50254
Талғарда болған оқиға: мектеп директорына сөгіс жарияланды
Талғарда болған оқиға: мектеп директорына сөгіс жарияланды
Талғар мектебіндегі оқушылардың жаппай шуы әлеуметтік желіде тарап кетті деп хабарлады turkystan.kz kris_p_talgar- Instagram парақшасына сілтеме жасап.
Кадрлардан бөлмеден шыққан мектеп оқушылары еденге құлаған оқушыны таптап өтіп жатқаны көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, қыз дүрбелеңде есінен танып қалған.
«Мектепте жөндеу жұмыстары енді бітті. Баланы басатын болды ғой, мектеп әкімшілігі қайда қарап отыр? Бұл балалар ғой. Қыз гардеробта құлап қалды, оны таптап кете жаздады, қарайтын күзетші де, мұғалім де жоқ. Бұны кім қадағалайды?» – дейді ата-ана видеода.
«Бұл оқиғадан кейін мектеп оқушылары сырт киімін сыныпқа апаратын болған. Өйткені штатта сырт киімді ілетін қызметкер жоқ», – деп жазылған жазбада.Мектеп директоры осы жағдайға байланысты сөгіс алды. Бұл туралы Алматы облысының әкімдігі хабарлады.
«6-сынып оқушысы қысылып, құлап қалған. Сыныптастары мен кезекші мұғалім оған тұруға көмектесті, оқушы есінен танған жоқ», – делінген хабарламада.Қазіргі уақытта қыздың жағдайы жақсы екені, оның денсаулығы мен өміріне қауіп жоқ екені белгілі болды. ҚР Еңбек кодексінің 64-бабы 2-тармағына сәйкес мектеп директоры Ж.Құмарова тәрбие жұмысындағы олқылықтар үшін сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға тартылғаны айтылды. Сондай-ақ оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейту, ата-аналармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде тапсырма берілген.