50543
Журналистика – әділетті қоғам игілігі үшін
Журналистика – әділетті қоғам игілігі үшін
Журналистика факультетінің Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының ұйымдастыруымен «Журналистика - әділетті қоғам игілігі үшін» тақырыбында ұлттық рухтағы шығармашылық сағат өтті деп хабарлады turkystan.kz.
Шара мақсаты - жастарға қоғам алдындағы әділеттілік пен сүйіспеншілікті кеңінен насихаттау арқылы отанға деген патриоттық сезімдерін ояту.
Шығармашылық сағатқа арнайы Баспасөз және Электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі профессор Гүлмира Сұлтанбаева, деканның оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Әйгерім Болатханқызы, аға оқытушылар Алтын Ақынбекова, Риза Бакенова, Неля Рушанова қатысты.
Журналистика, Медиакоммуникация, Кино&Медиа мамандығының 1-курс студенттері өз өнерлерін көрсетті. Болысбек Мадияр мен Сапар Шұғыла «Ерке сылқымды» домбырамен нақышына келтіріп ойнаса, мың бұралып Тамабай Жаңылша қазақ биін биледі, Асылзат Сатыпалды патриоттық әнмен шараның көркін кіргізді. Сондай-ақ өзге де дарынды студенттер арнау өлеңдерін, ақын-жазушылардың патриоттық тақырыптағы өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Рухты өлеңімен, ерекше мәнерімен көзге түскен Батнияз Айнұр: «Әрбір дауыс әділ мемлекет, біріккен ұлт , өркениетті қоғам үшін маңызды»,- деген пікір білдірді.
Әділетті қоғамды қалыптастырудың алғышарты – азаматтық міндетімізді орындау. «Алда келе жатқан саяси құбылыс барлық халықаралық стандарттарға сай өтеді деген зор үміт бар. Әр кандидаттың бағдарламасын оқып шығып, ой елегінен өткізіп өз даусын лайықты кандидатқа беру азаматтық қоғам мен халықтың қолында!» – деп шығармашылық сағатты Кино&Медиа мамандығының студенті Елубай Ғайзат қорытындылады. Еліміз үшін елеулі оқиға кезектен тыс сайлауда жастардың белсенділігі өте маңызды. Аталмыш шығармашылық сағат жастарды Жаңа Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастыруға шақырады.
Айнур Анламасова
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Журналистика факультетінің 1-курс студенті