50194
«Күйеуі айқайлап жылады»: 8-қабаттан секірген әйелдің көршілері не дейді?
«Күйеуі айқайлап жылады»: 8-қабаттан секірген әйелдің көршілері не дейді?
Алматыда 22 жастағы жүкті әйел тұрғын үй кешенінің 8-қабатынан секіріп кетті. Ол ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Бірақ дәрігерлер аман алып қала алмады деп хабарлады turkystan.kz AstanaTV арнасына сілтеме жасап.
Куәгерлер «жас әйелдің мұндай қадамға баруына отбасылық жанжал себеп болуы мүмкін» дейді. Жантүршігерлік оқиға түн ортасында көпқабатты үйде болған.
Әйелдің құлап түскен жерінде әлі қанның ізі бар. Күйеуінің айқайлап жылаған дауысынан оянып кеткен көршілер дереу жедел жәрдем шақырған. Зәресін ұшқан тұрғындар әйелдің қан-жоса болып жерде жатқанын айтады. «Үйінде ұрыс-керіс болған тәрізді» дейді.
«Мен үйде отырғанмын. Біреудің гүрс етіп құлағанын естідім. Айқай-шу көтеріліп кетті. Күйеуі бірден жүгіріп келді. Мен де шығып, жедел жәрдем шақырдым. Әйелдің қол-аяғы сынды. Күйеуі кеше өзін тым эмоционалды ұстаған еді. Маған ол мас болып көрінді», – деді куәгер Мирас Жақыпов.Тұрғындар жедел жәрдемді ұзақ күтіп қалғанын айтады. «Аула тар, сондықтан жедел жәрдем немесе өрт сөндіру көлігі кіруі қиын» дейді.
«Жедел жәрдемді 40 минут күттік. Олар жеткен соң, ауламызға кіре алмай, біраз уақыт айналып жүрді. Себебі, тұрғындардың көлігі аулаға кірер жолды жауып тастаған екен. Орын жоқ. Әйтеуір, дәрігерлер әйелді зембілге салып, алып кетті. Ол кезде әйел тірі еді», – дейді куәгер Жұмағали Әлімжанов.Науқас клиникалық өлім диагнозымен 7 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Жүктіліктің 9-10 аптасында болғаны анықталды. Дәрігерлер реанимациялық іс-шараларды жүргізгенімен, әйел есін жимастан қайтыс болды. «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек: «Фактіні Наурызбай аудандық полиция басқармасы ҚК-нің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды», – деді.Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.