Астанада «Ататүрік жадымызда» атты фотокөрме өтеді

Астанада «Ататүрік жадымызда» атты фотокөрме өтеді

Астанада «Ататүрік жадымызда» атты фотокөрме өтеді
ашық дереккөзі
50552
Мұстафа Кемал Ататүрік - Түркия Республикасының негізін қалаушы тұңғыш Президент, реформатор, әскери қолбасшысы және әлемдік деңгейде танымал тұлға. Ол 1881 жылы  дүниеге келіп, 1938 жылы 10 қарашада сағат 09.05 минут өткенде өмірден озды. Содан бері әр жылы дәл осы уақытта Түркия бойынша еске алу рәсімдері өтеді. Түркия көшелеріндегі барлық көліктер, жаяу жүргіншілер тоқтап, құрмет көрсетеді. 84 жыл бұрын өмірден озған Ататүрікті еске алу мақсатымен Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы 10 қарашада «Ататүрік жадымызда» атты фотокөрменінің ашылу салтанатын Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи музейінде өткізеді. 1 ай бойы ашық болатын көрмеге Түркияның Бас Қолбасшылығы мұражайынан алынған 40 фото қойылады. Шараға Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ғалымдар, Түркиядан арнайы қонақтар, дипломатиялық корпус өкілдері, ҚР Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері және студенттер қатысады деп хабарлады turkystan.kz.

Мұстафа Кемал Ататүрік

Мұстафа Кемал Ататүрік 1881 жылы Салоникиде дүниеге келген. Әкесі Әли Риза Эфенди Османлы мемлекеті кеден басқармасы қызметкері әрі ағаш саудасымен айналысқан,  анасының аты- Зүбейде. Ататүріктің бес бауырының төртеуі жас кезінде қайтыс болады, тек қарындасы Мақбуле 1956 жылға дейін өмір сүрді. Мұстафа алты жасқа толғанда хафиз Мехмет Эфендидің махалла мектебінде оқуға барады. 1893 жылы кіші әскери гимназияға оқуға түседі. Бұл мектепте математика пәнінің мұғалімі Мұстафа бей оның атына «Кемал» деген атты да қосып береді. 1896-1899 жылдары Манастыр әскери оқуды бітіріп, кейін Ыстамбулдағы Әскери академияға түседі. Оны 1902 жылы лейтенант шенімен бітіріп, кейіннен әскери жоғарғы бірнеше оқудың түлегі атанды. 1905-1907 жылдары Дамаскіде 5 армияның қолбасшылығында қызмет етті. 1911 жылы Ыстамбұлдағы Бас штаб қолбасшылығында жұмыс істей бастады. Ататүрік I Дүниежүзілік соғыс кезінде Османлы армиясының қатарында қызмет еткен. Ол Чанаккале шайқасы кезінде полковник, Палестинадағы ұрыста 7 Армия сапында генерал болып тағайындалды. Османлы мемлекеті ыдыраған тұста Түрік ұлт- азаттық қозғалысына басшылық етіп, алдымен Анкара үкіметін құрды. Ерекше әскери маневраларымен шетел интервенттерінің әскери шабуылына тойтарыс берді. Әрдайым түрік халқын жігерлендіріп жеңіске бастады, жаңа үлгіде мемлекет қалыптастырды.

10 қарашаның маңызы

Ататүрік 1938 жылы 10 қарашада сағат 09:05-те дүниеден өткен. Осы күн  Түркияның негізін қалаушы тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүрікті еске алу үшін ұлттық аза тұту күні ретінде белгіленген. Еске алу аптасы ел көлемінде кеңінен аталып өтіледі. Оның ұстанымдары мен жүзеге асырған реформалары халыққа түсіндіріліп, сөйлеген сөздері радио, теледидарда өз дауысымен тыңдатылады,  Ататүрік туралы фильмдер көрсетіледі. Жыл сайын 10 қараша күні сағат 09:05-те сирена даусымен бүкіл Түркияда Ататүрікті еске алу үшін 2 минуттық үнсіздік жарияланады. Түркия Парламенті ғимаратының алдындағы тулардан басқа Түркиядағы ресми ұйымдары мен шет мемлекеттердегі өкілдіктері туларын аза тұту белгісі ретінде жартылай төмен түсіреді. Түркияның  мемлекеттік мекемелері мен ұйымдарында Ататүрікті ресми еске алу рәсімдері өтеді. Бұлардың ең маңыздысы Ататүрік мавзолейінің басындағы салтанатты рәсім болып есептеледі. Аталған салтанатты шара Президент пен мемлекет қайраткерлерінің Асланлы Йолу шеруімен басталады. Тағы бір маңызды шара Ататүрік дүниеден озған Ыстамбұлдағы Долмабахче сарайының 71 –ші бөлмесінде өтеді. Сәулетшілер Эмин Онат пен Орхан Арда жобалаған Ататүрік мавзолейінің құрылысы 1944 жылы басталып, 1953 жылы аяқталған.

Ататүрік тарапынан жүзеге асырылған реформалар

Ататүрік 1923 жылы 29 қазанда Түркия мемлекетінің құрды. Жаңа мемлекетті заманауи және зайырлы ұлттық мемлекеттер қатарына қосу мақсатымен көптеген саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени реформаларды жүзеге асырды. Азамат соғысының алғашқы жылдарында (23 сәуір 1920 ж.) құрылған Түркия Парламенті халықтың шынайы қалауымен сайланған органға айналды. 1922 жылы депутаттар Ататүрікті қолдап,  сұлтандық жойылуы туралы заңды бірауыздан қабылдады. Сұлтандық тарқаған соң сұлтан атағынан айрылған Мехмет VI Вахдеттин 17 қарашада ағылшын қолбасшылығына өтініш беріп, әскери кемемен Ыстамбұлдан кетті. Ататүрік жүзеге асырған реформалардың кейбіреуіне тоқталсақ: 1923 жылы 29 қарашада  Түркия Республикасының құрылғаны туралы жариялады. 1926 ж. 17 ақпанда Азаматтық кодексті қабылдады. 1930- 1934 жылдар аралығында Азаматтық кодекс аясында әйелдерге сайлау және сайлану құқықтарының берілуін қамтамасыз ететін заңға қол қойды 1928-1937 жылдары аралығында мемлекеттің зайырлылылығын Атазаң аясында мығымдады. 1925 жыл 30 қарашада тариқаттардың жойылуы,  ғибадат орындары және дәргаһтардың жабылуы туралы заңды бекітті. 1925 жыл 25 қарашада Түркияны заманауи мемлекеттер қатарына қосу мақсатымен ерлердің бас киімі мен киім үлгілерін Батыс елдерінің нормаларына сәйкестендіруге арналған «Бас киім» және «киім» реформасын жүзеге асыратын заң қабылданды. Сағат және күнтізбені әлемдік тәжірибеге негіздей отырып ауыстырды. Хиджри күнтізбе, апталық демалыс күндердің жұма болуы, ескі сандардың қолданылуы түрік қоғамы мен әлем қауымдастығы арасындағы қарым-қатынаста қиындық туындататын. Сондай –ақ, бұрынғы «дирхам», «құлаш», «қарыш», «эндаз» т.б. сияқты кейбір өлшемдердің орнына 1931 жылы 23 наурызда қабылданған заңмен грамм, килограмм, тонна, метр, километр сияқты өлшемдер қолданысқа енгізілді.  Осылайша, ел ішінде де жаңа өлшемдер мен салмақтардың стандарты бекітілді. Аты –жөні туралы заңға қол қойды. 1934 жылы 21 маусымда қабылданған заңмен күнделікті өмірде тегінің болмауынан туындаған қиындықтар мен түсініспеушіліктің алдын алу үшін әрбір түрік азаматы өзіне фамилия алуға міндеттелді. Осы аяда бекітілген тегі туралы заңнан бес ай өткен соң Түркия Парламенті Президент Мұстафа Кемалға «Ататүрік» тегін берді. 1934 жылы 17 желтоқсанда қабылданған заңмен бұл фамилияны басқа адамдардың пайдалануына тыйым салынды. Сол жылы қабылданған басқа заңмен артықшылықтарды білдіретін ескі атауларға тыйым салынып, заң алдындағы теңдік принципін жүзеге асыруда маңызды қадам жасалды. Лақаптар мен қосалқы атақ –шендер жойылды. Бұрын қолданыста болған «аға», «қажы», «молла», «хафыз», «ханым», «хазреттері» т.б сияқты атақтар мен лақаптардың орнына азаматтардың заң алдындағы статусы тек қана аты –жөндерімен белгіленді. Білім және тәрбие істері жөнінде реформаны жүзеге асырды. Османлы кезінде ашылған медреселер мен бастауыш, орта және орта мектептердің Республиканың алғашқы жылдары қоғамға қажет кадрларды даярлауда, әсіресе, сан жағынан жеткіліксіз екенін анықталды.  Осы себепті Ататүріктің басшылығымен Түркия Парламенті заң қабылдап,  махаллалардағы мектептер мен медреселердің орнына Анадолының әртүрлі қалаларында кәсіптік мектептер, техникумдар, мұғалімдер даярлайтын мектептер, орта мектептер мен лицейлер ашты. Түркия латын алфавитін қабылдады. Әріптері бөлек жазылатын алфавиттің түрік тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне көбірек сәйкес келетіні, білім беруді әлдеқайда жеңілдететіні ескеріле отырып, латын әріптеріне негізделген жаңа түрік  алфавитіне көшті. Жаңа алфавит батыс өркениетімен үндесуге үлкен үлес қосты. Ататүрік тіл реформасын жүзеге асырды. Түрік тілін қысқа мерзімде жаңа түрік алфавитімен әлемдегі ең бай, ғылым мен білім тілдерінің біріне айналдыруды мақсат еткен Ататүрік 1932 жылы 12 шілдеде Түрік тілін зерттеу қоғамын құрды, кейінірек ол Түрік тілі институты болып өзгертілді.

Серіктес жаңалықтары