Етік тігіп, отандық өндірісті дамытып отырған кәсіпкер

Етік тігіп, отандық өндірісті дамытып отырған кәсіпкер

Етік тігіп, отандық өндірісті дамытып отырған кәсіпкер
ашық дереккөзі
50882
Николоз Зардиашвили – етік тігіп, отан­дық өндірісті дамытып отырған кә­сіп­кер. Он бес жасынан бастап етікшілік өнер­мен айналысатын ол бүгінде жеке брен­дін қалыптастырып, тұтынушы на­за­рына өзінің авторлық өнімдерін ұсы­нып келеді. «Адамдар өзінің маңдай тер­мен тапқан қаржысына сапалы әрі сәнді, стильді, ең бастысы Қазақстанда жа­сал­ған етік кие алатынын білсе деймін», – дей­ді ол. Бүгінде етікшінің шеберханасында өзінен бөлек бес шебер жұмыс істейді. Олардың әр­қай­­сысы өз ісінің нағыз маманы. Бүгінде ше­бер­лердің қолынан шыққан, таза былғарыдан жасалған аяқкиімдерді Қазақстаннның түкпір-түкпіріндегі тұрғындар киіп жүр. Шетелден де тапсырыс беретіндер бар екен. Кәсіпкер отан­дық өнімге деген сұраныс жылдан-жылға ар­тып жатқанына қуанады. Сондықтан сапа­сы­мен қоса, бағасының да қолайлы болғанын құп көреді.
«Туған қалам Тбилисиден Алматыға келіп, жұ­мыс істеп жатқаныма жеті жыл болды. 15 жа­сымнан бастап еңбекке араластым, қолө­нер­мен айналыстым. Кооператив қарқынды да­мыған кез еді. Солардың бірінде жұмыс іс­тейтін шебердің шәкірті болдым. Әрине, ол кез­де етікшілік менің өмірлік ісіме айналады деп ойламаған едім. Бірақ адамдардың аяғы­ның жылы жүруіне әрі жайлы болуына көмек­тесу өзіме ұнайтынын түсіндім. Сөйтіп, шебер­лігім­ді шыңдай келе, аяқкиім жөндеп қана қой­май, етік тігіп, өзімнің жеке моделімді жа­­­садым. Осылайша, бір кездері уақытша жұ­мыс деп санаған ісім өмірімнің бір бөлшегіне ай­налды. Қазір жұмысымнан рахат аламын, ерекше қуаныш сыйлайды», – дейді Николоз Зардиашвили.
 width=Әрине, етік тігу оңай жұмыс емес. Сатып алу­­­шының тапсырысын уақытында орындау үшін әрі өнім оның көңілінен шығу үшін кейде түнімен жұмыс істеуге тура келеді. Ең бастысы, қандай қиын жұмыс болса да, шеберлер тұты­ну­шының талғамындағы аяқкиімді тіге алады. Бас­тысы осы емес пе?!
«Етік тігуге отырған кезде бәрін ұмытамын. Жұ­мысыма жанымды салып кірісемін. Қандай ма­териал қолданатынымды, дизайны қандай бо­латынын ойластырамын. Бұл жұмыс ұқып­ты­лықты, мұқияттылықты талап етеді. Әрбір деталь­ға, ұсақ-түйекке дейін мән беруің керек. Бізде дайын етіктер де бар. Сатып алушының өті­нішімен арнайы тапсырыспен де тігеміз. Клиент қандай аяқкиім кигісі келетінін, дизай­ны қалай болу керегін өзі айтады. Аяқкиім тігу­ден басқа аксессуар, сөмке, аяқкиім жөн­деу­мен айналысамыз. Тіпті, аяқкиіміңіздің бір жерін ит тістеп жұлып алса да, оны толығымен қалпына келтіре аламыз. Ресей, Түркия, Ита­лия­дан әкелінген материалды қолданамыз. Со­нымен қатар импорттық дүниеден еш кем түс­пейтін отандық былғарыны пайдаланамыз. Шебер­ханам ақырындап кеңейіп келеді. Әзірге бес адам жұмыс істеп жатыр. Баға саясатын ақыл­ға қонымды етуге тырысамын. Бізде жаз­ғы жеңіл аяқкиімдерден бастап, қысқы етік­тер­ге дейін бар. Кейінгі кезде отандық өнім­дер­ге сұраныс артып жатқанын байқаймын. Адам­дар «Қазақстанда жасалған» деген тір­кес­ке мән бере бастады. Бұл – қуанатын нәрсе. Өз еліңде өзіңе арналып жасалған затты тұтынған мақ­таныш және патриотизмнің көрінісі деп ой­лаймын. Негізі, отандық өнім қымбат, та­нымал өндірушілермен иық теңестіре алады», – дейді кәсіпкер.
 width= Кез келген аяқкиім кез келген костюммен не­месе образбен сәйкес келе бермейді. Дұрыс мо­дель таңдау үшін өнімнің ерекшеліктерін біл­геніңіз маңызды. Аяқкиімнің түсі, биіктігі, ма­териалы қандай? Соған мән беру керек. Тағы да айта кететін нәрсе, етіктің жартылай етік­тен қалай ерекшеленетінін және оларды немен киюге болатынын бәрі біле бермейді. Мұндай жағдайда аяқкиімді қалай ажыратуға болады? Етік пен жартылай етік арасындағы негізгі айыр­машылық өнімнің биіктігінде. Біріншісі, то­бықтан жоғары болса, екіншісі оған әрең же­теді. Тағы бір маңызды айырмашылық бар. Етік тек суық мезгілге арналған, ал жартылай етік­ті жазда, күзде және көктемде киюге бола­ды. Етікші аяқкиім таңдауда қателеспеу үшін осы айырмашылықтарды білуге кеңес береді. Аяқ­киімді кигенде жылы бола ма және аяғы­ңыз аяқкиімнің кескініне сай келе ме? Мұны да білгеніңіз абзал.  width=Кәсіпкердің ендігі мақсаты – кәсібін одан әрі кеңейту. «Жоспарымды жүзеге асырып, алға қойған мақсатыма жету үшін тынбай жұмыс іс­тей беремін. Әрине, жетістікке жету үшін жол­да кедергілер кездеседі. Одан өте білу ке­рек. Жұмысым – өмірімнің ажырамас бөлшегі. Сон­дықтан брендім туралы, біз тіккен аяқкиім­дер жайлы көп адамның білгенін қалаймын», – дейді етікші.

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары