Киімдегі кілтипан: Алаш арыстарының көзі «ойылған»
Киімдегі кілтипан: Алаш арыстарының көзі «ойылған»
Qulan.kz онлайн киім дүкені Алаш арыстары - Мағжан Жұмабайұлы, Шәкерім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлдарының суреттері бар жейделерді сатып жатыр. Киімдер «Бес арыс» коллекциясы деп аталады. Алайда, қазақтың көзін ашқан арыстардың көзін ойып, алып тастаған деп хабарлады turkystan.kz malim.kz-ке сілтеме жасап.
Тарих пәнінің мұғалімі Айдос Жанатұлы көзі ойылған Алаш қайраткерлері бейнеленген жейдені өзінің оқушысының үстінен көргенін айтады. «Жейдедегі біртүрлі суретті көрген соң «мынауың не?» дедім. Оқушым осындай киімдер трендке шыққанын, оны Qulan.kz онлайн дүкенінен алыпты. «Оян, қазақ!» деп елді қараңғылықтың түнегінен шығарған ардақтыларымызды «соқыр етудің» астарында ұлтқа қарсы мүдде жатқаны анық. Сататын жейделеріне Әлихан, Ахметтердің ұлағатты нақыл сөздерін жазсын, бірақ ағартушыларымызды олай қорлауына жол бермеу керек», - дейді ашынған ұстаз. Алаш арыстарын дәріптеп жүрген Ернат Мелсұлы да «бұл әрекетке жол беруге болмайды» дейді. Қоғам белсендісі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай, арыстың туған жері Ақкөл ауылынан Ыстамбұлға дейін 5555 шақырымды велосипедпен басып өткен. Біртуар тұлғаларымызды жанкештілікпен насихаттап жүрген Ернаттың айтуынша, бұл - ұлтты ұйыстырмаудың бір амалы. «Жастарымыздың санасын олай улауға болмайды. Меніңше, бұл - дүмшелік. Шығарушылар өзінің бейнесін көзін «ойып» жариялай берсін. Бірақ, Алаш қайраткерлерін өздерінің «діни» ұстанымына және Ұлт арыстарын мынадай бейнеде жейде қылып сатып, пайда табу кәсібіне араластырмағаны жөн», - деді ол. Бұған қатысты компанияның Жанна есімді менеджері “қазақылық шеңберін де, ислам шеңберін де ұстап отырмыз” деп жауап берген. «Жаман дүние жасап жатқанымыз жоқ. Біздің бұл жұмысты 95 пайыз адамдар қолдап, бізден киім алып, мақтанышпен киіп жүр. Ол жерде қарапайым адам да, ғалым да, ұстаз да, дін маманы да біздің клиенттер»,- деген менеджер.
Malim.kz тілшісі киім дүкенінің өкілдеріне хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрап көріпті. Өзін дүкеннің жауапты маманы ретінде таныстырған Алтынай Қанат есімді азаматша бұдан ешқандай да әбестік көрмейтінін жеткізген. - Алаш арыстарының көзсіз бейнесін жейдеге салып, сатылымға шығарыпсыздар. Неліктен мұндай әрекетке бардыңыздар? - Біз қазақи бренд болсақ та, шариғатпен, мұсылман дінін ұстанып киімдер сатамыз. Исламда, шариғатта айтылған: көзі бар заттар харам болып есептеледі. Ондай көзі бар заттарды салуға болмайды. Сол сияқты адамның беті, көзі бейнеленген суреттерді сатуға болмағандықтан, біз олардың көзін алып тастадық. - Олай болса, парақшадағы жарнамалаушыларды да, модельдердің де көздерін жауып шығармайсыздар ма? - Олар тірі адам ғой. Көзі бар суреттерді салуға болмайды. Ондай суреттер салынған киімдерді киюге де болмайды. Сондықтан киімге салмадық. - Осы өнімді шығарар кезде Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының рұқсатын алдыңыздар ма? - Иә, мүфтияттың келісімімен жасалған заттар оның барлығы. Қандай дизайн жасап шығаратын болсақ та, бірінші мүфтияттан сұрап, келісімін алып жатамыз. Бұл