Гүлжан ТАЛПАҚОВА, Халық әртісі: 32 жасымда Халық әртісі атанамын деп ойламадым

Гүлжан ТАЛПАҚОВА, Халық әртісі: 32 жасымда Халық әртісі атанамын деп ойламадым

Гүлжан ТАЛПАҚОВА, Халық әртісі: 32 жасымда Халық әртісі атанамын деп ойламадым
ашық дереккөзі
52547
Қазақ би өнерінің негізін салған Шара Жиен­құлова десек, оның шәкірті болған Гүлжан Талпақова да қазақ биін әлемге та­нытқан тұлға. Ол жер шарындағы түрлі ұлт өкілдерінің биін билейтін. Халықаралық фестивальдардан жүлдемен оралып, Аме­ри­ка, Азия, Африка және Еуропа құрлы­ғын­да болды. Осылайша, әлемнің елуден астам елін­де мың бұрала билеп, ұлттық өнерімізді әлем­ге паш етті. Шара Жиенқұлованың шә­кірті, небәрі 32 жасында «Халық әртісі» атан­ған қазақ биінің ханшайымы Гүлжан Тал­пақовамен сұхбаттасудың сәті түскен еді. – Алдымен туған жеріңіз, өскен ор­таңыз, би өнеріне қалай келгеніңіз ту­ралы айтып беріңізші. – Туған жерім – бұрынғы Гурьев, қазіргі Аты­рау қаласы. Би өнеріне кішкентай ке­зім­нен қызықтым, мектепте би үйірмесіне бар­дым. 6 жасымнан бастап биледім. Бала арманым алысқа жетелейтін. «Қалайда биші боламын» деген ойымды ата-анама айт­қан кезде қарсы болды. «Кейін жұмыс іс­тейтіндей басқа мамандық таңда» деді. Мен жылап, айтқанымнан қайтпай қой­дым. Ауылда қарапайым тіршілік кешіп жат­қан отбасымыз. Менен үлкен сахнада өнер көрсететін биші шығады деп ойламаса керек. – Табандылығыңыздың арқасында бала күнгі арманыңызға жеттіңіз. 52 мем­лекетте болып, әйгілі сахналарда өнер көрсеттіңіз. Аса көрнекті мем­ле­кет және қоғам қайраткері Дінмұ­хам­мед Қонаевтың қабылдауында болып, «Ха­лық әртісі» атағын алдыңыз. Бұл биші ретінде Сіздің бақытты сәттеріңіз ғой. – Әрине. Би – менің ең сүйікті ісім. Атыраудағы Эст­­рада-цирк студиясын бі­тір­геннен кейін Бол­гария астанасы София қа­ласында жас­тар мен студенттердің Бү­кіл­дүниежүзілік IX фестиваліне қатыстым. Қазақ Советтік Социалистік Республика­сы­ның бишісі ре­тінде халық биі «Айжан қыз­ды» орындап, фес­тивальдың лауреаты ата­ғына және кү­міс медальға ие болдым. Мәс­кеуде оқып, сол жақта жұмыс істедім. Со­сын мені Гос­кон­цертке жұмысқа алды. Ол кезде Қаз­концерт, Армянконцерт, Мос­концерт, Өз­бек­концерт және басқалары Госконцертке қарайтын. Қазіргі Қазақ­кон­церт ол кезде Москонцерт болатын. Гос­кон­церт шетелге шы­ғып өнер көрсететін ансамбль құратын бо­лып, өнерлі жастарды іріктеді. Соның құра­мына алынып, Азия­ның атынан өнер көр­сеттім. Осылайша, әлем сахналарында түр­лі ұлттың (өзбек, орыс, хорезм, армян жә­не т.б.) соның ішін­де әрине, көбіне қазақ биін биледім. Түрлі ұлт өкілдерінің ара­сын­да жалғыз қазақ қы­зы болып өнер көр­сет­тім. Жиырма бір жасымда «ҚазКСР-інің еңбек сіңірген әртісі» атандым. Бұл атақты алуыма Болгариядағы жетістігімнің септігі тиді. Мәдениет министрлігі де марапаттады. «Огонек», «Совет лайф», «Парасат» және бас­қа да көптеген газет-журналдың мұқа­ба­­сына шығарды. 