1230
Түркі елдері бірлігінің жаңа деңгейі
Түркі елдері бірлігінің жаңа деңгейі
11 қараша күні Өзбекстанның Самарқанд қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтті. Жиынға түркітілдес елдердің беделді өкілдері қатысты. Осы жолғы басқосуда қабылданған бірқатар маңызды құжат пен талқыланған мәселе түркі әлемінің ынтымақтастығына жаңа серпін беретіндей әсер қалдырды.
Жиында қандай мәселелер көтерілді? Қандай шешімдер қабылданды? Бастамалар бізге не береді? Сарапшы мамандардың пікірі қандай?
Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Түрікменстанның Милли Генгеші Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Түркі мемлекеттері ұйымы мемлекеттер басшылары кеңесінің 2021-2022 жылдардағы төрағасы – Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров, Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан және Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Бағдат Әміреев пен Түркі мемлекеттері ұйымының жаңадан тағайындалған Бас хатшысы Қубанычбек Өмірәлиев қатысты.
Қазір Түркі мемлекеттерінің ұйымына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Түркия және Өзбекстан кіреді, Венгрия бақылаушы ретінде қатысады. Сонымен қатар Түрікменстан да ұйымға бақылаушы ел ретінде қабылданған болатын. Биыл төрағалық Түркиядан Өзбекстанға өтті.
Жалпы, бұл жиындағы келісімдердің басым бөлігі көлік-транзит мәселелеріне қатысты болды. Бастамалар сәтті жүзеге асар болса, әрине тоғыз жолдың торабында орналасқан біздің елге зор мүмкіндік болар еді. Сонымен қатар ұйымға мүше елдердің ешқайсысына санкция салынбаған.
Одан бөлек, геосаяси ахуалға байланысты құбылмалы күйге енген экономиканы нығайту мәселелесі де күн тәртібіндегі ең өзекті тақырып болды.
Бауырлас елдердің мәдени-тарихи құндылықтарын дәріптеу, сақтау туралы да айтылды.
Саммит қорытындысы бойынша бірнеше маңызды құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда:
1. Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің декларациясы;
2. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру жөніндегі Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттама;
3. Түркі мемлекеттері ұйымы рәсімдерінің ережелерін қабылдау туралы шешім;
4. Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысын және оның орынбасарларын, сондай-ақ Түркі академиясының президенті мен вице-президентін тағайындау туралы шешім;
5. Түркі инвестициялық қорын құру туралы шешім.
Бұл – саммиттің жалпы фабуласы. Кейбір мәселелерге кеңірек тоқталып өтсек.
Көлік-логистика саласына
20 миллиард доллар инвестиция тартылады
Ең алдымен транзит мәселесі көтерілді. Жиында сын-қатерлерді еңсеру үшін ұйымға мүше мемлекеттер күш-жігерін біріктіріп, шара қабылдауы керек екені айтылды.
Осы бағытта түркітілдес халықтардың алдында құрлық ішіндегі көлік-транзит дәліздерін дамыту, транзиттік және экспорттық мүмкіндіктерді одан әрі жетілдіру, шекара бекеттерін жаңғырту мақсаты тұр. Сондай-ақ қолданыстағы теміржол және автокөлік бағыттарына балама жолдар табу үшін кешенді шаралар қабылдауға шақырды.
Саммитке қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев біздің еліміз бұл мәселеге ерекше мән беретінін айтып, Транскаспий халықаралық көлік дәлізі туралы сөз қозғады.
– Қазіргідей алмағайып кезеңде транзит-көлік коммуникациясының әлеуетін арттыру және оның мүмкіндігін барынша пайдалану аса маңызды. Себебі біздің мемлекеттеріміз Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті тікелей байланыстырады. Бауырлас үш ел арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізі – соның жарқын мысалы. Сондықтан біз көлік-логистика саласына ерекше мән береміз.
