Ұлттық валюта күні: теңгенің айналымға ену тарихы мен жеткен жетістіктері

Бүгін Қазақстанның Ұлттық валютасы – төл теңгеміздің айналымға енгізілген күні. Сондай-ақ, 15 қараша республикада қаржыгерлердің кәсіби мерекесі ретінде де аталып өтіледі деп хабарлады turkystan.kz strategy2050.kz сайтына сілтеме жасап.

Ұлттық валюта күні: теңгенің айналымға ену тарихы мен жеткен жетістіктері
ашық дереккөзі
51007

1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұған дейін екі жыл бойы теңгені қолданысқа енгізуге күрделі дайындық жүргізілген еді. Нәтижесінде, 1993 жылдың 15 қарашасында Тәуелсіз Қазақстан Республикасының төл валютасы айналымға енді. Ұлттық валютамыз қалай «теңге» аталғаны және 28 жыл ішінде қандай марапаттарға ие болғаны туралы білесіз бе?

Ұлттық теңгенің алғаш пайда болуы

Ұлттық валюта, бұл - елдің заңмен белгіленген ақша бірлігі. Өзінің ұлттық валютасын енгізу Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуда және дербес дамуында маңызды рөл атқарады. Теңге елдің қаржылық тәуелсіздігінің ажырамас символына айналды. Теңгенің тарихы ең алғаш қазақ даласында күміс монета XV ғасырда Отырар қаласында «таньга» деген атаумен пайда болған. Ал Ұлттық валютамыздың тарихы 1992 жылдан бастау алады. 1992 жылдың 27 тамызы күні Қазақстаның Ұлттық банкі теңге купюрасының үлгілерін бекіткен болатын.

Мемлекет басшысының жеке тапсырмасымен отандық суретшілер Тимур Сүлейменов, Қайролла Әбжәлелов, Меңдібай Алин және Ағымсалы Дүзелханов Англияда қазақ валютасының дизайнындағы портретін бекітті. Дизайнерлердің жаңа валюта кескінін әзірлеу жұмыстары Алматы қаласында ерекше құпия жағдайда жүргізілді. Бұл туралы дизайнерлерден басқа мемлекет басшылығындағы санаулы адамдар ғана білген. Осылайша, теңге алғаш рет Ұлыбританияда басылып шықты. Сондай-ақ, жаңа валютаның атауына қатысты да бірқатар ұсыныстар болған. Елбасы Н.Назарбаев «Алтын» атауын ұсынды. Кейіннен жаңа ақшаны ХV ғасырда Отырар қаласында «таньга» атауымен басылып шыққан манетаға ұқсастырып «теңге» деп атау туралы шешім қабылданған. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойып, 15 қараша ұлттық валютамыз айналымға енгізілді.

Бірінші сериясы «Портреттер» айналымы: 1 теңгеде – әл-Фарабидің портреті 3 теңгеде – Сүйінбайдың портреті 5 теңгеде – Құрманғазының портреті 10 теңгеде – Шоқан Уәлихановтың портреті 20 теңгеде – Абай Құнанбаевтың портреті 50 теңгеде – Әбілқайыр ханның портреті 100 теңгеде – Абылай ханның портреті.

Кеңес рублін теңгеге айырбастау

1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы — теңге айналысқа енгізілді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды. Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп,          1 теңге 500 сомға бекітілді. Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді.  

1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2, 5, 10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты. Ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілді. Қазір банкнот - Ұлттық Банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета - Өскемендегі Монета сарайында шығарылады. Елбасының Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді. 2006 жылы 15 қарашада жаңа үлгідегі банкноттар айналысқа енгізілді.

Теңге бейнесінің жаңаруы

2006 жылы 15 қараша күні ұлттық валютамыздың жаңа дизайнмен әрленген 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттары қолданысқа жіберілген. Дизайн мемлекеттік рәміздерді, еліміздің сәулет нысандары мен табиғи ландшафтарын бейнелей отырып, Қазақстанның осы заманғы бейнесін береді. Қолайлылық үшін номиналдарды сандық және жазбаша белгілеулер ірі қаріптермен басылған. Мәдениет пен ғылымның және саясаттың әр түрлі салаларындағы Қазақстанның ірі қайраткерлерінің портреттерін ұлттық ою-өрнекпен үйлестіріп шығару туралы шешім қабылданған. Ал артқы бетінде сәулет ескерткіштері мен Қазақстанның әсем көріністері орналасқан.

Бұл серияның дизайны қарындаш, акварель және темпер көмегімен қолмен жасалған. Алғашқы теңге Лондонда, Harrison & Sons фабрикасында шығарылды. Өйткені елімізде ақша басатын фабрика болмаған. Алғашқы ақшаларды Лондоннан Қазақстанға жеткізу үшін 18 әуе сапары жасалған. Ал алғашқы қазақстандық монеталар Германияда жезден және никель күмістен жасалған. 2006 жылы теңгенің жаңа нышаны таңдалды - ₸ (коды - U + 20B8). 2006 жылдың қарашасында Ұлттық банк теңгенің символын жасауға бәйге жарияланды. 30 мыңнан астам сурет келіп түскен бұл бәйге 2007 жылдың 29-наурызы күні өз мәресіне жетті. Солардың арасынан Вадим Давиденко мен Санжар Әмірхановтардың жасаған жобасы ерекше деп танылған. Нашар көретін адамдар үшін банкноттарда әр жеке номиналға тән жоғары бедерлі арнаулы элементтер пайдаланылған. 2007 жылдың мамыр айында Тайландта өткен валюта конференциясында 10 мыңдық теңгеміз «Үздік жаңа банкнот» аталымы бойынша бірінші орынға ие болған.

Төл теңгенің жеткен жетістіктері

2011 жылдан бастап ұлттық валютаның төртінші буыны қазақстандықтардың қолына түсе бастады. «Самұрық» сериясына 500, 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелік банкноттар кіреді. Олардың алдыңғы жағында «Қазақ елі» монументі және ұшып тұрған көгершіндер бар. Артқы жағында суретшілер елорда панорамасын (биліктің бөліну принципін бейнелеуге арналған), Алматы панорамасын, Ертіс өзені мен Үстіртті орналастырған. Теңге 17 қорғаныс дәрежесіне ие: сутаңба, қауіпсіздік жіптері, мөлдір терезе, ультрафиолет қорғанысы, сериялық нөмірлер, сәйкес кескіндер.

Сондықтан теңге әлемдегі ең қорғалған валюталардың қатарына кіреді. Айта кетейік, қазақстандық ақша әлемдегі ең әдемі ақшалардың бірі. Үш жыл қатарынан олар әлемнің үздіктері деп танылды: 2011, 2012 және 2013 жылдары (10 мың, 5 мың және 1000 теңгелік банкноттар). 2007 жылы Ұлттық Банктің 2006 жылғы үлгідегі банкноттарының жаңа сериясы Халықаралық валюта қауымдастығы (IACA) берген Жылдың үздік жаңа сериясы үшін жүлдені жеңіп алды. 2007 жылы Бангкокта «Optiks» элементі бар 10 000 теңге номиналы үшін «үздік жаңа банкнот» номинациясында бірінші орын берілген. Сондай-ақ, 2016 жылы High Security Printing Europe конференциясында номиналы 20 мың теңгелік банкнот та марапатқа ие болды. Ол 2015 жылдың ең үздік аймақтық банкнотасы деп танылған. Сол жылы IACA оны валюта саласындағы ең жақсы техникалық жетістік ретінде айрықша атап өтті. Сонымен қатар 2000 жылдан бастап, Қазақстан теңге сарайы мен Ұлттық банк жыл сайын халықаралық байқауларға қатысады. Бүгінге дейін дизайн мен технологиялық жаңашылдығымен әртүрлі номинациялардағы 23 марапатқа ие болған. Ұлттық теңгеміз ТМД-да ең тұрақты валюталалардың бірі болып отыр. Ол әрі қарай алтын-валюталық резервтердің өсуімен, экономикалық нығаюымен ұлттық әлемдік ауқымда да бұдан да бетер орнықты болады деп үміттенеміз.

Серіктес жаңалықтары