1981 жылы Американың то­ғыз штатында өнер көрсеттім. Амери­ка­лық журналдың да мұқабасына шығарды. «Нью Йорк Таймстан» бастап Американың біраз басылымы біздің жетістігіміз туралы жазды. Ол кезде «Ерке бала» биін биледім. Му­зыкасын әйгілі күйші, дирижер, ком­по­зи­тор Нұрғиса Тілендиев ағамыз арнайы жаз­ды. Америкадағы гастролім ойдағыдай өтіп, еліме оралғанда қуанышым еселене түсті. Бүкіл БАҚ өкілдері күтіп алды. Дін­мұхам­мед Қонаев ағамыз қабылдады. Ол кісі жақсы өнер көрсеткенімді айтып, құт­тық­таған соң «Таңертең саған «Халық әр­ті­сі» атағын беру туралы Жарлыққа қол қой­дым» деді. Отыз екі жасымда «Қазақ КСР Ха­лық әртісі» атанамын деп ойлады дейсіз бе?! Шыға салып, сенер-сенбесімді білмей, көз жасыма ерік бергенім есімде. Одан кейін министр де қабылдады. Ал өзім бірінші Равиль Шырдабаевқа ха­барластым. Ол Атырау қалалық партия ко­митетінің бірінші хатшысы болатын. Кейін Дінмұхаммед Қонаев ағамызды үйге қонаққа шақырдым. Бибігүл Төле­ге­нова апамыз, әнші Нұрғали Нүсіпжанов ке­ліп, жақсы отырыс болды. Үйде рояль бар еді. Бибігүл апа рояльда ойнап, Дінмұхаммед Қонаев ағамызбен қосылып ән айтты. Ди­маш ағамыздың ән айтқанын көріп, «шы­ғар­машылыққа жақын адам екен ғой» деп таңғалдым. Ол уақытта қазіргідей телефон бол­мағаны өкінішті. Видеоға түсіріп ала­тын едік. Суреттеріміз бар.  width= – Қазақ би өнерінің негізін салған Ха­лық әртісі Шара Жиенқұлованың шә­кірті болғаныңызды білеміз. Ол кісімен қалай таныстыңыз? – 1965 жылы Атырауға Халық әртісі Гүл­жиһан Ғалиқызы келіп, эстрада-цирк студиясын ашты. Кейін ол кісі менің енем бол­ды, ұлына тұрмысқа шықтым. Сол кезде жас­тардың өнерін тамашалап, іріктеуден өт­кізген болатын. Вокалист, домбырашы, би­шілер Халық әртісінің алдында бары­мыз­ды салып, өнер көрсеттік. Мен балет би­ледім. Осыдан кейін он шақты өнерпазды Ал­матыға алып кетті. Сол кезде Шара Жиен­­құлова да болды. Ол қазақша би үйре­тіп, сабақ берді. Шара апамен солай кездес­тім. – Сізді бірінші көргенде не айтқаны есіңізде ме? – Иә. Өнерімді тамашалап болғаннан кейін «Жақсы. Сенен биші шығады. Қолың өте әдемі» деді. Ол кезде небәрі он алты жас­тамын. Үйге келіп Шара Жиен­құлова­ның алдында өнер көрсеткенімді қуана жет­кіздім. Ата-анам бәрібір көнбеді. «Қалай би­ші боласың? Биші деген сұлу болуы керек қой» дейді. Сөйтіп, әрең жіберген. Осы­лай­ша, іріктеуден өткен жастар арман қуып Атыраудан Алматыға аттандық. Кейін Шара апамен көрші тұрып, өмір­ден өткенше жақын араластық. Ол кісі ұлы­мен бірге бесінші қабатта, ал біз үшінші қа­батта тұрдық. – «Би падишасы» атанған сахнаның ер­кесі өмірде қандай адам еді? – Хореографиялық училище туралы түр­лі әңгіме айтылады. Негізі, ол Шара Жиен­құлованың бастамасымен салынған. Дін­мұхаммед Қонаевқа айтып, арнайы қара­жат бөлдіріп, құрылыстың басы-қа­сын­да жүрген, алғаш училищені салдырған Шара Жиенқұлова болатын. Ал мінезіне кел­сек, өте нәзік, жүрегі жұмсақ жан еді. Ұры­су, айқайлау дегенді білмейтін. Біз Мәс­кеудегі мектептен өттік қой. Ол жақта тәр­тіп өте қатал болды. Оған кез келген адам шыдай алмайтын. Жалпы, қай жақта бол­сын, бидегі мұғалімдеріміздің барлығы дер­лік қатал еді. Шара апа олардың ара­сы­нан мінезінің жұмсақтығымен ерек­ше­ле­не­тін. Күлкісі сондай нәзік, әдемі. Көп сөй­лемейтін, үндемейтін. Педагог ретінде біз­бен өте жылы қарым-қатынаста болды. Біз жас болдық қой. Он сегіз, он алты жас­та­мыз. Ауылдан келгенбіз, көп нәрседен ха­барымыз жоқ. Бетінен қақпайын деп, біз­бен жылы сөйлескен шығар деп ойлап қоя­мын. Шара апа хореографиялық учи­ли­ще­н­ің дамуына көп еңбек сіңірді. Қазақ биі­­нің негізін қалады, көптеген би қи­мы­лын ойлап тапты. Мәселен, «Бүркіт», «Ұйыр­шық», «Өрнек», «Құсмұрын» және тағы бас­­­қалар. Шара Жиенқұлованың 1930-1937 жыл­дардағы «Ұйыршық», «Киіз басу» билері ке­ремет шыққан. Оның билері қазақ хал­қының тұрмыс-тіршілігімен астасып жа­тыр. Бұл әдемі көрініске сырттай қарап, сүй­сінбеу мүмкін емес еді. Ат жарысы, дом­быра шерткен адам, ұршық үйіру, киіз басу. Осының бәрін қимылмен, образбен көр­сетті. Бәрін өзі ойлап тапты. Оның би­лері кітапқа енді.  width= – Биші қимыл-қозғалысы арқылы көркем образды көрерменге жеткізеді. Осы орайда дене сымбатын сақтау үшін арнайы диета ұстадыңыздар ма? – Әрине, диета ұстау міндетті болды. Ұн­нан жасалған тағамдарды, тәтті, бәліш, торт жеуге тыйым салынды. Тек қайна­тыл­ған ет, ірімшік, қызанақ, қияр жейтінбіз. Өйт­кені артық бірдеңе жесеңіз болды, буын, тізе дұрыс икемге келмей, де­мал­уы­ңыз қиындайды. Сосын билей алмайсыз. Қа­таң диетамен жүретінбіз. Ал қазір бәрін жей беремін. Қазы, қарта, майды да жақсы кө­ре­мін (күліп). Бұрын салмағым қырық то­ғыз болса, қазір сексен келі. Сонда да шаш бояп, бетімізге маска жасап, өзімізді күтеміз ғой. Әдемі болып жүргенді жақсы кө­ремін. Адамдар қарапайым әйел емес, сах­наның адамы ретінде қарайды. Қазір де жүр­ген жерімде «Гүлжан апа» деп танып жа­татындар бар. «Билегеніңізді теледидар­дан көрген едік. Әкем, анам сіздің өнеріңізге тәнті болған» деп айтып жатады. Рақмет, бәріне.  width= – Кәсіби биші болудың қызығы мен қиындығы туралы не айтар едіңіз? – Биші болу өте қиын. Шыдамдылықты, ұқып­тылықты талап етеді. Аптасына бір рет, жексенбіде ғана демалатынбыз. Қалған алты күн бойы үздіксіз дайындық жүреді. Шар­шап тұрсың ба, өзіңді жаман сезініп тұр­сың ба, көңіл күйің болмай тұр ма, тәтті нәр­се жеп қойдың ба, ұйқың келіп тұр ма, ауы­рып тұрсың ба, мұның бәріне қарамай, дайын­дыққа баруың керек. Күн сайын дайын­дық. Аяқтан, қолдан, тізеден ештеңе қал­майды ғой. Еңбек, еңбек және еңбек. Құла­саң, балетмейстер, педагогтен ұрыс ес­ти­сің. Би қойғанда бір жерін дұрыс істе­месең, қатты ұрысады. Жылайсың. Сосын әрі қарай жалғастырасың. Балет әртісі болу – үлкен еңбек. Алайда сах­наға шығып, қаншама адамның алдында өнер көрсетіп, көрерменнің қошеметін сезгенде мұның бәрін бекер жасамағаныңды түсінесің. Өнер адамының бақыты осы ғой! Қазір жас келді, жетпіс бестемін. Сізге шы­ным­ды айтайыншы, теледидардан биші­лер­дің билегенін көріп, кәдімгідей жылай­мын.   – Неге? – «Шіркін, қазір билесем ғой» деймін. Бұрын мата қат болатын. Қазіргідей сан түрлі әшекей, аң терілері, матаның түр-түрі болмады ғой. Қажетті дүниелерді қалалық партия комитетінен алатынбыз. Көйлекке, қамзолға қанша мата кетеді? Бәрін өлшеп бе­реді. Ал қазір базарға барсаңыз, бәрі то­лып тұр. Не керек, бәрін табасыз. Би мек­те­бі де жақсы дамып келе жатыр. Мықты ба­лет­мейстерлер шығып жатыр. Костюм­де­рі қандай әдемі! Қазір өнерді дамытуға барлық мүмкіндік бар. – Қазіргідей той-жиындарда өнер көр­сеткен сәттеріңіз болды ма? – О не дегеніңіз! Біз үшін тойда, мей­рам­ханада өнер көрсету ұят саналатын. Кә­сіби талап қойылды, тек сахнада биледік. Қа­зір заман, уақыт басқа. Ешкімді кінәла­май­­мын. Ол уақытта қазіргідей телефон бол­ған жоқ. Бір көшеде бір ғана теледидар бо­латын. Бүгінде бәрі бар ғой. Жылына он бес, он сегіз тегін концерт қоя­тынбыз. Сондай талап қойылды. Қарт­тар, мүмкіндігі шектеулі жандар, балалар үйіне барамыз.  width= – Қазір де өнерден алыстамай, жас­тарға тәжірибеңізді бөлісіп жүрге­ніңіз­ді байқаймыз. – Балетмейстерлерге шеберлік сағатын өт­кізіп тұрамын. Үлкен кездесулер болады. Гру­зия, Мәскеу, Беларусьтен келген және елі­міздегі өнерпаздарға білгенімді үйретуге ты­рысамын. Кәсібилігі жоғары деңгейде бол­са дейміз. Осы орайда үнемі қолдау біл­ді­ріп келе жатқан Атырау облысы әкімдігіне ал­ғыс айтқым келеді. Қалалық әкімдік те кө­мегін аямайды. Ризамын. – Өзіңізге қатысты бір жағдай туралы сұрасам ренжімейсіз бе? – Ренжімеймін, айта беріңіз. – Сіз жайлы естелік оқыған едім. Ол жерде күйеуіңіз кетіп қалса да, ата-енеңізді бағып, екеуін де ақтық сапар­ға шығарып салғаныңыз жазылған. Со­лай болғаны рас па? – Мен жайлы мұндай естелік жазылға­ны­нан бейхабар екенмін. Айтып отырғаны­ңыз рас. Ол оқиғаны еске алған ауыр, әри­не. Жолдасым менімен бірге жүрген құр­быммен кетті. Екі баламен қалдым, өмір жал­ғаса берді. Анам (енесі) мен әкемді (қайын атасы) жақсы көрдім, ол кісілерден үй­ренгенім көп. Жасы келген шағында екеуі де сырқаттанып қалды. Екеуі де ша­ра­сыз күйге түскен еді. Екінші рет жур­на­лист Назымбек Боқаевпен бас қосқан бо­ла­тынмын. Жолдасыммен ақылдасып, ойым­ды айттым. «Он сегіз жасымда осы кі­сілердің үйіне бардым. Ауылдан келген қыз­ға, маған бәрін үйретті. Көпшілік орта­да өзіңді қалай ұстау керек, қалай сөйлеу қажет, дастарқанды қалай жайнатып жаю керек, бәрін осы кісілерден үйрендім. Үйі­міз­де Халық әртістері, қазақтың маңдайына біткен дара тұлғалары қонақ болды. Енді мен осы кісілерге қараймын» дедім. Екінші жол­­дасым түсіністікпен қарап, қарсы бол­ма­ды. Бәріміз бірге тұрдық. Әкем (қайын атасы) белгілі жазушы, журналист, белгілі аудармашы Әнуар Ипмағамбетов өте жақсы адам еді. Өкпе қатерлі ісігімен ауыр­ды. Жылда Новосібірге апарып емдетіп ке­­ле­тінмін. Ақтық сапарға өзім шығарып сал­дым. Сексен алты жасында өмірден өтті. Бәрі көз алдымда. Мәдениет министрлігіне барайын деп жатқан едім. Неге екенін біл­меймін, біртүрлі аяғым