Соңғы 15 жылда Қазақстан осы саланы дамытуға 35 миллиард доллар қаржы бөлді. Біз көлік бағдарын көбейтуге және логистиканы өзара ықпалдастыруға мүдделіміз. Сол үшін 2025 жылға дейін тағы 20 миллиард доллар инвестиция тартуды көздеп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, жүктерді рәсімдеу шараларын оңтайлы ететін «цифрлық көлік жүйесін» қалыптастыру бастамасы көтерілді. Бұл қадам, сонымен қатар тасымал құжаттарын жылдам алмасуға жол ашып, халықаралық нарыққа шығуға қосымша мүмкіндіктер бермек.
Түркі ынтымақтастығына ұйытқы болған ұйымдардың тарихын зерделегенде, олардың көпшілігіне Қазақстан бастамашы болғанын байқауға болатынын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев олардың мақсатына сай нәтиже беретініне сенім білдірді.
«Жасыл экономиканы» дамыту үшін кеңес құру ұсынылды
Саммитте «жасыл экономиканы» дамыту тақырыбы да қозғалды. Әлем елдері соңғы 7 жылда «жасыл» облигацияларға 2,5 триллион доллардан астам қаржы бөлген.
– Осы ретте, мен бұл саладағы капитал нарығын дамыту үшін «Түркі жасыл қаржы кеңесін» құруды ұсынамын. Оны «Астана» халықаралық қаржы орталығының Жасыл қаржы орталығы негізінде ашуға болар еді. Бүгінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы әлемдегі ірі компаниялар арасында танымал болып, жоғары деңгейде мойындалды. Ол жаңа кеңестің Хатшылығы қызметін атқара алады, – деді жиында Қ. Тоқаев.
Түркі кедендік
одағы құрыла ма?
Қазір түркі елдерінің бастамалары Түркі елдерінің төл Кеден одағын құруға негіз болатыны айтылып жүр.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Қазақстан Үкіметі мен түркі мемлекеттері ұйымдарының үкіметтері арасындағы оңайлатылған Кеден дәлізін құру туралы» Қазақстан Үкіметі қаулысының жобасын жариялады. Яғни, жоба дайын, қол да қойылмақ.
Түркі елдері арасындағы Кеден дәлізін құру туралы келісімге қатысты Қаржы министрі түсініктеме берді.
– Бұл құжат өзара кедендік бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта мемлекеттеріміздің аумақтары арасында жүретін көліктер мен тауарлар бойынша мәліметтерді электронды алмасу жолға қойылады.
Кеден дәлізін құру арқасында біріншіден, кедендік бақылауды жүргізу мерзімдері қысқартылады, оның қауіпсіздігі артады.
Екіншіден, түркітілдес мемлекеттер аумақтары арасында қозғалатын көліктер мен тауарларға қатысты ақпарат алмасу ісі дамытылады.
Нәтижесінде, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар, мүше елдердің экспорттаушылары, импорттаушылары үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасалады, елдеріміз үшін кедендік бақылау рәсімдері оңайлатылады, – деді Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Дегенмен бұл – Түркі елдерінің ортақ кедендік одағы құрылады деген сөз емес. Құрылған күннің өзінде, біз Еуразиялық экономикалық одақтан шығуымыз керек.
Цифрландыру
орталығы құрылмақ
Жиында тағы бір көтерілген маңызды мәселе – ІТ саласындағы қарым-қатынасты жандандыру. Түркі елдерінің IT саласына қатысты тың тәсілдер әзірлеуі айрықша маңызды. Бұл біздің цифрлық дамуымызға жол ашады. Осы ретте Қазақстан Astana Hub халықаралық технопаркі негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрландыру орталығын құруды ұсынды.
– Бұл құрылым сауда, көлік, су ресурстары, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да салаларға қажетті цифрлық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы мақсаттар жүзеге асырылуы үшін Түркі елдерінің Венчурлық қорын құру керек екені, сол арқылы маңызды старт-ап жобаларға инвестиция тартуға жол ашылатыны да айтылды.
