілген. Біз­дің түпкілікті жұмысымыз – нақты жазалауға ұшырап сот­талғандар туралы мәліметтер жинау. Алматы қаласы аума­ғында орналасқан колхоздарда 1930 жылдары жа­сы­рынып аман қалған немесе жаза мерзімін өтеп келіп, бас­қарманың лауазымды қызметтеріне орнығып алған кол­хоз құрылысына қарсы, «зиянкестерді» әшкерелеген істер­ді көтеріп жатырмыз. Осы жылдары колхоз апаратын тазалау науқаны жүргені жиі кездеседі. Мысал ретінде кол­хоз басшылығын және мүшелерін қылмыстық бап­тар­мен айыптау бойынша «Горный Гигант» колхозындағы 24 адамды соттау процесін айтуға болады. – Комиссияның осы бағыттағы жұмысы қалай жал­ғасады? – Алдымызда тұрған мақсат – сайлау құқығынан айы­рылғандар, бай-кулактарды тәркілеу, астық-ет дайындау, ұжым­дастыру барысындағы шаруалардың жазықсыз жа­заға ұшырауы, әкімшілік-командалық күштеудің бары­сын­да еріктілік тәртібінің орнына зорлық-зомбылық көп қол­данылғаны жайлы оқиғаларды ашып көрсету. Нәти­же­сінде, жазаға ұшырағандардың есімін анықтап, ақтау. Біздің түйгеніміз, астық-ет жинау, ұжымдастыру нау­қа­нында қолданылған әкімшілік қысымның нәтижеге же­туге кепілдік бермейтінін көрсетті. Әкімшілік озбыр­лық­тың ең сұмдық көріністері билік пен халық арасындағы өткір қақтығыстарға алып келгені белгілі. Қазақстандағы астық-ет дайындау, ұжымдастыру нау­қандары барысында жазықсыз жазаға ұшыраған шаруа­лар­ды ақтау тақырыбы бойынша өткен семинарда рес­пуб­ликалық Жобалық кеңсесінің жетекшісі Сабыр Қасымов «Қа­зақстан Жоғарғы кеңесі төралқасының комиссиясы анықтаған жекелеген фактілер бойынша ғана мәжбүрлі түрде астық, ет және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін дайын­дау барысында 56 498 адам әкімшілік-қылмыстық жауапқа тартылған, оның ішінде 34 мыңнан астам азама­ты­мыз сотталды. Қазрайкомның бұрынғы басшысы Ф.Го­лоще­кин тек астық дайындау науқаны бойынша 1928 жыл­дың қазанынан 1929 жылдың 1 желтоқсанына дейін сот желісімен 125 адам, ОГПУ желісі бойынша 152 адам атыл­ғанын баяндады», – деп жұмысымыздың алғашқы ке­зеңін қорытындылаған болатын. Алматы қаласы аумағында өткен шаруашылық нау­қан­дарының сот істерін көтеру арқылы жазаланғандардың тізі­мін бердік, енді ақтаумен айналысатын құзырлы ор­ган­дарға сұрау саламыз. Жалпы алғанда, әділетсіз қудалау про­цестерінің бағасын беру, жазаланған нақты есімдерді анық­тау және ақтау арқылы тарихи әділеттілікті қалпына кел­тіреміз, жұмысты аяғына жеткізу – парызымыз. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары