Елордада Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы туралы кітаптың тұсаукесері өтті

Елордада Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы туралы кітаптың тұсаукесері өтті

Елордада Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы туралы кітаптың тұсаукесері өтті
ашық дереккөзі
50206
9 қарашада елордада ҚР мен ҚХР арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған «Қазақстан-Қытай: тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастықтың үш онжылдығы» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Іс-шараға ҚР-дың ҚХР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев, ҚХР-ның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо, ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ, Қазақстан және Қытай Сыртқы істер министрліктері, аналитикалық құрылымдарының өкілдері, қазақстандық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты. Басылым қазақ, орыс және қытай тілдеріндегі үш блоктан тұрады. Ондағы ұсынылып отырған ресми құжаттардың басым бөлігі алғаш рет мемлекеттік тілге аударылған.  width=
«Биыл Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде біздің қарым-қатынасымыз жоғары сенім мен шынайы стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Мерейтойлық басылымда 1992-2022 жылдардағы екіжақты қатынастар зерттелген. Онда ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы, ҚР Сыртқы істер министрлігі, «Казахстанская правда» газеті редакциясының мұрағат материалдарының негізінде бірегей анықтамалық деректер, аса маңызды ресми құжаттар, сирек фотосуреттер жиналып, 30 жыл ішінде қол қойылған қолданыстағы келісімдер мен шарттардың тізімі жасалынды», - деді іс-шараның модераторы ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат. «Бұл кітаптың ішінде бұрын басылмаған екі тарап қол қойған құжаттардың толық тізілімі және негізгі стартегиялық құжаттардың мәтіндері берілген. Көпшілікке және екіжақты қатынастарды зерттеушілерге қызықты болатын 30 жыл ішіндегі мемлекет басшылары деңгейіндегі өзара сапарлардың жылнамасы, ҚР және ҚХР арасындағы қазіргі кездегі мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамытуды көздейтін түрлі деңгейдегі тетіктер туралы ақпарат ұсынылған. Қытай – еліміздің ең ірі сауда серіктестерінің бірі. 2021 жылы екіжақты сауда айналымы 18,2 миллиард АҚШ долларына жетсе, а.ж. 8 айының статистикасы бойынша бұл көрсеткіш 26%-ға өсіп, 15,4 миллиард АҚШ долларын құрады. Яғни жылдың қорытындысы бойынша сауда айналымы жаңа биік межеге жету ықтималдығы жоғары», - деп айтты ҚР-дың ҚХР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев. «Кітаптың идеясы бірнеше жыл бұрын пайда болды, бұл аса маңызды, әрі титаникалық жұмыс еді. Өткен онжылдықтар тарихи маңызы бар ірі жарқын оқиғаларға толы. 1992 жылғы 3 қаңтарда Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында дипломатиялық қатынастарды орнату туралы бірлескен коммюникеге, 1994 жылғы 26 сәуірде Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы келісімге, 2005 жылғы 4 шілдеде Стратегиялық әріптестікті орнату және дамыту туралы бірлескен декларацияға қол қойылды. 2013 жылғы 7 қыркүйекте ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасын жариялады. Биыл 14 қыркүйекте ҚХР Төрағасы екі жылдық үзілістен кейін алғашқы шетелдік сапарын Астанаға  жасады. Бұл іссапар екіжақты қарым-қатынастардың жаңа кезеңіне өтуге жол ашады», - деді Қытайдың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының басшысы Чжан Сяо.
 width= Басылым халықаралық қатынастар, шығыстану саласындағы дипломаттарға, мамандар мен студенттерге және Қазақстанның заманауи сыртқы саясаты мен Қазақстан-Қытай қатынастарының дамуына қызығушылық танытатындарға арналған.
«Ұсынылған мерейтойлық басылымның өзі біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыз арасындағы 30 жылдағы өзара тиімді ынтымақтастықтың көрінісі. Кітаптың бөлімдерінде көршілес екі мемлекеттің бірін-бірі сенімді серіктес, тиімді мүмкіндіктер көзі ретінде қабылдап, бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін бірлесе жұмыс істейтіні нақты мысалдармен көрсетілген. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастар төртінші онжылдыққа сенімді қадам басып, жаңа тарихи биікке дәйекті түрде ұмтыла отырып, жан-жақты дамып келеді», - деді кітаптың авторлық ұжымының өкілі Тимур Шаймергенов.
Іс-шара соңында басылымның көшірмелері Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің қорларына тапсырылды.

Серіктес жаңалықтары