Ортақ мұраны
зерттеуге арналған «Жол картасы» әзірленеді
Бұдан басқа, түркі мемлекеттерінің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайту мәселесі көтерілді. Осыған орай 2023 жылы біздің елде ІІ Түркі универсиадасын ұйымдастыру жоспарланып отыр. 2023 жылы Түркі елдері университеттерінің ортақ желісін құру мүмкіндігін қарастыру да ұсынылды. Бұл бастама студенттеріміздің түркі тілдерін үйреніп, бауырлас елдердің тыныс-тіршілігімен танысуына жол ашуға тиіс.
Сонымен бірге түркі елдерінің рухани дереккөздерін зерделейтін жобаларға ерекше көңіл бөлген абзал екені айтылды.
– Биыл Түркі академиясы Моңғолияда жүргізген қазба жұмысының нәтижесінде маңызды жаңалық ашты. Екінші Түркі қағанатын қайта тірілткен Құтлық қағанның кешенін тапты. Бұл – «түркі» деген сөзі бар ең көне жазба ескерткіш. Осы орайда мен түркі халықтарының ортақ жазба мұрасын зерттеуге арналған «Жол картасын» әзірлеуді ұсынамын. Келешекте соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының «Цифрлық кітапханасын» құруға болады. Бұл жұмыс құнды құжаттар мен сирек кітаптарды ұрпаққа мұра етіп қалдыруға мүмкіндік берер еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Талғат ЖАНЫСБАЙ,
саясаттанушы:
Түркі мемлекеттері ұйымының басқосуынан саяси астар іздеудің қажеті жоқ
– 2019 жылы басталып, әлемді әбігерге салған пандемиядан енді ғана ес жиып, еңсемізді көтердік. Екі жылдан астам уақыт бойы мемлекет басшылары бір-біріне мемлекеттік ресми іссапарлармен бара алмады деуге болады. Дегенмен де бірқатар ұйымның жұмысы мен мемлекет басшыларының онлайн түрде басқосулары болып тұрды. Мысалы, 2021 жылдың 31 наурызында «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті бейнеконференция арқылы өтті. Қазір геосаяси ахуал күн санап қиындап барады. Ресей мен Украинаның арасындағы кикілжің қашан аяқталатынын саясаттанушылардың өзі нақты дөп басып айта алмайды. Оған қоса, сыртқы күштердің әсерімен Әзербайжан мен Армения, Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан және Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан арасында 30 жылдан бері созылып келе жатқан шекара мәселесіндегі даудың оты үдеп барады. Сол себепті де түркітілдес мемлекеттер өзара ынтымақтастыққа келмесе, геосаяси жағдай өз арамызда шиеленісуі мүмкін екенін түсінді. Сондықтан да түркітілдес мемлекет басшылары бірігіп, ортақ мәселелерді көтеруге тырысты деп ойлаймын. 11 қарашада Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті – соның айғағы. Сол жиында негізінен рухани-мәдени, экномикалық, сауда-саттық жағынан ортақ келесімдер көтерілгенімен, түркітілдес елдердің сыртқы күштерге «міне, біз біргеміз!» деп ишара білдіргені деп ойлаймын. Естеріңізде болса, осы кезге дейін Ресей саясаткері Владимир Жириновский «түркітілдес мемлекеттер бірігіп, Тұран әскери одағын құрмақ» деген сияқты пікірлерін білдіріп жүрді. Бірақ Түркі мемлекеттері ұйымының басқосуынан саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Бауырлас мемлекеттер бір-біріне әскери қару-жарақ жағынан қолдау білдірмесе, әскер жағынан көмек бере алмайды. Себебі ол әлемдік саясаттың белгілеген қағидаларына сай келмейді. Қазір Түркі мемлекеттері ұйымының саяси және экономикалық ықпалы жоғары екенін баса айтқым келеді. Себебі әлемде болып жатқан саяси ахуалдарды айтпағанда, экономикалық қаржы дағдарысы жүріп жатыр. Осы жағдайларды ескеріп, бауырлас мемлекеттердің өзара келісімдерге келіп, сауда-саттық саласында бірқатар мәселенің шешімін қарастыру орынды. Биылдың өзінде елімізге бауырлас түркі елдерінің басшылары мемлекеттік ресми сапарлармен келді. Атап айтсақ, Түркия, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан басшылары Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесулер жасады. Бұл ресми кездесулер біздің елдің түркі елдер арасында зор беделге ие екенін көрсетеді. Осы кезге дейін біздің еліміз түркі мемлекеттерінің ұйымын құруға тікелей мұрындық болған. Сондықтан бауырлас мемлекеттер арасында біздің рөліміз жоғары деуге негіз бар. Бауырлас мемлекеттердің бірігуі өз нәтижелерін беріп жатыр деуге болады. Мысалы, қазір ортақ құндылықтарымызды жаңғырту мақсатында Қазақстанның Өзбекстандағы жылы, Өзбекстанның Қазақстандағы жылы немесе Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы жылы, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы жылы сияқты үлкен мәнге ие жұмыстар жүріп жатыр. Қала берді, келер жылдан бастап, Қазақстан мен Өзбекстан ЖОО арасында екі мемлекеттің тілі оқытылмақ. Осының бәрі бауырлас мемлекеттердің бір-біріне жақындасуының көрінісі.Лидия ПАРХОМЧИК, ӘЕСИ сарапшысы: ДиалогтІң жаңа форматы
– Самарқандтағы саммит 2021 жылғы қарашада Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Түркі мемлекеттерінің ұйымы болып қайта құрылғаннан кейінгі алғашқы жиын болды. Төрағалық Түркиядан Өзбекстанға ауысты. Жоғары деңгейдегі келіссөздер қатысушы елдердің ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шығуға ниетті екенін байқатады. Жиында күн тәртібіндегі көлік мәселелерінің мемлекетаралық тетіктерін жетілдіру туралы сөз болды. Қазір кооперацияның осы бағытын әзірлеуге ерекше назар аударылып отыр. Мәселен, 2022 жылғы қазанның соңында ұйымға мүше елдердің теміржол әкімшіліктері басшыларының бірінші кеңесі өтті, оның шеңберінде тараптар өңірдің транзиттік әлеуетін көтеру және баламалы көлік маршруттарын дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Ұйымға мүше елдердің көлік саласы министрлері істеген жұмыстың нәтижесінде халықаралық жүк тасымалын дамыту бойынша ынтымақтастықтың нормативтік базасы дайындалғанын айтып өту керек. Түркі мемлекеттерінің өзара көлік байланысы жөніндегі бағдарлама қабылданғаны елдердің Еуразиядағы құбылмалы геоэкономикалық жағдайды пайдалануға ұмтылып жатқанын білдіреді. Түркі әлемінің елдері өздерінің құрлық және теңіз шекараларын әлемдік нарықпен байланыстырып қана қоймай, уақыт өте келе бірыңғай көлік кеңістігін құруды да мақсат етіп отыр. Жеңілдетілген кеден дәлізін енгізу туралы және жүктерді халықаралық аралас тасымалдау туралы келісімдер бұған ықпал етуге тиіс. Ұйым форматындағы ынтымақтастыққа көшкеннен кейін ұйымға мүше елдер экономикалық өзара іс-қимылдың тәжірибелік аспектілеріне назар аударуға мүмкіндік алғанын атап өту маңызды. Шын мәнінде, 2021 жылғы қарашада «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламасының қабылдануымен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер жаңа интеграциялық күн тәртібін қалыптастыра бастады. Диалог платформасынан толыққанды ұйымға ауысу сауда байланыстарын кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашты. Түркі мемлекеттері ұйымының 2022-2026 жылдарға арналған стратегиясын бекіту туралы шешім елдердің сауда-экономикалық айырбас динамикасын арттыруды көздейді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша ұйымға мүше елдер арасындағы өңірішілік сауданың жиынтық көлемі 21 миллиард долларға жетті, яғни 2016 жылғымен салыстырғанда өсім 89 пайыз болды. Алдағы уақытта Сауда-экономикалық, инвестициялық және көлік-логистикалық салалардағы серіктестікті жандандыру үрдісі тек күшейетіні анық. Қазақстан үшін ынтымақтастық пен байланыстың оң динамикасын сақтау маңызды. Осы тұрғыда Түрікменстанды түркі интеграциясы үдерістеріне неғұрлым белсенді тарту тараптар арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге сеп бола алады.Нұрлан СЕЙДІН, саясаттанушы: Түркі елдері арасындағы ынтымақтастықтың ауқымы кеңейіп бара жатқанының белгісі
– Cоңғы жылдары жалпы әлемдегі ахуал күрделеніп кетті. 2020 жылғы пандемия салдарынан көптеген саммит жоспарланған мерзімінен кейінге шегерілген болатын. Бізде де 2021 жылы Түркістанда түркі елдерінің басшылары жиналуы керек еді. Сондықтан мәселелер енді қолға алынып жатыр. Биыл біздің Президенттің Түркияға жасаған сапары, Түркия президентінің Қазақстанға жасаған ресми сапары, сонымен қатар түркі елдері басшыларының Самарқандта кездесуі – осының барлығы түркітілдес елдер арасындағы ынтымақтастықтың ауқымы кеңейіп, мазмұны ұлғайып бара жатқанының белгісі десек болады. Жалпы, әлемдегі, аймақтағы болып жатқан геосаяси өзгерістер, санкциялар бар, басқалар бар, экономикалық дамуға қатты әсер етуде. Географиялық тұрғыда бұрын Еуропамен басқа да мемлекеттермен Ресей арқылы қарым-қатынас орнатқан болсақ, қазір енді тасымалдың жаңа жолдарын іздеп жатырмыз. Соған байланысты Президентіміз біршама кездесу өткізді, Әзербайжанға, басқа да бірқатар елге барды. Сондықтан алдағы уақытта түркітілдес елдердің арасындағы экономикалық, саяси, мәдени ынтымақтастық одан әрі тереңдей түседі деп айтсақ болады, оған барлық негіз бар. Бұл жолы да Президент түгел түркі тарихы, мәдениеті, тілі туралы терең зерттеулер жасауға, оны дамытуға қатысты бірқатар ұсыныс жасады. Түркі академиясы және басқа да мекемелер бұл жолда жүйелі жұмыс істеп жатыр. Енді біз осы түркі мемлекеттерінің арасындағы саяси, экономикалық ынтымақтастықты күшейтуіміз керек. Егер де біз бір-бірімізбен қарым-қатынасымызды нығайтар болсақ, басқа да әлемде болып жатқан түрлі қарама-қайшылық пен кері процестер көп ықпал ете алмайтын болады. Өздеріңіз білесіздер, біздің еліміз ынтымақтастық жөнінде халықаралық, әлемдік деңгейде үнемі бастама көтеріп отырады. Сол себептен де белсенді елдердің бірі ретінде еліміз ары қарай да саяси-экономикалық, қауіпсіздік, гуманитарлық, экологиялық мәселелер, мәдени байланыстар төңірегіндегі ұсыныстарды қолдай отырып, осы бағыттағы жұмыстарды тереңдете бермек. Саммит барысында да осы мәселелер айтылды. Ары қарай ұйымның беделі де, ықпалы да күшейе бермек. Егер бірігіп, ұйымдасатын болсақ, территориялық тұтастық, саяси экономикалық мәселелерді еңсеруге толық мүмкіндігіміз болады.Қорыта айтқанда, бұл жиын қазіргі құбылмалы жағдайда түркі әлемінің бір-біріне демеу, сүйеу болуға ниетті екенінің белгісі деуге келеді. Сарапшылардың пікіріне қарасақ, қабылданған құжаттардың қай-қайсысы болмасын тараптардың бәріне игілігі мол болмақ. Енді 2023 жылғы Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті Қазақстанда өтеді.