шариғатта дұрыс деп айтылған ба, соған қарап шығарамыз. Алтынайдың пікірінше, киімдер қазір сұранысқа ие. Жаздан бері шығарып, сатып жатыр екен. Дүкеннің отандық өнімдерін спортшы Айдар Шәрібаев, әзілкеш Ғалым Маханбетов, блогер Өркен Кенжебек, әнші Бағлан Әбдірайымовтар қолдап, жарнамалаған. Бір қызығы, ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы киім дүкенінің өздерімен келісім жасағанынан бейхабар. «Ондай фатуа жоқ. Кие берсін! Сата берсін. Бастысы, намазға тұрғанда кисе мәкрүһ болады», - деп мүфтият маманы жауабын қысқа қайырған. Qulan.kz онлайн киім дүкені парақшасында 9 қыркүйек күні Алаш қайраткерлерінің түпнұсқа суреттерін алып, олардың көзін монтажбен қалай ойып жатқанының видеосы салынған. Қоғам белсенділерінің тарапынан қарсылық күшейе бастап еді, дүкен иелері қарымта жазба жариялады. «Соңғы уақыттары «бес арыс» коллекциясына сын айтатын бірқатар адамдар бар. Тіпті, сол коллекцияның соңына түсіп, түрлі пікір қалдырып жүр. Біздің сұрақ: Бес арыс коллекциясы көзсіз болса, не өзгереді? Көзбен болса, не өзгереді?» - депті. Өнімді шығарушылар Алаш қайраткерлерін көзсіз шығаруын былай түсіндіріпті. «...Бұл турасында исламның шеңбері, ғалымдардың әр түрлі пікірі бар. Бір ғалымдар «сурет мүлдем болмайды» десе, бір ғалымдар «кейбір жағдайларда рұқсат» деген пікірлерін де оқып, білуге болады. Анығын Алла білуші. Біз сол рұқсат деген жағдаяттарды талқыға салып, шығарып отырмыз. Мысалы, бұрынғы ғалымдардың арасында «Тек ойып жасалған скульптура (мүсін) - харам. Одан өзге суреттерге рұқсат», - дейтіндер де болды (Имам Нәуәи, Шархуль Муслим, Китабуль Либас - 2104 хадис түсініктемесінде.) Ал енді жанды затты толық бейнелеуде бізді тоқтататын Алла сөзі. Алла тағала Құранда: «Қане, жаратқандарыңа жан бітіріңдерші»,-дейді. Ғалымдар бұл аятты сурет мәселесінде де тілге тиек етіп, тәпсірлеріне де қосқан. Адамның бет-бейнесін, тіпті адамның толық өзін Алла секілді көркем етіп ешкім жарата алмайды. Сол үшін біз де Бес арысты толық бейнемін емес, жай ғана силуэтін алдық».
ҚМДБ діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұловтың бұл жайлы пікірі басқаша. Ол: «Адамның көзін ойып, сурет салу керек деген шариғатта жазба жоқ. Сурет салуға болмайтыны туралы діни деректерде бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтады, «қайбір үйде жанды бір сурет немесе ит болса, ол жерге періште кірмейді» деген. Бұл жерде харам деген, мұсылманның әдетіне жатпайды деп жеткізіп жатыр ғой. Пайғамбарымыздың, сахабалардың кезінде Ислам діні келіп, олар пұтпен күресті. Сондықтан, әрқандай мүсінді, суретті, ол кездегі адамдардың санасы бойынша пұт ретінде көрген. Шариғатта үкім заманға, мекенге қарай айтылады. Ең бірінші мақсат - адамның санасын тазалау болған. Таза Құдайға сыйындыру мақсатында осындай жұмыс жүргізілген. Қазіргі заманда адамдарда ондай ой да жоқ. Көшеде батырдың немесе бір қайраткердің мүсіні, болмаса суреті тұрса, оған сыйыну туралы ой туындамайды. Мысалы, ол жейделерде тұлғалардың бейнесі көкірегінен жоғары салынған. Ол жанды сурет деп есептелмейді. Жартылай сурет жанды болып саналмайды. Олардың бұл әрекеті - аталарымызға деген құрметсіздік», - деген пікір білдіреді.