«Гүл саудасы тиімсіз болып барады» - флорист

«Гүл саудасы тиімсіз болып барады» - флорист

«Гүл саудасы тиімсіз болып барады» - флорист
ашық дереккөзі
50837
Гүл сатуды бизнес көзіне қалай айналдыруға болады? Өткен аптада осы сауалға жауап іздеп, елордадағы гүл сататын дүңгіршектерді аралап шықтық. Дүңгіршектердің көбінде дерлік тек қана сатушылар отырады. Ал кейбір сауда орындарынан қызметкерлерімен бірге жүрген басшыларды кезіктірдік. Бірақ олардың арасында құрақ ұша бізді қарсы алған ешкім болмады. Кейбір сатушылар бас көтерместен селқос жауап қатады. Немесе «ертең келге» көшеді. Мұны өкпелеген соң емес, қызмет көрсету сапасы көңіл көншітпеген соң айтып отырмыз. Десе де «бес саусақ бірдей емес». Әйтпегенде Қосшығұлұлы, 16 мекенжайында орналасқан «Гүлдер» дүңгіршегінің иесі бізге уақыт арнамас еді.
- Гүл дүкенін ашқанша, азық-түлік дүкенін ашыңыз, - деді аты-жөнін айтудан бас тартып, сұхбат беруден қашқақтаған егде жастағы әйел телефонын шұқылған күйі. – Қазір гүл бағасы да, оны жеткізу де қымбаттап кеткен. Жыл сайын баға шарықтап жатыр. Ал соған қарамастан осы шаруаны қолға аламын десеңіз, мынаны ескеріңіз: сіздің дүңгіршегіңіз адам жиі жүретін, тұрғын үйлері мен мекемелері көп орналасқан жерлерде болғаны жөн. Бір ғана мысал айтайын. Мен мына жерде 10 жылдан бері гүл сатамын. Әбден қалыптасып, орнығып үлгергенбіз. Ал менің сол жағымда бертінде жаңа дүңгіршек пайда болды. Иесі барынша әдемі етіп жасады. Кейін кәсіпкерлерге сауда жақсы жүреді, келушілер көп деген секілді жарнама жасады. Бір кісілер келді. Жаңағы жерді 3 айдай бастапқы жеңілдетілген ақшамен жалға алды. Бірақ саудасы жүрмеді. Тіпті дүңгіршектің атауын да үлкен етіп жаздырып еді. Ақыр аяғы шаруасы шатқаяқтады, білемін. Кетіп қалды. Ал үлкен әріптермен «ГҮЛДЕР» деп жазылған жақтауды маған сатты. Сондықтан бизнес жүргізетін орныңызды алдымен зерттеп алыңыз.
Оның айтуынша, кейінгі кезде гүлдің шығыны көбейіп кеткен. Шамамен 9-10 шаршы метр жерді алып отырған сатушының тауарына көз салдық. Бөлме тар болған соң ба, зат тым көп секілді көрінді. Әсіресе бөлме гүлдері көп екен. Ол бізге сатуға болатын гүлдерді қайдан алуға болатынын айтып берді.
- Менің дүкенімдегі гүлдер Нидерланды елінен келеді. Степнагорск қаласынан роза гүлдерін сатып аламыз. Екіншісінің сапасы сын көтермейді. Ал бөлме гүлдерінің тұқымын сатып алып, үйде өсіремін, - деді ол.
Аз-кем әңгімеден соң басқа кейіпкер іздемек оймен әңгімені түйіндей бастадым. «Гүл сатуды доғарсаңыз, қандай бизнес түрін таңдар едіңіз?» деген сұрақ оған қойылған соңғы сауал еді.
- Ломбард ашар едім. Алтын - табыстың көзі. Бір жерден – бір жерге көшсең де қиналмайсың. Бұйымдарыңды бір чемоданға салып ал да қалаған жағыңа тарт. Ал мынау гүлдермен қашанғы қайда көшіп-қонып жүресің?” - деп өзіме сұраулы жүзбен қарады.
Осы бір сәтте ғана осынша пайдасыз болса, неге әлі гүл сатып жүргенін білгім келді...
- Көшетін шығармын. Үйімді саудаға шығармақ ойым бар. Сондықтан әл-әзір бұл кәсіптен қол үзе алмасым анық, - деді ағынан жарылған апамыз.
Бұл жерден шыққан соң  2gis бағдарламасының көмегімен жақын маңдағы өзге сауда нүктелерін іздей бастадық. Сарыарқа ауданында гүлдің иісі аңқыған үйшіктер көп. Біріне барып, бас сұқтық. Меселімізді қайтарды. Қала кезіп жүріп, Кенесары көшесінің бойына қалай шығып кеткенімізді аңғармаппыз. Мұндағы тұрғын үйлердің бірінші қабатынан ашылған гүл дүкендері көздің жауын алады екен. Біріне кіргенімізден шыққанымыз тез болды. Ал қарсы беттегі Күмісбеков, 2 мекенжайындағы Bella Rosa flowers дүкені жайлы әңгіме бөлек. Интерьерінен минимализм сезілетін дүкенге енгенімізде, бізді Виктория есімді сатушы қарсы алды. Ол өзін флорист ретінде таныстырды. 21 жасынан осы салада еңбек етіп жүр.  width= Біз одан гүл сату кәсібімен шұғылданғысы келген адам нені ескеруі керек дегенді сұрадық.
- Қазір гүл сату нүктесін ашу тиімсіз. Себебі баға шарықтап барады. Гүлдер бұрынғыдай қолжетімді болмай барады. Жаңа жылдан кейін қазір 600 теңгеден сатылып жатқан ең арзан розаның бағасы 1000 теңгеге сатылатын болады. Тіпті, мына тұрған «вазондарды» (гүл салуға арналған құмыра - автор) мысалға алайық. Бұлар 500-600 теңге аралығында тұрады. Жарайды, 380 теңгеге бағаланатын ең арзанын алайық. Соның өзінде сіз оны артығымен аласыз. 5-6 дана алсам жетеді деу қателік. Ваза сынады, бүлінеді, тағысын-тағы. Сондықтан 15-20-сын бірден сатып алып қоясыз. Ал мерекелік күндері бұдан да көбі керек. Себебі, бұл күні гүл шоқтары сұранысқа ие. Шаруа мұнымен бітпейді. Бутикті жалға алғаннан кейін, оны өзіңізге сай жабдықтайсыз. Ол жұмыстарды істеген мамандарға да ақша төлеу қажет. Айтпақшы, гүл сататын жерлерде міндетті түрде тоңазытылған камера болуы керек. Біз тоңазытқыш деп атай береміз. Негізінен, бөлек бөлме. Бірақ ішін кондиционер салқындатып тұрады. Мәселен, алғаш жұмысымызды бастағанда бізде тоңазытқыш болған жоқ. Сондықтан гүлдеріміздің бір бөлігі жарамсыз болып қалатын. Кондиционер тоқты көп тартатынын айта кетейін. Мұның бәрі аз ақша емес. Сондықтан құр павилонда гүл сатамын деу қисынға келмейді деп есептеймін. Өйткені, гүлдер ыстықта тез қурап, солып қалады. Егер сіздің қаржыңыз осының бәріне артығымен жетіп тұрса, неге байқап көрмеске?! Бірақ бірінші кезекте сауда жасайтын жеріңізді дұрыс таңдай біліңіз! Сондай-ақ гүл сатушының да рөлі зор. Егер кәсіпкердің қарамағында мықты флорист болса, ол кез келген гүлді құлпыртып, сата алады. Ал егер біліксіз флористке сенім артсаңыз, кәсібіңіз шығынға батты дей беріңіз. Ал мықты флористер азғантай жалақыға ешқандай дүкенде отырмайды, - дейді кәнігі маман.
Көпшілік бизнестегі нишасын сәтті таңдағанымен, өзіне қажет тауарды қайдан және қалай аларын білмей дал болады. Викория бұл туралы да білгенімен бөлісті.  width=
- Сатушылар гүлді Алматыдан немесе жақын жердегі Степнагорсктен алса болады. Бұрындары жаппай сатылым арқылы Қазақстандағы делдалдардан сатып алушы едік. Қазір біздің басшымыз гүлдерді тікелей Нидерланды елінен алдырады. Тікелей тауар алдыру – арзанырақ. Әрі Қарағанды облысынан келетін гүлден әлдеқайда әдемі әрі ұзаққа шыдайды, - деді ол.
Сатушының сөзінен мұнда 3-4 адамның жұмыс істейтінін аңғардық. Бірақ ол қанша жалақы алатындарын айтпады. Сондай-ақ ай сайын немесе жылына орташа есеппен қанша табыс табатындарын да айтпады. Дегенмен шығын болатынын, бірақ тиімді жұмыс тәсілінің нәтижесінде көп зардап шекпейтіндерін жеткізді. Оның айтуынша, жас кәсіпкер бұрынғыдай 1 млн теңгемен гүл саудасын бастап кете алмайды. Бұған кейінгі жылдардағы өзгерістер себеп болып отырғанға ұқсайды. Әлемдегі геосаяси ахуал қазақстандық кәсіпкерлерге де әсер етпей қоймайды. Дегенмен Сауда және интеграция ми­нистрлігінің дерегіне сүйенсек, 2021 жылы Қа­зақстанда гүл саудасының айналымы 44 миллион АҚШ доллары төңірегінде болған. Екінің бірі айналысып кете алмайды десек те, гүл бизнесі табысы мол кәсіптің түріне жатады. Бірақ үлкен дайындықпен келмесеңіз, сазға отырып қалуыңыз да мүмкін.

Серіктес жаңалықтары