тартпай, барғым кел­меді. Әкем: «Гүлжан, сені министрдің орын­басары қабылдайын деп жатыр ғой, бар тезірек. Он бес, жиырма минутта ка­би­не­тінде болуың керек. Қалып қойма» деді. Ал мен «Әке, бара алмай тұрмын, білмеймін, біртүрлі болып тұрмын. Барғым келмей тұр» дедім. Костюм, етігімді киіп алдым. Та­ғы да «Әке, жүрегім біртүрлі болып тұр, бар­ғым келмейді» дедім. Сосын әкем тө­сегіне жатты да, мені шақырды. «Гүлжан, ма­ған су әкеліп берші» деді. Үнемі қайнаған су ішетін. Қайнамаған су сұрады. Бір бан­кіні толтырып әкелуімді өтінді. «Әке, қай­на­маған су ішпейтін едіңіз ғой» деп таң­ға­лып жатырмын. Апардым. Көрпені жапты да, отыршы деді. Қолымды ұстап, «Анаң сені сондай жақсы көрді. Сен туралы көп ай­татын. Маған ренжімейсің бе? Сен өте жақ­сы қызсың. Бәрі үшін рақмет саған. Қан­ша уақыт бойы мені бағып-қақтың. Хат жаз­дым, сосын оқырсың» деді. «Ренжіткен ке­зім болды ма?» деп қайта-қайта сұрайды. «Жоқ, не дегеніңіз, қандай реніш?» деп жы­лап отырмын. Қолымды сүйді де, демі үзіл­ді. Көршім Гүлнара Татаеваны шақырдым. Қа­зір ол кісі өмірде бар. Кейін дәрігерлер кел­ді. Анам (енесі) Гүлжиһан Ғалиева тұңғыш Қазақ мемлекеттік циркінің іргетасын қа­лауға атсалысқан, Қазақстанның Халық әр­тісі, қазақ қыздарының арасынан шық­қан тұңғыш көркемсөз шебері, ұлағатты ұс­таз болған адам. Сырқаттанып, Алматы­да­ғы «совмин» ауруханасында жатқанда қа­сында болдым. Үшінші күні жағдайы на­шарлады. Өмірі қымыз ішпейтін адам, сол күні қымыз сұрады. Дәрігерлерді ша­қырдым. Қолымды ұстап жатып: «Рақмет жа­ным. Өмір өте қиын, сен ренжіме» деді. Ұлын меңзеген сияқты (көзіне жас алды). Әкем (қайын атасы) өмірден өткенде қы­зым Айжан он алты жаста болатын. «Ма­ма, «Біздің туған атамыз емес пе сонда?» деп сұрады. «Туған атаң» дедім. «Әкемнің әкесі емес пе?» деп тағы сұрады. «Жоқ. Өскен соң тү­сінесің, сол кезде айтамын» дедім... – Өз ата-анаңыз білді ме, қалай қа­ра­ды? – Білді ғой, қолдады. «Жарайсың, дұрыс істеп жатырсың. Қолыңнан келген кө­ме­гіңді аяма. Құдайдан қайтады» деді.  width= – Балаларыңыздың ішінен жо­лыңыз­ды қуып, биші болғандар бар ма? – Жоқ. Ұлым Бақтияр – заңгер, қызым Ай­жан тігін тігеді, модельер, дизайнер. Не­гізі, ұлым классикалық балетті тамаша­ла­ған­ды жақсы көреді. Қазір бойы ұзын, бір метр, тоқсан төрт сантиметр. Аяғы, жүрісі әдемі. «Бақтияр, керемет әртіс болар едің» деп айтамын. Комиссия оны алты жасында балетке алғысы келген еді. Өзі «қыздардың кол­готкиін кимеймін, бармаймын» деп жы­лады. Сосын бермеген едім. Қазір өзі өкі­неді. Маған «Алты жастағы бала не түсі­не­ді? Мені неге тыңдадыңыз. Биге бергенде ғой...» дейді. Алматыға арнайы барып, ба­летті тамашалайды. Осы өнерге деген қы­зығу­шылығы зор. Отырыстарда ән айтып, би­лейді. Қазір Құдайға шүкір, сегіз немерем бар. Олар ән айтады, би билейді. «Әже, қараңыз» деп «Қамажайды» билегенін көр­сетеді. Солардың арасынан бір биші шығып қа­лар ма екен деймін. Көреміз енді. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары